Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Махаббат бар

$
0
0

Осыдан он жылдай бұрын елімізде 15 сәуір – Ғашықтар күні деп белгіленіп, Қозы Көрпеш - Баян Сұлу құрметіне аталған болатын. Бүгінгі материал осы мерекеге арналған, алдарыңызда ғашық жүректер мен олардың қызықты хикаялары.



Елдос пен Сұлупан

Бұл ерекше көңілді жұп осыдан жарты жыл бұрын танысқан. Екеуі де әлеуметтік желі арқылы танысып, шынайы махаббатын табуға болатынына ешқашан сенбейтін, алайда тағдыр екеуін дәл осылай қосты. Елдос та, Сұлупан да табиғатты жақсы көреді. Сондықтан қаланың шуынан біраз дем алып, саябақтарда, қала сыртында серуендеуді ұнатады.

- Сүйіктің жасаған естен кетпес сыйлық?

Сұлупан:

Жігітім – романтик. Сондықтан оның әр сыйлығы есте сақталады. Мысалы, ең алғаш сөз салғанда екеуіміз шам жақтырып, аспанға жібергенбіз. Ал ең бірінші сезімін білдіргенде балконымның астына шамдардан жүрек жасады.

Елдос:

Естен кетпес сыйлық – жейде көйлек.

- Көбінде не үшін ренжісесіңдер?

Сұлупан:

Қатты ренжісіп көрмедік. Көбінесе кез келген жұптарда болатын майда реніштер. Мысалы, ол менің фри картобымды жеп қойса (күліп).

Елдос:
Білмеймін, көбінесе болмайтын нәрселерге. Ондай реніштер есіме түспей жатыр.

- Ал одан кейін көбінде қалай татуласасыңдар?

Сұлупан:

Кішкенеден соң оны өзіміз ұмытып қаламыз. Күліп-ойнап жүре береміз.

Елдос:

Кім кінәлі болса, сол алдымен қадам жасайды. Көбінесе кінәлі мен болып қаламын (күліп).

- Өз махаббаттарын әлі таппағандарға қандай кеңес бере аласыңдар?

Сұлупан:

Бәрі де өз уақытымен келеді. Оған тек шыдамдылық керек.

Ернар мен Светлана

Қазнетте көпшілікке “Patick” ретінде белгілі блогшы Ернар мен оның жары Светлана осыдан 5 жыл бұрын жұмыста танысыпты. Ернар – бастық, Света оған  жұмысқа орналасуға келеді. Жігіттің болашақ жары Ресейден келіп, бір ауыз қазақша білмесе, өзі орыс тілінде шүйіркелесуді ұнатпайды. Алайда тілдік тосқауыл екеуінің арасында туындаған махаббат ұшқынына еш кедергі келтіре алмайды. Осылайша араласа келе, олар жұмыстағы қарым-қатынастың махаббатқа ұласып кеткенін байқамай да қалды. Ал 2010 жылы өткен ғашықтарымыздың үйлену тойы сезім беріктігін іс жүзінде дәлелдеді.

- Сүйіктің жасаған естен кетпес сыйлық?

Ернар:

Кейде мен қалап жүрген нәрсемді білдіртпей сұрап алып, туған күніме не басқа да бір мейрамдарға сыйлайды. Мысалы, ноутбук сыйлады. Өзім аламын деп ойланып, ақша жинап жүргенде, сүйіктімнің өзі сыйлағаны мен үшін күтпеген тосын сый болды.

Света:

Оның барлық сыйлары естен кетпейді. Ал ішіндегі ең қымбаттысы, мүмкін көпшілігі түсінбес, – өз қолымен жасаған ашықхат. Ернар бұрмаланған орыс тілінде мені қатты сүйетінін және қазір жақсы сый тартуға мүмкіншілігі жоқтығын жазған болатын. Бұл ашықхат әлі де сақтаулы тұр. Және де ең ыстық әрі қымбатты сый болып қалмақ.

- Көбінде не үшін ренжісесіңдер?

