Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Астаналық Гамлет

$
0
0

Шығарушы: Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық драма театры

Аударған: Х.Ерғалиев

Қоюшы-режиссер: Б.Ұзақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Дыбыс режиссері: Г.Әминова

Балетмейстер: С.Жолымбаева

Рөлдерде: Н.Өтеуілов, Е.Малаев, Б.Ыбраев, Қ.Қыстықбаев, А.Нөгербек, Г.Жүсіпова т.б

 

Алғаш рет қазақ сахнасында қазақша сөйлеген – әлемге әйгілі «Гамлет» трагедиясы. Драматург Шекспир сюжетін ХІІ ғ. Саксон Грамматиктің көне хроникасындағы Амлет деген дат бекзадасының тарихынан алынған. Ақын Хамит Ерғалиевтың үш жүз беттік аудармасын режиссер Болат Ұзақов отыз бетке синтездеді. Қазақы ұғымға негіздеп, қазақ сахнасына алып келді.

Көбіне адамды маңайында болып жатқан опасыздық, жалғандықтардан туған ыза кек алуға ұласады. Кектің түбі – ең   жақын адамдарын жоғалтып, шарасыз күйге енген кейіп. Гамлеттің өмірін әкесінің оқыс өлімі, анасының, тіпті достарының сатқындығы іспетті соққылар өзгертіп жіберді. Махаббат әуресімен әуселеңдеп жүрген бозбаланың санасы біз айтқандай кекке айналды. Әкесін кімнің өлтіргенін аян арқылы білгенде, «дүниеде қасіретке төзу керек» деп өзін-өзі өлтіруге болмайтындығын ескере кетеді. Гамлеттің ішкі толғанысын актер шебер жеткізе білгені соншалық, қылықтарынан  көрерменнің өзі зәре-құты қашты. Алдамшы байлыққа жұғысып, тақ пен тәжге, қойнын жылытатын әйелге қызығып, Клавдийдің өз ағасын өлтіргенін  пьесаның сюжет желісімен әртістерге ойнату арқылы хабардар екенін Гамлет жеткізеді. Өзі жындының кейпіне енеді. Әкесінің қайтыс болғанына төрт ай ғана болғанына қарамай, анасының ойнас болып жүргені жанына қатты батып, корольдің көмекшісі Поллониді өлтіреді. Кеудесін кек кернеген адам суық ақылға емес, қызуқандылыққа бой алдырады. Клавдий де қулыққа басып, Лаэртті (Поллонидің ұлы) Гамлетке қарсы қояды. Күресте ұлының жеңгеніне қуанып, Гертруда (анасы) Гамлетке тиесілі у қосылған шарапты ішіп, дүниеден өтеді. Шамына тиген ханзада корольге болат қанжар сұғып алады. Осылайша тұмса байлықпен тұншықты. Трагедияның соңы, айтар ойы Абайдың «Ескендір» поэмасымен сарындас. Абай: «Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да, өлсе тояр, көзіне құм құйғанда» десе, қойылымда: «Адам өлексеге айналады. Өлексе топыраққа. Топырақ сылаққа. Жамау болды жаман үйдің сыртына» делінеді.

Шытырманға толы қақтығыстар лайықты музыкамен астасып жатты. Сахнада бейнелеудің қиындықтарын бояуын бұзбай, ұғынықты кесте түзе білді. Қарнымен ойлайтын жандардың портреттік бейнесін жасаған сахна шеберлері бойындағы таланттарын сарқа пайдаланғаны көрініп-ақ тұрды. Гамлеттің бейнесімен  өзегін өртеген ішкі шер қоғамда шындықты орнатуға, опасыздықты әшкерелеуге тырысты. Әлеуметтік квинтэссенцияны (бастама) көрсетіп, адамдардың ішкі күйзелісін қойылым арқылы бейнеледі. Гамлет трагедиясы – адамзат трагедиясы. Сатқындық пен жалғандықтың, сүю мен жек көрудің құрбаны болудың көрінісі.

P.S. Қойылымды 17 маусым күні сағат 18:30 Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында тамашалуға болады.

Автор: Салтанат Сүгір

журналист, Астана қаласы

Фото: "Астана Ақшамы" сайтынан


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>