Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Сүйікті мекен: Нью-Йорк

$
0
0

Әлемдегі ең сүйікті мекеніңіз қандай? Бұл сұраққа әр адам әр түрлі жауап берер: біреулер салтанатты Парижге асықса, біреулер Лондонның жаңбырын армандайды, үшіншісі Бомбейді қызық көрсе, төртіншісі туған ауылын сағынып отырады. «Екпін» жобасы жазғы демалысты пайдаланып, оқырмандарының әлемдегі сүйікті мекендері жайында сұрастырып көрді.

Ержан Алаш: Нью-Йорк

Әр адам өзінің білімі, діни, кәсіби және өмірлік көзқарастарына қарай белгілі бір мекенге баруды армандайды. Біреулер Сұлтан Ахметтің құдіретін сезінуге Стамбулға баруды армандайды. Біреулер ежелгі Рим империясының шұғыласын көруге Римге баруды, біреулер Пайғамбардың мекені Мединеге баруды, біреулер өмірдің мәнін ашамын деп Үндістанға немесе өмірдің сырын ақтарам деп Тибетке баруды армандайды. Ал мен болсам, мамандығыма орай әрқашан Нью-Йоркке баруды армандадым. Мені әркез Америка халқының бағындарған белестері, яғни оның индустриясы, экономикасы және өндіріс қарқыны қызықтырды. Ғаламат алып империяның осындай сипаттарының есігі болып оның Нью-Йорк қаласы саналады.

Бұл қалаға жетудің әсері кішкентай кезімдегі әйгілі "Pet Shop boys"-дың "New York City Boy" әнінен басталып, сағат таңғы 6-да "J.F. Kennedy" әуежайына қонудан басталды. Іле-шала сөмкелерімді ақылы сақтау бөліміне тапсырып, "қайдасың Манхэттен?" деп шығып кеттім. Манхэттеннің тек өзіне тән сары түсті таксилері туристтерді "менмұндалап" шақырғанмен, әдейілеп Нью-Йорктың метросын көруге метро ішіне кірдім. Өмірімде бұндай қалың нөпір халықты көрмеген мен, басында таңқалдым. Бұл халықтың бәрі шынымен бір жерге бара ма деген көкейдегі сұраққа кейін ғана жауап алдым. Оқыған деректеріме сүйенсек, таңғы сағат 9-ға дейін 20 млн-ға жуық халқы бар Нью-Йорктың барлық ауданынан, шамамен 7 млн-ға жуық халық Манхэттенге жұмыстарына ағылады екен. Елестетіп көріңіз, Қазақстанның жартысы әр күні таңертең бір жерден бір жерге көшетін болса...

Осыдан 3 жарым ғасыр бұрын Манхэттенді Голландиялық көпес 24 долларға сатып алған болса, бүгінде бұл мекеннің құнында шек жоқ. Мысалы, кішкентай ғана бұл шағын ауданның бүгінгі Жалпы Ішкі Өнімі - $1,2 триллионға тең, салыстырып көрсеңіз, бұл еліміздің ЖІӨ шамамен - $120 млрд., яғни 10 есеге аз.
Сол күні мен Манхэттеннің әйгілі Орталық Паркіне барып кейбір фильмдер түсірілген жерлерді өзім тауып алуға тырыстым. Мысалы, "Home alone" киносындағы Кевиннің (Маколи Калкин) серуендеген жерлері, тағысын тағы. Кейін осы парктен бастап жаяу бүкіл Манхэттенді жүріп шығып, сонау Бостандық аралындағы "Тәуелсіздік статуясына" дейін жеттім. Ол жердегі "Американдық арманның" бір лебін сезіп, өзім бұрыннан бері бір көруді армандаған американдық экономика мен қаржы нарығының символы "Уолл Стрит" көшелері мен әйгілі "Нью-Йорк қор биржасына" бардым.

Америка халқы әлемді басып оза дамып кеткен. Бұл елдің халқы ақпараттың құндылығын сонау 18 ғасырда-ақ түсінген. Бұрындары бұл жерде ескі-тозған қақпа болған. Сол қақпаның айналасында түрлі көпестер сауда жасайтын болған. Ал қақпаға саудагерлер неше-түрлі жарнаманы ақпарат ретінде қалдырып кетіп отырған. Кімге өзекті ақпарат керек болса, сол жерге баратын болған. Кейін келе көше "Қақпасы бар көшеге" айналған (Wall Street). Дамуы қарқынмен жүріп, осы көшеде аспанмен теңескен зәулім үйлер салынып, бұл жер бүкіл әлемнің саяси және экономикалық конъюнктурасын айқындайтын ауданға айналған. Құдірет деп осыны айтыңыз...

