Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Абыройсыз Астана. Қазақтың қыздары арам бизнестің гүліне айналды

$
0
0

Алматыда оқып жүргенімізде «Жетім бұрыш» деген орынға көп барушы едік. Онда әлі күнге дейін келісім шарт арқылы жалдамалы пәтер үлестіретін делдалдар ақылы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ауылдан келген қазақ жігіттерінің жұмыс іздеп, арзан бағамен «заказ» қабылдайтын орталығы болатын. Сондай бұрыштың тағы бір түрі Астана қаласында да бар. Бірақ ол жерден лас төсектің иісі шығады. Несін жасырамыз, вокзалдың маңы жеңіл ақшаға құныққан қыз біткен ар-намысын саудалайтын «точкаға» айналғаны қашан. Бизнес қайнап тұр. Ашықтан ашық. Бәрі біледі. «Қой дейтін қожа» болса да «қой» демейді. Кезек көп. Тапсырыс таусылған емес. Бекітілген режим жоқ. Осы «жетім бұрышта» талай қыздың ар-ұяты сағат сайын саудаға түсіп жатыр.

Соңғы уақытта «жеңгетайларға» қатысты заң күшейген сайын, жағдай баяғыдай емес. Олай дейтін себебіміз, «жеңгетайлардың» орнына «жездетайлар» арам қызметке кіріскен. Былай айтқанда, қазақтың қыздарын қазақтың тепсе темір үзетін, бірақ тауы шағылған, намыстан жұрдай жігіттері әркімнің астына салып беріп жүр.

Бұл жағдайдың алдын алуға міндетті болған жауаптылар қыздардың саудасынан бейхабар дегенге сенуге жоқпыз. Алдын алуға бәлкім тағы да заң кінәлі шығар. Оның қасында мафия мен полицейлердің үлесі тағы бар. Былай айтқанда, Астана теміржол вокзалының айналасын ұйымдасқан қылмыстың ордасы дерсің. Құтырған нәпсісін қандыруға жасың да, кәрің де осында қарай келеді.

Таңғы сағат алтының кезі. Ауылдан келе жатқан туысқандарымызды күтіп алу үшін теміржол вокзалына қарай бет алдық. Жақындай бергенде тағы да әлгі көріністі көз көрді. Біржан сал мен Мұхамеджан Тынышбаев атындағы көшелердің қиылысында зыр жүгіріп «жездетайлар» жүр. Байқасақ, бұл өзі бір үзілісі жоқ кәсіп екен. Клиент ағылып жатыр.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң жоқ деп үндейді. Шенеуніктер саудаға түскен төсек проблемасына келгенде әрекет етуге неге құлықсыз? Кімнен қорқады? Шешімін таппаған талай мәселелер бар деп ақталамыз. Десек те, осындай жынойнақтардың себебінен Астана абыройынан айырылып барады. Алматының берекесін кетірген Сайын мен Сейфуллин көшелеріндегі тіршіліктердің тамыры Елордаға дейін жайылып кеткені ме деп еріксіз үрейленесің.

Осы орайда сенатор Иран Әміров мырзаның: «Қыздардың тән саудасына қарсы заң неге қабылдамаймыз?!»- деп жақында ғана жасаған ұсынысы еске түседі. Осы ұсыныс «Адам саудасы жөніндегі заң жобасына» енгізіледі деген хабарды естіген едік. Сол сөз құр сөз күйінде қалып қойды ма екен. Әлде әрекеттің күштісі енді бастала ма, білмейміз.

Бюджеттің миллиардтары қайда кетпей жатыр. Сол шеті көрінбейтін ағыстардың арнасын осы мәселеге қарай бұруға болады ғой. Айту оңай, істеу қиын болса да, нақты шешім қабылдайтын уақыт шегінен асып кетті. Гүлденген астанамыздың қадірі қашты. Өзіңнен өзің ұяласың.

Жаза-жаза жауыр болған тақырыптардың бірі болса да, кезінде халқыма қалтқысыз қызмет етемін, аянып қалмаймын деп ант берген бұйрығында салмақ бар басшылар сөзімізді назарға алады деп үміттенеміз. Себебі, үмітсіз – шайтан. Себебі, қоғамның бүгінгі жай-күйін реттеуге барынша күш салмаса болмайды. Жара асқынып, іріңдеп барады.

Пы.Сы. «Сатылған немелер», «продажная» деп кінә артамыз. Бірақ шындықты қайдан білейік. Барлығы бірдей өз еркілерімен етек көтеріп, омырау сүйдіріп жүр дегенге сенуге бола ма? «Бәйтеректі» көрмекке келген қонақтарды осынау көшенің бойымен орталыққа тасып бала-шағасын асырап жүрген такси жүргізушілері мән-жайды басқаша баяндайды...

 

Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>