Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

$
0
0

«Екпін» жобасы «Алаш» айдарында «Айқап» журналының беттерінде жарық көрген мәдениет, әдебиет, тіл және жастар жайында жарияланған мақалалар тізімін жасап, оқырмандарымен бөліспекші. Алғашқы материалымыз 1912 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың оқу-білім мен тәрбие тақырыбына арналған еді, екінші материал Уалиолла Халелидің тіл мәселесі мен педагогика турасында болса, бүгінгі материал Ғұмар Қараштың халық бірлігі мен тіл, әдебиет мәселелеріне арналады.

ТІЛ — ӘДЕБИЕТ

Бір кеуде-пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін жан-рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар! Тілі, әдебиеті болмаған милләттің де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзіне айырым әдебиеті болмаған...милләттер де дүниеде жасай алмас. Жасар Ілкин жасауы ұзаққа бармас. Әдебиеті яғни жаны бар милләттерге азық болар, жем болар, сөйте, сөйте ол милләт өзі де дүниеден жоқ болар!

Тіл-әдебиет бір милләт үшін әлбетте керек. Оның керектігі турасында жазылмақ сөздердің бәрінде бұл орында жазып бітіруі мүмкін емес. Ол турада неше том кітаптар жазылса да аз. Сондықтан мен бұл орында әдебиет турасында жазылмақ сөздердің жалғыз-ақ — «Фәһәрісті» ғана жазамын:

Тіл-әдебиет бір милләттің жаны һәм рухы-дүр. Және ғалия топлы қағидалы бір әдебиетке мәлік болмаған бір милләттің жансыз кеудеден ешбір айырмасы жоқ-дүр.

Әдебиеті болмаған милләт тілі шықпаған жас бала кебі-дүр. Себебі, өзінің басындағы қайғы һәм шаттықтарын басқаларға айтып түсіндіре алмас. Сол сияқты әдебиеті болмаған милләт те өзінің басына келген қайғы-қасіретті, шаттық уа қуаныштарды бір-біріне айтып ұқтырудан ғажың болар. Басқа сүйектес уа жыныстастарын өзінің қайғы уа шаттықтарына ортақтастыруға күші жетпес. Солайша айырым бір милләт, ел болып жасау үшін ләзім һәм керекті болған беріктік, ынтымақ бір-біріне жәрдем ету кебі шайырлардың олар махұм болар.

Дүниеде бір милләтті өз басына айырым бір милләт еткен, һәммәда бір милләт пен екінші бір милләт арасын жуықтатқан, бір-біріне біріктіріп екі милләтті бір милләт қалпына келтірген себептердің ең зорысы да тіл уа әдебиет-дүр. Бәне ғалия өзіне айырым әдебиеті болмаған бір милләт балалары да өздерінің милләттерін сақтай алмас. Сақтай алмаулары үстіне өздерінен жоғары болған екінші бір милләттің тіл уа әдебиетін үйренсе, оның тіліне де әдебиетіне де жаны һәм кеудесімен ғашық болар! Өз тіл әдебиетін ұмытар, тілімен бірге өз милләтін де ұмытар. Бар-бара сол екінші милләтке сіңіп, оған бала болар. Балаларына жастан өз тілін жақсы үйретпеген, олардың көңілдеріне құры өгей ана сияқты тәрбие еткен милләт те келешекте балаларынан өзінің қылған жақсылығы, берген тәрбиесі дәрежесінде ғана хақы алар, жақсылықты көрер. Балалары да оған өгей анаға қараған көзбен қарар. Милләт пен балалары арасындағы бұл ала көздік, шафеғатсыздық милләттің...ақырында бітуіне себеп болар.

