Аяулым Шалқар — заманауи өнер адамының нағыз үлгісі. 17 жасында әңгімелер жазып, иллюстрация, логотиптер салады, модельдік жұмысына үлгеріп, сый тәттілерін әшекейлейтін «Кампитка» атты жеке жобасын жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, ол өз алдына мақсат қоя білетін, өзіне қарата білетін қызығарлық тұлға. Бүгінгі материалда Аяулымды әңгімеге тартып, оны жақынырақ білуге тырыстық.
— Сәлем Аяулым! Өзің жайлы қысқаша айтып өтсең?
— Мен 1996 жылы 29-қаңтарда Алматыда дүниеге келдім. Ы.Алтынсарин атындағы 159-мектепті осы жылы бітірдім. 16 жасымда EAT Models модельдік агенттігіне қабылдандым. Олар мені Вконтакте желісіндегі суреттерім арқылы тауып алыпты. Look.tm сән порталына жасаған фотосессияма қызыққан болуы керек.
— Ата-анаң да өнерге жақын ба? Мүмкін шығармашылыққа деген құштарлық солардан дарыған болар?
— Мүмкін. Өйткені әкем жас кезінде сурет салумен айналысқан екен. Ал анам болса әрдайым әдебиетке жақын болған.
— Қашаннан бастап әңгімелер жаза бастадың? Оларды басып шығару ойыңда жоқ па?
— Әңгіме жазуды 2012 жылдың басынан бастағанмын. Кішкентай кезімнен қалың роман жазуды армандайтынмын. Бірақ жазуға отырған кезде әрдайым қысқа әңгіме болып қана шығатын. Оған уайымдайтынмын да. Бірақ кейінірек қысқа әңгіменің өзінше бір көркі барын байқадым. Қазірше оларды басып шығару ойымда жоқ. Жеке блогымда ғана шығып отырады.
— Әдемі иллюстрациялар жасайсың. Қазірде қандай компаниялармен жұмыс жасап үлгердің?
— Бірден айта кету керек, сурет салу — бұрыннан келе жатқан сүйікті ісім. Соңғы кезде дизайн, фирмалық стиль мен логотиптер жайлы кітаптарды қызыға оқи бастадым. Осы салада маманданғым келеді. Бірнеше логотип жасап үлгердім. Қазірде маған негізінде кішігірім бизнес өкілдері жүгінеді. Мысалы, Rainbow Cakes наубайханасы, Fashion Box және Anarelle әшекейлер сататын онлайн дүкендері. Бірақ қазірде біраз үлкенірек жоба үшін жұмыс жасап жатырмын. Бір қуантатыны — адамдар диплом мен тәжірибемнің жоқтығына қарамастан хабарласып жатады.
— «Кампитка» брендінің идеясы қалай келді? Жұмыс процесі қалай өтеді?
— Негізі оның идеясы менің әпкемдікі. Кез келген тақырып аясында сыйлық ретінде тәттілерді әшекейлеп шығу. Жобаны бірігіп іске асырғанбыз. Мен фотограф жұмысын және вконтакте мен инстаграм желілерін жүргіземін. Барлық тапсырыстарды үйде отырып, өз қолымызбен жасаймыз. Тапсырыс берушілер әрдайым риза болып жатады. Шыны керек, әр нәрсені сүйіспеншілікпен жасаймыз.
— Өзіңді болашақта қай салада көресің? Университетіңді таңдап қойдың ба?
— Шынымды айтсам, оны әлі өзім де білмеймін. Сол себепті барлық жерде өзімді сынап көргім келеді. Ал оқуға бір-екі аптадан кейін Франция, Страсбургке кетемін. Ол жақта оқу бұрынғы арманым еді. Арманымды орындап келемін. Өнер факультеті, дизайн курсына түстім.
— «Сұлулық» ұғымын қалай түсінесің? Сұлулық эталоны сен үшін кім?
— Сұлулық деген мен үшін ең біріншіден — денсаулық. Күтімі мен денсаулығы бар қыз әрдайым сұлу. Ал сұлулық эталоны мен үшін — Миранда Керр.
— Сен үшін шабыт көзі?
— Менің жеке шабыт көзім бар — ол менің сүйіктім.
— Қандай спорт түрімен айналысасың?
— Бала кезімде бимен айналыстым, оның ішінде балет және сальса. Жүзуді жақсы көремін. Қазірде аса ешқайсысымен айналыспаймын, тек сөремдегі скакалканы ұмытпаймын.
— Күнделікті жазғы күніңді қалай суреттей аласың? Қалада сені көбінесе қай жерлерде кездестіруге болады?
— Жазда түске дейін ешқайда кездестірмейсіздер. Өйткені ұйықтауды жақсы көремін (күліп). Ал әдетте кофеханаларда, Алматының әдемі бақтарында немесе жай ғана көшеде түсірілім кездерінде.
— Сүйікті кітаптарың жайлы айтып берсең?
— Дина Рубинаның «Когда же пойдет снег» әңгімелер жинағы ұнайды. Жаңа бестселлері «Жутко громко и запредельно близко» да жаман емес. Бірақ барлық кітаптардың арасынан мені әрқашанда Борис Акуниннің романдары қызықтырып әкететін.
— Өмірлік ұстанымдарың бар ма?
— Әрине. Өмірдегі әрекеттерімнің бәрі де бұрында өзіме қалыптастырып алған ұстанымдарыма негізделеді. Олардың бастысы — өзімді ешқашанда өзгелермен салыстырмау және өзіме шектеу қоймау. Менің ойымша, бәріне де қол жеткізуге болады және бәріне де рұқсат етілген. «Дұрыс» және «бұрыс» деген ұғымдар жоқ, бәрі өз қолыңда.
— Өмірде сен үшін ең басты нәрсе?
— Еркіндік.
Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева