Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Менің атам — Әзілхан Нұршайықов

$
0
0

Жер бетінде ел басына күн туып, қатер төнген кезде қолына қару алып, елі мен жерін жаудан қорғаған, ел берекесі кіріп, бейбіт заманға аяқ басқанда, қара қаруын қарымды қаламға айырбастап, еңбек пен ерлікті, махаббат пен достықты жырлаған бірден бір жан болса, бұл Әзілхан Нұршайықов.

Мен оның ең кіші немересі — Әлия Нұршайықова. Алматы қаласындағы №12 қазақ тілді көпсалалы гимназияны бітірген соң, ҚМЭБИ-де халықаралық журналист және PR-мамандығын бітіріп шықтым. Мамандық таңдауда оның жолын қуғанымды естіген атам аса қатты қуанды, себебі оған дейін мен көркемөнер саласына түспекші болып жүргенмін. Осы мамандықты таңдағаным үшін тарту ретінде атам оқу төлемақысының басым бөлігін өзі төлеп берді, сол арқылы менің болашағыма даңғыл жол ашты десем де болады. Сол үшін де мен атама мәңгілік қарыздармын. Атам мен үшін қашан да ең жақын, ең сүйікті жан, әрі ер тұлға болып қала береді.

Атам әжем Халима Ұзбақанованы сұрапыл да отты соғыс жылдарында кездестіреді. Соғысқа аттанғанында әжем небары 16-ақ жаста еді. Кейіннен оны Мәскеуге жұмысқа жіберді, атам мен әжем екі жыл бойы үзбей хат жазысып тұрды да, соғыстан соң бірден бас қосып, шаңырақ көтерді. Әжем атамды қашан да шабыттандырып, қолдап отыратын. Әлі есімде, елде компьютер сияқты техника әлі таралмаған тоқсаныншы жылдардың ортасы болса керек, әжем үнемі атамның жазған шығармаларын теріп, редакциялап, түзетуіне көмектесіп отыратын.

Сол кезде мен де олардың қастарына барып отыра қалып, айтқан нәрселерінің барлығын қағазға өз білгенімше тізіп алуға тырысатынмын. Сонда атам марқұм менің жазу-сызуларыма қарап, күлуші еді. Ол кезде мен небары 6-7-ақ жаста едім. Сөйтсем, атам сол «жазбаларымды» ұқыптап жинап жүріпті ғой.

Әзілхан Нұршайықов (1922 — 2011) – ҚР халық жазушысы.  Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. II дәрежелі Даңқ, "Құрмет Белгісі", Халықтар достығы және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Батырлығы үшін", "Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін" медальдарымен марапатталды.

Кейіннен есейген шағымда атам кабинетіне шақырып алып, сол шимай-шатпақтарымды өзіме көрсетті. Папканың мұқабасына әпкем Алма: «Әзілхан Нұршайықовтың немересі - Әлия Нұршайықованың салған суреттері мен жазбалары» - деп жазып қойыпты. Папка ол кезде тым жұқа еді, онда түрлі мерекелерде атам мен әжеме арнап салған суреттерім мен «алғашқы жазбаларым» ғана болатын. Қазір қомақты бумаға айналған бұл папка атамның мұрағатында маңызды орын алады.

Әзілхан атам мен Халима әжем екі қыз, екі ұл бала сүйген ата-ана, одан соң бес немере, бес шөбере көрген ата-әже. Әжемнің айтуынша, атам өз балаларының есімдерін өзі ойлап тауып, қойылғанын қалады: «Нұр», «Жан», «Ар» ұғымдарын басты етіп таңдап алыпты. Содан атамның дүниеге келген сәбилері Жанар, Жаннат, Арнұр және Жаннұр есімдерін иеленген екен (ол кездері Жанар деген есім өте сирек кездесетін еді). Қазақ есімдерінің анықтамаларын парақтап көрген жан кейбір есімдерді Әзілхан Нұршайықов ойлап тапқан деген сілтемені ұшырастырған да болар.