Міне, осы себептер үшін емес пе, бұл заманда бір милләт өзінен күшсіз болған екінші милләттің миләттігін тіліне, оған бір кетік жасайын десе ең алдымен ол бейшара милләттің тіліне, әдебиетіне балта шабады. Өз әдебиеті олардың ана тілі орнынан таратуға әжәйәд қылады. Өз ана тілін ана сүтімен бірге емген өз әдебиетінің бағасын біліп, дәмін сезген милләт балалар өз тіліне ата-анасынан артық құрмет етер. Тіл уа әдебиетін жоғалтпас үшін жанын да пида етер... Заманымызда күшті милләт пен күшсіздер яки хакім милләт пен мыхыкүмләр арасындағы...жанжалдардың көбісі осы тіл, әдебиет мәселесінен қозғалады.

Тіл-әдебиет дүниедегі барлық бақыт сығадаттың, ғылым-өнердің, дін уа мәдениеттің асылы-дүр. Кісіні кісілік дәрежесіне ілестіретұғын, мәдениет жолына кіретұғын бұ нәрселердің әдебиеті болмаған бір милләт арасында таралып, тамыр жаюы мүмкін емес...

Жоғарыда айтылған сөздер бір милләт адамдарының дүние тірлігі үшін жейтін тамақ, дем алатын ауа, не қадар болса, тіл уа әдебиеттің сол қадар керек екендігі біраз аңланса керек.

Енді біз өз жайымызға келелік: біз де «қазақ» атанған бір милләт елміз. Санасақ, санымыз бес-алты миллионға толады. Біздің де өзімізге айырым тіл-әдебиетіміз әлбетте бар. Жоқ болса оны болдыруға, көміліп жатқан мол қазынаны дүние жүзіне шығаруға, үлкен-кіші баршамыз да борышты һәм міндетіміз. Шонки біздің дүниеде бір милләт болып жасауымыз онсыз мүмкін емес.

Түркі рулары арасында қазақ тілінің ескі һәм сөздікке бай, ескі болғандығы үшін де бек саф, нағыз тіл екендігі жұртқа мағлұм. Нағыздығы, байлығы жағынан қарағанда тіліміз Осман һәм татар, кей басқа туғандарымыздың тілдерінен көп алда-дүр. Ілкин әдеби жағынан қарағанда тіліміздің олардың тілдерінен артта екендігінде іңкәр айтып болмайды. Біз бұл орынға қадар бір милләт үшін тіл әдебиеттің не қадар керек болғандығы, қазақ та бір милләт, ұлықтан оның да өзіне айырым бір әдебиеті боларға керек екені біраз аңлатсақ керек. Қазақ тілінің сөзінің көптігі, сөздігінің молдығы себепті — бай, ескілігі, жат сөздерден саламат болғандықтан бек саф, нағыз екендігінде біраз сөйледік. Бұл сөздерді сөйлеуін сөйлесек те оқушылар арасында бұл сөздерді ұнатпаушылар бәлки оған ашуланушылар да болар? Қазақ тілін ескі һәм бай тіл деп мақтағаны, әдеби тіл емес деп жамандағаны қалай? Мұның бастан-аяқ әдебиет деп қақсағаны не нәрсе? — деп сұраушылар да болар. Бәне ғалия мен оқушылардың ашуларына, сұрауларына орын қалмас үшін келешекте әдеби тіл һәм әдебиет не нәрсе екенін оқушыларға ұқтырамын.

Ғұмар Қарашевтың «Айқап» журналының

1912 жылғы №10 санында жарық көрген мақаласы



Ғұмар Қарашев (1876-1921) — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Бүркеніш аттары Ғабдолла Мұштақ, Оразақай, Молда Қазақаев, Қазақ, Бөкей Шәңгерей, Ғабдолла Көпжасаров, Ғ.М., Ғұмар әл Қараш. «Айқап» журналында оқу-ағарту, жер, әдебиет, мәдениет мәселелері туралы: «Бөкейлік жайынан», «Жұт», «Ахмет Жанталинге жауап», «Тіл - әдебиет», «Бәдел қажы», «Тұмыш», «Бала тұлпар», «Қарлығаш» т.б. мақала, хабарлары жарық көрді.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>