Бүгінгі кейіпкеріміз «Алтын қалам 2011» байқауының жеңімпазы, ақын, журналист - Олжас Қасым. Олжаспен бүгінгі поэзияның жағдайы, жаңа толқын ақындарының ерекшелігі, өз өлеңдеріндегі ұстанымдары жайында әңгімелесуді жөн көрдік.
- Олжас, алған жүлдең құтты болсын! Шығармашылығыңмен, өлеңдеріңмен жақсы таныспыз. Енді өзіңмен таныссақ деп едік. Қай жерде туылдың, өстің, оқыдың?
- Рахмет! Семей қаласына қарасты Абай ауданының жанында бұрын алты ауылды округтен құралған Абыралы деген аудан болған. Қазірде аудан статусы алынып тасталған. Сол жерде бұрынғы атауы Ақбура, қазіргі атауы Таңат деген кішігірім ауылда туылғанмын. Төрежан Смайылов деген ақын ағамыздың атындағы орта мектепті бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Былтыр бакалавриатты бітіріп, енді магистратурада оқып жатырмын.
- Ең алғаш өлеңіңді қашан шығардың?
- Ең алғаш өлеңімді бірінші сыныпта шығарғанмын. «Көктем келді далаға» деген сияқты тапсырма бойынша шығарылған бір шумақ өлең ғой. Өлең деп айтуға да болмайды. Ал нағыз өлеңге 10-сыныпта келдім деп айта аламын.
- Жалпы, ақындар табиғаты түңілуге, пессимизмге жақын келеді ғой. Осы тұрғыда сенің ұстанымың қандай?
- Қазіргі жас ақындар екі бағытта кетіп бара жатыр. Біреуі – пессимизм бағытын ұстанса, екіншілері оған қарама-қарсы, оптимистік бағытта десек болады. Оған әсер еткен алдыңғы буындағы ағаларымыз бар. Біреуі - семейлік Тыныштықбек Әбдікәкімов болса, екіншісі – Есенғали Раушанов ағамыз. Қазіргі буынның барлығы осы екі ақынның артынан еріп барады. Түңілу бұрыннан да бар ғой, бірақ оның қазіргі мектебін қалыптастырған Тыныштықбек ақын. Оның артынан келіп жатқан жас буын келсін, келмесін түңіліп, түсініксіздеу жазсам, ақын боламын деп өз ойынан айрылып жатады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Өйткені бүгінгі нарық заманында: ақыл, ұлттық құндылық ақшамен өлшенетін кезде пессимистік өлеңдер жазып, адамды түңілдіруге болмайды. Керісінше, халықты өлеңмен жылыту керек, еңсесін көтеру керек.
- Сенің екі-үш өлеңіңде қария образдары бар. Өлеңдеріңе арқау болатын қария өмірде бар ма, әлде ол жиынтық образ ба?
- Ақын өлеңінде қиялдан гөрі шынайылық басым болуы керек деп ойлаймын. Өлеңдерімдегі барлық адамдар өмірде бар. Мысалы, «Көнекөзімде» мектеп бітіргенімше көзін көрген, жанымда жүрген, ақылын тыңдап, оның жасаған жақсылығын қайталағым келген көрші атамыз туралы жазғанмын. Сондай-ақ көптеген ауыл қарияларының тәлімін көрдім. Кейін Алматыға келгенде солардан алған, санама түйген дүниелер қайта оралып, өлеңге ұласты. Әр ақынның өз тақырыбы болады екен. Мен өзімді күштеп, осы туралы жазайыншы деп қинаған емеспін. Осы қариялардың образы бірден келіп отырды.
- Тағы да қандай байқауларға қатыстың? Қандай жүлделерді қанжығаңа байладың?
- Ең алғаш Семейде М.О. Әуезов атындағы Университетте «Мұхтар Әуезов және әлемдік мәдениет» деген тақырыпта өткен байқауда және одан кейін Семей педагогикалық институтта Қайрат Рысқұлбеков атындағы байқауда поэзия бойынша екінші орын алдым. Сосын Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетіндегі Мұқағали Мақатаев атындағы мүшәйрада үшінші, 2 курста Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Жыр мүшәйрасында» бас жүлде, Ақсуда өткен «Ақындар мүшәйрасында» Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық, т.б. марапаттарға ие болдым. Айта берсе, көп енді.
- Қазірде бас-аяғы қанша өлеңің бар?
- 75-80 өлеңдей бар.
- Оны кітап қылып шығару ойыңда бар ма?
- Жазушылар Одағының қолдауымен Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жалын» баспасына бес ақынға орын берілген. Соның біреуіне іліккенбіз, бұйыртса, келесі жылы шығуы мүмкін. Баспаға өткізіп қойдық.
- Ақындықпен қатар журналст болу қиынға соқпай ма? «Тілшілік деген тілшілік емес» деген бір сөзің бар екен. Түбі кім болып қаламын деп ойлайсың?