Ернар:

Жүріп жүрген кезде, ең алдымен, қызғаныштан. Ал қазір тұрмыстық кейбір жағдайларға байланысты ренжісеміз. Бірақ біздің ренішіміз бір сағаттан артық аспайды.

Света:

Иә, көбінесе қызғаныштың кесірінен.

- Ал одан кейін көбінде қалай татуласасыңдар?

Ернар:

Әрине, мен еркек болып оған бірінші өзім жақындаймын. Кешірім сұраймын. Немесе кешірім сұрауын талап етемін (күліп).

Света:

Әдетте Ернардың арқасында татуласамыз. Мен ешқашан бірінші болып қадам жасамаймын. Өйткені кейде жақындай қалсам, ашуы әлі де тарқамаған болып шығады. Сондықтан, ашуы басылып, өзі келгенше күтуге мәжбүр боламын.

- Өз махаббаттарын әлі таппағандарға қандай кеңес бере аласыңдар?

Ернар:

Ең бастысы, үмітін үзбесін. Айтады ғой: әркімнің өз теңі бар деп. Егер де шынымен сенсе, соған үміт артса, табатынына сенімдімін.

Света:

«Әлі өзімнің адамымды кездестірмедім» дегенді айналадағылардан жиі естимін. Кейбіреулерде өздерінің қатып қалған критерийлері бар: ұзын бойлы, бойшаң, аққұба не қара торы ұнайды деп, сезімдеріне шарттар қойып алады. Егер бір адамға шынайы ғашық болсаң, оның байлығына да жетістіктеріне де назар аудармайсың. Өмір бойы жинаған шарттарыңның күлі ғана қалады. Банальды болса да, тек өзіңнің жүрегіңді тыңдауың керек.

Ванпенг пен Алина

Ванпенг - Қытайдан, ал Алина Қырғызстан азаматшасы. Екеуі де арман қуып, оқуға Алматыға түседі. Күндердің бір күнінде университет қабырғасында танысады. Таныстықтары тек достықпен шектеліп қоймай, арты үлкен махаббатқа ұласады. Содан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Ванпенгтің айтуынша: «Алинаның жанында ешқашан ішің пыспайды. Тіпті оған ренжіп қалудың өзі - ақымақтық». Көбінде бос уақыттары болса, саябақта серуендейді. Сонымен қатар, велосипед алып, қаланы аралағанды ерекше ұнатады.

- Сүйіктің жасаған естен кетпес сыйлық?

Ванпенг:

Маған Алинаның сыйлаған барлық сыйлықтары қымбат. Қайсыбірін айта берейін, олар көп қой.

Алина:

Ванпенгтің маған сыйлаған ең ерекше сыйлығы – кішкентай мысық.

- Естен кетпес кездесулерің қандай еді?

Ванпенг:

Естен кетпес кездесуіміз деп Алинаны кездестірген күнді айта аламын. Бұл күн менің өмірімнен де, жүрегімнен де ерекше орын алады.

Алина:

Мен үшін біздің әрбір кездесуіміз ерекше. Бірақ ең естен кетпейтін кездесу - Ванпегпен танысқан күнім.

- Көбінде не үшін ренжісесіңдер?

Ванпенг:

Алинаның мінезі ашық, ренжісе, бірден бүкіл эмоциясын бетіме айтып салады. Меніңше, бұл жақсы, мынаған не болған екен деп, басыңды қатырмайсың. Кінәлі болсам, кінәмді мойындаймын немесе сенікі дұрыс емес деп түсіндіремін.

Алина:

Қандай жағдай болса да, Ванпенг барлығын маған дұрыстап түсіндіріп, көңілімді бірден өзінің әдемі күлкісімен аулап алады. Сондықтан екеуіміз тіпті ренжіспейміз деп айта аламын. Шынымды айтсам, кездесіп жүргенімізге бір жылдан асты, бірақ соншалықты қатты ренжіскен кезіміз есімде де жоқ екен.

- Өз махабаттарын әлі таппаған жандарға қандай кеңес бересіңдер?

Ванпенг:

Барлығының өз уақыты болады.

Алина:

Тек шыдамдылықпен күте білу керек.

