Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Әсет Нұрпейісовтің бизнес сырлары

$
0
0

Әсет Нұрпейісовты интернет жобаларын іске асыра бастаған алғашқы кәсіпкерлердің бірі деуге болады. Қазірде ол Smart Shop атты смартфондар мен планшеттер сататын онлайн және оффлайн дүкендерін сәтті жүргізуде. Сондай-ақ алғашқы блогерлер қатарын бастаған Әсет қазірдің өзінде интернет аудиториясына жақсы танымал.

Әсет өз ісін қалай бастағаны туралы, онлайн дүкендер және де басқа бизнес сұрақтарға жауап беріп, сіздермен өз тәжірибесімен бөлісті. Әдеттегідей Әсеттің позитивті көңіл-күйімен айтылған әңгімесі көп жастарға өз ісін бастауға мотиватор болады деген үміттенеміз.

- Сәлем, Әсет! Өзің қай жерде, қаншасыншы жылы туылдың? Мамандығың қандай?

- 1988 жылы Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылында туылдым. Анам атымды өзінің әпкесі Әсияның құрметіне Әсет деп қойған екен. Жұлдызым – арыстан. 4 жастан бастап оқып, 5 жастан бастап жаза білгенмін. Солай мектепке барғанда, бірден екінші сыныпқа қабылданып, өмір бойы өзімнен 1-2 жас үлкен балалармен оқыдым. Мектепте әрдайым белсенді болып жүретінмін. Сынып старостасы, КВН командасының капитаны, онымен қоса үздік оқушы, ботаник бір сөзбен айтқанда (күліп). 9-сыныпты қызыл аттестатпен бітіріп шыққаннан кейін Рудныйдағы политехникалық колледжінде бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқып шықтым. Одан соң 2006 жылы Алматыға келіп Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетін сол мамандыққа қайта түстім. Сол кезден бастап, оқумен қатар жұмыс істей бастадым. Кейін екінші жоғарғы білім алу үшін МУИТ-ке түскен болатынмын. Бірақ жарты жыл оқып, ол университетті тастап кеттім. Мүмкін ертең жетістікке жеткеннен кейін «Университетті тастап кеткенмін!» деп айту үшін керек болар (күліп).

- Алғашқы жұмыс орның қандай еді? Неден бастадың?

- Алматыға келісімен бірден көтеріліп кеттім деп айта алмаймын. Алғаш кезінде даяшы болып та жұмыс істедім. Кейін 3 жылдай бухгалтер болып қызмет атқардым. 2004 жылда интернетке кезігіп, сол уақыттан бастап осы саланың төңірегінде жүрдім. Ол кездері интернет өте қымбат болатын. Сол себепті бар тапқан ақшамды қайта интернет жобаларға салып отырдым.

Жасым 18-ге толысымен, ИП (Жеке кәсіпкер) ашып алдым. Сайттар жасайтын студия жасадым. Оның өзінде де осыдан 7-8 жыл бұрын адамдарға барып жай ғана сайт жасап берейін деп айта алмайсың. Адамдар ол кезде сайттың не үшін керек екенін білмейді де. Бірақ өзім осыдан 2-3 жылдан кейін интернеттің дамып, бәрі дерлік сайт жасауға көшіп кететінін білдім. Оны адамдарға түсіндіру керек болды. Алдымен подъездердегі газеттерді жинап алдым да, сол жақтан компаниялардың мэйл пошталарын жазып алдым. Сосын әр компанияға үлкен хат жазып, фирмалар үшін домендер тексеріп бердім. 1000-нан аса жазған хатыма тек 3-4-еуі ғана жауап жазды. Оның әрқайсысымен кездесіп, тек біреуі ғана келісті. Ол біз үшін үлкен табыс болатын. Сонымен ары қарай кете бастады. Әрине, бәрі де оңай бола берген жоқ. Адамдарға сайт істеп бергеніңнен бөлек, онымен қалай жұмыс істеу керек екенін де үйренесің. Кейін күніне 5-6 сайттан жасайтын болдық.

- Интернет, компьютерге сонда бала кезіңнен қызыққансың ғой?

- 9 жасымнан бастап компьютерге қызыға бастадым. Рудныйда оқып жүргенде істейтін нәрсе жоқ, тек кітапхана мен жаттығу залы бар. Сонда кітапханадағы «Компьютерра» сынды барлық журналдарды бас алмай оқитынмын. Жалғыз ғана миллионер – Билл Гейтсті ғана білетінмін. Оның үлгісі мені шабыттандырып отырды. Кейін компьютер пайда болғанда, оны шашып тастап, қайта жинайтынмын. Интернетке келгенде мүлде сол жаққа қарай кетіп қалдым.

- Ал енді Смартшоптың пайда болуына тоқталсақ?

- Стас Ли деген досым идея ұсынды. Мен қолдай жөнелдім. Солай «Смартшоп» басталып кетті. Маған әдеттегідей сату, клиент жинау, дамыту жағы түсті. Ал Стасқа негізгі жұмыс – тауар алу, әкелу, т.б. Біздің басты ерекшелігіміз – адамдарға қазіргі заманға сай, сауатты қызмет көрсету. Арнайы консультант келіп, түсіндіреді, жай ғана дүкенге кіргенде адамдарға жағымды әсер етуге тырысамыз.

- Басында тек онлайн дүкен ретінде бастадыңдар ма?

- Иә, онлайннан бастадық. Бірақ қазіргі уақытта Қазақстанда тек қана онлайн сатумен пайда көру мүмкін емес. Әсіресе біздің сектор – техникада. Оны кейін білдік. Ал жарты жылдан кейін дүкенімізді екі есеге кеңейттік. Басқа қалаларда: Астана, Атырауда ашылып жатырмыз.

Адамдарға қандай гаджет жақсырақ, оны үйге дейін қалай жеткізуге болады, оны сосын қалай қолданамын деген сұрақтарға бас қатыртқызбаймыз. Смартфондар ақылды, адамдар ақымақ болып бара жатқан заман ғой. Трендке сай болу керек (күліп).

- Бас кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңдар?

- Ең бірінші, саған керек қызметкерлер табу қиын. Қазірде негізіміз – төрт адамнан құралған. Өте шағын жүруге тырысамыз. Өйткені оның бәрі шығын. Екіншіден, нарықтың дайын болмауы. Оның жақсы жағы да бар: нарық жаңа нәрсеге дайын болмаса, оны соған үйреткендер көбірек табыс табады. Үшіншіден, тұтынушының жақсы қызмет көрсетуге ақша төлеуге дайын еместігі. Бұл негізінен нарықтың дайын болмауынан туындайды. Алматыда біраз оған үйренген, мысалы, паркингке төлеп жатамыз, бірақ басқа қалаларда жағдай әлі де бұрынғыдай. Одан кейін, әрине, уақыт тапшылығы. Көп адамдар, мысалы, 9-дан кешкі 6-ға дейін ғана жұмыс істеп үйренген. Ал кәсіпкер болсаң, сен күні-түні жұмыс істейсің. Егер оның бәріне дайын болсаң, әрине, жаңа нәрсе ойлап тауып, оны іске асырғанға не жетсін.

Қазірде байқайтыным, көп адамдар жалқау болып алған. Жұмыс істегілері, қозғалғылары келмейді. Ойланудан қалған. Ал жан-жағыңды бақылап қарасаң, табыс көзі тұнып тұр. Әсіресе Алматыда, күнделікті қозғалыс, жақсы қызметке ақша төлеуге дайын адамдар көп.

- Бәсекелестерің бар ма?

- Бізді қарапайым мобильді телефондар сататын дүкен деуге болады. Біздің бәсекелестер өріп жүр. «Студент», «ЦУМ»-ның өзін қарасақ та. Бірақ онда мүлде басқаша жұмыс. Адам кіре қалса, бірден жан-жақтан «телефон керек пе?», «арзанырағы бар» т.б. деп жамырай түседі. Ал бізде басқаша: әр сатып алушымен жекеше жұмыс жасап, бар сұрақтарына жауап береміз. Біз тек басты екпінді интернетке қойдық. Мысалы, қарапайым баннер, тв, радио жарнамаға 1 тиын да кетірген жоқпын. Интернет дүкенге ең бастысы – сенім керек. Аудиторияңа таныс болсаң, сені ел көріп, оқып жүрсе оңайырақ. Ал iportshop, bff.kz-тер бәсекелес емес. Өйткені онлайн сату нарығын біз бірге көтеріп жатырмыз. Мүмкін болашақта бәсекелес бола жатармыз.

- Қазірде табыстарың сол «Студент», «ЦУМ»-дағы дүкендерден асып кетті деп айта аласыңдар ма?

- Әрине. Өйткені біз о бастан сегментті премиум модельдерге қойдық. 50 мыңнан арзан телефон, планшеттер жоқ. Сондай-ақ қазірде аксессуарларды да қамтып жатырмыз. Табыс жаңағы дүкендерге қарағанда әлдеқайда жоғары, ол бізге кеңеюге, басқа қалаларда дүкендер ашуға мүмкіндік береді. Бір жылдың ішінде жақсы өстік. Оның себебі – басты рөлді смартфондар мен планшеттерге қоюымыз. Мысалы, ескі нокиалар сататын дүкендермен салыстырғанда, сұраныс, тренд біз жақта.

- Сендерде онлайн да, оффлайн да дүкендер бар. Қайсысына адам көп келеді?

- Оффлайнға. Онлайн бәрін көріп алғаннан кейін адамдар бәрібір де оффлайн дүкенге келіп көзбен көргеннен кейін ғана алып жатады. Бір жағынан жаз бойы клиенттерге тауарды үйге жеткізу қызметіміз тегін болған. Оған қарамастан, тұтынушылар әлі де дайын емес. Оған қоса, біз киім не тамақ сатпаймыз, қымбат ақылды техника сатамыз. Сол себепті онлайн тапсырыс беру үрдісі адамдарға тәуекелді азайтып, кәдімгі дүкенге келуге итермелейді.

- Жалпы сен әрдайым өз бизнесіңмен айналысатыныңды білдің бе, әлде қызмет істеу ойыңда болды ма?

- Иә, негізінде әрдайым өзім үшін жұмыс істейтінімді білетінмін. Бірақ басқаларға да қызмет етіп көрдім. Қазконтентте, Ювижнде қызмет істедім. Ол жақсы тәжірибе. Алайда ешқашан да белгілі бір қызмет сатысында көтеріліп, өзгелерге бір нәрсе дәлелдеуді көздеген емеспін. Бар көздегенім – өзім үшін дәлелдеу. Өз-өзіме бастықпын әрқашан. Негізінде халықтың тек 5% ғана кәсіпкер бола алады. Өйткені кәсіпкер дегеніміз тәуекелге баратын, өзіне бар жауапкершілікті алатын адам. Екі айдан кейін қарызға ұшырап кетсең (ал ол әдетте солай болып жатады), өзіңе, қасыңдағы жұмысшыларға қалай қарайсың. Міне, сондай жағдайлар үшін көп адамдар кетіп жатады.

- Кезінде өзің сияқты студент болып жүрген, өз ісін бастағылары келіп жүрген жастарға қандай кеңес бере аласың?

- Ең бастысы, әрдайым алға жүріп отыру. Әрине, қиындық көресің, сәтсіздікке ұшырайсың. Сонда да сенім жоғалтпай, күресу керек. Үлкенді-кішілі қателіктер болады. Оның бәрі тәжірибе, қателіктен үйрену керек. Үйрене алмасаң, ақымақ болғаның. Өзгелердің пікіріне қарай бермеу керек.

- Ал жақын арада қай сала дамушы болып отыр? Қай жаққа инвестиция жасауға болады?

