Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Шетелде білім алу: Institute of French Petroleum (IFP) School

$
0
0

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Францияның Мұнай институтында магистратурада білім алған Камиля Сейілханова. Камиляның бір жарым жыл ішінде жинақтаған тәжірибесін, қызықты оқиғалары мен кеңестерін төмендегі сұхбаттан оқи аласыздар.

- Камиля, сәлем! Алдымен өзің туралы айтсаң?

- Өзім Алматыданмын, Қазақстан-Британ техникалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша 2011 жылы аяқтадым.

- Ал Парижге оқуға қалай түстің?

- Соңғы курста оқып жүрген кезде Total E&P Kazakhstan компаниясы біздің студенттер арасында сайыс өткізіп, магистратурада білім алуға қаржылай көмек көрсетті. Компания үшін осындай шара алғашқы емес, бұрыннан да дарынды студенттерге қолдау көрсететін еді. Бірақ, алдыңғы жылдары тек техникалық мамандық меңгеріп жүрген студенттер арасынан таңдау жасаса, біз қатысқан жылы басқа мамандықтарды да қамтыпты.

Осы сайысқа қатысып, мен оқу грантын жеңіп алдым. Франциядағы IFP School-да оқып, Petroleum Еconomics and Мanagement бойынша магистратураны бітірдім. Оқуым Парижден қырық минуттық жердегі Рюэль-Мальмезон (Rueil-Malmaison) қаласында болды, бір семестрді ауысып Франция батысындағы Нант (Nantes) қаласында өткіздім. Францияға алғаш барған кезімізде француз тілінің интенсивті курстарын өттік.

- Сайыс қиын болды ма?

- Total сайысына қатысу мен үшін күтпеген жағдай болды. Компанияның өзі деканаттан үлгерімі бойынша үздік студенттер тізімін сұрап, олармен сұхбат жүргізді. Сұхбат кезінде әр студенттің талабы бағаланып, сол бойынша шешім қабылданған. Мен қатысқан жылы үш студент грант иеленді, оның екеуі қаржы саласының маманы болса, біреуі ғана техникалық мамандық студенті екен. 2011 жылдың шілдесінде Парижге кеттім де, оқудан кейінгі төрт ай тәжірибемнен кейін 2012 жылдың желтоқсанында Қазақстанға қайта оралдым.

- Қазір Қазақстанда немен айналысасың?

- Қазір Астана қаласында компанияның Total E&P Nurmunai филиалында бухгалтерия бөлімінде жұмыс істеймін. Жаңа «Нұрмұнай» жобасы аясында жұмыс жасаймыз. Үш ай бұрын орналасып, енді ғана сынақ мерзімі аяқталды. Менің Total-ға келіп жұмыс істеуім тек өз ынтам. Компания бізге гранттар бергеннен соң оның орнына ештеңе талап етпеді, студенттерді қолдау олардың әлеуметтік жобаларының бірі ретінде жүзеге асырылады.

Мен Парижде Total бас кеңсесінде тәжірибеден өттім, маған олардың ұжымдық мәдениеті өте ұнады. Бірақ, Қазақстанға да оралғым келді. Сондықтан Астаналық филиалға жұмысқа баруды жөн көрдім.

- Францияда білім алу қалай? Біздікімен салыстарсақ, айырмашылықтары көп пе?

- Франциядағы білім беру жүйесі біздікіндей, кредиттік жүйе. Бірақ, баллдар басқаша қойылады. Олардың баға қою тәртібі 20 баллдық жүйеге негізделеді. Батыста оқығанымда, француз жүйесімен жақынырақ таныстым, Париждегі мектебімнің баға қою жүйесі біраз америкалыққа ұқсас. Нағыз француз білім беру жүйесі оған қарағанда қатал болып келеді. Ол жерде ең жоғары баллды жинай алмайсың, оны ешкім де талап етпейді. Ешкімнің жүз пайызға білуі мүмкін еместігіне түсіністікпен қарайды.

Ал емтихандарына, бізбен салыстырғанда, мән көбірек беріледі. Мысалы, кейбір пәндердің қорытынды бағасына ағымдық үлгерім емес, толықтай емтихан бағасы әсер етуі мүмкін.

- Ал жастар қандай? Ұқсаймыз ба, жоқ па?

- Қазақ жастары мен француз жастарының арасында аса қатты айырмашылық байқаған жоқпын. Жаһандану үрдісінің салдары болу керек (күліп). Бірақ, менталитет жағынан айырмашылық бар, әрине. Мысалы, біздің джентльмендер қыздар үшін төлеп жатады, ол жақта ондай жоқ. Кейбір кезде компанияда сен туралы ұмытып кетуі де мүмкін, ағылшын тілінен ақырындап француз тіліне ауысып кетеді. Сол кезде ағылшын тілінде сұрақ қойып қалсаң, ағылшынға қайта ауысады.

