Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Сабалаһ Абылай мен Күрескер Мағжан

$
0
0

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, абылайтанушы, тарихшы, журналист Зарқын Тайшыбай жақында Алматыда іс-сапармен жүріп, «Екпін» журналына арнайы сұхбатын берген болатын.

Материалдың 1 бөлімі

Материалдың 2 бөлімі

Абылай хан және мектеп оқулықтары

Абылайдың жайы қазір энциклопедияларда да, интернеттегі википедияда да, оқулықтарда да түгел бұрмаланып жүр. Себебі ол біздің қазаққа тән жалқаулығымыз ба, самарқаулығымыз ба, өзімізге өзіміз сенбейтіндігіміз ба... Мысалы, мен бір ғана деректі айтатын болсам: барлық жерде Абылай хан 1711-1781 ж.ж. деп жүр. Сонда 11 жылы туылған да, 81 жылы дүниеден өткен. Ал біздің пайымдауымыз бойынша, Абылайхантану ғылымының қазіргі жетістік мұнарасынан қарағанымызда Абылай 1713 жылы туылып, 1780 жылы қайтыс болған. Тіпті жаңағы оқулықтарда да, емтихан тестілерінінің бәрінде де сол 11-81 болып, солай шатысып жатырмыз.

Шын Абылай хан мен аңыздар

Қазірге дейін айтылып келе жатқан ежелгі аңыздарда Абылай ханның есімі «Сабалақ» болыпты, оның тағы бір есімі «Әбілмансұр» екен, ол Төле бидің түйесін бағыпты, содан кейін Көкшетау жаққа барып бәленше деген байдың жылқысын бағыпты, анау-мынау деген сияқты қоспалар өте көп. Бұның барлығы аңыздан алынған нәрсе. Ал аңыздарда оны неге сорлы қылып, бейшара етіп айтады дегенде халықтың өз ардақты ұлы адамын, ұлы қолбасшысын аспаннан түскен емес, өзіміздің қатарымыз, өзіміз сияқты қазақ, ет жүректі, қиыншылықты көрген деп Абылайды кемсіту мақсатында емес, Абылайды көтеру мақсатында айтылған мәселелер. Оның барлығы шындыққа жанаспайды. Мысалы, Абылайдың жас кезінен көзге ілігіп, қағазға жазыла бастағанынан оның шаруасын, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, іс-әрекетін зерттеп келген кезде Абылайдың ақсүйек тәрбиесін алғандығы, текті екендігі, әскери оқу, дипломатиялық, мемлекеттік қызмет мектебінен өткендігі, сауатты адам екендігі, халықпен, бимен, батырмен қалай сөйлесу керек, шетелдіктермен, оның ішінде ресейлік генералдармен қалай, офицерлермен қалай сөйлесу керек, кімге қалай хат жазу керек, мәселені қалай қою керектігін меңгерген, басқару өнеріне жетік адам еді.

Сондықтан ол ешкімнің түйесін бақпаған. Ал «Сабалақ» деген ат емес. «Сабалақ» деген Шәкәрімнің жазбаларында да, ежелгі тарихты жазып кеткен тарихшыларда да қалмақ тілінен шыққан сөз. Қазіргі орыс-моңғол, қазақ-моңғол сөздіктерінде де бар, «Сабалақ» емес, «Сабалаһ». «Сабалаһ» — денесі сабалақ деген сөз емес, «Сабалаһ» деген бұл моңғолдың тілінде де, қалмақтың тілінде де «Жауынгер» деген сөз. Сонда бұл олардың Абылайға қойған аты. Олар «Сабалаһ Абылай келе жатыр» немесе «Сабалаһ Абылайдың адамы», «Сабалаһ Абылай солай істепті» т.б. деп айтып жататын.

Тағы бір жағдай, басқа ешбір жерде кездеспейтін Абылайдың туылғанда азан шақырып қойған аты «Әбілмансұр» екен деген аңыз бар. Ол да дұрыс емес. «Әбілмансұр» деген мұсылманша айтқанда жеңімпаз деген сөз. Мысалы, Ақсақ Темірдің тарихын қарап отырсаңыз, «Әбілмансұр Ақсақ Темір», «Әбілмансұр Темір» дегенді кездестіресіз. Яғни жеңімпаз, дүниежүзін жаулап алған деген сияқты сүйіспеншіліктен шыққан дүниелер болатын.

Бір оқымысты, зерттеушілер Абылай туралы ең шындық деректер Қытай мұрағаттарында болуы мүмкін депті. Иә, Қытай мұрағаттарында да болып келгенбіз, ол жақтан алынған материалдардың барлығын түгел зерттедік. Үлкен ғылыми еңбектерді қытай тілінен аударып жатыр. Бұның ішінде 1757 жылы Абылай қазақтың, орта жүздің ханы ретінде Қытай патшасы Цзинь Лунге хат жазып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, сауда-қатынастарын орнатқан. Бұл 1757 жылдан бастап мұрағаттарда кездесетін деректер дұрыс. Ал енді соның алдында айтылатын деректер Абылай хан туралы болсын, Қазақ хандығы туралы болсын ел аузынан естіген сияқты. Айтып келген, барып келген, көріп келген деген сияқты әңгімелер. Ол тұрғыдағы саудадан басқа деректерді орыс мұрағаттарының құжаттарымен зерттеп, салыстырып көрдім. Соның ішінде сәйкес келіп жататыны да бар, артық түсіп, кем қалып жататындары да бар.