- Журналистикаға келген бетте ақын болсам деп ойлайтынмын. Бірақ Алматыда түбегейлі ақындықпен кетсең, аштан өліп қалатын сияқтысың. Ал енді журналистикамен түбегейлі айналысамын десең, онда поэзияңды әлсіретіп аласың. Сондықтан екі жаққа да тартудың қажеті жоқ. «Арбаны да сындырмай, атты да өлтірмей» жүруді ойлап жүрмін. Қоғам өзі соны талап етіп жатыр. Журналистика да шығармашылығыма қосымша серпін береді деп ойлаймын.
Алдымыздағы буын ағаларымыз «біз жанкештіміз» дейді. Өйткені бұрынғылардың бір кітабы шықса, өмірінің соңына дейін пайдаланатын ақшасын түсіріп алатын. Мысалы, бұрын Қадыр Мырзалиев ҚазҰУ-да сабақ берген кезінде: «Сендерге сабақ беріп, алған ақшама қарағанда, бір өлең жазып-ақ көп ақша табамын» деген екен. Ол кезде заман сондай болған. Ал қазіргі әдебиет ешқандай ақшаны дәметпейді, пайда табудың жолдарын да ойластырып жатпайтын жанкешті адамдардан құралған.
- Әрбір шығармашылық адамына қойылатын сұрақ – шабытты қайдан, неден немесе кімнен аласың?
- Шабыт дегенді біреулер ұстап отырып жазамыз дейді, біреулер ол мезгіл таңдайтын нәрсе дейді. Меніңше, ол төрт мезгілде де келе береді. Бірақ өзінің орайлы сәті болады. Белгілі бір көңіл-күйге байланысты, бұрынғы өткен, санаңда сақталып қалған дүниелердің қайтадан айналып келіп, ішкі түйсігіңе тыным бермейтін сәттерде келеді. Осындай уақытта жазарыңды жазып қалу керек екен. Қадыр Мырзалиев ағамыздың тағы бір сөзі бар: «Мен өткен уақыттарыма емес, кеткен сәттеріме өкінемін» деген. Сондықтан әр ақынның өз сәті болады екен. Сол сәтті ұстап қалу керек. Өз басым, отыз жасқа дейін жазып қалу керек деп ойлаймын.
Шабыт дегенді әр түрлі нәрседен алуға болады: табиғат, айналаңда болып жатқан құбылыстар, өзіңе әсер ететін адамдар, т.б. Орыс ақындарын оқып отырсаң, вокзал, әуежай, көшедегі көліктерді өлеңге айналдырады, яғни қалалық бағыттағы өлеңдер. Мысалы, қазір де Ақберен ағамыздың өлеңдерін алып қарайтын болсаң, қалалық пейзажға тап боласың. Ал енді менің шығармашылығымда адам мен табиғат, жауабын таба алмай жүрген дүниелер қамтылады.
- Ақынды ақын қылатын өлеңі де емес, халық та емес, белгілі бір адамдар ғой. Өйткені ең алғаш өлеңіңде сенің ақын екеніңді байқай білген адам болмаса, жылы сөз айтып қолдау көрсетпесе, ары қарай өз-өзіңе сеніп, жазуың екі талай. Сенің ақындығыңды көре білгендер кімдер?
- 10-сыныпта «Қасқыр» туралы өлең жазғанмын. Оны ең бірінші әкем көріп, «сенен бір нәрсе шығады екен» деді. Үйдегі сөрелерде қаланып тұратын кітаптар көп болатын. Ең үстіңгі сөресінде әдеби сындар, ортасында поэзия, астыңғы жағында проза тұрады. Сонда әкем маған поэзиядан таңдап-таңдап, алты кітап әкеліп беріп, сол алтауын оқытқызды. Сол кезде санама ақын болу деген, өлең жазу деген сол кітаптардан келді десем болады. Кейін келе ес жинап, ақыл тоқтатқан кезде әкем ылғи мықты ақындардың кітабын бергенін түсіндім. Оның ішінде: Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Өтежан Нұрғалиев, Мерғали Ыбраев, Зейнолла Шүкіров сынды ақындар болды.
Одан кейін Семейге келгенде, Сәтжан Қасымжанұлы деген «Семей таңы», «Ертіс өңірі» газетінде қызмет істейтін ағамыз ықпал етті. «Сенің бойыңда бір ұшқын бар» деп, өлеңдерімді «Ертіс өңірі» газеттеріне басып тұрды. Одан Алматыға қарай ауыстық. Алматыда «өлеңдеріңде ой бар екен, жаз, көп оқы» деп ақыл айтып, қанаттандырған өзіміздің Мұрат Шаймаран, Ақберен Елгезек, Жәркен Бөлеш, Әбубәкір Қайран, Аманхан Әлім деген ақын ағаларымыз болатын.