Нұрмұхаммед пен Салтанат

Шырайлы Шымкент қаласының келбетті жігіті Нұрмұхаммед пен Салтанат атты ару қызды қосқан - әсем қала Алматы. Табиғат аясында серуендеуді жақсы көретін бұл жұп: қолымыз босай қалса, «Көктөбеге» шығып кетеміз дейді.

- Қалай таныстыңдар?

Нұрмұхаммед:

Университетке түсіп, сабақ басталмай тұрған кезде корпусқа бір жұмыстармен келіп-кетіп жүрген болатынмын. Бір күні қатты жаңбыр жауып, досым екеуміз аялдамаға келіп, шатырдың астында тығылып тұрдық. Аялдаманың жанында жерасты өтпесте жаңбырдан қорғанып тұрған екі қызды көрдік. Солардың біріне көзім түсті, бірақ таныспадым. Содан уақыт зымырап өте берді. Бір күні лекцияға келсем, менен бір қатар төмен партада бір қыз отыр, қарасам сол аялдамада көрген сұлуым. Содан не болса да, қызбен танысу әрекетін жасап, бүгінде бірге жүргенімізге 1 жыл 7 ай толды.

- Сүйіктің жасаған естен кетпес сыйлық?

Салтанат:

Ондай сыйлықтар өте көп. Бірақ есте ерекше қалғандардың ішінде - менің туған күніме екеуіміздің суретімізді суретшіге арнайы салдырып, үлкен портрет қылып сыйлағаны.

Нұрмұхаммед:

Салтанатты кездестіргенімнің өзі - Алланың маған сыйлаған  ерекше сыйлығы. Ал Салтанат бір жыл жеті айдың ішінде жүздеген сыйлық сыйлаған шығар. Олардың ешқайсысын бөліп-жарып алмаймын. Өйткені олардың әрқайсысы мен үшін бағалы.

- Естен кетпес кездесулерің?

Нұрмұхаммед:

Біздің әр кездесуіміз ерекше өтеді. Бір кездесуіміз есімде ерекше сақталып  қалыпты. Бір күні серуендеп, үй ауласындағы орындыққа барып отырдық. Тұрсақ, артымыздың бәрі сызық-сызық бояу болып қалған. Сол кезді есіме алсам, әлі күлкім келеді.

Салтанат:

Екеуіміз бірге оқитын болғандықтан, қайда баратын болсақ та, алдын ала жоспарлап шығамыз. Бірақ менің есімде қалған естен кетпес кездесуіміз - әл-Фараби даңғылының бойында кездескеніміз. Сол кезде екеуіміз сөйлесіп, бірталай километрді жүріп тастағанбыз және сол кездесуіміз 4-5 сағатқа созылған болатын.

- Көбінде не үшін ренжісесіңдер?

Нұрмұхаммед:

Салтанат тез ренжігіш. Сондайда мен де оған ашуланатын кездерім болады. Бірақ мұны тез-ақ ұмытып кетемін. Ал екеуіміздің ұрысып, бір-бірімізге сөйлемей қою деген сынды дүниелер болған емес.

Салтанат:

Нұрмұхаммедтің мінезі қаталдау. Кейде құрбыларыммен қыдырып қайтайын десем, жібермей қояды. Сол кезде ренжимін. Оның өзі небары бір сағатқа жетер жетпес. Ол «жаным» деп келсе, мен жіби саламын. Ал аса күрделі реніштер болған емес.

- Өз махаббаттарын әлі таппағандарға қандай кеңес бере аласыңдар?

Нұрмұхаммед:

Өз махаббатын таппаған адамдар көбіне ұялшақ болып келеді. Соны жойса, бәрі де болады.

Салтанат:

Қыз болсын, жігіт болсын, ең бастысы - іздеп жүрудің қажеті жоқ. Алланың маңдайға жазғаны бар, қалай болса да, кездестіреді.

Әділ мен Самал

Әділ мен Самалдың отбасын құрғандарына бір жыл болды. Самал оқудан өндірістік-тәжірибе өту үшін жедел жәрдемге келгенде, сол жерде Әділмен танысады. Таныстықтарының арты достыққа, достықтары махаббатқа ұласады. Жақында нәрестелі болғалы жатыр. Екеуі де оқу мен жұмысты қатар алып жүреді. Бос уақыттары табылған жағдайда саябаққа, киноға барып, достарымен кездескенді ұнатады.

