Рүстем Жапаров Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тіледері университетін бітірген. Кейін Франция елшілігінің грантын ұтып алып, 9 айға Université de Basse Normandie-де Langues vivantes étrangères факультетінде білім алған.
- Сәлем, Рүстем! Францияда оқып келіпсің, сол жайында толығырақ айтып берсең.
- Мен Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тіледері университетін бітіргеннен кейін сол университетке магистратураға түстім. Магистратурадан кейін Франция елшілігінің грантын ұтып алып, 2011 жылдың қыркүйек айында Франция Республикасының төменгі Нормандияда орналасқан Кан (Cean) қаласына оқуға кеттім. Онда барып Universite de Basse Normandie–нің «Еуропа тілдері» факультетіндегі Langues vivantes étrangères (LVE) кафердасына оқуға түстім. Langues vivantes étrangères-ті тікелей қазақшаға аударатын болсақ, «Қазіргі өлі емес тілдер» деп аударылады. Мұнда тек тілдер емес, сонымен қатар, сол тілде сөйлейтін халықтардың әдебиеті, мәдениеті, өркениеті, лингвистика жағынан жан-жақты білім алдым.
- Құжаттар тапсыру жағы қалай болды?
- Магистратурада оқып жүрген кезімде Франция елшілігі Қазақстандық студенттерге сол елде білім алуға мүмкіндік беретіндігін естіп, Француз тілі мен мәдениетінің орталығы Француз Альянсына келдім. Сөйтіп сондағы жауапты хатшыдан қажетті құжаттардың тізімін алдым. Құжаттар соншалықты көп те емес. Ең алдымен Франциядағы өзің таңдаған университет сені қабылдайтындығы туралы анықтама, жеке куәлік, диплом (егер бакалавриатта оқып жүрген болсаң, оқу үлгерімін көрсететін транскрипт) және мотивациялық хат. Мотивациялық хатта болашақ жоспарыңды, Францияға бару саған не үшін қажет екендігін жазасың. Егер грант ұтып алып жатсаң, оқу жылының соңына дейін сонда тегін оқып, 760 евро көлемінде стипендия алып тұрасың.
- Сондағы оқу жүйесі қазақстандық оқу жүйесінен қалайша ерекшелінеді?
- Қазақстанның білім жүйесі әлемдік стандартқа енді сәйкестендіріліп жатыр ғой. Сондықтан екеуі екі дүние. Ол жақта автономдық көбірек. Әр студент өзіне жауапты. Сенің сабаққа келу-келмеуің, оқу-оқымауың өз талпынысыңа байланысты. Егер сенің талпынысың жоқ болса, ешкім келіп сені түртпейді. Ал оқу жүйесіне келетін болсақ, онда, әрине, кәдімгідей айырмашылықтарды байқайсың. Мысалы, бізде 1-5 баллдың арасында бағаласа, онда 1-20-ның арасында бағалайды. Жақсы оқитын студент сонда 10 баллдан жоғары алу керек. Жалпы оқу ұнады. Ұнамаған жақтары болмады. Тек басында не дегенімен шетел болғандықтан жатсыну болды. Бірақ сонда оқу, тұру кезінде еш қиындық көрмедім.
- Сондағы студенттер мен жалпы жастар арасында қандай айырмашылықтарды байқадың?
- Мен жалпы халық жайында айтсам, Нормандия бұрынғы Англияның аймағы болғандықтан ол жақтағы адамдар суықтау болып келеді. Тіпті ол жақтың ауа райы да суық. Үнемі жаңбыр, тұман. Ал жастар барлық жақта бірдей ғой.
- Университеттегі ұстаздарың жайында айтып өтсең.
- Есімде ерекше қалған ұстазым - «Лингвистика және мәдениет» деген пәннен сабақ берген Michel Niquex деген кісі. Кейін ол менің ғылыми жетекшім болды. Өзі сондай сыпайы және нақты сөйлейтін кісі. Сабақ барысында барлық керек мәліметтерді толық беріп, әрі түсіндіріп жіберетін. Өзі сабақ беретін пәнді өте жетік білетін мұғалім екендігі бірден көрініп тұратын. Сонымен қатар, сол факультеттің деканы Mariella Colin деген кісі де есімде қалды.
- Университетін жайында тағы не айтып бере аласың?
- Кан қаласы кезінде Америка мен Англия тарапынан бомба астында қалып, жермен-жексен болған қала. Ал университет өте ежелгі оқу орны болғанымен, сол кезде қирап қалып, кейінінен қайта іргесі қаланған. Бұл университетті бітіріп шыққан танымал адамдар бар шығар, бірақ мен олар жайында білмедім.
- Нормандия жайында не айтып бере аласың?
- Бұл аймақта кезінде Мане тұрған. Табиғаты тамаша бұл жерге Бодлер поэма арнаған. Өте тыныш, әрі таза қала. Өзіне тән ерекшелігі бар қала. Оны айтып бере алмаймын, оны көру керек.
- Алғашында Франция сені қалай қарсы алды?