Біздің, Әзілхан атамның артынан ерген ұрпақтың мектепте, университетте білім алуы басқа балалармен салыстырғанда ерекше болды. Себебі, барлық ұстаздар біздің Әзілхан Нұршайықов сынды өнегелі де өрелі жазушының ұрпақтары екенімізді білуші еді. Сол кезде мен: «Иә, менің атам - Әзілхан Нұршайықов» дегенді кеудемді кере, зор мақтанышпен жеткізуші едім. Сонда ұстаздарым кезінде «Махаббат, қызық мол жылдарды» партаның астына тығып, жасырып оқығандықтарын, тіпті, кітапты оқып біткен соң да шығарманың шырайлылығына шөліркеп, қайта бастап оқып шығатындықтарын еске алып айтушы еді бізге.

Мен қазақ тілі пәнін ерекше жақсы көрдім, себебі оқулықтың беттерінде атамның шығармаларынан алынған үзінділер жиі ұшырасатын. Сол сәтте кітаптың бетіне ашқыш сала қойып, сабақтан шыққан соң бірден атам мен әжемнің үйіне қарай тартатынмын. Бара сала, оларға оқулықтарымызда атамның айтқан сөздері бар екендігін мақтанышпен көрсететінмін, олар болса, жымиып қана қоятын.

Жауға жығылмаған Жауынгер

Мәншүк Мәметова (1922 — 1943) — қаһарман қазақ қызы, Кеңес одағының Батыры (1944). Орал облысы, Орда ауданында дүниеге келді. 1942 ж. тамызда өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-нші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Атамның көкөрім бозбала шағы 1941-1945 жылдардағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келгендіктен, ол жалынды жастығын сол сұрапыл жылдар нәубетіне құрбан еткен жан десек те болар. 100-ші қазақ атқыштар бригадасында қызмет етіп, Калинин, екінші Балтық маңы, 1-ші және 2-ші Белорусь майдандарына қатысқан. Соғыс жылдарында майдангерлер жырларымен жандарына жылылық пен жауға қарсы тұрар күш-қайрат дарытқан ұлы ақын Жамбылға деген өздерінің ыстық ықыластарын атамның өлеңімен білдіруді жөн санап, оны жергілікті газеттердің біріне жариялап жібереді. Біраздан соң Жамбыл бабамыз оларға жауап-хат жібереді екен. Қазақ солдаттары үшін бұл теңдессіз ең үлкен сыйлық еді. Атам бұл оқиға жайлы өзінің «Жамбылға хат» атты шағын шығармасында баяндайды.

Атамның кабинетінде соғысқа қатысты жәдігерлер әлі күнге дейін сақталған, түрлі оқтарды, әскери зеңбірегінің макеттерін мен әлі күнге дейін қызыға тамашалаймын. Бірде, мен білім алатын мектептің оқушыларымен кездесуге келгенінде, ол қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың бригадасымен қатар қалай соғысқанын, сол қайсар қазақ қызы ажал тырнағына іліккен жерде қандай сұрапыл күндерді бастан кешкендерін әңгімелеп берген еді. Атамның мұрағатында соғысқа қатысқан әрбір елдің, әрбір жердің топырағы салынған қапшықтары болатын. Сол жолы ол бізге Мәншүк апамыз қайтыс болған жердің топырағын әкеліп көрсеткен еді.

Әрбір нәрсені бабына келтіріп, әдемілеп айту, майын тамыза әңгімелеу - атамның тұла бойына біткен дара қасиеті болатын. Қандай ортада болмасын, атам тыңдаушыларын тарта білетін, әңгімелерімен әсерлендіре алатын шыңдалған шешендігімен көзге түсетін. Ол аса қарапайым, кеңпейіл, ақжарқын жан еді, қолтаңбасын қалдыруға келгенде ешкімнің көңілін қайтармайтын. Қыздар педагогикалық институтының студент қыздары атама «Махаббат Президенті» деген лақап ат қойып та үлгерген болатын, атам бұл «есімін» аса мақтан тұтатын.

