Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Жалғас Ертайдың кітап сөресі

$
0
0

«Екпін» журналының сүйікті кітаптар айдары жалғасуда. Бұл айдарда кітапсүйер қауым өзінің ең сүйікті, ең маңызды деген кітаптары жайында әңгімелейді. Жаңа айдардың бірінші қонағы — әдебиет әлемін кішкентай кезінен шарлап жүрген экономист, математик, әрі блогшы Бауыржан Бектемір болған. Ал бүгінде біз мамандығы бойынша журналист, танымал блогшы әрі "Qazaq Media" digital агенттігінің құрушысы - Жалғас Ертайдың кітап сөресіне үңілмекшіміз.


Жалғас 1989 жылы 26 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясын, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.
«WikiBilim» қоғамдық қорында, «Центр тяжести» сайтының редакторы болып қызмет атқарған. Қазірде Ербол Серікбаймен бірге Qazaq Media сейлз хаус агенттігінде жұмыс істейді.

Кітапты дауыстап оқимын. Ішімнен оқығанда, сиқырлы күшін ести алмай қаламын ба деген ой миыма қонақтап алған. Ернімді асықпай жыбырлатып, бәсең дауысыммен өзіме ғана естілетіндей етіп оқуға тырысамын. Мектептің соңғы класында ғана оқи бастаппын ғой. Сондықтан, көп жазушылардың естеліктеріндегідей, бесіктен белім шықпай жатып, кітапты жастанып ұйықтадым деп те айта алмаймын. Тіпті, кітап – адам өз миымен жеткен үздік жетістіктердің бірі, деп айтудан да аулақпын. Ондай ой айту үшін сол ойға лайық болу керек сияқты болып көрінеді де тұрады.

Борхестің ойымен айтсақ, кітапты мақсатсыз оқи беру керек сияқты. Ол каталогтар мен жинақтарды оқығаннан да ләззат алған көрінеді. Оның мәңгілік әлемі кітапхана екенін де өзі жазып кеткен.

Төмендегі тізіммен кітап оқудың эталонын, тіпті болмаса – осыларды ғана оқу керектігін айтқым келмейді. Төмендегі тізім маған азды-көпті әсер еткен кітаптардан құралады. Әр уақытта әр түрлі ойға келіп, адасып қалған өзімді кішкене болса да анықтап алуға көмектескен төмендегі кітаптар десем артық айтпағаным шығар.

Майн Рид. «Басы жоқ салт атты» / «Всадник без головы»

Өмірімдегі алғашқы оқыған кітап. Орысшасын оқығандықтан, түсіну үшін бес қайтара оқыппын. Сондықтан да миыма жапсырма болып жабысып алған ғой деймін. Кәдімгі жабайы батыс, мексикалық стильдегі архитектура мен онсыз да сиреп бара жатқан үндістердің өмір тіршілігі туралы шытырман оқиғалы роман. Кез келген шытырман сияқты бұл роман да махаббаттан, ол үшін күрес пен жауыздықтан тұрады. Есімде қалған образы – із кесуші Морис Джеральд және оның кәрі мустангы.

Гюстав Флобер. «Бовари ханым» / «Госпожа Бовари»

Білмеймін – бұл романның өзі ме, әлде оның жазылу тарихы ма, болмаса оның әр түрлі интерпретациясы ма ұнайтыны. Әйтеуір, өзінің қарапайым сюжеті және әр детальді ұқыпты суреттеуі қайта-қайта оқуға тартады да тұрады. Бұл кітапты ұсақ-түйектер романы деп атаса да болады. Набоков бұл шығарма туралы «романтикалық ертегі» деген екен. Оның ойынша, бұл роман қара сөзбен жазылған поэзия сияқты. Флобердің кез келген романын оқуға тұрады деп ойлаймын.

Джеймс Джойс. «Суреткердің портреті» / «Портрет юного художника»

Джойстің «Улисіне» қарайғы бір қадам. Джеймстің өмірлік кітабын оқуға кіріспей тұрып, осы шығармасын, сондай-ақ «Дублиндіктер» деген әңгімелер жинағын оқымай қалдыруға болмайды деп ойлаймын. Стивен Дедалдың бойындағы ұяңдық, өзін қоршаған жат әлеммен бетпе-бет қалғандағы буырқанған сезімі, оның суреткер ретінде қалыптасу тарихы – әр жас баланың өмірлік коллизияларына ұқсас-ақ. Жоқ, ары қарай ештеңе айтпаймын, бұл кітапты оқу керек.