- Сүйіктің жасаған естен кетпес сыйлық?

Әділ:

Самалдың маған сыйлаған ең үлкен сыйлығы - маған деген махаббаты. Басқасын айтсам, машинама буфер сатып алғым келіп жүр едім. Бір күні үйге келсем, үлкен буфер тұр. Сөйтсем, Самал достарымнан, туған-туысқандарымнан сұрап жүріп, менің қалаған затымды алып қойған екен.

Самал:

Университетті бітіріп, диплом алып жатқан кезімде Әділ сыйлаған гүл есімде ерекше сақталды.

- Көбінде не үшін ренжісесіңдер?

Әділ:

Біздің ренішіміз бес-ақ минут, тіпті бес минутқа да жетпейді. Бір-бірімізге тұрмайтын нәрселерге ренжіп жатсақ та, сәл уақыт өткен соң ештеңе болмағандай, тату-тәтті жұп болып жүре береміз.

Самал:

Қызғаншақ. Бір жаққа шығатын болсам, жібермей жатады. Сол үшін кейде ренжимін. Бірақ оның барлығы сол бес минут қана ғой.

- Әлі өз махабаттарын таппаған жандарға қандай кеңес бересіңдер?

Әділ:

Махаббатын таппаған жандар ұйықтап жүрмесін. Айналасына дұрыстап қараса, ақылы көркіне сай сұлу қыздар да, жігіттер де көп. Бір күні қолыңа топ етіп түскенде жіберіп алмай, ие болып қалсаң болғаны.

Шах-Керім мен Мадина

Ертегі желісіндей бұл махаббат оқиғасы кейіпкерлеріміз әлі бала болып жүргенде басталған еді. Мектеп қабырғасымен қоштасқалы жүрген Шах-Керім жаз айында қарындасына қамқоршы болып, балалар лагеріне демалуға барады. Дәл сол лагерьге жігіттің болашақ үлкен махаббаты 13 жасар Мадина да жазғы демалысқа келген еді. Екі жас бір-бірімен тіл табысып, өмір жайлы ұзақ әңгімелесіп, еш білдірместен бір-бірін ұнатып қалады. Алайда екі жүрек қосылу үшін арада бірнеше жыл өтті. Бастапқыда олар анда-санда ғана хабарласып тұрумен шектелді. Мадина Шах-Керімнің қай университетте, қандай мамандықта оқитынын білмей жүрді. Ойда жоқта талапкер Мадина дәл Шах-Керімнің факультетіне түсті. Ал әрі қарай... жүрек лүпілі, алғашқы нәзік сезім, айлы түн астындағы серуендер мен телефон арқылы оқылған Есенин, Мұқағали өлеңдері.  Және де 22 ай бойы жалғасып келе жатқан ертегі сезімі.

- Сүйіктің жасаған естен кетпес сыйлық?

Шах-Керім:

20 жасқа толған кезімде Мадина екеуіміз етене жақын араласып жүрмеген едік, әйтеуір бір жақтан суретімді алып, маған жасыл қағаздан А2 форматындағы үлкен плакатқа: «Туған күнің құтты болсын!», - деп әдемілеп жазып, күтпеген жерден біреу арқылы ұсынып жіберді. Сол әлі үйімде тұр. Көзімнің қарашығындай сақтаймын.

