ХХ ғасырдың басында жазылған шығармалардың көбінде әйел теңсіздігі жайында баяндалады. Байқап отырсақ, «қалқам ер жетіп, оны бай жерге беріп, көп мал алсам» сияқты ойлар сол кездегі романдардың фабуласы іспеттес. Немесе ұл мен қызды бесіктен шықпай, бір-бірімен атастырып, бастарын шатастырып қою. Екеуінің бір-біріне пар болып өсе ме, жоқ, бірі қурай, бірі тал болып өсе ме..? Бір сөзбен айтқанда, қазақ қызының шарасыздығы, қоғамдағы орны, аянышты сезімдері - сол заманның жазушылары үшін қалам тербеуге итермелеген фактілер.
- Апа, осы әкем жеңілейіп кетіпті-ау?
- Тәңірі алғырдың сені сатып алған малын көтере алмай жүргені ғой, біздің не ойлап жүргенімізді қайдан білсін!
- Апа, осы әкем мені жақсы көремін деуші еді, онысы бекер екен-ау?
- Сені жақсы көргенімен де, бай мен малды сенен артығырақ көргені ғой...
- Апа, осы адам өз баласын кемшілік, қоршылыққа қалайша қияды екен?
- Рас, қалқам, қазақтың қызды «жат жұрттыққа жаралған бала» дейтіні бар ғой. Кім болса, соған, тек мал берсе бере салады, сондықтан ғой қыз байғұстың: «Бар ма екен ата-анадан бауыры қатты, баласын әлпештеген малға сатты...» деп өлең айтып жылайтыны.Спандияр Көбеев
Алғаш жарық көрген Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» сынды романдары халқымыздың әлеуметтік тұрмысы, қазақ қыздарының мұңды күйін әр қырынан әңгімелейтін бірден-бір туындылар. Мұнда авторлар кейіпкерлердің әрекетін, қарым-қатынасын әңгімелеумен бірге, әділетсіз қоғамды әшкерелеп, сынайтын.
Қазақ халқы қоғамдық қарым-қатынастарды әдет-ғұрыптар бойынша реттеп, өздерінің достығын қыз алысып, қыз берісіп, құда болу арқылы нығайтып келген. «Қыз бала — жат жұрттық», «қыз — дәнекер», — дейтін сөздер сол ойды білдіруден туған. Екі-үш жасар ұлы бар дәулетті қазақтар өздеріне сай отбасымен туыс болуды жөн көріп, бір-біріне құда түсуге тырысқан. Көбіне 11-12 жасар қыздарға құда түсіп, қызын 13-те ұзатып, ұлын 15-те үйлендіре берген. Ал жалғыз ұлы болса, баласына келіншек әперіп, қызығын көргісі келсе, 8-9 жасында үйлендіре салатын. Сол сияқты, он жастағы не одан да жас қызды күйеуге бере беретін.
Этнограф ғалым, жазушы Сейіт Кенжеахметовтың «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты кітабында қалың мал ұғымына мынадай анықтама берілген:
«Бұрын әке-шешелер қыз, жігіттің ықтиярынсыз құда түсіп, қыз беретін адам алушыдан қалыңмал алады. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты, екі жақ келісе отырып шешеді. Бұрыңғы кедейлер арасындағы қалыңмал мөлшері 5-6 малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен».
Қыз бейшараны малға сатылып кете берілуінің әке қаталдығынан тыс бір себебі - білімінің болмағандығында да. Ол кезде қызын оқытып, оған білім беруге тырысқан адамдар аз еді. Не оқу білмейтін, не заңды түсіндіріп берер адамы жоқ қыздар зорлық көріп, бақытсыз ғұмыр кешетіні де осыдан.
- Нұрила, құдайдың жаратқан мақұлықтарының арасында қыздан сорлы жоқ екен. Екі қатын үстіне малға сатылып мен отырмын. Алпысқа келген шалға баруға сен тұрсың. Зейнет бейшараны сегіздегі балаға атастырып қойды, бір мақаудың тілеуін тілеп Зылиха отыр.
- Сабыр ет, Ұлболсын, қыздың сорлы екенін енді білдің бе? Обалынды ата-анаңа арт та берген жеріне бар, болмаса, законше жолынды тап – деді құрбысына оқыған-тоқығаны бар Нұрила.
