Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Көкжайлауға барғанда

$
0
0

Сағат 8.20-да кездесеміз деп шештік. Бүгінгі ауа-райы кешегідей жаңбырлы бола қоймас деген ниетпен, Тимур жазып берген тізім бойынша заттарымды жинап, көңілді пейілмен далаға шықтым. Бәрі де «ереже» бойынша: балағы, қолы ұзын ашық түсті шалбар мен көкірекше, басымда кепеш, аяғымда кроссовки, арқамда рюкзак. Рюкзакқа жеңіл-желпі ауыз тиетін тамақ, термоспен шай құйып алдым. Таңғы леп керемет, таксиге отырып Абай даңғылымен Достыққа қарай бос көшемен зулап бара жаттым. Бір кезде отырғыш су сияқты болып көрінді ме, отыра бердім телефоныма қарап, рюкзагымды қайта-қайта тексеріп қоямын. Бір кезде басыма жетті: сорғалап жатқан термосым екен! Ішіндегі бүкіл шай рюкзакқа, отырғышқа жайылды. Оны бірінші рет қолданған мен дұрыс жаппағанмын ғой. Сөйтіп көңіл-күйім бұзылып, ішіндегі заттарды «сақтап» қалуға тырыстым. Далада киімімді кептіріп тұрғанда табиғатпен бірігудің алғашқы нышаны ретінде көшеде алтын күздей сап-сары тиінді байқап қалдым.

Жақсылыққа жорып, не де болса, күннің жақсы өтетініне сеніп, Медеуге баратын аялдамаға жетіп, Тимурды кездестірдім. Ол, әрине, ұйқысы қанған, сирек жүріспен өзінің "кәсіби" рюкзагын арқалауда.

Менің тауға шыққым келеді деген ниетімді жетелеп әкеткен альпинист-гидпен осылай таныстым. Тимур бірақ өзін тау туризмінің әуесқойы деп есептегенді жөн көреді.

- Тауды кішкентайымнан ұнатамын. Балалық шағымнан бір көрініс әлі есімде: тауға шығып бара жатқан әкемнің рюкзагының ішінде көңілді болып отырмын. Мүмкін тауға деген махаббат сол кезден, әкемнен дарыған болар - деп әңгімесін бастады ол.

Біз №6 автобуспен Медеуге жетпейтін "Просвещенец" аяладамасынан түсіп, тауға қарай өрмелеуімізді бастадық. Шықпас бұрын Тимур шалбар балағын шұлыққа кіргізіп, киімді алдын-ала кенеден қорғайтын спреймен септі. Сонда ғана мен бұл "қыдырыстың" бар жауапкершілігін сезінгендеймін. Алайда, алғашқы өрмелеп жүру оңай болған тәрізді. Мен де сергек қадаммен "кездейсоқ адам" емес екендігімді көрсетіп келемін. Айналамда қоршаған әдемілікке тамсанып та үлгеремін.

- Мен тауға аптасына 1-2 рет міндетті түрде шығамын. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері сондай. Алайда бұл "хобби" алдын-ала жаттығуды, аяқ бұлшық еттерін ретке келтіруді талап етеді. Әр басқан қадамыңа жауаптысың тауда. Өйткені мұндағы оқыс жағдайлар күтпеген жерден пайда болуы мүмкін.

Мен демімнің алқынып бара жатқанын сезініп келемін. Баспалдақ сияқты әр дөңге шыққан сайын басым айналып, жүрегім қысылып бара жатыр. Бақытыма орай Тимур "ал енді сәл дем алайық" деді.

- Таудың ауасы басқа. Таза. Таза ауамен тыныстап үйренбеген адамның басы айналуы мүмкін, жоғарылаған сайын қысым да жоғарылайды, сондықтан мұндай кезде бір-екі тал кептірілген өрік жеп алу керек. - Мына сөздер жаныма майдай жағып, бір-екі кептірілген өрікті жеп, су ішіп демімді келтіріп алдым. Тимурдың кез келген қиындыққа мойымай, налымас бұрын, оны шешуге тырысатын болмысы көрінді.

- Мына жерде үлкен дауыл болған, ана жақтағы шыршаларға қара, дауыл бәрін жайпап өткен. Мына жақтағы ағаштар да құлап жатыр.

- Бұл өте өкінішті жағдай.

Төмендегі суретте, сәл жақындатып қарасаңыз, тік тұрған шыршалар мен жерде қараңғылап жатқан жайпалған шыршаларды байқайсыз. Бұл расында өте қайғылы көрініс.

Мен енді өзімнің күйімнен гөрі, айналаға, табиғатқа назар аудара бастадым. Әр жасаған қадамың сені еріксіз табиғатқа жақындастыра бастайды.

Иә, қаладан 15-ақ минут ұзаған жерде осындай сұлулықтың жасырынып жатқанын біз біле бермейді екенбіз. Ал Тимурдың айтуынша, бұл жерге шетел туристері келуге құмар.