- Францияға келгеннен кейін Кан қаласына бару үшін вокзалға келдім. Ол жаққа бара жатқанда метроға отырған болатынмын. Метролары дым ұнамады. Вокзалға келіп, пойызға отырғаннан кейін біртіндеп өзіме келе бастадым. Жалпы өзім дайындықсыз келгеннен кейін тіпті Кан қаласының картасы да, дайындап қойған бөлмем де болмады. Сөйтіп таксиге отырып, шетелдік студенттер мен олардың стипендиясымен айналысатын CRUS деген ұйымға келдім. Ол жаққа барсам, менің стипендиям әлі бөлінбеген екен. Сөйтіп не керек, қалтамда бар ақшамды төлеп, жатақханадан орын алдым. Жатақханалары өте ыңғайлы, жақсы екен. Ішінде студентке қажетті дүниелердің бәрі бар. Көршілерім жайында айтатын болсам, арамызда тек бір француз болды. Қалғанарының бәрі испандықтар мен немістер. Өзім көбіне испандықтармен араластым. Ал университет асханасында берілетін тамақтар маған ұнамады. Басында жеп жүрдім, бірақ кейін бармай қойдым. Елдің бәрі жеп, ұнатып жүрді, бірақ маған ұнамады. Сөйтіп өзім жасап жеп жүрдім. Кейде сырттан тамақтанатынмын. Жалпы француз тағамдары өзіме ұнайды, бірақ университеттің тағамдары көңілімнен шықпады.
- Ол жақта студенттерге қандай жеңілдіктер бар екен?
- Стипендия түскенде банкке барып алатынмын. Сол банк картасында сенің студент екендігің көрініп тұрады. Сонымен ақша төлесең, барлық жерге жеңілдіктер беріледі. Соны көрсетіп, мысалы, макдональдсқа барып бір гамбургер алсам, екіншісін тегін беретін. Жалпы ол жақта студенттерге жеңілдіктер өте көп. Сонымен бірге, студенттерге ай сайын 100 евро көлемінде жәрдемақы беріліп тұрады.
- Оқып жүрген кезінде бір күнің қалай өтуші еді?
- Менің сабағым аптасына үш-ақ рет болды. Сабақты аптаның күндеріне қарай өзіңе ыңғайлысың таңдайтынсың. Мен өзім аптаның бірінші жартысын таңдап, сол кезде сабаққа барып жүрдім. Ерте тұрмас үшін түстен кейін болатын сабақтарды таңдағанмын. Асықпай оянып, көршілеріммен таңғы асымды ішіп, университеке барамын. Сонда лекцияларға қатысып, одан шығып біраз кітапханада отыратынмын. Аптасына екі рет тирге, кешке жақын аптасына бес рет бассейнге баратынмын.
- Кітапхана демекші ол жақтың кітапханасы қандай екен?
- Университетте бірнеше кітапханалар бар. Ондағы кітапханалардың қоры біздікілерге қарағанда әлде қайда бай. Жаңа әдебиеттер көп. Қазақстанда оқыған университетімнің кітапханасында да кітаптар көп болатын, бірақ мұнда кез келген кітапты тауып ала алатынсың. Онда тіпті тауып алмаймын деген кітапты кездестіретінмін. Сонымен қатар, кітапханалар салаларға бөлінетін.
- Онда оқу, әрі тұру қымбат па?
- Маған 700 евро жететін. Тіпті келесі стипендияны берген кезде қалтамда 100-200 евродай қалатын. Өзім Еуропада көп саяхаттағаннан кейін көптеу ақша кетті. Басында Францияға барғанда маған бәрі қымбат сияқты көрінетін. Бірақ қазір салыстырып қарасам, қазақстандық бағалар ол жаққа қарағанда қымбат екен. Өйткені Францияда жалақы жоғары, ал бағалары біздікіндей.
- Бұл сапарың саған не берді?
- Біріншіден, жақсы достар. Қазір бүкіл әлемнен таныстарым бар. Сонымен қатар, әрине, білім.
- Сол жақтан алып келген білімің қазір қаншалықты қажет болып жатыр?
- Қазір елшілікте уақытша жұмыс істеп жатырмын. Сол француз тілінің арқасы ғой.
- Сонда сол жаққа барып келмесең, елшілікте жұмыс істей алмас па едің?
- Жоқ, олай емес. Францияға бармай-ақ жұмыс істеп жүргендер бар ғой. Дегенімен, менің ойымша, тілді оқыған адамға сол елді барып көру керек. Өйткені тіл деген мәдениет қой, сол мәдениетті толығымен білу үшін барып келген дұрыс. Сонымен қатар, жұмысқа кірген кезде де шетелде білім алып келгендігін сәл артықшылық береді деп ойлаймын.
- Болашаққа қандай жоспарларың бар?
- Болашақта өзімді осы елшілікте халықаралық қатынастар жағынан көремін.
- Әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен Айнұр Ракишева
University of Wollongong in Dubai
Central Saint Martins College of Art and Design/CSM
Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті