Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Сырлы Ыстамбұл

$
0
0

Жаз. Кезекті еңбек демалысы. Қыр төсіндегі қазақты қайдам, қаланың адамы қалт еткеннен-ақ демалудың қамын күйттейтіні анық. Әлемнің әр елі жаһанданған сайын құрлықтардың арасы қадаммен өлшейтіндей кейіпке еніп барады. Бұл дегеніңіз, әсіресе қызық іздеген, жанына дауа аңсаған адам үшін қолайлы жағдай. Рас, әрненің шегі әмиянға барып тіреледі.

Қазіргі кезеңде қазақстандықтардың қалтасы көтеретін демалыс орындарының бірегейі – Түркияның жағажайлары. Ендеше, бүгінгі Түркия қазақстандық саяхатшыларды қандай ерекшелігімен баурап ала алатынына көз жеткізіп қайту мақсатында біз Ыстамбұл қаласына 3-4 күндік сапарға аттандық.

Сонымен Ыстамбұл. Айы оңынан туған, жер-жаһандағы көне шаһарлардың бірі. Кезіндегі Рим, Византия, Осман империяларының астанасы.

2010 жылы Еуропаның мәдени астанасы атанған Ыстамбұл, күллі әлемге өз жәдігерлерін паш етіп, түрік экономикасына туризмнен түскен табысымен елеулі үлес қосты.

Естеріңізге сала кетейік, 2000 жылы түрік шаһарын 2,4 млн. шетелдік тамашаласа, 2012 жылы қонақтардың саны 11,6 млн. саяхатшыға артып, туристік бағыттағы әлем қалалары арасында 5-орынға табан тіреді.

Бүгінде Ыстамбұл өнеркәсібі өрге домалаған портты шаһар.

Әлем алдындағы Түрік беделінің айқын көрінісін, біз Сұлтанахмет мешітін аралағаннан бастап сезіндік. Мәрмәр теңізінің самалы маңдайын сипап өткен әр түріктің мақтанышына айналған бұл мешіт тек қаланың емес, ислам әлемінің де ғажап ар­хитектурасының бірі.

І Сұлтан Ахметтің тапсырмасымен салынған мешіт, 6 мұнара мен биіктігі 43 метр, ал диаметрі 23,5 метр ауқымды алып жатқан ғажап көк күмбезбен көмкерілген. Халық арасында «көк мешіт» атануы да осыдан.

Ал ауызашар уақыты тақаған тұста мешіт маңайына жанұясымен жиналған қауымда есеп жоқ. Күн ұясына батысымен жиналған қауым дастарқандарын жайып, дәм татуға кіріседі.

Ал, ел меценаттарының ұйымдастыруымен ауыз бекіткендерге мешіт маңындағы арнайы орындарда тегін тамақ таратылады. Мұндай жақсылық түрік қалаларының барлығында да кездеседі.

Мешіт - Алланың үйі. Сондықтан дәретсіз мешітке ену - харам!

Қаладағы мешіт санының өзі 2944 құрайды. Барлығында да мұсылман қауымға жағдай жасалынған.

Ыстамбұлдың кереметтерін аралап тауысуға 1 апта емес, 1 ай да жетпейді. Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған қос көпір, патша сарайлары, түрлі деңгейдегі шіркеулер, қамал мен су қоймалары туристер назарына қызмет етуде.

Осман патшаларының ордасы, Топкапы мен Долмабахче сарайы да аяқ талдырарлық ауқымды алып жатқан үлкен мұражайлар.

Шаһардың тағы бір мақтанышы, Қапалы Шаршы жабық базары. Іргетасы сонау 1453 жылы қаланған базарды күн сайын жарты миллионға жуық саяхатшы аралайды екен.

Қалада адасқанды көруші едік, базарда адасқанды өзіміз сезіндік. Бір-біріне ұқсас күмбезбен көмкерілген көшелері бізге экзотика іспеттес. Қызығасың, кете бересің. Айналшықтап жүріп 18 қақпасының бірінен қалай шыққаныңды, қайдан шыққаныңды байқамай қаласың.

Бас-аяғы 58 шағын көшелерден құралған сауда орнында 4000-ға жуық дүкен орналасқан.

Тауар түрлерінің сан алуандылығы сауда мәдениетінің қаншалықты дамығанын байқатады. Мұнда алтын да, жақұт та, кілем мен матаны да, шығыс тәттісі мен түрік былғарысын да кезіктіресіз. Тіпті тұрғын үй мен бейіттің бар екеніне де таңғалмаңыз.

Саудада достық жоқ екені аян. Сондықтан базардағы бағаның нарқын бұзып саудаласқан жөн. Саудаласуды түрік сатушысы да құп көреді. Әрі іші пысқан сатушы өзге елдің адамымен ымдасып болса да әңгімелесіп қалуға тырысады. Қазақстаннанмын дегеніңе көзі ашық оқығандары арқаңнан қағып, бауыр деген ишарамен бағасын түсіріп те жатқан кездерін көрдік.

Егер де фоторепортаж қызық әрі қаралымды болса онда фоторепортаждар мұнымен шектелмейді.

Назарларыңызға рахмет!

Асқар Беков

@TURAN

фото автордікі

Ұқсас материалдар:

Сүйікті мекен: Жапония, Фукуока

Сүйікті мекен: Нью-Йорк

Сүйікті мекен: Куала Лумпур


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>