- Мен Санкт-Петербургте оқығанмын. Сонда жүргенде тауды қатты аңсадым. Жай қалада кетіп бара жатып, әдетімше жоғары қарай қалсам, тау көрінер көрініс те жоқ, тыныстайтын жер де жоқ. Ол жақта табиғат аясына шығу үшін жарты күнің кетеді. Алдымен электричкада жарты сағат, сосын тағы шеткері шығу үшін автобуста жүресің. Ал бізде қаладан сәл ұзасаң болды, жапан далаға бір-ақ шығасың. Туристер бұған өте қызығады.

Сосын Тимур маған туристерді алып жүргендегі неше түрлі қызықтарын айтып жөнелді. Олардың қастарында ол жай жүрмей, аудармашы болып қызмет көрсетеді. Осылайша тауға деген махаббаты мен тілге деген қабілеттілігін ұштастыра білген. Сондай-ақ Тимурдың негізгі жұмысы - программист. Құрбысы екеуі сайт жасаумен айналысады.

- Жұмысым үйде жасайтын іс болғандықтан, тауға шығуға деген уақытым бар. Келешекте тек әуесқой емес, кәсіби альпинизммен айналысқым келеді. Бір қуантарлығы, әлемдік деңгейде біздің альпинистердің орны ерекше. Қазақстанда Мақсұт Жұмаев, Денис Урубко сияқты бүкіл әлемге танымал, Гиннестік рекордтар жасаған альпинистер бар. Мысалы, Мақсұт Жұмаев әлемдегі барлық 14 сегіз мыңдықтарды игерген алғашқы қазақ. Соның ішінде ең қиыны - оттегісіз көтерілу К2, яғни 8611 м-лік Чогори шыңы. Ол оған 6-шы ретінен көтерілген.

Тағы да жарты сағаттан соң біз дем алуға тоқтап, киімде кене бар-жоғын тексердік. Бір кезде Тимурдың жайбарақат "ал міне кене де келді" деген сөзінен шошып кеттім. Сол кезде бірінші рет қансорғыштың қандай болатынын көрдім.

Бр-р-р-р... Тимурдың алдын ала қарсы тұратын вакцина жасағаны қандай жақсы болған. Кенені ақырындап сыдырып тастап, біз алға қарай бастық. Бір байқағаным, күн демалыс болмаса да, біз сияқты өрмелеп жүрген әуесқойлар көп екен. Оның ішінде әсіресе егде тартқан адамдар көп. Бір бұрылыста қазақ ата бізге шай ұсынса, екінші бұрылыста "экипировкасы" біздікіндей емес, жай парк аралап жүргендей бір жұпты кездестірдік.

Тимур оларға жолаушы сыйластығымен жол көрсетіп, жұбымыз ұзай берді.

Сөйтіп біз межелі жер Көкжайлауға да шықтық. Одан ары "3 ағайынды" деген шың бар екен, оған көтерілуге мен қарсы болдым :). Керісінше, Көкжайлаудың сарқырамасына қанық болдық.

Көкжайлау деген керемет жазық екен. Стол, отырғыштар қойылған.

- Соңғы рет келгенімде, мұнда бір шет елдіктер жүрген, қолдарында карта, көптеген схемалар, ай, осы жаққа бір нәрсе салып тастамаса болғаны, - деп ол қобалжуын көрсетті.

Біраз тынығып, түскі асымызды ішіп алған соң, біз қайтар жолға түстік. Жанымыздан велосипедшілер зымырап өтті. Мен жүрудің өзіне қиналып келе жатқанда (айтпақшы, түсу, көтерілуге қарағанда қиынырақ) олар велосипедте зымырап жатыр. Таң қалдым.

Жолдан мен арша иісін сезіп, оның бір-екі талын рюкзагыма салып алып кеттім. Олжалы болып қайтқаныма мәз болып, төмен қарай көңілді болып түстім (үйге келіп жаққандағы иісін айтсаңызшы).

- Демалыс күндері мұндай мүлдем аяқ алып жүретін жер қалмайды. Бір жағынан ол жақсы, біздің адамдар неге ұмтылу керегін біліп келе жатыр. Әсіресе қазақтардың көбеюі қуантады. Өйткені осыдан 1-2 жыл бұрын олар тым аз болатын-ды. Жақында бір таныс ата соңғы әлі жеткенше дейін көтерілді. "Үйде жатып өлгенше, табиғатта, сүйікті тау аясында өлгенім артық" деп жеткен жеріне дейін жетіп, қайтыс болды. Адам жаны әрқашанда бостандыққа, өзінің жан қалауы қайда тартса сонда, бастапқы тамырына тартады емес пе. Меніңше, ол шалдың арманы жоқ.

Осылай біздің әңгімеміз де тәмамдалып, жерге де жеттік.

Иә, адам жаны әрдайым өз Жер Анасына құштар. Ол инстинктті бізге бірде-бір компьютер де, робот та бере алмайды. Тек сол байлығымызды ұзаққа дейін жеткізсек екен.

Тауға шыққан Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>