Владимир Набоков. «Лужиннің қорғанысы» / «Защита Лужина»


Набоков туралы, оның әдеби тәсілдері туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Онысымен қоймай, әркім ол тәсілді өзінше түсініп жатады. Мысалы, «Лужиннің қорғанысы» романында да оның өз кейіпкерінің есімін соңына дейін айтпау, жазбау тәсілі қолданылған. Оның детальдерге деген ұқыптылығы Флоберден асып түспесе, кем түспейді. Достоевскийді өле-өлгенше жек көріп, Фрейдтің сексуалдық теориясын өмірінің соңына дейін жоққа шығаруды өзіне мақсат етіп алған жазушы. «Лужиннің қорғанысы» - атақты гроссмейстер өзінің бұлтартпас шахматтық қорғанысын бұзып кетіп, ақырында оның байыбына бара алмағандықтан, өзіне қол жұмсағандығы туралы роман. Набоковтың барлық романы оқуға тұрарлық деп ойлаймын, екі кезеңінің де – орыстық, американдық.

Хорхе Луис Борхес. «Ойдан шығарылған мақұлықтар туралы кітап» / «Книга вымышленных существ»

Борхестің әңгімелері 14 беттен аспайды. Одан артыққа созылған жанрда жазбаған, мүмкін жазудан саналы түрде бас тартқан. Сондай-ақ, ол авторларды өзі ойлап тауып, солардың атынан әр түрлі жинақтар, энциклопедиялық мақалалар да жаза берген. Мынау кітап – әдебиет пен аңыздарда, әркелкі ертегілерде кездескен фантастикалық образдардың жинағы. Бұнда эльфтер, сфинкстер, сиреналар, симургтер, сциллалар туралы, тіпті Гарри Поттердің фильмінде көрсетілетін Василиск туралы да ақпарат табуға болады. Бар-жоғы 120-ға жуық мақұлықтардың сипаттамасы мен қай жерде жиі кездесетіндігі туралы оқуға болады. Осы тектес өзіміздің Серікбол Қондыбай деген мифолог ғалымның «Қазақ мифологиясына кіріспе» деген де жинақ бар. Болашақта қазақ тілінде фэнтези, альтернативті әлем жанрында қалам тербеткісі келген жазушыларға таптырмас қазына дер едім.

Рюноске Акутагаваның әңгімелері / Рассказы Рюноскэ Акутагава

Қалыңдығы бір тілім кітап жазып, әлемге аты жазылған екі жазушы болса, соның бірі – осы Рюноске Акутагава. Екіншісі, әрине, Франц Кафка. Бірақ ол туралы бөлек әңгіме ғой. «Тозақтың азабы», «Мұрын», «Расемон қақпасы» және тағы да басқалары. Акутагаваның ой өрбіту тәсілі мен сюжеттерінен не шығыстық, не батыстық деп мөр басып ерекшелеп қоятын айқын шекараны таппайсың. Сонысымен де ол жаңа жапон классикалық әдебиетінің негізін қалаушы болса керек. Оның шығармаларының беттерінде мүмкін емес нәрселер айтылып жатады да, ол батыстық рационалдықпен түсіндіріліп те үлгереді. Ол туралы менің сөзімнен гөрі Борхес жақсы айтып кеткен. Соның Акутагава туралы эссесін де оқуға болады.

Милан Кундера. «Аманатқа қиянат» / «Нарушенные завещания»

Модернизмнің постмодерндік истерияға ауыса бастаған шағында, ағысқа ермей, өз ұстанымында қалған, әр жыл сайын Нобель сыйлығына үміткер ретінде тіркеліп, ала алмай қала беретін Кундераның эсселер жинағы. Бұл эсселер жинағы роман деген жанрдың қалыптасу тарихы мен оның үш ірі кезеңі туралы айтады, сол кезеңдердің ірі шығармаларын өзінің призмасы арқылы талдауға тырысады. Әдебиетке қызыққан оқырманға оқуға тұрарлық кітап деп есептеймін. Сондай-ақ, Кундераның әрбір романын оқып көрген адам да өкінбейді.

 

Марсель Прусттың «Жоғалған уақытты іздеу», Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» және көптеген ірі-ірі шығармаларды жоғарыдағы тізімге кіргізіп жатпадым. Әркімнің өз жолы бар. Дегенмен, қазір кітаптың қағаздық нұсқасынан гөрі электрондық нұсқаларына көшіп кеткендіктен, кітап деп емес, мәтін деп атауға бейімделіп бара жатырмын. Күніне жұтылатын ақпараттардың көлемі кейде сол бір кітаптың өзінен ауыр болып жатады. Сондықтан да қазіргі уақытта мәтінді талғаммен, өзінің ішкі призмасы арқылы өткізіп барып оқу барынша өзекті сияқты.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>