Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Алматы жастары бос уақытын қайда өткізеді?

$
0
0

«Екпін» осы сұрақты қаламыздың өнерлі, белсенді жастарына қойып, сүйікті кафе/мейрамханалары жайында сұрастырып, қаладағы жазғы демалысты өткізудің варианттары туралы ақпарат жинастырған болатын.


Мақсат, Maximum - A.K Pro:

Әр кезде әр қалай демаламын. Клубтар, кафетерий, бар, т.б. Жұма, сенбі сайын «Mojo», «Gogol», «Staut», «Garbage» барына барып тұрамыз. Ол жердің танымалдылығына, интерьеріне қараймын. Ал үйіме жақын не жақын болмауы маңызды емес. Мысалы, «Staut», «Garbage» — сыра ішкенге, әңгімелескенге жақсы, тыныш.

Жеті жасымнан бері Алматыда тұрамын, сондықтан оның кез келген жері маған ыстық. Күн жылы кезде Қапшағайға, тауға шығып тұрамыз. Меніңше, қазірде жастар арасында ең танымал жер — «Mojo», «Da Vinci». Бірақ бізде бар/клубтардың көптігі сондай, оның қай-қайсысын біліп, бара бермейсің.

Айнұр, студент:

Қаладағы ең сүйікті жерім — Қалдаяқов пен Қазбек би көшелерінің қиылысында орналасқан «Арайлым» аспаздығы. Ол жердің тағамдары ұнайды. Өте дәмді, әрі қолжетімді. Сонымен қатар, интерьері де жақсы. Әдемі картиналар және ала көлеңкелі свет атмосфераны тіпті романтикалық етеді. Бұл жерге күндіз келсеңіз, қаланың шуынан бір сәтке демалып қаласыз.

«Арайлымда» қашанда таза, бәрі жинақы, әрі қай кезде келсең де, дәмді тамақтың иісі аңқып тұрады. Мұнда ыстық тамақтан өзге нешетүрлі кофе ішіп, өздері жасайтын түрлі тәттілерден дәм татуға болады. Ең бастысы, онда Wi-Fi бар.

Батыр, senior designer:

Апта бойы жұмыста болғандықтан, сыртқа демалыста шығамын. Демалысым көбіне кафе, мейрамхана немесе клубтарда өтеді. Солардың ішінде қазірге кезде «The Noodles» деген мейрамхана ұнайды. Қателеспесем, Алматыда олардың саны үшеу. Бұл жердің сервисі, тамағы және интерьері ұнайды. Сонымен қатар, менюінің өзі өте жақсы жасалған. Қай тамақ қай ұлттыкі, қаншалықты ащы, қандай еттен жасалғандығының барлығы кішкентай символдармен белгіленіп қойылған. Жеңілдіктері де бар.

Ал кофе ішуге көбінесе «Gloria Jeans» кафесіне барамын. Шетелде болсам, оған бармас едім. Бірақ мұнда оған альтернатива жоқ. Жас келгендіктен, түнгі клубтарға бара бермеймін. Бірақ анда-санда Шевченко-Абылайханда орналасқан «B.For» және «Қазақстан» қонақ үйінің 26-қабатында орналасқан «Bar Fly»-ға барып тұрамын.

Ая Бапани, дизайнер:

Жасөспірім кезімде кішкене еркекшора болатынмын, экстрималды спортқа жақын едім. Белсенді демалыс ұнайтын. Скейтбордта сырғанап, әрдайым байкер ағамнан қалыспайтынмын. Уақыт өте келе біраз үлкейіп, достарыммен, құрбыларыммен жай кездесіп, коктейль ішіп, әңгімелесу көбірек ұнайтын болды. Кейде билеуге шығып тұрамыз. Ол жерлерді көбінесе мен таңдамаймын. Шақырған жаққа барамын. Сондай-ақ қыдыратын орындарды ауыстырып тұрғанды ұнатамын. Сондықтан тұрақты баратын орындар жоқ. Ал кафе/ресторандардың, ең алдымен, қызмет көрсетуіне және ол жердің контингентіне назар аударамын. Өйткені ондай жердің мәдени атмосферасы мен үшін маңызды. Мысалы, қазір отырған жеріміз, сосын Достықтың жоғарғы жағында Royal Tulip қонақүйінің жанында «Parmigiano» рестораны ұнайды.