Міржақып Дулатов
Қыз баланың жағдайына жаны ашыған М. Дулатов әкелерінің санасына жетер деп, 1911 жылы «Айқап» журналының №1 санында Азамат Алашаұғлы лақап атымен «Екі қыздың мұңы» әңгімесін жариялаған болатын. Нұрила деген қыздың аузымен көпшілікке: «Бір сен емес, күллі қазақ қыздарына айтатұғын насихатым мынау. Атасының малға сатқан жеріне егер өзі риза болмаса, басын кессе де бармасын. Ғұмырын қол ұстасып өтсе де, өзінің сүйгенімен кетсін. Бұл іс шариғатқа да теріс емес. Қызын сатсын деген шариғат жоқ. Қыздың басына закон көптеген ерік берген. Бұларды көре тұрып пайдалана алмаған қыздардың обалдары өздеріне. Қызды балам деген аталар жылатпасын, оқуға берсін. Хайуанша сатылған жерге бармай, өз еркімен теңін табу, ел ішінде бола бастаса, қыз сатқыш аталардың қателері естеріне түсіп, жас қыз алғыш шалдар мен сұлу тоқалға құмар байларда малдарын далаға шашудан тоқталар еді, бейшаралардың көз жастары тиылар, халық қатарына қосылар, сүйген жарларымен ғұмыр бойы рахат жасар, бастарынан қара тұман серпілер. Шын бақытқа сонда ғана жетер! Мұның бәрі болар. Ұлболсын, болар», - деп жеткізеді.
Қыздардың малға сатылуы кеңес өкіметі орнағанда ғана тиылды. Бұны бірі құптап, екіншісі наразы болып жатса да, қалыңмал беру заңмен қудаланды. Ал қыздар болса, бұған іштей қуанды. Қалыңмал беру дегеніміз - адамды сатып алу, яғни күңдікте ұстау құралы деп саналатын болды. Осылайша, 1960 жылдың 1-қаңтарында Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша әйелдердің некелік құқығына шек қою әрекеті айыпталып, жауапқа тартылды.
Бүгінде қалыңмалдың тек сарқыншақтары ғана қалған, немесе қыз жасауының құнына салынған кішігірім ақша сомасы десе де болады. Ал бүгінгі жастардың осы дәстүрге деген көзқарасы қандай, сөз кезегін оларға берейік.
Айғаным, журналистика факультетінің студенті, 20 жаста:
«Қазақстанның экономикасы қаншалықты тұрақты дегенімізбен, халықтың жұмыс істеу жағы қиын. Қалың мал дегенде тұрмыстық жағдай мен әлеуметтік жағдай ескерілуі қажет. Қазір, байқап жатқаныңыздай, жастар ерте үйленіп жатыр. Қыз алып жатқан жігіттің жағдайы қандай? Мүмкін орташа, мүмкін төмен. Жастай үйленсе, тіпті жұмысы да болмауы мүмкін. Соны ескеріп, түсіне білу керек. Бір жағынан қалың мал деген дұрыс та шығар, ата-анасы өз қызын бағалап жатса... Алайда, жігіт жағы несие алып, той жасап жатса, оған қоса қалың малға деп тағы бере шығынданса, бұл жас отаудың алдағы өміріне қиын болады. Сондықтан, қалың мал бермей-ақ, мүмкін атап, сый ғана берген дұрыс шығар деп ойлаймын».
Ақбаян, «Ерке Нұр» сән театрының моделі, 19 жаста:
«Өзім Ақтөбеденмін. Біз жақта қалың мал берілмейді. Қалың мал деген мүлдем түсінік жоқ. Бірақ қыз алатын кезде ананың сүті, әкенің күші деген сый береді. Қалың мал болмағандықтан, ол жайында білмейді екенмін, жаңа айтып кеткенімдей, ата-анасына қызын өсіргені үшін сый бергені - ең дұрысы деп ойлаймын».
Жақсылық, ақын, 21де:
«Қалың мал берген өте дұрыс. Ол бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бүгінде оның салт-дәстүрімізге, ислам дініне жат деп жатқандар қаншама, бірақ, ол теріс пікір. Атам қазақ айтады: «Қыздан алып, қырға шықпайсын». Бұл қыздың жасау жабдығын жөндеп, дұрыстап ұзатып, өзінің сән-салтанатына кететін қаражат. Осы күнге дейін қызынан миллиондаған қалың мал алып, байып кетіпті деген адамды естімеппін. Қайта соның қызынан жақсы жасау келіпті, оның қызы жақсы ұзатылып келіпті, сол екі жас жақсы отау құрыпты деген сөздер ғана естігенмін. Бұның барлығы жас отауға көмек қой. Ал бүгінде осыны дінмен арандатып, оны жат деген нәрселердің барлығы меніңше дұрыс емес».
Сонымен, бүгінгі қалыңмал мен өткен ғасырдың қалыңмалы арасында тарихи өзгерістер мен заманға сай бейімдеушілік анық көрінеді, бірақ ең бастысы, қалыңмал көлемі адам махаббатының мөлшері емес екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Материалды дайындаған Айнұр Ракишева