Өткен аптада бастау алған «Алматы көшелері» атты айдардан Ораз Жандосов атындағы көшеге саяхаттап, қазақ елі үшін аянбай еңбек еткен ер жайында біраз ақпаратқа қанық болған едіңіздер. Бүгін сәулет өнерінің ұлттық түрінің дамуына орасан үлес қосып, қабілетті мамандардың дайындалуын, өсуін, өркендеуін қадағалап отырған ұлтының шынайы жанашыры, қазақ сәулетінің тұңғыш профессоры Малбағар Меңдіқұлұлы Меңдіқұлов атындағы көшені аралай отырып, сәулетшінің өмірі жайында біраз баяндамақшымыз.
Малбағар Меңдіқұлов 1909 жылы Орынбор облысының, Адам ауданындағы №11 ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбексүйгіш, ізденімпаз, архитектураны жанындай жақсы көретін, әрқашан да жаңа, тың дүниелерді іздеп жүретін Малбағар 1936 жылы Орта Азия политехника институтының архитектура бөлімін бітіргеннен кейін біраз жыл Ташкентте қызмет етеді.
1941 жылы Ташкент қаласының бас архитекторы болып сайланған ол үлкен ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында соғыс алдындағы атақты ірі гидротехникалық құрылыстың салынуына зор үлесін қосады. Атап айтсақ: Өзбекстан жеріндегі Ташкент және Үлкен Ферғана, Қырғызстандағы Шу каналдары.
Соғыс басталғаннан соң 1942-1945 жылдар аралығында қанды майданға барып қайтады. Соғыстан келіп, өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген кезінде 1947 жылы Қазақстан Үкіметінің шақыруымен Алматы қаласына келеді.
Малбағар Меңдіқұлов Қазақстанға келген кездері Алматы екі-үш қабатты үйлерден ғана тұратын шағын қала еді. Алматының түрленуі Меңдіқұловтың тұсында басталады. Ол өзін құшақ жая қарсы алған алманың отаны Алматының пайда болуын, салынуын, өсу жолдарын зерттеуді қолына алады. Сөйтіп 1948-1949 жылдар аралығына «Алматы қаласы сәулетінің даму барысы», «Қазақстандағы ұлттық архетиктураның проблемалары» және тағы да басқа көптеген мақалаларын баспасөз беттеріне жариялай бастайды. Содан бастап Алматы күрт өзгереді. Қаланың жаңа ген.планы жасалынады. Сәулетшінің басшылығымен және ұсынысымен ірі-ірі алаңдардың негізі қаланады, көз тартарлық ірі ғимараттарға лайықты орындар беріліп көптеген жаңа объектілер бой көтере бастайды.
Сол қарқынмен ол 1964 жылы Алматы қаласының бас архитекторы болып тағайындалады. Тек сәулет өнерінің мүддесін көздейтін, кез келгеннің сөзіне көнбейтін, принципі мол, жан-жақты білімді маманның ең сәтті шыққан ғимараттарының бірі − 1970-жылы салынып біткен «Неке сарайы».
Бұл ғимарат өзінің тың кейіпі, ішкі әсемдігімен Алматы қаласының сәулетін жандандыра түседі. Сондай-ақ қала ішінен Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаевқа арналаған ескерткіштердің де авторы осы Малбағар Меңдіқұлов.
Алматы қаласында тұрған ол кезінде басқа сәулетшілермен қосылып, Талдықорған облысының Шұбар селосындағы мәдениет үйінің, Шымкент қаласындағы эксперименттік шағын аудан жобасын, Семей қаласындағы Абай мұражайының реконструкциясын және Мәскеу қаласындағы қазақ павильонының нұсқасын жасаған.
Ұлттық сәулет өнерінің даму ерекшеліктеріне қатты көңіл бөлген Меңдіқұловтың артынан 70-тен астам ғылыми еңбектері қалды. Сондай-ақ өзінің артынан аты аталған, аталмаған көптеген сәулет туындыларын дүниеге алып келген сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, Қазақстан архитектура мектебінің негізін салушылардың бірі, Қазақстандағы архитектураның тұңғыш профессоры Малбағар Меңдіқұлов осындай өшпес із қалдырған тұлға.
Бүгінгі күні Малбағар Меңдіқұлов тұрған үйге мемориалды тақтайша қойылып, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында оның атында аудитория ашылған. Озат студенттерге Малбағар Меңдіқұлов атындағы стипендия мен диплом беріледі.
М.Меңдіқұлов бульвары Медеу ауданында орналасқан. Фурманов пен Достық көшелерінің арасынан өтетін көше, Қажы Мұқан көшесінде аяқталады. Көшенің жалпы ұзындығы 1100 м. Мұнда «Лайф Таун» атты сауда үй, көптеген сұлулық салондар мен кішігірім кафелер, балабақша орналасқан.
Мәтін: Айнұр Ракишева
Фото: Айжан Кәрібаева