Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Биолог зертханасы, немесе жас ғалым Жігер Акишевтің хикаясы

$
0
0

Жігер Акишев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетінің магистранты. Мамандығы - Молекулалық биология және генетика. Зертханасынан шықпайтын жас ғалым Жігерге жолығып, биолог мамандығының қыр-сырын білуге асықтық.

- Жігер, биология маманы боламын деп қалай шештің?
- Негізі мектеп кезінен биология пәнін ұнатып оқитынмын. Сол кезден бастап облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатыса бастадым. Жалпы биологияға қызығушылығымның басты себебі осы әлемнің қалай құрылғандығын білгім келді. Соның ішінде тіршіліктің қалай пайда болғанынан бастап, қалай жұмыс істейтіндігі мені өте қызықтырды. Содан тоғызыншы сынып оқып жүрген кезімде бізге өзге қаладан жаңа мұғалім келген болатын. Біз онымен осы мамандық жайында көп әңгімелестік. Сол кезден мен биология факультетіне түсемін деп шештім. Оған дейін өзге балалар сияқты ғарышкер да, банкир де болғым келген.

- Лабораторияда қашаннан бері жұмыс істеп жүрсің?

- Лабораторияда екінші курстан бастап жұмыс істеп келемін. Біздің мамандықта оқитын әрбір студент үшінші курстың соңы, не төртінші курстан бастап диплом алу үшін лабораториялық бір зерттеу жұмысын өткізу керек. Ал мен сонау олимпиадаларға қатысып жүрген кездерімде ғылыммен айналысатын лабораториялар жайында естіп, сондай жерде жұмыс істесем, ғылыммен айналыссам деп ойлайтынмын. Содан екінші курс оқып жүргенде менде осындай мүмкіндік пайда болды.

- Өзің қандай зерттеу жұмысымен айналысып жатырсың?

- Мен қазір популяциялық генетикамен айналысып жүрмін. Яғни белгілі бір аймақта ғана өсетін өсімдіктерді зерттеудемін. Нақтылап айтсам, Іле мен Балқаш аумағында өсетін өсімдіктердің тіршілігіне адамдардың әсері туралы. Қазір қарап тұрсаңыз бұрын кең дала болған  жердің барлығын адамзат игеріп, жолдар, зауыттар, ғимараттар, тұрғын үйлер салып жатыр. Осы факторлардың барлығы Қазақстанның табиғат қорына үлкен әсерін тигізуде. Дәл қазіргі уақытта Іле-Балқаш аймағында өсетін бөріқарақаты мен лимониум деген өсімдіктерді зерттеп, олардың целлюлоза ферментін өндеу арқылы биоэтанол алу жолын қарастырып жатырмын.

- Зерттеу жұмысың жайында толығырақ айтып берсең. Бұл зерттеуден қандай нәтиже күтесің?

- Алдыңғы сөзімде айтып кеткендей, Іле-Балқаш аймағындағы өсетін бөріқарақаттың өзгеруі мен оны сақтап қалу жолдарын қарастырып жатырмын. Бұл өсімдікті зерттеп жатқан себебім - ол Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктер қатарында. Әрі дәрілік өсімдікке жатады. Біздің жағдайда біз осы өсімдіктің бастапқы түрін қаншалықты өзгерткендігіне тоқталудамыз. Қазіргі уақытта біз ол жұмысты екі тәсілмен қарастырып жатырмыз. Біріншісімен мен, екіншісімен әріптесім айналысты. Мен алған бірінші мәліметтер бойынша бұл өсімдіктің өзінің бастапқы түрін 74 %-ға сақтап қалған. Сондай-ақ, бұл өсімдікті бүкіл Қазақстанда өсуін толықтай қалпына келтіру мүмкіндіктері әлі де бар екендігін көрдім. Осы эндемикалық өсімдіктер 20-30%-ға жәндіктермен тозаңданса, қалғаны өз популяциясында тозаңданатынына көзім жетті.

- Осы бөріқарақат ағашын зерттеуді өзің қолға алдың ба, әлде бұл ғылыми зерттеу институтынан арнайы берілген тапсырма ма?

- Бұл институттың жобасы. Бұл жобаны тендрдан жеңіп алған. Мен онымен бір жарым жылдай айналысып келемін. Жақында аяқтайын деп жатырмын.

- Бұл зерттеуде қандай қиындықтар бар?

- Бөріқарақат дәрілік өсімдік болғандытан, оның құрамында түрлі дәрілік заттар кездеседі. Сол заттар кейде анализдер жасау кезінде кедергі келтіреді. Біздің жұмыстың бір жарым жылға созылып кеткендігінің өзі осыған байланысты. Осыған дейін оны зерттеудің оңтайлы жолдарын қарастырдық. Өйткені зерттеуді бастағанда көпке дейін ешқандай нәтиже шығара алмай қиналған болатынбыз. Сөйтіп зерттеу барысында бұл жұмысқа қандай факторлар кедергі келтіруі мүмкін деген кезде бөріқарақат жапырақтарының жасушаларында полифенольды бірігулердің бары анықталды. Сол үшін біз оның ДНҚ-сын шығару үшін түрлі заттар қосуымыз керек болды. Сол сияқты тағы да басқа қиындықтар кездесті...

- Өзің зерттегін келіп жүрген өсімдік бар ма?

- Зерттеуден бұрын қазіргі уақытта осы лабораторияларда зерттеу жұмыстарын жүргізетін машиналар құрастырғым келеді. Ал өсімдікке келетін болсақ, еліміздің байлығы бидай болғандықтан, сол бидайдың сапасын жоғарылату, оның сақталу уақытын ұзарту, бидайдың құрамында пайдалы заттарды ұлғайту мен өсу уақытын жылдамдату үшін не істеу қажет екендігін ойластырып жүрмін. Өйткені нан адамзаттың басты байлығы. Егер осыған қажетті құрал-жабдықтар болса, осы ойымды жүзеге асыруға болар еді.

- Осы салаға енді келіп жатқан студенттерге қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едің?

- Негізінен ол кітаптардың көбі орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Мысалы, Ленинджердің 3 томдық «Биохимиясы», Уотсон мен Тейлордың бірлесіп жазған «Молекулярная биология клетки» деген 3 томдығы, Щелкуновтың «Генная инженерия», Глик пен Пастернактың «Молекулярная биотехнология», Дж.Кайгердің «Современная генетика». Бұл кітаптарды жазған авторлар әлем бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулерді бақылаушы ғалымдар. Ол кітаптарды оқи отырып, ғылымда қандай жаңа ашылулар мен өзгерістер болып жатқандығын көре аласың.

- Ғылымнан басқа қандай әуестігің бар?

- Бос уақытымда сурет салғанды ұнатамын. Көбіне абстаракция саламын. Одан басқа табиғатты, адамдарды саламын.

- Оқуыңды бітіргеннен кейін қандай жоспарларың бар?

- Биыл магистратураға түстім, бітірген соң PhD-ға тапсырып, әрі қарай ғылыммен айналыссам деп ойлап жатырмын.

- Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

 

Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>