Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Қыздың қылықты жүрісі қай жүріс?

$
0
0

 

Аяғын алшаң басып, биік өкшемен әрбір қадамын әзер басқан бойжеткен омақаса құлады. Кенеттен аяқ киімі сыр бергеннен емес, керги басқан қадамы өзгергеннен тайып кетті. Санасында «ешкім маған күлмесе екен» деген ой қылаң беріп, жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Мұндай кейіптің түндігі бізге де таныс, дегенмен ойланып қарасақ жүрген жүрісімізге мән беруден қалып барады екенбіз.

Тінтуірмен интернет беттерін тінтіп жіберсеңіз, батыс көзғарасындағы жүріс түрлерінің тұтас қаусырып алғанына қанық бола түсесіз. Там-тұмдап қалған тар түсінікпен әдемі жүріске үйрететін арнайы сабақтар жетерлік. Мына сұмдық терапияға назар аударыңыз: «Құрбыларыңызбен бірге жүргенде, жол-жөнекей ер кісіні кезіктіре қалдыңыз делік. Құрбыңыздың жүрісін өзгерткенін байқадыңыз ба? Психологтардың айтуынша, ер адамның көз тастауы немесе ерекше назары жүрісті жинақы етуге септігін тигізеді. Олай болса, көптің назары өзіңізде екен деп сезіне, адым жасаңыз. Омыртқа жерге түзу қағылған қазықтай тігінен орналасу керек. Ал қолдарыңыз адым сайын алма-кезек бұлғаңдайды, қатты сермеудің қажеті жоқ. Қимылдаған сайын, екі бөксе арасында, ауада "сегіз" саны жазылғандай әсер болады, бөксені қатты сілкуден де аулақ болыңыз. Бұл жүрісті бұзады».

Сонымен қатар, 90-60-90 пішіміндегі сәнқойлардың бір сызық бойымен бет алған жүріс-тұрысынан сабақ алуға кеңес береді. Бұл жөнінен Наташа Поли, Изабели Фонтана, Даша Вербова, Кармен Касс, Мариякарла Босконолар үздіктер қатарында. Жүсіпбек Аймауытовша айтсақ, сәулімдерше жүрудің нақ көрінісі бұл. Яғни, аяғын қиғаш тастап, бөксесін бұлтыңдатып қадам басу сәнге айналғалы қашан. Міне, осындай жаттығулармен қазақы тәрбиені тықсырып тастады.

Үлкендер қыз баласының әрлі-берлі жүрген жүрісіне де мән беріп, тіпті шолпысының сыңғырына дейін бақылауға алып отыратын еді. Жүрісі ерсілеу, шолпысының сыңғыры қоңырауға айналған қызды «Қоңыраулы қыз» деп атап, ата-анасына ескерту жасап отырған. Ал, бүгінде бет шымшыр жайттар, бет сызар сөздерге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа некен-саяқ. Бұл жөнінде ақын Қасымхан Бегмановтың зерттеуші, этнограф Жағда Бабалықұлымен «Этнографпен әңгіме» кітабын парақтап шыққанымда, мына жайтқа назарым ауды. «Бет шымшу — әйелдерге тән қасиет. Олар біреудің немесе өзіне жақын қыздар мен әйелдердің ерсі істерін, қимылдарын көргенде немесе дөрекі сөздерін естіп қысылған жағдайда осылай ыммен сездіреді. Бет сызу — адам ұялатын сөздер естігенде әйелдердің сұқ саусағымен бетін сызатын әдеті бар», - делінген. Ерлерге мұндай әрекетті қайталау ерсі көрінетіні айтпаса да түсінікті.

Адамзаттың қолымен жасаған туындылары көбейген тұста жасандылық қаптады. Тіпті, жүрісіміздің өзі жасандыға айналып үлгеріпті. Адуынды, әрі сыршыл ақын Алмас Темірбай «Көрсетші бір, көрсетші, қылығыңды шынайы, Мінезіңе жасанды...шыдай берем қашанғы???» деп те өлеңге қосты.

Мәнерлі жүріс, саналы түрде омыртқаны тік ұстап қадам басудың атаулары әріден таған тартады. Сарқа саралап, сарасын табу үшін Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы Ықылас Ожайұлынан сұрастырған едік. «Әр ұлттың үніне сай жүрісі, табиғаты болуы керек. Жүріс адамның дене пішіміне байланысты  болады. Естайдың «Бір мысқалында» қазақ қызының портреті көрсетіледі. «Гүл жүзді, шырын сөзді, бал сілекей, Аяғын келеп басып, некей-некей». Некей басу дегеніміз — шолпының дыбысы естілместей, басар-баспасы білінбес әнтек қадаммен сырғанап басуды айтамыз. Соның бәрі тұнып тұрған иба, тәлім. «Гауһартаста» да жүрістің көрінісі ап-анық суреттеледі:

«Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң.
Жай жүріп шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойнын бұрған».

Қыздың киімі, дауысының ырғағы нәзіктігіне тән  жүрісі де сай болса, сонда толық бейнесін аша түседі». Осы тұста мектеп қабырғасынан жастанып оқыған «Абай жолындағы» сырғасы сыңғырлаған, шолпысы шылдырлаған Тоғжан көз алдымызда көлбең етеді. Ал, еуропаша жүріспен бойды тік ұстап, назарға ілігуге ұмтылғанымызбен шуыған рухымыздың қалдығын да  жани алмаймыз. Әйтпесе, жүрісте тұрған дәнеме жоқ, тек «дүниенің барлық шыбындарындай бір сарынмен ызыңдамасақ» болғаны.

Салтанат Сүгір

Астана


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>