7 мамыр — Отан қорғаушылар күні
Бүгінгі мерекеге орай «Екпін» журналы бес жігітпен кездесіп, әскерге барудың маңыздылығы мен әскерге бармаудың артықшылығы турасында әңгіме қозғады.
Қонысбек, студент:
Мектеп кезімде әскерге барғым келетін. Бірақ үлкейген сайын ол ойымнан айнып келе жатырмын. Өйткені теледидардан әскер туралы неше түрлі жаңалықтарды көрсетеді. Көрерменге жыл өткен сайын әскер қауіпті болып бара жатқандығын жеткізгісі келетіндей. Сол бар, онымен қоса уақытты да көп алатын сияқты. Менің ойымша, Отан қорғаушы болу үшін әскерге бару міндетті емес. Әскерге барып келген адам ғана Отан қорғаушы дегенмен келіспеймін. Әрине, әскерге барып келген адамның физикалық дайындығы мықты болар. Бірақ Отанына қатысты барлық жігіттің сезімі бірдей болады. Ел басына жамандық туса, барлығы да Отанын қорғауға дайын деп ойлаймын.
Елдар, 2010-2011 ж.ж. Орал қаласында әскери борышын өтеген, Tumble.kz сайтының әзірлеушісі:
Шыны керек, басында әскерге барғым келмеген. Колледж бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп алған соң әскерге баруға міндетті болмадым. Алайда, уақыт өте келе, университеттің оқытқанына көңілім толмады, айналадағы ортам және өмір ағыны ұнамады. Бір зат күн сайын қайталана берді. Шеңберден шығу керек болды. Кейін сабаққа бармағаным үшін оқудан шығарып жіберді. Қуанғандай болдым. Біраз жұмыс жасадым. Содан жазда автостоппен Ресейді аралап қайтып келе жатқан жолда әскерге баруым керек деп шешім қабылдадым. Бар құжаттарды жинап, военкоматқа тапсырдым да, мекдкомиссиядан өттім. Екі-үш ай күткеннен кейін Орал жаққа әскери борышымды өтеуге жіберілдім.
Сонда ең бірінші мотив — патриотизм болды. Екіншіден, үйде әкем де, ағаларым да әскерге барған. Бір жағынан солардың үлгілері де ықпал етті. Ағаларымның әскерден келген соң қандай болып келгені себеп болған шығар. Әскерге барған адам мен бармаған адамның өмір жолдарында үлкен айырмашылық болады екен.
Үйдің кенжесі болғандықтан, ерке болып өскенмін. Ал әскер маған азу тіс берді. Ер мінезге тән шыдамдылық, ішкі бір сенімділік пайда болды. Ағаларым да айтушы еді, әскерге барып келген соң саған айналаңдағы адамдар да басқаша қарайтын болады. Олар үшін бір жыл өте кетеді, ал сен бір жылдың ішінде басқа өмір, басқа заңдылықтарды көріп келесің деп. Расымен, солай болып шықты. Өзгелердің сөзіне құлақаспаушылықты да әскер берді. Өзіңді тыңдау, өз шешіміңмен жүру.
— Әскерге барып келуіңнің өмірде пайдасы болды ма?
— Әрине. Қарапайым, шаш қоюым әскерден қалған. Бұрында егер шашымды өсіріп, Биланның шаш үлгісіндей етіп, экперимент жасауды ұнатсам, әскерде оны алып тастағаннан кейін, түрімнің өзгергені ұнап қалды.
— Бір жылдың ішінде уақытымды босқа өткіздім деген ойлар туындаған жоқ па?
— Барған соң, келгеніңе өкінесің. Не үшін келдім деген сұрақ тұрады. Бірақ уақыт өте келе дұрыс істегеніңді түсінесің. Бір жағынан саналы түрде, өз шешіміңмен барған соң бір жылым босқа кетеді-ау деген ой келмеді.
— Физикалық жағынан дайындалып бардың ба?