Мадина:

- Ондайлар өте көп болған, есіме түскенін айтайын. Менің және Шах-керімнің Әлішер деген жан досының туған күндеріміз - бір күнде. 2011 жылы түнде үйде отбасымызбен әңгімелесіп отырғанбыз. Ол менің ұялы телефоныма қоңырау шалды, әдеттегідей екеуіміз сөйлестік. Сөз арасында: «қазір Әлішерді құттықтауға бара жатырмын», - деп қалды. Шыны керек, сол кезде өзімді жаман сезіндім. Бірақ жан досы ғой деп, өз-өзімді жұбатып қоямын. Сосын сағат түнгі 12-де хабарласып, туған күніммен құттықтады. Бір уақытта терезеңді ашшы деді. Мен 6-қабатта тұрамын, тереземді ашып едім, астында Шах-керім раушан гүлдерден тұратын екі үлкен букетпен күтіп тұр екен. Сөйтіп далаға жүгіріп шықтым, бір букетті маған табыстап, екіншісін анама беріп жіберді, мені тосыннан ерекше қуантты. Айта берсе көп: осыдан бір жыл бұрын 15-сәуір Ғашықтар күнінде мені Президент саябағына қарай ертіп апарды. Дәл осы күні бүкіл жастар шамдар жағып, оларды көкке жіберетінін білмеген едім. Сол кезде әдемі шамдарға қарап тұрып: «Мен де жібергім келіп тұр» - дегенімде, қалтасынан бірнеше шамдарды алып шықты, екеуіміз оларды аспанға жібердік.

- Көбінде не үшін ренжісесіңдер?

Шах-Керім:

Мадинаның қызға тән еркелігін көтеруге тырысамын. Ренжісетін сәттер көңіл-күйім болмаған кезде болады. Жалпы Мадинамен кез келген нәрсе үшін ренжісе аламыз. Көңіл-күйіміз көтеріңкі болса, мүлдем ренжіспейміз. Ал көңіл-күй болмаса, тырнақ астындағы кірге дейін ренжісіп қалуымыз мүмкін (күліп).

Мадина:

Көбіне менің мінезіме бола. Өйткені мінезім өте қиын. Болмайтын нәрселерге ренжи беремін. Бір нәрсені дұрыс айтпай қалса, оны бұрмалап жіберіп: «сонда сен былай ойлайды екенсің ғой», - деп, өзім тиісе бастаймын, содан көбіне ұрыс шығады (күліп).

- Ал одан кейін көбінде қалай татуласасыңдар?

Шах-Керім:

Ақылмен, сабырға тоқтап. Мадина шығады: «Жарайды-жарайды, бәріне мен кінәлімін, қойшы», - деп. Сосын мен шығамын: «Жоқ сен емес, мен», - деп. Солай татуласып кетеміз.

Мадина:

Мен жалпы эмоциямды іште ұстай алмайтын адаммын. Ашулансам, айқайлап алуым керек. Керім оның барлығын тыңдап тұрады. Сосын бір уақытта күліп жібереді. Сонда мен де жымиып, күліп жіберемін. Солай татуласып кетеміз.

- Өз махаббаттарын әлі таппағандарға қандай кеңес бере аласыңдар?

Шах-Керім:

Іздемеу керек махаббатты. Меніңше, алдымен рухани құндылығыңды танып, рухани әлеміңді қалыптастырып алу керек. Өмірге деген көзқарасыңды, өмірден не тілейтініңді, жарыңнан қандай қасиет күтетініңді алдын ала білуің керек. Мен, мысалы, «Мадинаны көріп қалып, неге ұнатқанымды түсінбедім» - деп айта алмаймын. 20 жасқа дейін ақылымның, ой-парасатымның үйіп-түйген, болашақ жарым қандай болу керек деген мәселенің шешімдерін Мадинаның бойынан таптым. Және де мұндай махаббаттың ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын. Ал әлеуметтік желілердегідей: «в активном поиске» деп алып-ұшып, махаббатты іздеу дұрыс емес, ол өз уақытында өзі келеді.

Мадина:

Махаббат деген күтіп жүргеннен табылмайды. Ол тіпті дүкенге нан алуға шыққанда да аяқ астынан келуі мүмкін. Ең бастысы, оны жүрегіңмен сезіну.

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева, Айнұр Ракишева

Фото: Әлия Сембай

Өлеңді оқыған: Айғаным Садуақас

Өлеңнің авторы: Ақұштап Бақтыгереева

__________________________________________________________________________

"Екпін" командасы барша оқырманына мөлдір махаббат тілейді, жұптарыңыз ешқашан да жазылмасын!


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>