Бірде біз отбасымызбен саяжайға демалуға бардық. Әзілхан атам сонда соғыс жылдарында басынан өткен бір оқиғаны әңгімелеп берді. Соғыс өрті қызып тұрған тұста оған 76-шы дивизялық зеңбіректің бас командирі ретінде зеңбіректі өрге көтеру туралы бұйрық берілді. Отряд құрамында он шақты жауынгер болды. Қанды шайқас толассыз жүріп, жау оғы төпелей жауып жатқан жазықпен екі тонналық зеңбіректі алып өтіп, айналаны еркін шолуға мүмкіндік беретін төбешікке шығару қажет болды. Бұл тапсырманың қиындығы – зеңбіректің тепе-теңдігін сақтап жүру үшін жауынгерлердің біріне оның оқпанына отыру керек еді. Сонда менің атам еш жүрексінбестен бұл міндетті өз мойнына алған екен. Зеңбіректі көтере бергенде жауынгерлердің жанына түскен граната жарылып, атам жарылыстың екпінімен ұшып түседі. Есін жиған соң, жойқын жарылыстан жаны аман қалған жауынгерлерін түгендемекке орнынан көтерілгенінде, өзінен басқа тек бір ғана солдаттың аман қалғанын көреді. Бірақ, ол жауынгер мәңгілік зағип болып қалады. Біз сол жауынгердің отбасымен әлі күнге дейін жақын туыстардай аралас-құраласпыз.

Соғысты көрген Студент

Сұм соғыстың кесірінен әкесіз, ағасыз, туған-туыссыз қалған атам туған ауылына барудан бас тартып, Алматыға келеді. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп шығады. Сол жылдары ҚазМУ-де қазақтың асқар жазушысы, ғалымы Мұхтар Әуезов дәріс беріп жүрген еді. Мұхтар Әуезов кезекті дәрісін оқып біткеннен кейін студент Әзілхан Нұршайықов оған таяп келіп, оның «Абай жолы» романының өзінің сүйікті шығармасына айналғанын жеткізеді де, қалтасынан әбден мыж-мыжы шыққан романды алып шығып, ұстазына ұсынады. Ұлы ұстаз сонда мыжымдалған кітапты иіскеп, «кітаптан оқ иісі шығады» деген екен. Бұл сыйлық Мұхтар Омарханұлына өте ұнапты.

Кітапты атам бүкіл соғыс бойында қойнынан еш тастамай, қайда барса да алып жүрген екен, жауға қарсы күресте жолдас жауынгерлерімен бірге оны оқып, жандарына жылу, бойларына күш-қуат алған екен. Ол кездері атам өлең-жырлар жазуға аса әуестеніп, өзінің ой-толғамдарын кішкене қойын кітапшасына түртіп жүретін әдеті де болыпты. Қазір үйде атамның көптеген фотосуреттері, кассеталары, кездесулердегі бейнежазбалары мен күнделіктері сақталған. Күнделіктерінің өзі қомақты дүние, атамның әрқайсысы 200-300 беттен тұратын 150-дей күнделігі бар.

Жазуға жүйрік Журналист

Әзілхан Нұршайықов «Қазақ пионері», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде еңбек еткен. 1953-1956 жылдар аралығында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1963-1965 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Кейіннен Қазақ совет энциклопедиясының редакциясында Тіл, әдебиет және фольклор редакциясын бес жыл бойы басқарған. Осы уақыт аралығында ол жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жазып, жариялаған. Бұл тұрғыдан алғанда, атамның жақындарына жасаған ықпалы аса зор болды десем, артық айтқандығым емес. Себебі менің тәтем Жанар, әкем Арнұр, үлкен апаларым Сабина, Дина, Алма және ағам Сәкен аталмыш мамандыққа қандай да бір қатысы болған, әлі де бар жандар.

Қаламы қарымды Қаламгер

«Махаббат, қызық мол жылдар» — кезінде қалың оқырманның тұмарындай, сүйікті шығармасы болған кітап бүгінгі күннің балғын оқырманын да бей-жай қалдырмайды. Роман 1970 жылы алғаш рет басылып шықты. Содан бері өткен 39 жыл ішінде 10 рет қайтадан басылып шығарылған.

Әзілхан атам кез келген сөзінде, кез келген жазбасында өз ойларын көркем жеткізе алатын қасиетке ие ерекше жан болатын. Халқы оның шығармаларын сүйіне де сүйсіне оқитын. Оның өмірі мен шығармашалығы жайлы деректерге қызығушылық білдіретіндер де аз болған жоқ. Үйге күніне атамның бірнеше ондаған оқырмандары қоңырау шалып, енді бір шоғыры қонаққа келетін. Атама сәлем беру үшін басқа қалалардан ат арытып жететін оқырмандар көп еді, солардың бәрін ол құшағын жая қарсы алатын. Әрбір қонақ атамның кітабына қолы қалай түскені жайлы жыр етіп айтып беретін, Халима әжеміздің күрең шайын ішіп, атамның қолтаңбасын алып бір-ақ аттанатын.