Сұңқар, рэпер:

Менде нақты демалыс күні жоқ. Қалаған кезімде демаламын, қалаған кезімде жұмыстарымды істеймін. Негізі Ақсай-4 ауданында тұрғандықтан көбіне достарыммен сол маңдағы демалыс орындарына барып демаламыз. Өзім ішімдік ішпегендіктен клуб/барларға онша көп бара бермеймін. Алайда, достарыммен ең көп баратын жерім — Staut. Негізі, мен үшін баратын жер емес, компания маңызды.

Дастан, Sen-ushin.kz сайтының әкімшісі:

Қазіргі кезде бір жаңа жоба бастап жатқандықтан, демалуға уақыт тапшы. Жалпы түнгі клуб, мейрамхана, кафелерге барғаннан гөрі, саябақта серуеңдегенді, не сонда тыныштықта кітап оқығанды ұнатамын. «Атакенттің» маңында орналасқан өте әдемі, әрі тыныш және тауға әдемі көрінісі бар кішігірім саябақ — қаладағы сүйікті жерлерімнің бірі.

Достарымызбен жиналғанда Тимирязев пен Гагарин көшелерінің қиылысында орналасқан «Пиво-Донер» деген жерге барып, дөнер жейміз. Өйткені бұл жер қаламыздағы ең дәмді дөнер жасайтын орын болып табылады. Сонымен қатар, достарыммен көбіне Бұқар жырау мен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан «Del Papa» итальян кафесінде тамақтанамыз. Ол жердің атмосферасы үйдегідей жақсы және пиццасы өте дәмді, ұнайды.

Надира, бьюти-блоггер:

Егер жұмыс күні болса, онда кофейня сияқты тыныш жерге барып, әңгімелескен, тәтті тағамдар жеген ұнайды. Қазірде қалада кофейнялар өте көп. Оны бір тенденция десек те болады. Ең сүйіктісі - «Коферум». Онда тағамдары да тәтті, интерьері де әдемі, фондық музыкасы тартымды. Көп жағдайда барған кезде орын болмай қалады. Оның өзі бір көрсеткіш деп ойлаймын.

Жаз кезінде жазғы алаңда отырамыз. Ал сенбі, жексенбі күндері жүзуге, тауға баруға тырысамыз. Өзім блогшы болғандықтан, демалыс күндері көбінесе жұмыс шығып қалады. Репортажға байланысты ақпарат жинау керек, уақытым түрлі шараларға қатысумен өтеді.

Ал жалпы орындардың, ең біріншіден, қызмет көрсетуіне қараймын. Өйткені, қанша жерден мақтап жатса да, сервисі жөнді болмаса, бармаймын. Ал екіншіден, интерьер. Сәнді жасалған жерде өзіңді де жақсы сезінесің. Егер белгілі бір жердің интерьері, музыкасы саған жағымды эмоциялар сыйлай алса, онда сол жаққа дәл сол эмоциялар үшін қайта-қайта ораласың.

Мәди, TruMan, музыкант:

Демалатын орынды достарымызбен жиналған кезде, ортақ шешім қабылдап бара саламыз. Тұрақты орнымыз — сыра ішуге баратын «Стаут». Абай мен Абылай хан көшелерінің қиылысында орналасқан. Сосын тағы бір жер — лагманы қатты ұнайтын «Узбечка». Осы екі жерге барып тұрамыз. Орындарды аса таңдамаймыз. Ойымызға келген жерге бара береміз. Ал жалпы мен қыдыруды ұнатпаймын. Клубтарға бармаймын. Меніңше, үйдің тамағынан асатын жер жоқ.

«Екпін» жобасы материал дайындау кезінде мекен еткен «Cafeteria-ға» алғысын білдіреді.

Құрметті оқырман, ал сіз бос уақытыңызды қалай өткізесіз, қай жерде демаласыз, сүйікті орындарыңыз бар ма?

Материалды дайындаған:

«Екпін» командасы


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>