Жақында Қазақстан Республикасының халық әртісі Болат Аюханов бастаған балет труппасы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының сахнасында П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін қойды.
Балетті өмірінде бірінше рет тамашалауға келген студенттер мен балет өнерін жүрегімен сүйіп көретін қауымды бір шаңырақта тоғыстырған Мемлекеттік театр биі академиясының әртістері көрерменіне классиканың үздік туындысын сыйға тартты.
Болат Аюханов: «Мен жастардың әдемілікке құштар болғанын қалаймын. Ал студенттерді ғылым-білімге, мәдениетке аса көңіл бөлетін жандар деп білемін. Сондықтан да бүгін осындай кешті ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі жастар бұзылып бара жатыр, олар ештеңеге қызықпайды дегенге мен келісе қоймаймын. Өйткені бүгінгі балетке келген жастар жанарында жалын бар, осыдан өзімнің де көңілім жадырап қалды».
Әлібек, 20 жаста, Зигфрид ханзаданың рөлі: «Болат Ғазизұлының труппасында жұмыс істеп келе жатқаныма 3 жыл. Балетпен 9 жасымнан бастап айналысамын. Зигфридтің рөлі соңғы 3 жыл ішінде ең алғашқы жауапты, әрі қиын рөлім. Қиын дегенде, басты кейіпкер болғандықтан бет қимылдарымен көп жұмыс жасадым. Өйткені балетте тек қимылдармен ғана өзіңнің қуанышыңды, ренішіңді жеткізе білуің керек».
Әсем, 19 жаста, көрермен: «Мен бұл спектакльден өте зор әсер алдым. Менің ойымша, дәл осы «Аққу көлі» қойылымы балет тарихындағы ең бір үздік туындылардың бірі. Бүгін соны көргенім үшін өте қуаныштымын».
Ұлбала, 17 жаста: «Мен негізінен балет көруге жиі барып тұрамын. Бүгін студенттерге арнап тегін балет көрсеткені барлығына ұнады деп ойлаймын. Жиі-жиі көрсетіп тұрса, қуана келіп тұрамыз».
Рашид, 18 жаста: «Балет спектаклін алғаш рет тамашалуым, өте ұнады, керемет әсерде қалдым. Әдемі декорация, әдемі актерлер, қыздар, костюмдер, бәрі-бәрі тамаша. Енді балетке жиі барып тұрамын деген ойдамын».
Олжас, 20 жаста: «Қойылымнан алған әсерім өте тамаша. Өнердің қай саласын алып қарасақ та, негізгі тақырыбы махаббат қой. Қай заманда да махаббат тақырыбы өзекті, және де бұл тақырып өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпайды».
Нұрлан, 20 жас: «Бүгінгі күн ең алғаш рет балетті тамашалағаныммен есімде қалары сөзссіз. Бұрын-соңды тек теледидардан ғана көріп қалатынмын, бірақ аса қызықпайды екенмін. Ал бүгінгі қойылым мені таңқалдырды. Теледидардан көрген бір бөлек, ал шынайы өмірде көру деген тіпті өзге екен. Бәрі өте тамаша. Сондықтан да барлық студенттерді балетті тамашалауға шақырамын. Балет өмірде бар және ол көңіл аударуға тұрарлық дүние».
Балетке барған Айнұр Ракишева мен Айжан Кәрібаева