Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Қазақ әнін YouTube-та насихаттайтын Ақбота

$
0
0

Ақбота Алдабергенова Yvision.kz блог-тұғырында танымал тұлға, оның дауысы сонау YouTube-тағы шетелдік тыңдарманға дейін де жеткен. Музыкаға ғашық талантты әнші мектепті алтын белгімен бітіріп, экономика мамандығын таңдаса да, өнерді тастаған емес.


— Сәлем Ақбота! Алдымен өзің жайында айтып өтсең...

— Мен Жания Әубәкірова атындағы мектеп-колледжді «фортепиано және вокал» сыныбы бойынша аяқтағанмын. Одан кейін Қазақ-Британ техникалық университетінің «халықаралық экономика мектебі» факультетіне оқуға түстім. Биыл бірінші курсты бітірдім.

— Вокалмен қанша жасыңнан бастап айналыса бастадың?

— Анамның айтуы бойынша алты айлық кезімнен ән салады екенмін (күліп). Ал нақты екінші сыныпта музыкалық мектепке барғаннан бастап айналыса бастадым. Бізде хор деген сабақ болатын. Сол жерде мұғалімдерім қабілетімді байқап, жеке вокалмен айналысуға кеңес берді. Соның ішінде эстрадалық вокал. Одан кейін операға бет бұрдым. Менің қазіргі дауысым опера мен эстрада арасында.

— Отбасыңда өнер адамдары бар ма? Жалпы әншілік қасиет саған кімнен дарыған?

— Анам ән айтады. Ол кәсіби тұрғыда музыкамен айналыспаса да, музыкалық қабілеті мен дауысы керемет. Әншілік қасиет маған анамнан дарыған деп білемін.

— Өнер мектебіне кім алып барды? Алғашқы ұстазың кім?

Негізі үш жасымнан бастап фортепианода ойнаймын. Өзімнің жеке педогогым болған. Ол сол кезден бастап менің музыкалық қабілетімді дамытты. Өзім кішкентайымнан ойыншық, ойын дегендерге әуес болған емеспін. Одан гөрі сурет салу, жазу, сызу қызықтыратын. Мектепке де ерте бардым. Оған менің өзімнен екі жас үлкен ағам себеп болды деп айта аламын. Ол мектепке барғандығын білгенде мен де барамын деп қоймай қойған екенмін. Алғашында музыкалық мектеп емес, жалпы білім беретін мектепте оқыдым. Өйткені анам бес жасар мені бірден музыкалық мектепке беріп, ауыртпалық түсіргісі келмеген. Осы салада алғаш дайындай бастаған мектептегі музыка пәнінен сабақ берген мұғалімімді алғашқы ұстазым деп айта аламын.

— Қанша жасыңнан бастап байқауларға қатыса бастадың? Бүгінде қандай жүлделерің бар?

Алғаш рет 2000 жылы қалалық пионистер байқауына қатысып, екінші орын алдым. Содан кейін республикалық пионистер байқауына қатысып, "ең жас қатысушы" деген номинациямен марапатталдым. Өнер жолым сол кезден басталды. Одан кейін де түрлі байқауларға қатысып жүрдім. Ал осы соңғы жылдары он бірінші сыныпты бітіруіме байланысты өнерімді тоқтата тұрдым. Өйткені вокал және фортепианодан екі дипломды қорғауым керек болды. Оның барлығы жиырмаға жуық музыкалық емтихандардан тұратын. Сосын жоғарғы оқу орнына түстім де, оқумен жүріп осы соңғы екі жылда ешқандай байқауларға қатыспадым.

Ал оған дейін 2007 жылы Болгариядағы Несебр қаласында «Солнце. Радость. Красота» деген байқауға қатысып, бірінші орынды иелендім. Кейін Санкт-Петербург қаласында өткен «Соловьи России» атты байқауға қатысып, оны да жеңіп алдым. Бұл байқаудан бірінші орын алғаным үшін Еуропа бойынша концерттік турға жолдама берді. Содан 2008 жылдың көктемінде Еуропаға концерттік сапарым басталды. Ол кезде Германия, Чехия, Польша, Венгрия мемлекеттеріне бардым. Бұл сапардан келгеннен соң Мәскеуге «Шоу — мир» деп аталатын байқауға қатысып келдім. Одан да бірінші орынды жеңіп алдым.

— Осы уақытқа дейінгі есіңнен кетпес ерекше жеңісін?

Әр жеңісім есімнен кетпейді. Өйткені әрқайсысы өзінше ерекше қайталанбас сәттерге, қайталанбас сезімдерге толы. Бағанадан бері айтқан байқауларым халықаралық байқаулар, одан басқа өз елімізде көптеген байқауларға қатысқанмын. Не дегенімен есімнен кетпейтін байқауым деп Қазақстан телеарнасында болған «Әйгөлек» балалар байқауын айтар едім. Өйткені ол менің алғашқы қатысқан телевизиялық байқауым. Басында қорқыныш болғанымен, кейін телевизияда өтетін байқауға қатысқан әлде қайда оңай екендігіне көзім жетті. Себебі онда саған қажетті барлық жағдайды жасайды. Соңында сол «Әйгөлектің» лауреаты атандым. Әдемі шоу ретінде өткен бұл байқау менің ерекше есімнен кетпес жеңістерімнің бірі.

— Өнерде үлгі тұтатын адамдарың бар ма?