Атам көптеген еңселі еңбектер жазды, оның шығармаларында Қазақ халқының ХХ ғасырдағы тарихының келелі кезеңдері сипатталды. Атамның қазақтың қаскеуде батыры Бауыржан Момышұлының ғұмырынан алынған «Ақиқат пен аңыз», Ербол мен Меңтайдың кіршіксіз сезімдерінің сырларын суреттейтін «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты аса танымал шығармалары сол жылдардағы әдебиетсүйер қауымның, жастардың сүйікті кітаптарына айналған-ды. Ал осыдан он жыл бұрын ғана жазылған, өзінің алғашқы да шынайы махаббатына арналған менің сүйікті шығармам «Халиманы» әжем қайтыс болғаннан кейін, атам екі жыл бойы күні-түні қажымай-талмай отырып жазып шыққаны әлі есімде. Бұл шығарманың үзіндісі қазір ғаламторда да бар.

Еңбегі еленген Ер Тұлға

Атамның мадақ-марапаттары өте көп. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін ол үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін алса, одан кейін «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» төсбелгілерімен марапаттталған. Еліміз оған «Парасат», «Ерен еңбегі үшін» ордендерін тақты. Ең бастысы, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосқан теңдессіз үлесі ескеріліп, атам Қазақстанның Халық жазушысы атағын иеленді. Әрі Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың, сондай-ақ Абай атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Өзінің өнегелі ғұмырындағы ең соңғы марапаты, иеленген ең елеулі сыйы – «Отан» орденін атамның төсіне бір жарым жылдай уақыт бұрын, туған күнінде Елбасымыз қадаған еді.

Қамқоршы Әке, Ақылшы Ата

Атам өзін шақырған жерлерден, көшелі кездесулер мен ақжарқын әңгімелесулерден ешқашан бас тартқан емес. Тіпті бір күннің ішінде бірнеше жерге барып үлгеруші еді. Әр ретте өзінің көрген-білгендері мен көңілге түйгендерін әңгімелеп айтып беруден жалықпайтын.

Спортты жаны сүйді. Тура сағат таңғы 6-да тұрып, Шевченко көшесіндегі «Динамо» стадионына жүгіруге шығатын. Таңғы тұнық ауаның әсерінен қуат ала ма, үйге сергек, көңілді әрі шалқар шабыт жетегінде оралатын. Елімізде жуырда өткен «Азиада» ойындары кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атамнан Азиаданың жалқын алауын басқа да қазақстандық өнер жұлдыздарымен бірге қарсы алып, жүгіріп алып жүру шарасына қатысуын өтінгенде, атам бірден келісті. Торқалы тоқсанға аяқ басқанына қарамастан, атам сол кезде алауды қала ішімен алып өтіп, Семейдің орталық алаңында жағып, Азиаданың Шығыс Қазақстандағы ашылу салтанатына өз үлесін қосты. Сонда біз атамызға сүйсіне көз тігіп тұрдық, атам түр-келбеті алпыстың асқарына енді жеткендей, өз жасынан әлдеқайда жасырақ көрінуші еді.

Әзілхан атам қалың қауым ардақтап, қадір тұтатын, көпшілікті өзіне үйіре алатын, көпке үлгі бола білетін асыл жан еді. Жұртына, Отанына сіңірген ерең еңбектерінен бөлек, біздің отбасымыз оны қасиетті қара шаңырағында үлкенге - ізетті іні, кішіге - ұлағатты аға, қосағына - сүйікті жар, ұрпағына - қамқоршы әке, ақылшы ата бола білгені үшін зор құрмет тұтамыз. Ал менің жадымда атам бала жастан жаныма - жалау, өміріме - сүйеніш бола білген, азаматтық қалыптасуыма зор ықпалын тигізген Үлкен Дос болып қала береді.

Әлия Нұршайықова


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles