Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Әлемнің шабыт сыйлайтын басты кітаптары

$
0
0

Үстіміздегі жылдың сәуірінде шабыт сыйлайтын кітаптар рейтингі құрылды. Америкалық жазушы Харпер Лидің «Қылжақбасты өлтіру» романы тізімнің бірінші орнын иеленген. АҚШ-тағы Ұлы депрессия кезіндегі расизмге қарсы күресті сипаттайтын шығарма рейтингте тіпті Інжілдің өзінен асып түскен.

Бір қызығы, The Telegraph басылымының деректеріне қарасақ, «Қылжақбасты өлтірудің» тиражы 30 миллионды құраса, Інжілдің 1815 жылдан бастап 2,5 млрд кітабы сатылған екен.

Шабыт сыйлайтын кітаптардың алғашқы ондығына Анна Франк күнделігі, Нельсон Мандела биографиясы, бейнефильмінде Леонардо Ди Каприо басты рөл сомдаған Алекс Гарландтың «Жағажай» романы және Сэлинджердің атақты «Қара бидай алқабындағы жар жиегінде» сияқты туындылар кездеседі.

Рейтинг OnePoll.com порталы жүргізген сауалнама нәтижесінде құрылған болатын. Сауалнамаға қатысушылардың оқырмандарға ең мықты шабыт сыйлайтын кітаптарды атауы қажет болды.

1. Қылжақбасты өлтіру, Харпер Ли


1960 жылғы 11 маусымда жарық көрген шығарма бірден бестселлер атанады да, келесі жылы беделді Пулитцер премиясын иеленеді. Содан бері кітаптың отыз миллионнан астам данасы сатылған екен. 1999 жылы, америкалық Кітапхана журналының сауалнамасына қарағанда, ғасырдың үздік романы аталды.
Кітаптің танымалдағына септігін Оскар иеленген фильм де тигізген. Ақ әйелді зорлауда жалған айыпталған қара нәсілді ер адамды қорғайтын адвокат Аттикус Финч рөлін атақты голливудтық актер Грегори Пек сомдаған.

2. Киелі Кітап (Таурат пен Інжіл)


Христиан ілімі Қасиетті Жазу — Библия мен Қасиетті Аңызға — шіркеу әкейлерінің айтқандарына, соборлардың шешімдеріне негізделеді. Алайда, ерте христиандықта бұл негіздер болған жоқ. Христианшылдық ұзақ уақыт бойы ауызша дәстүрге негізделген уағыздар айту, аңыз-әңгімелер — «игі хабарлар» арқылы таралды.
Алғашқы ғасырларда әр түрлі қауымдарда әр түрлі евангелиялар, жеке адамдардың істері туралы жазбалар пайда болды. Сол уақыттарда белгілі болған жазулар: Петр, Андрей, Варфоломей, Лука, Иоанн евангелиялары, аталған Матвейден келген евангелиялардың әртүрлі нұсқалары еді.

Бұдан басқа Петр Апокалипсисі, Павелдің лаодикейліктерге, александриялықтарға арнаған хабарлары, оның Сенекамен алысқан хаттары, Петр уағыздары, 12 апостолдар ілімі («Дидахе»), Герма «Пастрі» сияқты аян алу жанрына жататын кітаптар да кездеседі.

Христиандарды бір орталықтан басқарғысы келген император Константин епископтардан қасиетті кітаптар тізімін жасауды талап етті, сөйтіп канонды жасақтау ісін тездетті.

Пайда болған Жаңа Өсиет құрамына 4 Інжіл, апостолдардың 21 өсиеті және Иоанның Апокалипсисі кірді. Бұлардың барлығы христиандар үшін киелі кітаптар болып саналады. Ал қалғандарын шіркеулік дәстүр апокрифтік (жалған) шығармалар қатарына жатқызады.

3. Ойыншық болған бала, Дэйв Пельцер


Кішкентай Дэйвтің балалық шағы бақытты өтеді. Анасы оны жақсы көретіндігінде күмәнданбайды да. Бірақ анасының махаббаты таусылып қалады. Бірнеше жыл ішінде анасынан Дэйв аштық пен суықты, түрлі қауіпті «ойындарды» көреді. Көмек сұрар ешкімі болмаған бала қатігездікпен жалғыздан-жалғыз қалады. Бірақ берілмейді.

Балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық пен қатігез қарым-қатынас туралы ең жан түршігерлік шынайы әңгімелердің бірі. Сіз Дэйвпен бірге өмір үшін күресесіз, оның жалғыздығы мен күйінішін сезіп отырасыз, баланың қасында болып, оған көмектесуге ынтық боласыз. Бұл хикая ешкімді немқұрайды қалдырмайды.

4. Ерлер Марстан, әйелдер Шолпаннан, Джон Грэй



Психолог Джон Грэйдің 1992 жылы жарық көрген кітабы бірнеше тілде жарияланып, бірден бестселлер атанып кеткен.

Кітаптың негізінде, аты айтып тұрғандай, ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынас жатыр. Неліктен біз әр түрліміз, бірімізді біріміз түсіну үшін не істеуіміз қажет, бақытты отбасының негізін не құрайды деген сұрақтар сізді мазалап жүрсе, Джон Грэй — сіздің авторыңыз. Оның «Марс пен Шолпан кездесуде» атты ұқсас тақырыптағы тағы бір шығармасы бар.

5. Анна Франк күнделігі, Анна Франк


Бұл кітап нацизм феноменінен арылу бағытында халықаралық қоғамдық пікір қалыптастыруға ерекше әсер етті. Анна Франк 1929 жылы Франкфуртта еврей отбасында дүниеге келген, Германияда үкімет басына Гитлер келгеннен кейін оның отбасы Амстердамға көшіп кетеді. 1940 жылы неміс әскерлері Нидерландты жаулап алғаннан кейін, Франктің отбасы Принсенграхт каналындағы «баспанаға» көшуге мәжбүр болады. Сол жерде Анна ойдан шығарылған құрбысына хат жазу арқылы күнделік жүргізе бастайды. 1944 жылы бас сауғалап жүрген адамдар тұтқынға алынады. Анна 1945 жылы 16 жасында Берген-Бельзен концлагерінде қайтыс болады. Ал 1947 жылы оның күнделігі басылып шығады.

6. 1984, Джордж Оруэлл


Іштей бостандықты аңсағаны туралы өзіне ғана айта алатын жалғыз адамның бүкіл Жүйемен күресі жайлы антиутопиялық роман. Романның атауы, ондағы терминдер және тіпті автордың есімі кейіннен жалқы есімдерге айналып, романда сипатталған тоталитарлық режимге ұқсас қоғамдық жағдайды сипаттау үшін пайдаланылатын болды. Шығарма социалистік мемлекеттерде бірнеше рет цензура құрбаны болып, Батыстағы солшыл топтар тарапынан сынға алынды.

7. Бостандыққа апарар ұзақ жол, Нельсон Мандела


Жиырмасыншы ғасырдың көрнекті тұлғаларының бірі Нельсон Манделаның автобиографиялық кітабы 1994 жылы жарық көрген, үстіміздегі жылы кітап бойынша фильм де түсіріліп үлгерген.

Білім мен мінез, талап, батылдық, қиындықтар мен биік шыңдар туралы жазылған кітап. Бүгін біз Нельсон Манделаны қиын жағдайларға жағымды қарайтын, қандай жағдай болмасын өмірге деген құштарлығы мен позитивті көзқарасын жоғалтпаған адам ретінде көреміз.

8. Жағажай, Алекс Гарланд



1996 жылы шыққан «Жағажай» кітабы алғашында баспаханалардың тарапынан қолдау көрмесе де, жарыққа шыққаннан кейін бірден абсолютті бестселлер атанып кеткен.

Алекс Гарланд комикс авторы болып жұмыс істеген, кейіннен иллюстратор және фриланс журналист те болған. «Өзін іздеу» барысында кітап жаза бастайды, алайда бұл ісіне еш үміт артпайды. Аталған «Жағажай» романы автордың алғашқы кітабы.

9. Уақыт саяхатшысының әйелі, Одри Ниффенеггер


Америкалық жазушы Одри Ниффенеггердің алғашқы романы. Өзінің генетикалық ауытқуына бола уақыт ішінде саяхаттай алатын басты кейіпкер мен өнер саласында жұмыс істейтін оның әйелінің қарым-қатынасы туралы шығарма. Романды бастау кезінде Ниффенеггердің махаббатқа деген көзқарасы пессимистік болатын, Одри өзінің жеке өміріндегі оқиғаларды кітап бетіне түсірді.

Махаббат, айырылу мен таңдау мәселелерін көтеретін романдағы уақыт ішіндегі саяхаттар екі адамның арасындағы түсініспеушілік пен алшақтықты көрсетеді.

10. Қара бидай алқабындағы жар жиегінде, Джером Сэлинджер


Кітапта Холден Колфилд атты он алты жасар жасөспірім атынан бүкіл Американың жағдайы, қоғамда орын алып жатқан оқиғалар мен үрдістердің сипаты, салдары баяндалады. Автордың жас бала атынан жалпылама қабылданған мораль канондарына және қоғамда қалыптасқан тәртіптерге деген жеккөрініш көрсетіледі.
Роман ересектерге арналған шығарма болса да, жастар арасында өте танымал болып, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы мәдениетке зор әсер беріп, өзгеріс енгізді.

Алайда Америкада роман дөрекі сөздер мен жасөспірімдердің қорқынышын бейнелегені үшін сынға алынған. Кітапқа тыйым салынған жағдайлар да кездескен.
Қызық жағдай, Джон Леннонды өлтірген Марк Чепмен қылмысынан кейін көше фонарының астына отырып, Сэлинджердің кітабын оқи бастайды. Чепменнің айтуынша, Леннонды өлтіру жайындағы шифрленген бұйрықты ол «Қара бидай алқабындағы жар жиегінде» кітабының беттерінен тапқан.

Материалды дайындаған: Айжан Байтанова


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>