- Франциядағы барлық уақытың оқуға кетті ме әлде қоғамдық шараларға қатысып үлгердің бе?

- Оқудан тыс шаралараға қатысатын көп уақыт болған да жоқ. Шыны керек, барлық уақытымыз бен күшіміз оқуға кетті. Кейде қиын болып та жатты, себебі үйреншікті қаржы саласының пәндерінен басқа, техникалық пәндерді де оқитынбыз.

Байқағаным, қазақстандық университеттердегідей, Францияда студенттік конференциялар жиі өткізілмейді екен. ҚБТУ-да біз үнемі конференцияларға қатысып, презентация жасап жүретінбіз. Француз студенттерінің пікірінше, конференцияға белгілі бір компания өкілі немесе ғылыми дәрежесі бар адам ғана баяндама жасай алады.

Біз қазақтар болып үнемі жиналатынбыз. Бірде досымыз бізді «Намыс додаға» жанкүйер болуға шақырды. Оның өтіп жатқан жері Парижден алыс екенін білмеген біз жолға төрт сағат жұмсадық. Бірақ, қазақстандық жұлдыздарды көріп, олар үшін жеңіс тілегеніміз жолдағы қиыншылықтың бәрін ұмыттырды. Сол күні қайта алмай қалдық, отандастарымыз олармен бірге қалуға рұқсат етіп, келесі күні метроға дейін жеткізіп салды.

"Намыс дода"

- Қайда тұрдың?

- Біз жатақханада тұрдық, ол резиденция деп аталады. Мектеп пен резиденция арасы екі минуттық жер. Бір жағынан, асықпай ұйқыңды қандырып алуға болады. Екінші жағынан, күнделікті өмірің тек резиденция мен мектеп арасында шектеліп қалуы да мүмкін. Бірақ біздің резиденция көпұлтты болды, өте көңілді тұрдық. Өзіміз кейде сауық кештерін ұйымдастырып та тұрдық. Сонымен қатар, Франция үкіметі тұрғын үй жалдайтын студенттер мен жас мамандарға қолдау көрсетеді. Бұл CAF деп аталатын жоба аясында үкімет жалданатын үй ақысының белгілі бір пайызын өзі төлеп тұрады. Бірақ, көп құжат дайындау керек.

- Францияда тұруда, оқуда қандай қиындықтарға тап болдың ба?

- Тілді міндетті түрде білу керек. Білім алу тілі ағылшын болса да, француз тілін білмеген адам дүкенге де, банкке де бара алмайды. Француздар ағылшын тілін білмейді емес, біледі, бірақ шетелдіктермен де өз тілінде сөйлегенді қалайды.

Алғашында су құрамына, басқа тағамдарға үйрену қиын болды. Уақыт өте келе ол да байқалмай кетеді.

Негізі, француздар мейірімді халық, адаптациядан өтуге барынша көмектеседі. Сенің мемлекетің туралы сұрайды, оның ішінде болып жатқан оқиғаларға қызығады. Маған ұнағаны, біз туралы «Борат!» емес, енді «Astana VeloTeam!» дейтін болыпты.

- Қымбат ел ғой?

- Иә, Франция арзан ел емес. Оны Францияға баратын әр адам түсінеді деп ойлаймын. Алғашында барлық бағаларды ішімнен теңгеге аударып отырдым да, қымбаттығына таң қалатынмын. Кейіннен еуроға үйреніп кеттім.

- Сенің Парижде қалуға мүмкіндігін болды, бірақ сен Отаныңа оралдың. «Францияда неге қалмадың?» деген сияқты сұрақтарды жиі естисің бе?

- Шетелде жүргенде өз еліңді қатты сағынасың, патриоттығыңды сезінесің деп те айтар едім. Қазақстан жаңалықтарын мұқият бақылайтынбыз, бір-екі балл жер сілкінді деп естісек, бірден үйге хабарласатынбыз. Қазақстандықтар болып жиналып, кезектесіп ұлттық тағам дайындап, отандық әндерді орындайтынбыз. Барлық Қазақстаннан барған студенттердің бөлмелерінде еліміздің байрағы болды. Мен де сатып алдым. Бір қызығы, оны Франкфурттан таптым!

- Демек, саяхаттап та үлгердің ғой?