Нью-Йорктың осындай түрлі сан-салтанатын көрген соң Әбдурахман деген түрік бауырымыздың үйіне тарттым. Алыстан арбап, жақыннан алдайтын, Горкий болса "Жын қала" деп атау берген Нью-Йорктың халқы қандай болуы мүмкін деген сұраққа осы жерде жауап берсем деймін. Нью-Йорк әлемдегі ең мультиұлтты қала. Бұл жерде дүниедегі кез келген ұлтты кездестіруге болады. Десек те бұлардың бары жиынтық болып Нью-Йорк халқын құрайды. Бұлар бет-әлпетімен ерекшеленгенмен, заты бірдей халық. Әрине 20 млн. халықтың бәрі бірдей емес, дегенмен бұл қаланың халқы еңбекқор және талапты келеді. Оған қандай себеп бар деп іздеп жатудың қажеті жоқ. Өйткені бұл өлкеде еңбекқор болмасаңыз, өміріңіздің ақырғы күні алыс емес. Бұл қалада еңбек етіп нәпақа табасыз немесе мыңдаған кезбелердің санын толықтырасыз. Біздің тілмен айтқанда, бұл қаланың халқы қасқыр келеді, бизнесмендері аждаһа келеді. Басқа амалы жоқ.

Түрік ағамыз Әбдурахман өзінің тарихын 12 жыл бұрын Нью-Йоркке келуінен бастады. "Басында бұл қалаға арман қуып келдік. Жетіскеннен Отанымызды тастап келмедік. Алғашында қолға күрек болса болды деп, біраз сандалдық, ақыры Манхэттен кеңселерінің әжетханаларынан бір шықтық. Бастығымыз бізге жалақыны қатаң тәртіпке сай чекпен беріп жүрді. Бұндай заң бұл жерде қатал қадағаланады. Мардымсыз жалақыдан салық төлеу әрине шаруамызға қиғаштау келді. Кейін өзге де жұмыстарды тауып, көппен бірге ілесіп өз орнымызды таптық. Басында өз бастығымызға жалақыдан салық ұстағанға қырғидай тиісіп, кейін бұның да қайыры бар екеніне көзіміз жетті. Сөйтсек, бірнеше жыл бойы салық төлегеніміз орталықтандырылған ақпарат базасына тіркеліп отырыпты. Біраз жылдар бойы салық төлеп, банк алдында жұмысы бар, жалақысы жылдар бойы тұрақты болған сенімді адамдар санатына қосылып, Манхэттенге қол созым жердегі Куйнс ауданынан үй сатып алдым. Бүгінде Нью-Йоркте өз баспанам бар. Анау бір жылдары досымыз екеуміз мейрамхана ашып, сауданы да айналдырдық - дейді. Шынымен талапты адамның қандай жағдайы болмасын Нью-Йоркте "менмұндалап" тұрған өз бақыты бар. Бұл қаланың халқы жетістікке жетуде тек қана мына екі нәрсеге сенеді: талап пен еңбек.

Әрине, бес саусақ бірдей емес, бұл қалада сіз сандалып жүрген талай бейбақты көресіз, дегенмен бұл қалада өз бақытын тауып миллионер немесе сәтті іскер атанып үлгерген миллиондаған халықтың арасында кезбелердің мөлшері шаңның тозаңындай

Нью-Йорк даңқты қала! Бұл жерде бақыт бар. Бүкіл әлем құдды осы жерде секілді болып көрінеді. "Нью-Йорк жын-ойнақтың қаласы" - деген адам бұл жерден тек ойлағанын көреді. Шынымен бұл қаланың ұйықтағанын көрмеппін. Ал турасында бұл қалада жетістікке жетудің бүкіл амалы жиналған. Тек шабыттан да, керегіңді ала бер. Бұл қала іскерлер мен білімділер шоғырланған мекен. Бұл жерде олардан көп нәрсені үйреніп, көп нәрседен жиренуге болады. Тек адамның ақылы болса болғаны. Нью-Йорк жайлы ұзақ айтуға болады. Бірақ мен өзімнің дүниетанымыма, яғни экономика мен қаржы саласының өміріне тұспа-тұс келген жақтарын көрсетуге тырыстым.

"Нью-Йорк қайдасың?" - деп тағы да барып қайтпаққа тырыстым, онымен әзір уақыт болмай қойды. Ал өзіме салсам, алдағы 1-2 жылымды сол қалада өткізуге құштарлығым күннен-күнге ұлғаймаса, кемімеді. Кім болмасын, бұл қалада экономика да, саясат та, өнер де, архитектура да, мәдениет те, тіпті бүкіл әлем де бар! Менің ойымша бұл қала өзінің бесігінде бүкіл әлемді тербеп отырған қалаға ұқсайды. Олай болса, бұл қаланы қайтіп құрметтемеске?

Ал сіздің сүйікті мекеніңіз қай жерде?

____________________________________________________________________

Ұқсас материал: Сүйікті мекен: Жапония, Фукуока


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>