Introduction
Университетке саясаттану мамандығы бойынша оқуға түскендер дипломдық және/немесе диссертациялық жұмыстың тақырыбын бірнеше критерийлер бойынша таңдайды. Тақырып өзекті болуы керек, ол ізденушінің ғылыми қызығушылықтарының аясында болса абзал, сонымен қатар мәселенің зерттелу деңгейі де жоғары болса артық емес. Әсіресе соңғысы бойынша менен жауап іздеп келген студенттерге барынша зерттелген тақырыптар ішінде ядролық мәселені көрсетем. Осы мәселе бойынша жаз деп айтпаймын, әрине, бірақ оның толлыққанды зерттелгені рас, әдебиет тапшылығы жоқ.
Жұрт Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктеріне келгенде келгенде, еліміздің жаппай қырып-жою қаруынан бас тартқанын, полигонды жапқанын, еліміздің бұл салада халықаралық сахнада беделге ие екенін айтып бере алады. Десек те, соңғы кездері басылым беттерінде талқыға түсіп жүрген ядролық отын банкі (орысша банк ядерного топлива немесе БЯТ) жайлы біле бере ме екен? Оның не екенін, елге тиер пайдасы қандай болатынын көрсетуге бүгінгі жазбамды арнап отырмын.
Ядролық отын банкі - бұл не?Ядролық отын банкін (ЯОБ) құру идеясы өткен ғасырда дүниеге келді, сол кездегі ядролық салада өз зерттеулерін жүргізіп жатқан елдер санының күрт өсе бастауымен байланысты. Ядролық отынды алу технологиялары жоқ елдер онымен ЯОБ тарапынан қамсыздандыра алады деп жоспарланды. Идеалды түрде банк ядросыз мемлекетте орналасып, МАГАТЭге бағынышты төмен деңгейде байытылған уран қоймасы болуы керек.
Ядролық отынның халықаралық резервтерін қалыптастыру көптеген халықаралық форумдардың, соның ішінде МАГАТЭнің күн тәртібінде тұрған мәселе. Ядролық отынды тұтынушы елдердің онымен тұрақты және ұзақ мерзімді болашақта кепілді қамсыздандырылуның көп жақты механизмін жасау бүгінгі күні өзектілігін жоя қоймаған мәселе. Ядролық отынмен қамсыздандырылудың үзіліп қалу ықтималдылығы мемлекеттерді уранды байытуға бағытталған жеке қуаттылықтарын дамытуға алып келуі мүмкін, ал бұндай жағдайда ядролық потенциалдың қолайсыз бағыттарда таратылып кетпейтініне ешкім де кепілдік бере алмайды. Яғни, ЯОБ құру мәселесі - халықаралық қауіпсіздіктің негізін құрайтын мәселелердің бірі.
ЯОБ-да жаңа алынған, яғни сәулеленбеген отын сақталатын болғандықтан, оның қауіптілігі дәрежесі біздің еліміз өндіріп жатқан уран қауіптілігінен артық болмайды.
Қазақстанға ЯОБ құрудан не пайда?
ЯОБ құруды сеніп тапсыруға болатын елдер ішінде осыған үміткер болуға моралді құқығы бар және не үшін екенін артық айтып жатпай-ақ қояйын. Жалпы, Қазақстан осындай шешімнен не ұтады? Егер халықаралық ядролық отын банкін құру үшін еліміздің кандидатурасы таңдалса, онда:
- ең қарабайыр себебі - Қазақстанның ядролық қарудың таратылмауының белсенді жақтасы және жаһандық ядролық қауіп-қатерлерді қысқарту ісіндегі негізгі акторлардың бірі ретіндегі халықаралық имиджі нығая түседі;
- тағы бір сондай себебі - егер еліміздің кандидатурасы таңдалса, онда бұл біздің атом саламыздың сапасы халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Оның есесіне, айта кету керек, 2011 жылдың 29 шілдесінде Қазақстан аумағында ЯОБ орналастыруға байланысты өзін ұсынғанда, елімізден басқа мемлекеттерден ресми ұсыныстар болмады. Кандидатураларын ұсына алатын ықтимал елдер өзінің дайын еместігін және талаптарға сай еместігін жеткізіп білдірген;
- осы салада жоғары технологиялардың Қазақстанға енуіне, дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасуға оң септігін тигізеді;
- уран өндірісімен және ядролық-отындық циклмен байланысты кәсіпорындардың қайта жандануына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына алып келеді;
- еліміздің ядролық энергетикасының дамуына, ғылыми-технологиялық базасының жетілуіне оң әсерін береді;
- еліміздің қауіпсіздігіне де оң әсерін береді деп күтілуде. Себебі ядролық отыны бар ел бүкіл халықаралық қауымдастықтың назарында болып, оның тарапынан қорғауға алынуы ықтимал. Терроризмнің етек жаю қаупі де азаяды.
Тағы бір айта кететін жайт, ЯОБ құру еліміздің негізінен саяси мүдделеріне жауап береді, себебі бұл жерде тікелей қаржылық немесе басқа да пайда көру күтілмейді, себебі бұл жобаның коммерциялық негізі жоқ. ЯОБ-ны қызметін жүзеге асыруға жұмсалатын шығын оның иесі, яғни МАГАТЭ және банктің қатысушылары тараптарынан өтелетін болады деп күтілуде.