- Өзімнің бірінші демалысымда үйге қайтудың орнына Еуропаны саяхаттауды таңдадым. Германия, Испания, Норвегия, Чехия, Швейцария, Бельгияға бардым. Италияға өзім жалғыз бардым. Ол жақта саяхаттау өте ыңғайлы. Арнайы арзан авиакомпаниялар бар, ауыр жүксіз жүресің, ал студентке бір рюкзак та жеткілікті ғой. Пойыздары өте жылдам, жүргізуші куәлігің халықаралық аккредитациядан өтсе, жалға көлік алуға болады. Кейде басқа адамдармен келісіп, бірге саяхаттауға болады, оларды арнайы сайттардан жеңіл тауып аласың.

Париждің орналасуы өте жақсы, саяхаттау үшін ыңғайлы.

Германияда болғанымда, футбол ойынын алғаш рет стадионда тамашаладым. Мюнхендік «Баварияның» ойыны болатын еді. Жақында өзіміздің Астанада болған «Шахтер – Селтик» ойынына бардым. Айтайын дегенім, біздің футбол сүйер қауым неміс жанкүйерлерінен кем емес!

Сакре-Кёр базиликасы

Версаль саябағы

Сена өзені

Рождество қарсаңындағы Елисей алқаптары

Мон-Сен-Мишель аралы

Лувр мұражайы

Ницца қаласының жағажайы

Эйфель мұнарасы

Қазақстандық студенттермен

- Ол жақта ауа райы қалай? Жұмсақ климатқа тез үйреніп кеттің бе?

- Еуропадағы қыс біздікінен әлдеқайда жұмсақ, тон керек емес. Жеңіл пальтомен жүре беруге де болады. Әрине, әрбір жыл ондай емес, кейде суық кездер де болады. Қазақстандағыдай -40 градусқа жетпейді, әрине.

Біз барған жылы қар тек ақпанда жауды. Нигериялық студенттер резиденциядан далаға шығып, суретке де түсіп жатты.

- Есіңде қалған қызық оқиғалармен бөліссең?

- Total өзінің стипендиаттарын Брюссельге ортақ жиналысқа шақырған еді. Автобуспен бардық. Гид ұрлықшылардың көптігін айтып, сөмкелерді автобуста қалдыруға кеңес берді. Әйтсе де, мен біреуін өзіммен алып кеттім. Қызығы, автобуста қалдырған сөмкемді біреу ұрлап кетті. Құжаттарым өзіммен қалса да, ұрылар анамның Қазақстаннан беріп жіберген базарлығын алып кетіпті. Соған ренжідім. Келесі күні менің заттарымды тауып алған адам кураторыма қоңырау шалып, барлығын қайтарып берді.

31 желтоқсан күні шетелдік студенттермен бірге Эйфель мұнарасына да барғанбыз, бірақ аса салтанатты ештеңе болмады. Өйткені Жаңа Жыл Францияда біздегідей атап өтілмейді. Францияның екі негізгі мерекесі 26 желтоқсандағы Рождество мен 14 шілдедегі Бастилияны алу күні.

Римнен Парижге қайтып бара жатқан жолымда әуежайда бір жігіт «Қазақстаннан емессіз бе?» деп сұрады. Ол да қазақстандық екен, бірақ мен оны қытайлық па деп қалдым. Бізді қытайлықтар деп ойлаған кезде ренжиміз, ал өзіміз отандастарымызды танымай да жататын жағдайлар болады екен (күліп).

- Францияға баратын студенттерге қандай кеңес берер едің?

- Өздеріңмен бірге дәрілеріңді алып барған дұрыс. Себебі, Францияда олар өте қымбат. Басқаларды таң қалдыру үшін ұлттық бірдеңе алып баруға да болады, мен өзім құрт апарғанмын. Бірақ, ол бәріне ұнай қоймады. Француздар алғашында оның не екенін түсінбей, кейін «құрғақ сыр» деп атап кетті.

Оқуың ағылшын тілінде болса да, французша аздап болсын сөйлеу керек. Француздар шетелдіктердің олардың тілдерінде сөйлегенін ұнатады, бірақ кейде өздерінің ағылшыншасын жақсартқысы келіп, ағылшынша сөйлеп жатады.

Қазақстанның өкілі екендеріңді ұмытпай, еліміз туралы айту керек. Француздар басқа ұлттардың мәдениеті мен тарихы туралы әңгімелерді қызыға тыңдайды.

Мүмкіндік болса, барлық құжаттарды алдын-ала дайындап, апостиль қойдырып алу керек. Францияда бұл әлдеқайда қымбатырақ.

Сұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото Камилянің жеке архивынан


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>