Түнгі он екіде Херестен шыққан автобус таңғы 8-де бізді Мадридке жеткізді. Автобуста wi-fi бар, бірақ істемеді, оған қарамастан, жайлы жеттік. Жайдары херестіктерге үйреніп қалғанбыз ба, Мадридтің асығып жүрген, сұсты тұрғындарынан қала да суық болып көрінді. Мейірімді бір турист қыз бізге метро картасын беріп, керек жерімізге қалай жететінімізді түсіндіргендей болды. Біраз адасып ол жерді де таптық. Бірден метроға 10 билет сатып алғанымыздың дұрыс болғанын кейін білдік. Біздің тұратын хостелымыз Пуэрта-дель-Соль («Күн қақпасы») алаңында Carretas көшесінде. Presidencia Cam-ның (біздің Орталық алаң сияқты) дәл қасында.
Бойы мен денесі бірдей болып қалатын қара нәсілді Данило атты кубинец бізді күле қарсы алды. Бір бөлмесін ұсынды. Іші қара суық. Ол жақта жылулық жүйесімен проблема, біз үйреніп қалған орталық жылу жоқ, әр бөлмеде кішкентай жылытқыш құрылғы бар. Бірақ романтикалық тұрғыда бөлмеміз көбінесе француз романдарының кейіпкерлері тұрақтайтын кішкентай, бірақ өте сүйкімді үйшік болатындай. Айқара ашылатын ұзын жіңішке ақ терезе қақпағын ашсаң, тар көшеден Испанияның иісі шығады, керемет емес пе!
Біраз дем алып алғаннан кейін, позитив толқынын ұстап алып, жергілікті жерді зерттеуге шықтық. Күн де жайдары көзін бізге бұра бастады.
Бірден көзге ұратыны – адамның көптігі. Әсіресе алаңда неше түрлі тілде сөйлесіп жүрген, неше түрлі ұлттар жүр. Алаңнан өтіп, алдымыздағы Испанияның көптеген ірі қалаларында бар танымал El Corte Ingles сауда үйіне кірдік. Бұл ірі сауда үйлер шопоголиктер үшін жұмақ болмақ. Оның ішінде масс-маркеттік Mango, Zara, Stradivarius, т.б. брендтерден бастап Pierre Cardin, Dior, Louis Vuitton сияқты люкстік брендтерге дейін, киімнен бастап, тренажерлерге дейін бәрі бар. Бүкіл Эль Кортты аралауға кем дегенде үш-төрт күн кетер. Ал El Corte Ingles бутигінің өзінде жоғарыдағы аталған брендтерді 50-70 пайыздық жеңілдікпен алуға болады.
Бұған қоса, жаңа жылға бір күн қалды, ірі сауда үйіндегі жағымды қарбаласты елестете беріңіздер. Тамақ ішіп, өз-өзімізге келіп алғанша кеш болды. Кешкі алаңда жүре тұруды ұйғардық.
Мадридтің кез келген алаңында мынадай мимдерді көре аласыздар.
Ал мына мимді көргенде, орнымда тұра алмадым. Менің сүйікті Эдвард руки-ножницы.
Мадридтің шыршасы да ерекше екен.
Шыршаның ішіне кіріп алуға болады.
Мадрид үкіметінің үйі
Сол күні 29-желтоқсан испандық зейнеткерлер 1939-1977 ж.ж. болған франкизм саясатының құрбандарын еске алды.
Карл II-нің ескерткіші
Пуэрто-дель-Соль Мадридтің инновациялық алаңы: мұнда алғаш рет газдық көше шамы орналастырылған, бір кездері электрлық жарық та, алғашқы трамвай желісі де осы жерден өткен.
Ең бірінші мадридтік автокөлік те, 1919 ж. алғашқы метро жолы да осы жерден бастау алған.
Ал мынау қала гербі – қойбүлдірген ағашы мен аю.
Мынау 0-дік километр. Бұл нүктеден Испания бойынша қашықтықтарды есептеу басталады.
29-желтоқсан болса да, алаңдағы басты сағат 00-00 көрсетуін көптеген жұрт күтіп, дәл уақытында шампан атып, айқайлап қуанды. Сөйтсе олар жаңа жылды тек 31-і емес, бес күн бұрын, одан кейін тағы бес күн бойы тойлай береді. Мен болсам, туған күнімді асыға күткендері неткен керемет деп ойлап қойдым.
Келесі күн қаланың сәулеттерін көрумен өтті. «Пласа-де торос-де лас-Вентас» - Испаниядағы коррида өтетін ең үлкен арена. Бұл жерде өнер көрсеткен тореро бірден атақты болып кетеді. 25 мың адамға есептеліп салынған ғимараттың архитектурасы араб пен римдік стильді қамтып жасалған.
Коррида тек мамырдан қазанға дейін жүргізіледі.
Ал мынау пенициллинді ашқан ғалым Александр Флемингке қойылған ескерткіш. Өгіздермен күрес кезінде жараланған торероларға көмектескені үшін осындай сый-құрмет жасалынған.
Ал мына ескерткіштер танымал торероларға қойылған: Хосе Куберо мен Антонио Бьенвениде.
Келесі аялдаған жеріміз Реал Мадрид футбол клубының стадионы.
Мадридтің қаржы орталығы болып табылатын ауданында орналасқан ұзындығы 121 метр Торре Еуропа ғимараты.
Әдеттегідей күніміз Эль Кортты шаршап аралаумен бітті. Келесі бөлімде жүздескенше.
Айжан Кәрібаева