КҮН СӘУЛЕСІ ТҮСПЕГЕН
Бұл спектакльге бара бергім келетінін аңғардым. Іштей осы құштарлықтың себебін іздеп, арпалысқа түскен сәттерім де аз болмады. Әлі де болса, нақты жауабын таптым деп айта алмайтын сияқтымын. Алайда, аталмыш қойылымға деген қызығушылығым бәз баяғы қалпында. Бірнеше рет тамашаласам да, «тағы көруім керек» деген ойдың жетегінде жүремін.
Сәуір айының 16-17 аралығында елордалық Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры тың туындымен толықты. Испан елінің драматургі Антонио Буэро Вальехоның пьесасын Еркін Жуасбек қазақшаға аударса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов дүйім жұрттың назарына ұсынды.
Оқиға бір отбасының төңірегінде өрбігенімен, бүкіл адамзатқа арналған. Жалғыз жанұяның мәселесін қарастырып қана қоймай, баршамызды терең ойдың тұңғиығына апарады. Спектакль барысында қайталанып қойылатын «мынау кім, ал мынау ше?» деген сұрақ жұмбақтың шешуі іспеттес.
Бүгінгі күнді, қазіргі қоғамның бейнесін ашып, адамдардың ашылмаған қырларын танытуға мол мүмкіндік береді. Қай кезеңді алып қарамасақ та адал еңбек пен қасқағым сәтте байлыққа кенелу бір-біріне қарама-қайшы болып келеді.
Шымылдық ашыла салысымен суретші жұмысына көңіл бөлдім. Шынар Елембекова сахнаны өте ұтымды пайдаланған. Редакция, жер төледегі үйге айналған бөлмелер, барлығы дерлік сахнадан өз орнын тапқан.
Режиссердің аталмыш қойылымдағы жемісі — актерлер құрамын дұрыс таңдауы деп білдім. Және атақ-даңққа, байлыққа, яғни жоғарыға ұмтылғандар үстінде орналасса, адал еңбек пен таза арын арқалағандар сахнаның төменгі жағында орын алады. Бұл да режиссердің тапқырлығы. Алайда, басты күш актерлік шеберлікке келіп тіреледі.
Әкесін кейіптегендер: ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері — Ақыш Омар және Боранбай Молдабаев, шешесі: Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты — Майра Омар, екінші құрамда — Бақыт Исабекова. Марионы кескіндегендер: ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Нұркен Өтеуілов пен Асылбек Қапаев, Висентені бейнелегендер: ҚР «Дарын» сыйлығының иегері — Сырым Қашқабаев, әріптесі —Қуандық Қыстықбаев. Энкарнаны ойнағандар: Жанар Қасымова мен Айман Карпсеитова.
Бұл туындыда актерлердің басым көпшілігі жоғарғы деңгейден көрінді. Енді біреулері жаңа қырларынан танылды десек, артық айтпағанымыз болар. Ақыш Омар өз кейіпкерін толық тани білген, тіпті сахнада есі ауысқан адамды шынайы, табиғи жеткізіп, құбылтып отырды. Дауыс ырғағында, қимыл-қозғалысында шынайы болмыс басым болды. Сол сияқты Сырым Қашқабаев пен Нұркен Өтеуілов те өз образдарын ашып, құлпыртып, жан-жақты қырларын зерттеп, зерделеп әсерлі де, тартымды ойын сыйлады. «Әттеген-ай» дейтін кез де болды. Айман Карпсеитованың Энкарнаның сезім иірімдерін түсінбегенін, аңғару қиынға соқпады. Шынайы махаббатын сезіне алмай, бойын қорқынышқа билеткен, шалыс басқан қыздың халін актрисаның ойынынан көре алмадық. Актрисамен бірге арпалысқа түсіп, онымен тіршілік күресіне, сезім сергелдеңіне түсе алмағанымыз хақ.
Соғыс кезінде аштықтан көз жұмғандар қанша ма? Сондай қиын-қыстау күндерде адамдық келбетін сақтап қалу біреулер үшін пайдасыз болып табылды. Керісінше ондайлар арам ойын іске асырып, тірі қалу үшін барлығына даяр болады екен. Дәл осы ұстанымды Висенте қолданған еді. Балалық шағында отбасын «құрбандыққа шалып», өзін аман сақтап қалуға тырысқан. Ақырғы азықты жымқырып қалып, туғандарын өліммен бетпе-бет қалдырған болатын. Уақыт өтіп, өткен іске өкініш білдіргенімен, суыған көңіл қайтадан жылынбасы анық. Бір рет аяғын шалыс басқандығы оның жазасына айналды. Қарындасының сол зұлмат ашаршылық кезінде көз жұмғанын әкесі ұмытқан жоқ. Он жасар Марио інісіне, ағасы Висенте сол кезде өмірдің шынайы келбетін көрсеткендей болды. Марио ақиқатты арқау етіп, кек алуды күтетінін сезбеді де, түсінбеді.
Ағайынды екі жігіттің ортасында ойыншыққа айналған Энкарна өзімен-өзі күресуге мәжбүр. Оның батылсыздығы, жігерсіздігі армандарынан алыстатады. Тіршілік үшін күресте адамдық болмысынан алыстамай, өзгелердің жемтігіне айналмау қаншалықты мүмкін? Жертөлені тұрақ еткен тұрғындар көшедегілердің аяғына қарап, кім екендерін айтып бере алса да, қастарындағы екіжүзділердің шынайы сипатын тани алмады.
Спектакль біраз көрерменнің жүрегінен орын ала білді. Көптен бері соғылмаған ұзақ шапалақтар, көрерменнің шынайы ықыласы аталмыш шығарманың үздік болғанын дәлелдей түсті. Біз кімдерміз осы? Қойылымды тағы да бір зерделеп көрейікші…
Гүлназ Ләмбек
Қазақ Ұлттық Өнер Университеті
«Театртану» бөлімінің 2 курс
студенті