«Екпін» жобасы «Алаш» айдарында «Айқап» журналының беттерінде жарық көрген мәдениет, әдебиет, тіл және жастар жайында жарияланған мақалалар тізімін жасап, былтырғы жылдың күзінен бастап оқырмандарымен бөлісіп жатыр. Бүгінгі материалда 1912 жылы жарық көрген Міржақып Дулатовтың мақаласын ұсынамыз.
Жазу тәртібі
«Айқаптың» 4-5 нөмірлерінде Ахмет Байтұрсынов қазақша жазуға тәртіп көрестіп, оқушылардың сынына салған, көпшілік ұнатса, сол тәртіппен әліппе бастырмақшы екен. Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес. «Оқушылар сынасын» дегенде әркім басына келгенін жазатұғын болса, еш уақытта ойды бір жерге қортып болмайды, бұл туралы сынаушылар да байқап жазарға керек. Әркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Сол ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің, асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларға айтуға жарайды. Құр шала естіген яки өзінің көзі үйренгеннен басқаның бәрі де теріс деп білушілер сынайтын болса, біреу түгіл, тоқсан тоғыз тәртіпке де табан тоқтату қиын.
«Айқаптың» 6 нөмірінде Ш.Жияшов деген кісі Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібін тіпті басқаша түсінген, дұрыс айтқанда түсінбеген. Ол кісінің жазғаны № 7 тамам болмаса да сондағы жазғандарынан-ақ бұл мәселеге нешік қарауы байқалады. Бұл кісі Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібінің дұрыс, терісін өз алдына тексеруден бұрын ноғайлардың әліппе жазушыларынан басқа жол іздегені үшін қатты ренжіген. Ахмет Байтұрсыновтың ноғай жазушыларын жатырқағандықтан емес, қазақ тілінде қанша дыбыс болса, сонша белгі көрсетіп, артық хәріптерді кеміткен. Соныменен қазақша жазу-оқуды оңайлатқан. Сынаушы да осы арасын көздерге керек. Ахмет Байтұрсыновтың бұл көрсеткенінде жаңа тәртіп, ноғайлардың «ұсұл жәдит»... жаңа тәртіп деген сөз, екеуінің де көздеген мақсаты бір. Қазақтың оқығандары қазақ балаларын өз тілінде үйрету үшін жеңілдікті басқа ретпен тапса, ноғай жазушылары өкпелер ме екен?!
Жияшовтың бұл күнгі қолданып тұрған ноғай әліппелерінің кемшілігі жоқ, соның үшін оған «ұсұл жәдит» яғни звуковой метод пенен оқыту ноғайлар арасына кіргеніне көп заман өткен жоқ.
Наху Сәріф кітаптары соңғы бір-екі жылдың ішінде ғана көріне бастады, ноғай сөздерінде де бағзы дыбыстардың өзіне арнаған белгілері жоқ екені мағұлым. Біз өз ісімізді басқаралық. Қазіргі әліппелерін, оқу кітаптарын тәртіпсіз көшірушілер ноғайлардың өз арасында жоқ емес, бар. Мысалы, Қазанда учитель Әбуәлханов шығарған «Ұсұл жәдитке» қарсы бірінші адым деген рсәләләр (әңгіме С.Д) секілді Жияшов Ахмет Байтұрсыновтың хәріптеріне дауысты, дауыссызға бөлуін де қатеге санап, 28 хәріптің бәрін де жарты дауысты дейді. Бұл еш уақытта естілмеген жаңа хабар. Керек мұсылманша, керек орысша оқығандарды құрметті Жияшов сол хәріптердің бәрі де жарты дауысты, арасында дауысты һәм дауыссыздары жоқ екендігіне сендіріп болғанша мен өзім сенбей тұрам.
Ахмет Байтұрсыновтың тәртібінше қазақ тіліндегі әрбір дыбыстың өзіне арналған хәрпі бар. Ол хәріптерменен не айтылса, соны жазуға, не жазылса соны оқуға болады. Орыс жазуында ё — менен е-нің дыбысы бір, жазылатын орындары басқа болғандықтан жалғыз әріп үшін емтихан уақытында қанша балалар ғазап шегеді! Бір хәріптің орынсыз артық жүргендігінен мұндай қиыншылық болғанда 14 хәріп артық жүрген қазақ жазуында қалайша шатақ болмасын.
Жияшовтың: «Бірге қозғалалық... түрік балалары... һәди махсудының әліппесі Гаспринскийдің төте жолын Үндістан мұсылмандарына да қабыл қылды...» деген сөзінен («Айқаптың» № 7 қалған сөзінің ақырын оқып көрсем де) біздің қазақтарда түрік балаларының осы күнгі қолданып келе жатқан жазу тәртібінше болуын мәслихат көретіндігін түсінемін. Бұл секілді пікірлерменен бұрын да азырақ таныстығым бар. Дұрыс, түрік баласы екендігіміз рас, береке-бірлікте екені де рас. Бірақ жеңілдік үшін әліппенің біріне хәрпін өзгертумен түрік қауымынан шығып қаламыз ба? Онан дін, дүниеге қарасымыз өзгере ме? Қайта, қалың түрік тұқымының бір тарауы болған қазақ жұрты өзінің тұқымдастарынан кейін қалмасқа тырысып, оларменен аяғын тең басуға тағы да төтерек жол тауып, ілгері ұмтылғаны қуаныш емес пе? Бұрынғыдай кемшілігімізді көрмей, қатемізді түземей, құр «біз де түрік баласымыз» деп атаның әруағына сүйенумен қазіргі өнер-білімнің қызу заманында бәйгеге қосыла аламыз ба? Егер жазу тәртібі Ахмет Байтұрсыновтың көрсетуінше болса, түрік, татар, араб, парсы жазуларын оқуға болмай ма? Әбтейі мектепте шет тілдері өзі де оқылмайды. Қазақша әбтейі мектепті бітірген шәкірт ноғайлардың орта мектептеріне түспекші яки арабша, парсыша оқымақшы болса, Қазақ әліппесіндегі жоқ 5-10 хәріпті екі-үш сабақта үйреніп білуге болады. Және де 3-4 жылдай белгілі тәртіпте қазақша оқып, жазып үйренген соң, әлгі соңынан таныс болған хәріптерді қазақ тіліндегі сөздерге бұрынғыдай қатынастырмайды.
Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібін ұнатқанымнан басқа қосарым мынау: «қазақ әліппесіне ф, х-да кірсе екен деймін. Таза қазақ сөзінде болмаса да қазақ тіліне кірген араб, парсы сөздерінде һәм: «Ахмет, Мұхамеджан, Фазыл...» деген секілді қазақ аттарында бұл екі хәріп көп ұшырайды. Ф мен х әліппеге кіргенменен жазу тәртібіне қиыншылық келтірмейді. Естілуінде де, жазылуында да бұлардың айыра алмастай ұйқас хәріптер жоқ. Жазу тәртібі хақында оқығандар (әсіресе мұғалімдер) шабандамай тезірек пікірлерін білдірсе екен. Ұнатпағандары себебін көрсетіп, ұнатқандары қосары болмаса да ашық хатпен ұнатқандығын блдірсе, «Айқап» олардың кімдер екенін басып тұрар еді.
Азамат Алашұлы, «Айқап», 1912, №8
Міржақып Дулатов (1885-1935) — ақын, жазушы, журналист, ағартушы-педагог. Ауылдық мектептен орыс және қазақ тілінде оқып, Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Алғашқы өлеңі мен мақаласы 1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газетінде жарияланған. «Айқап» журналында басылған мақалалары, әңгімелері мен өлеңдері: «Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес», «Государственный Дума һәм қазақ», «Екі қыздың мұңы», «Хан Абылай», «Жиһангер Николай Степнов (Әліби Жангелдин), «Қазақ халқының бас азаматтарына», «Жазу тәртібі», «Эсперанто тілі», «Айқапқа», «Қапастағы ұрының мінәжаті», «Шаттық» т.б.
________________________________________________________________________
«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:
Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»
Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»
Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»
Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»
Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»
Әлихан Бөкейхан: «Ұят-ай»!
«Айқап» журналында әйел теңсіздігі мәселесі
«Айқап»: «Қазаққа алалық қайдан келді»?
Мұстафа Шоқайдың Әбубәкір Диваев туралы мақаласы
Л.Толстойдан: «Жұмыртқадай бидай»
Әлихан Бөкейхан: Дін таласы
«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы туралы материалдар
«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы тақырыбында
«Қазақ» газеті: «Соғыс һәм қымыз мәселесі»
«Айқап»: Топырағымыз алтын
«Айқап»: Қазақ шежіресі