— Әрине, физикалық жағынан да, моральдық тұрғыдан да дайындалып бардым. Оған дейін де мен көп кітаптар оқып, қызығатынмын. Ал әскерде психологияның көмегі өте зор екен. Өйткені қиналып, не үшін келгендерін білмегендер де болды. Келгенде қалай келсе, қайтарда сол қалпында қайтты. Негізі бір факт бар — ер жігіттің азаматтық өмірде абыройы қандай болса, ол әскерде де солай қалады.
Карим, менеджер:
Оңтүстік Корея немесе Түркияда 1 жылдан 2 жылға дейін әскери борышыңды өтеу — Конституциямен бекітілген қатаң міндет; бізде ондай емес. Әрине, бұл менің сылтауым деп ойлап қалмаңыздар. Алайда, еліміздің әр ер жігіті әскерге бара бермейтіні тағы белгілі. Дәл қазір мен әскери тіркелуде тұрмын және де елімізде әскери тәртіп енгізілсе, 100% әскерге баруға дайынмын.
Университетті бітірген соң 2010 жылдың көктемінде маған алғаш рет әскери комиссариаттан шақырту қағазы келді. Дәл сол уақытта беделді батыстық компания мені жұмысқа қабылдады деген хабар келді. Көп ойланбастан, жұмыс орнымнан кейінге шегеру қағазын сұрап, бар күшімді карьерама арнадым. Осы үш жылдың ішінде көптеген маңызды жобаларда жұмыс жасадым, нарықта қажет байланыстарды таптым, үйлендім. Иә, 12 айдай әскери борышымды өтеп келуге мүмкіндік болды, алайда бар мақсаттарымды бір жылдық паузаға қоя алмадым. Соған қарамастан, елімізде әскерге барамын деген жігіттер жетіп асады, көбісі үшін «әскерге барып келді» деген қағаз мемлекеттік қызметке тұрып кетуге жақсы мүмкіндік.
Шыңғыс, Ash Қазақ Pro лейблі, рэпер:
Көптеген таныстарымның арасында әскерге барып, кейін сонда қайтыс болып жатқандар көп болды. Сол себепті әскерге баруға деген құлшыныс болмады. Алайда, әскери кафедрада оқып шыққанмын. Бір жағынан қазірде еліміздегі әскерге көптеген сындар айтылып жатады. Барып келген жігіттердің әскерден патриот болып қайтып келуі екіталай, меніңше. Олар онда Отанын емес, өздерін қорғап әлек болатынын естіп жатамыз. Отаныңа деген махаббатың, ең алдымен, жақсы азамат болуыңмен өлшенеді деп ойлаймын.
Физикалық жағынан бұрын каратэ, еркін күреске қатысқанмын. Қазір аптасына 2-3 рет жүгіріп қана қоямын.
Нұрлан, 2005-2007 ж.ж. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінде болды:
Әскерге Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу үшін өз еркіммен барғым келді. Бауыржан Момышұлы атамыз «Әскери қызмет дегеніміз — дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген.
Әскери өмір маған тәртіпке бағынуды, қиындыққа төзуді, жігерлі болуды үйретіп, өмірлік тәжірибе берді деп ойлаймын. Мен әскерде бір жыл емес, екі жыл қызмет еттім. Екі жылым босқа кетті деп өкінбеймін. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, ел басына күн туса екі жылымды емес, жанымды беруге дайынмын. Бір жыл босқа кетті деген сөз бе екен? Ол ердің емес, ездің сөзі ғой! Жыл өткен сайын осы сөзді айтып жүрген азаматтар көбейіп келеді...
Жұрт жадында сақталған аңыз, ертегі, даналық сөздерге зер салсақ — қай заманда да ер азаматтың міндеті елін қорғау болған, қазір де солай, келешекте де солай бола бермек. Сондықтан, өзін еркекпін деп есептейтін дені сау азамат Отанын қорғауға қашанда дайын болу керек. Осы себепті әскерге бару әрбір азаматқа міндет.
Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева,
Айжан Кәрібаева
Фото: Әлия Сембай
_________________________________________________________________________
Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді
_________________________________________________________________________