- Бүгінгі қазақ поэзиясының жағдайы қандай? Ол тоқырау кезеңінде ме, әлде жаңа өрлеу кезеңінде ме? Жалпы қандай деңгейде?
- Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтер кезінде поэзияда үлкен қуатты ағыс болды. Олар айтарын айтып, әдебиетті жасап кеткен адамдар. Қазір әдебиетке келген қандай бір ақын болса да, алдымен солардың өлеңдерін оқиды. Одан кейінгі бағытта Исраил Сапарбай, Ғалым Жайлыбай, Аманхан Әлім, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімовтер алдыңғы ағаларымыздың қалыптастырған арнасын басқа сипаттағы поэзияға айналдырып, оны дамытты. Ал енді кейінгі келіп жатқан толқынды Темірхан Медетбек, оның ішінде: Маралтай Райымбек, Алмас Темірбай, Дәурен Бердіқажыұлы ақындардың заманын «алтын көпір» деп атады. Бұдан кейінгілер, яғни біздің алдымыздағы 2000-шы жылдары келген Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Тоқтаралы Таңжарық, Құралай Омарлар «кері ағыс» деген атпен келді, яғни жаңа поэзия жасаушылар. Одан кейінгі біздің буын әлі толықтай қалыптасқан жоқ, әлі де даму үстінде.
Қазіргі поэзияға артылар салмақ әлсіреп бара жатқан сияқты. Аларын алып, асарын асап, жасарын жасап алған көп ағаларымыз өзінен кейін келген толқынды қолдаудан, қолпаштаудан алыстап бара жатыр. Сондықтан қазіргі поэзия аса дамып бара жатыр деп айтуға болмайды. Орташа қозғалыспен бәсеңсу дәуіріне өтуде.
Алматы ақындар ортасы ретінде бұрыннан қалыптасқан, алайда қазірде біздің буынның көбінде тіршілік қамымен жүріп, қосылуға, бас қосып, әдебиеттің жайын талқылауға жағдайы болмай жатады. Сондықтан Астана, Қарағанды, Семей сияқты қалаларда өзінше бір мектептер ашылып жатыр. Олар бір-бірін көп көрмесе де, әлсін-әлсін қатынасып тұрады.
- Бұрынғы заман ақындарынан жаңа толқын ақындарының ерекшелігі қандай?
- Бұрынғыдай қазірде қысым жоқ. Сөз бостандығын ақындар жақсы пайдаланып жатыр деп айтуға болады. Тәуелсіздіктен кейін ой да тәуелсіз болды, шығармашылық та халықпен бірге тәуелсіздік алды. Бүгінде ақпараттық технология заманында түрлі сайттарға, әлеуметтік желілерге, блогтарға кіре қалсаң, жарқ-жұрқ етіп, түрлі өлеңдер шыға келеді. “Интернет ақындары” пайда болды. Интернет - өзіңді насихаттаудың бір жолы екенін мойындаймын. Бірақ та “интернет ақындары” әдебиеттің салмағын төмен түсіріп бара жатқан сияқты. Бүгінде ақын да көп, жазушы да көп. Мысалы, эстрдаға бір адам келіп, бір ән шығарып, бейнебаян түсіріп, әнші болып жатады ғой. Ақындық та солай болып бара жатыр. Алайда оның бәрін уақыт таразылап, ішінен дұрыс поэзияны, ірі дүниелерді өзі сараптап алады. Біздің ұмтылысымыз - солардың қалың тобырының арасында қалып кетпей, өз бағытымызды айқындайтын, көптің ішінде дара болатын, «жағада біткен жалбыз сияқты, көптің ішінде жалғыз сияқты» болу.
- Бүгінде ақындардың оқырмандарымен байланысы қандай? Ол байланыс бар ма?
- Қазір ақындар мен халықтың байланысы өте тығыз емес. Оның бірден бір себебі – кітап оқымау. Маралтайдың «Кентавр» деген өлеңінде: «Келмейді мені мойындағысы өркениеттік тілдегі ынсап» деген жолдар бар. Сол «өркениеттік тілдегі ынсап» барлығымыздың кеудемізге қонып алған. Қара өлең оқудан қалған, ақындарды көрсе безіп кететін адамдар да бар. Олай болудың бір себебі – бұрынғы заманғы ақындарымыз орыс идеологиясымен ішімдікке қатты берілген болатын. Содан бері санада ақын деген ішіп жүретін, темекі шегетін адам деген түсінік қалыптасып қалған. Алайда, бұл бағыт бірте-бірте түзеліп келе жатыр. Кейбір ақындарымыз: «Ақын деген бейшара емес, керісінше ақсүйек сияқты болуы керек. Жұрт ақындардан қашпай, оларға қарап бой түзеуі керек» дейді. Мен мұнымен толықтай қосыламын.
Әңгімелескен Айжан Кәрібаева
Фото: Әлия Сембай