Біз Мағжанды білеміз бе?

Мен қазақ баспасөзінің тарихын зерттегенімде қазақтың алғашқы журналистері, қалам қайраткерлері, саяси күрескерлері бірінші Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, одан кейін Міржақып Дулатов деп бастап одан әрі кете береді... Ал бізде осы шаруаларды шатастырып алатын жағдайлар бар.

Мағжан Тәуелсіздіктің олжасы. Өйткені ол Тәуелсіздіктен кейін ғана келді. Ал негізі Мағжан 1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен қатар ақталған. Соның ішінде қазақтың «мықтылары», үкімет үш арыс деп ақтаған Сәкен, Ілияс, Бейімбетті «...қазақтың ірілері-ай, Абайдың інілері-ай» деп әнге қосып, Мағжанды іздегеніміз де жоқ. Мағжан ол кезде Кеңес үкіметінің кінәсінан емес, біздің қазақ қайраткерлерінің кінәсінан 1957 жылдан бастап Тәуелсіздік туғанша ақталмай қалған. Себеп — Мағжандай ұлы ақынның жұлдызы жарқ ете түссе, басқаларының өшіп қалатындығын білген. Екіншіден, Мағжанды бізге әуелі таныстырған кезде ол бір нәзік лирик, махаббаттың жыршысы, «Сүй сәулем, тағы да сүй...» деп таныстырған. Ал меніңше, ол махаббат туралы Абайдан артық жазған жоқ, дәл қазіргі ақындардың ішінен Мағжаннан әлдеқайда мықты жазатындары бар деп айтар едім. Өйткені Мағжанның ең үлкен еңбегі — поэзиядағы күрескерлігі. Ол Қазақстанның Тәуелсіздігіне өзінің бүкіл шығармашылығын, өмірін арнаған адам.

Мысалы, Мағжанның 19 жасында жазған «Жатыр» деген өлеңі бар. Ол «Қазақ» газетіне және 1912 жылғы алғашқы жинағына шыққан. Сонда сол «Жатыр» деген өлеңін қарап отырсақ, «Әй, мына сорлы қазақ жатыр. Бүкіл дүние жүзі оянып кетті» деп 11-жылы жазып отыр. «Бұл қазақ бас аяғын жинамай, дүниежүзілік өркениетке, мәдениетке жаңа экономикаға ілеспей жатыр, ал оны қансорғыш Ресей сорып жатыр, бүкіл байлығын солар тартып алып жатыр, менің қазағым сорлы болып жатыр, неге көтерілмейсің, неге басыңды көремейсің?» деп жазған. Ал үшіншіден Мағжанды «Қызылжар» деген монографиямда (менің ашқан жаңалығым деп айтса да болады) Мағжан Міржақып Дулатовтың идея жағынан болсын, ақындық жағынан болсын тікелей шәкірті. Себебі Мағжан Қызылжарда оқыған кезінде оған Міржақып Дулатов сабақ берген. Екіншіден, Міржақып Дулатов «Оян, қазағын» да, «Бақытсыз Жамалын» да Қызылжарда жазған. Сондықтан біз Міржақып Дулатов ісімен қандай бейнет шегіп, басын құрбан етсе, Мағжан солардың қатарында. Ал біркездері «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен Сейфуллинің бір сөзі бар: «Мағжан деген бір талантты жігіт алашордашылардың артынан еріп...» деген. Мағжан олардың артынан еруші емес. Ол Алаш партиясын құрушылардың белортасында, өле-өлгенше Алаш Орда үкіметі мүшелерінің бірі болып кеткен.

Сондай-ақ Мағжанның тарихы жөнінде, жеке басы, отбасылық жағдайы туралы айтылатын аңыздар бар. Оны да естіп жүрміз. Мағжанға әкесі бәленшенің қызың алып беремін депті, одан кейін ол қызды алмай кетіпті, өйтіпті-бүйтіпті деген өтірік әңгімелер. Мағжан деген жоғарғы білімді адам. Ол түгелімен орысша оқып, орысша бітірген адам. Ол оқыған оқытушылар семинариясы, жамандағаным емес, қазіргі біздің бірталай университеттерден озық болған. Мағжан сол заманның алдыңғы қатар интеллигенті. Онымен қоса, ол қазақша тәрбие алған, жүрегі қазақ адам. Қазақтың ауасымен тыныстаған, қазақ күнінің астында күйген, айының астында қыдырған ұлы патриот адам.

Жазып алған: Айнұр Ракишева


Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>