Әр сәрсенбі сайын Алматының Қазақ халық музыкалық аспаптары мұражайында ерекше шара өтеді. Оған жас баладан кәрі шалға дейін, ауылдағы қазақтан қаладағы шетелдік қонақтарға дейін жұрт жиналып жатады. Бәрі де күнделікті теледидардан көре алмайтын, радиодан беріле бермейтін этникалық-фольклорлық дара топ - "Тұранды" тыңдауға келеді. Осы сәрсенбіде тұран рухын сезіну үшін біз де концертке барып келдік.
Мұражайға кіре салысымен бізді мынадай голограммалар күтіп тұрды.
Мұражайдың жөндеу жұмыстарынан өткендігі бірден білініп тұр. Мұражай қызметкерлері мұражайдың жаңа келбетімен таныстыруды жөн көрді. Расында да келісті жөндеу жұмыстары мен инновациялар бұрыннан келушілерін қызықтырып әкететін мұражайға жаңа леп, еуропалық стиль қосыпты.
Ал арнайы ойын бөлмесінде интерактивті экранда өзіңді дирижер сезінуіңе болады. Құрманғазының "Адай" күйін қай аспапта ойнатып, қандай аспаптарды біріктіретініңді өзің шешесің.
Сол себепті жаңарған мұражайға міндетті түрде бір барып келу керек. Салыстырамын десеңіз, мұражайдың бұрынғы келбетін "Екпіннің" "Алматы мұражайларына фото-шолу" айдарында жарық көрген фоторепортаждан көре аласыздар.
Сонымен концерт басталарға дейін біз бірер минутты пайдаланып тұрандықтардан кішігірім сұхбат алып үлгердік. Бір айта кететін жайт, топ мүшелерінің бәрі де бірнеше аспапты жетік меңгерген. Концерт барысында олар тек бір аспапта емес, бірнешеуін ауыстырып ойнайды. Дегенменде, әрқайсысын ерекшелеп тұратын негізгі бір аспабы бар. Мысалы, Бауыржан Бекмұхамбетов - домбырашы, Нұрмолдаев Серік - сыбызғы, шіңкілдеуік, Арықбаев Абзал көмеймен ән айтуды насихаттайды, Ержігіт Әлиев ө жетігенші, Мақсат Медеубек - қылқобызшы.
- "Тұран" тобы қашан, қалай құрылды?
- "Тұран" тобы ресми түрде 2008 жылдың 1-наурызынан бастап құрылған. Мектеп кезінен барлығымыз бір-бірімізді танимыз. Бір мектепте оқымасақ та, біреуіміз Ахмет Жұбанов мектебінде, біріміз Күләш Байсейітова, енді біріміз Чайковский атындағы колледжде оқып жүріп, түрлі байқауларда кездесіп, кейін бәріміз консерваторияға түстік. Консерваторияда жүрген кезде "Дәстүрлі өнер" сабақтары бізге үлкен әсер етті. Ұлттық аспаптарға, әуенге деген сүйіспеншілікті арттырды. Бірге "Сазген сазы" фольклорлық ансамблінде қызмет атқардық. Сол кезден бір-бірімізге бауыр басып, шығармашылық үндестік таптық. Басында жай ғана бірігіп ойнап жүрдік. Концерттерге шақыра бастады. Содан соң шақырулар жиілеп кеткеннен кейін тобымыздың атын қоюға тура келді.
- Сонымен "Тұран" атауы қалай келді?
- Ат қоюға келгенде көп ойландық. Көптеген нұсқалар болды. Сосын Серіктің әкесі тарихқа жақын болған соң бізге "Тұран" деген атты ұсынды. Тарихқа үңілетін болсақ, ежелгі түркілердің мекендеген жерін Тұран деп атаған. Бұл біздің стилімізге, бағытымызға сай болғандықтан, біз де "Тұран" атанып кеттік. Кейін атауға сәйкес киім киіп, бағытымызды, стилімізді де айқындадық.
- Ал ерекше киімдеріңіздің дизайнын кім ойлап тапқан?
- Киім үлгілерін өзіміз ақылдаса отырып жасаймыз. Біздің Абзалдың суретке икемі жақсы, эскиздерді өзі сызады. Оны қаладағы "Иксел" студиясының тігіншілері тігіп берді.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- 2008 жылы алғашқы күйтабағымыз шыққан. 2011 жылы екінші күйтабағымыз шығып, тұсаукесер концерті болған. Ендігі жоспарымыз үлкен есеп беру концертін өткізу.
Сонымен мұражайдың концерт залы лық толып, жарық бәсеңдетіліп, ортаға қылқобызын тарта жөнелген шаман (Мақсат) отырды. Күтпеген жерден екінші жақтан беттеріне ақ маска киген үш шаман шығып, өнер рухын шақырғандай зал бойын айналып шықты. Осылай топтың жасаған шоу элементтерінен зал бірден тына қалып, ортадан көз алған жоқ. Ендігі кезекте жігіттер лекция-концерт форматын ұстанып, көрермендерді ұлттық аспаптар түрлерімен таныстыра отырып, бірінен соң бірін ерекше туындыларды төге бастады. Концерт барысында "Аққу", "Шабыт", "Көрұғлы", "Қасқыр", "Ортеке", "Қаражорға", топтың өз туындысы "Қазақ елі", т.б. туындылар орындалды. Оның бәрі де біз естіп үйреніп қалған дәстүрлі жолмен емес, бірнеше аспапта үйлестіріле, жаңа бағытта орындалып жатты.
Жігіттер тек қана аспаптарда шебер ойнамай, көрермендерді көңіл-күйлерімен өздеріне тартып, әдемі ұлттық өнер атмосферасын жасап отырды.
Көзді ашып-жұмғанша концерт бір демде өтіп те кетті. Көрермендер тұрып, қол шапалақтап, ұзаққа дейін жігіттерді жібергілері келмеді.
Кішкентай көрермендер болса, көне аспаптарға қызыға кетті.
Автографтар мен суретке түсулер ұзаққа дейін жалғасып, көрерменнің нағыз таза ұлттық өнеріне сусындап қалғанын көрсеткендей болды.
Шет елдердегі гастрольдері бітпей жататын топты өз Отанымызда көбіміз білмей жататынымыз өкінішті. Өйткені ұлттық өнер, үлкен мәдени азығымыз қазіргі кезде өлшеусіз байлық екенін әрбір көзі ашық түсінеді. Сол себепті он рет естігенше, бір рет көріп қалуға асығыңыздар.
Концертте болып қайтқан Айжан Кәрібаева