Менің ең бірінші үлгі тұтатын адамым менің анам. Өйткені мені өмірге алып келген және осындай тәрбие берген сол. Бүгінгі жетістіктеріме де соның арқасында жетіп отырмын. Ал өнердегі үлгі тұтатын адамдарыма келетін болсақ, нақты мынау-мынау деп айта алмаймын. Олар көп. Олардың әрқайсысы менің ән айтуыма шабыт береді.

— Көбі сені әнші болады деп ойлаған шығар, неге экономика мамандығын таңдап кеттің?

Менің музыкалық білім алуыма ата-анам қарсы болды. Себебі олар менің болашағы жарқын мамандықты таңдағандығымды қалады. Бірақ бұл менің интернетте видео блог жүргізуіме бірінші себеп болды.

— Болашақта әнші боласың ба, әлде экономист па?

Ән айту мен үшін жұмыс емес, демалудың бір тәсілі. Ол арқылы жаныма жай табамын. Әнді өз өмірімнің бір бөлшегі деп білемін. Сондықтан да оны тастап кету әзірше ойымда да жоқ.

— Қай уақыттан бастап YouTube, Kiwi сынды видео-ресурстарға видеоларыңды сала бастадың?

Болашақта әнші болуыма отбасым рұқсат бермейтіндігіне толық көзім жеткенде музакалық энергиямды бір арнаға жіберу керек болды. Сонда YouTube-та ән салып жүрген бірнеше адамдарды көріп, мен де солай істеуге бел будым. Алғашқы видеоларымды 2010 жылдың күзінде сала бастадым. Содан бері екі жылдай уақыт та өтіп кетіпті ғой...

— Видеоны кім түсіреді? Түсіріп болғаннан соң қаншалықты өңдейсің?

Алғашында түсіруге анам көмектесетін. Бірақ кейін өзім түсіре бастадым. Өйткені өз көңілімнен шығатын видеоны түсіріп боламын дегенше анам шаршап кететін. Түсірген видеома аса монтаж жасамаймын, тек камераға келген, кеткен кездерімді басынан және соңынан алып тастаймын. Бірнеше рет түсірген видеомның ең сәттісін интернеттегі арналарыма салып шығамын.

— Көбінесе қандай әндерді орындайсың?

Мен арнайы әндер таңдамаймын. Бір өлеңді тыңдаймын, егер ол маған ұнап қалса, оны айта алатындығымды сезсем, орындаймын. Ал кейбір кездері тыңдармандарым, достарым белгілі бір әнді айтуымды өтінеді. Сол кезде солардың сұрауы бойынша орындап беремін. Мысалы, соңғы орындаған әнім «Қарлығашты» тыңдармандарым сұраған болатын.

— Қанша тілде ән саласың? Көбінде қай тілде?

Әндерімнің басым бөлігі ағылшын тілінде, одан кейін қазақша әндер. Ең азы орыс тіліндегі әндер, небары 1-2 өлең ғана.

— Бүгінде ән қоржыныңда неше ән бар? Қаншасын интернетке салдың?

Негізі өте көп. Ал интернетте менің орындауымда 43-ке жуық ән бар. Оның жартысы опералық, жиырма шақтысы эстрадалық әндер. Сонымен қатар, фортепианода ойнаған бірнеше әндерім бар.

— Бос уақытыңда музыкадан басқа немен айналысасың?

Бос уақытым онша көп емес. Мектеп кезінде университетке түскенде бос уақытым көп болады деп ойлайтынмын. Бірақ олай болып шықпады. Сабақтан қалған уақытымның барлығы музыкаға кетеді. Негізі өзім кішкентайымнан коньки тепкенді, спортпен шұғылданғанды ұнатамын.

— Кітап оқисың ба?

Әрине, оқимын. Бірақ соңғы кездері көркем әдебиетті оқуға уақыт бөле алмай жүрмін. Өзімнің мамандығыма байланысты кітаптарды оқумен-ақ уақытым өтіп кетеді.

— Ал балет, театрға барып тұрасың ба?

Жиі барып тұрамын деп айта алмаймын, алайда сәті түскенде барып тұруға тырысамын. Ең соңғы барғаным «Анна Каренина» атты балет. Негізі балеттті өте ұнатамын.

— Бүгін көптеген ата-аналар баламда талант бар, музыка мектебіне беру керек деп, кішкентайларына музыкалық білім беруге тырысады, ондай ата-аналарға қандай кеңес берер едің? Балада таланттың бар-жоғын қалай білуге болады, қай кезден кәсіби түрде оқыта бастаған дұрыс?

Спорт болсын, музыка болсын, егер балаңыздың қабілеті бар екенін көріп тұрсаңыз, оны дамытуды ерте бастаған жөн деп ойлаймын. Ал егер ол өзі қаламаса, мәжбүрлеудің қажет жоқ. Себебі бала қаламаса, одан бәрібір ештеңе шықпайтынын түсіну керек.

— Өмірлік ұстанымың қандай?

— Берілмей, бәріне төзу. Дәл қазіргі уақытта осы қағида мен үшін өте маңызды. Өйткені алда өте үлкен сын сағаттар күтіп тұр. Өмірде барлығы алма-кезек екендігін ұмытпауымыз керек. Әйтпесе барлығы жаман деп өмірден түңіліп кететіндер де бар ғой. Сондықтан, не болса да, алда жақсылық, шуақты күндер күтіп тұрғандығына сену керек деп білемін.

Әңгімелескен Айнұр Ракишева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>