- Электронды коммерцияға. Ол туралы көбісі айтып жатыр, бірақ шын мәнісінде онымен айналысып жатқан адамдар жоқ. Келесі 2-3 жылда оны қолға алып үлкен табысқа жетуге болады. Одан соң - қызмет көрсету. Қаржылық қызметтер, уақыт үнемдеуші қызметтер, т.б. Адамдар көп жағдайда уақытын үнемдеп, жай ғана теледидар көріп жатқысы келеді. Неге ондай мүмкіндік жасап бермеске (күліп)?

- Өзіңнің бизнесте қандай жоспарларың бар?

- Тағы да бір дүкен ашпақшымын – Sportstock. Фанаттық атрибутика. Интернетте ондай жоқ, мен нағыз қазақстандық тұтынушы үшін жасамақшымын. Батыста, мысалы, футбол клубтарының фанаттары арқылы-ақ үлкен табыс жасап жатады. Ал бізде ондай қалыптаспаған. Болды, ары қарай айтпаймын (күліп).

- Бір жағынан интернетте қандай жоба жасамасаң да, ондағы танымалдылығың саған көмектесіп жатады. Ал интернетке жаңа келген, бірақ онда бір іс бастаған адамдарға қалай жұмыс жүргізуге болады?

- Осы жылы SMM әлі де танымал болады. Контекстті жарнаманың көмегі бар. Басты назарды сайтыңа жасау керек. Сайт үшін қаржы үнемдеуге болмайды. Сайтыңды өзіңе қалай ұнайды емес, тұтынушыға қолдану қалай тиімді болады деп жасау керек. Жақсы сайт әрдайым аудиторияны қызықтырады. Интернетке келсең, барлық мүмкіндікті пайдаланып көру керек. Біреуі болмаса да, біреуі іске асып кетеді. Мысалы, кішкентайыңда сен Sega ойнап па едің?

- Иә, әрине.

- Сол сияқты ғой: ойнай алмайтын бала барлық түймені баса береді. Әйтеуір біреуі тиер. Ал білетін бала керек түймені басып қана жеңіп отырады. Сондықтан, егер де интернетте жұмыс істеуді білмесең, барлық амалдарды қолдаң.

- Немесе дұрыс ойнауға үйренуге болады емес пе?

- Дұрыс ойнай алатын адамды жалдау одан да жақсырақ. Өмірде бәріне де үйрену мүмкін емес. Оны мен кеш түсіндім. Ең дұрысы – мәселені өзіңнен жақсы білетін адамға сол жұмысты жүктеу. Ал өзің қызықтыратын нәрселерге назар аудар. Маған мысалы генетика қызық, мен соған байланысты кітаптар оқимын.

- Кітаптар тақырыбына өзің де жайлап келдің. Ең сүйікті шығармаң қандай? Қазір не оқып жатырсың және бизнес жайлы қандай кітаптар оқуға кеңес берер едің?

- Ең сүйікті шығармам – «Мартин Иден». Жүгіріп-жүгіріп, дәл мақсатына жеткен кезінде бұрыс жолмен жүгірген адам туралы. Қазір М.Булгаковтың «Белая гвардия» кітабын оқып жатырмын. Ұлы тұлға. Ал бизнеске келер болсақ, Карл Маркстың «Капиталынан» артық әлі кітап көрмедім. Қазіргі заманауи «Богатый папа, бедный папа» дегендерді айтып жатады, бірақ олардың бәрі де сол бастапқы дереккөзден алынғандар. Негізі барлығына Kindle алуға кеңес беремін. Оны сатып алғаннан кейін көбірек оқи бастадым.

- Қандай спорт түрлерімен айналысасың?

- Кикбоксинг, муай-таймен айналысамын. Ал негізінде әр апта сайын тауға шығуды өте жақсы көремін. Маған шабыт сыйлайтын жер. Сондай-ақ жаз басталғалы бассейн, аквапарк, өзен, көлдерге баруға тырысамыз. Сенбі – тау, жексенбі – жүзу мен футбол. Ал қалған күндері жаңа қуатпен белестерге шығу!

Әңгімелескен: Айжан Кәрібаева


Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>