«Хас Санат» өнер галереясы - Астанадағы жекеменшік галереялардың бірі, сол жақ жағалауда, Министрліктер үйіне қарама-қарсы орналасқан.
Үш залдан тұратын галерея келемін деушілер үшін әрқашан ашық.
Үлкен залында дәл қазір павлодарлық суретші Александр Бибиннің жұмыстарын тамашалауға болады.
Александр Бибин 1939 жылы Павлодар облысының Береговое ауылында дүниеге келеді, екі жасқа толған кезінде ата-анасы репрессияға ұшырап, жетім қалады. Алматыда білім алып, алғашында реставратор қызметін атқарып жүреді.
Бибиннің жұмыстарында адамдарды көптеп кездестіруге болады. Жұбайының айтуынша, олардың барлығы суретшінің туған ауылының тұрғындары, күнделікті қасында болғандар.
Ал барлық әйел образдарының прототипі суретшінің жұбайы деген пікір де бар.
Александр Бибиннің жұмыстарын түсінбеу жағдайлары көптеп кездесетін еді. Кейбіреулерін Суретшілер Одағы қолдап жатса, кейбіреулеріне тыйым салынып та жатты. Мысалы, 1968-1970 жылдары Бибин павлодарлық көркемөнер шеберханаларында жұмыс істеп жүреді де, музыкалық училищеде "Көгілдір симфония" монументалды жазбасын орындайды. Алайда жұмыс тым абстрактілі болып танылып, билік басындағылардың бұйрығымен жойылады.
Сен үшін, менің құтты тұлпарым (За тебя, мой конь удачи). 1971ж. Кенеп. Май.
Бұл жұмыстың өз тарихы да бар. Бибин бұл суретті өзінің бала сүйе алмай жүрген танысына арнап салған, кейіннен картина сол адамның отбасына ғана қуаныш сыйламай, болашақтағы иелеріне де көмектескен екен.
Александр Бибин 1983-1988 жылдары репрессияға ұшырап, Суретшілер одағынан да қуылады. Алайда 1989 жылы ақталып шығады.
Меланхолия. 1965ж. Кенеп. Май.
Бибин туралы ақын Евгений Евтушенко «Это художник мирового класса. Фантасмагорический реализм. Раблезианство двадцатого века»,- деп жазады.
Суретшінің кейбір жұмыстарының детальдарына мұқият қарасақ...
Галереяның кіші залында француз суретшісі Анна де Кольбер-Христофоровтың жұмыстары ілінген.
Анна де Кольбер-Христофоров - атақты француз династиясының ұрпағы. Кольберлердің арасындағы ең танымалысы XIV Людовик кезінде 1665 - 1683 жылдары қаржы министрі болған саясаткер Жан-Батист Кольбер болатын.
Анна живопись және графика бағытында жұмыс істейді. Иллюстрациялар салумен қатар өлең де жазады, бірнеше өлеңдер жинағын шығарған. Париждік суретші көптеген беделді француз шығармашылық бірлестіктерінің мүшесі, Римдегі Халықаралық Шоу алтын медалінің (1989), «Бернхайм Қоры» жүлдесінің (1990), Брюгтегі Халықаралық Көрменің үшінші жүлдесінің (1996), Dravey Салонының күміс медалінің (2002) және Әсем Өнерлер Ұлттық Қауымдастығы сыйлығының (2006) иегері.
Аннаның суреттері позитивті, ашық түсті, нақтырақ деуге де болады. Бибинмен салыстыруға да келмейді, екеуі екі түрлі бағытта жұмыс жасайды. Егер Анна де Кольбер-Христофоровтың суреттерін интерьерге сәндік ретінде сатып алуға болса, Александр Бибиннің жұмыстары тереңірек, олар көбінесе коллекция жинаушыларды қызықтырады.
Өзіңіздің жеке пікіріңізді қалыптастырғыңыз келсе, міндетті түрде «Has Sanat» галереясына барыңыз!
Жұмыс уақыты: сағат 10:00 мен 19:00 аралығында, күнделікті (жексенбіден басқа)
Мекен-жайы: Қонаев көшесі, 14, «Нұрсая-1»,кіреберіс-24 (Министрліктер Үйіне қарама-қарсы)
Кіру: тегін
Материалды дайындаған: Айжан Байтанова
фото автордікі