ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ
Түрік нәсілінен «Алаш — есімді бай һәм балалары көп бақытты бір адам Алаша ханның заманында мәшһүр адамдардан саналып тұрыпты. Сол заманнан қалған бір сөз бар: «Алаш, алаш болғанда, Алаш хан болғанда, таңбасыз тай енсіз қой болғанда» деген.
Алаштан екі бала туған — Сейілхан, Жәйілхан деген. Жәйілханнан Майқы би. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз бар. Майқы биден Өзбек, Сыбиян. «Өзбек аз ағам, сарт садағам» деген сөз осыдан қалған. Сыбияннан Айырқалпақтан Қазақ, Созақ. Созақтан Қарақалпақ.
Қазақтан үш бала туады. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Бұлардың әрқайсысылары бай һәм мәшһүр адамдар болған. Нәсіл, несіптері көп болып, тап-табымен барып Қаратау деген жерге шәһәр болып, бірнеше жыл отырыпты. Үлкеніне қараған елді «Ұлы жүз», ортаншысына қараған елді «Орта жүз», кішісіне қараған елді «Кіші жүз» деп атаған. Кәдімгі таудың арғы жүзі, бергі жүзі деген секілді. Мұнан біраз заман соң бұларға жеті жыл тұтас ашаршылық келген. Еңкейген кәрі, еңбектеген жас өле бастаған соң бұлар бас қосып, ойласып, тұс-тұсына бытырап күнкөруге әуелде таудың оңтүстігінде өзінің отырған жағына ұлы жүз, күншығыс жаққа орта жүз, кіші жүз өзінің отырған күнбатыс жағына әрқайсысы өзінің туған-туысына кетіп күн көрмекші болып, жиылып амандасып тараған. Бұл жиылып тұрған жерде бір өлеңші зарлық етіп, үш ауыз өлең айтқан. Сөздің басы осы:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Қара көзден мөлдіреп жай келеді.
Мына заман, қай заман, бағы заман,
Баяғыдай бола ма тағы заман?!
Атадан ұл, енеден қыз айырылды,
Көздің жасын көлдария ағызамын.
Мына заман, қай заман, қысқан заман.
Бақыт құсы басыңнан ұшқан заман.
Топырақ пен аспаннан шаң борайды,
Қаңтардағы күн суық қыстан жаман.
Бізге қысым көрсеттің қатты, құдай,
Қабырғама қара жер батты, құдай.
Жаяу жүрсем табаным ауырады,
Тым болмаса, бермедің атты, Құдай!
«Қаратау» деген өлеңді «Мен қазақ» деген заттың бәрінің білетін себебі осылайша-дүр.
Ұлы жүз Ақарыстан екі бала: Үйсін, Дулат. Үйсіннен төрт бала: Шанышқылы, Қаңлы, Ошақты, Іргенекті. Дулаттан төрт бала: Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс.
Орта жүз Жанарыстан жеті бала. Тарақты, Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ. Әр атаның баласы соңғыларын өздері білу міндет. Міне бұл жерде Қыпшақты жазамын. Жанарыстан Ақтымсопы онан Қыпшақ, онан Ақкөбік алып, одан Солым алып, онан Мүйізді сары абыз, онан үш бала: Қара, Құла, Сары. Қараның әулеті Қарақыпшақ атанады. Сарының әулеті Қытайқыпшақ атанады. Яғни қоныстары Қытай қолтығында болғандықтан, Құланың балалары Құланқыпшақ атанады.
Жоғарғы айтылған Қарадан Құланды, онан Тоқтар, онан бес бала туады: Бұлтың, Торы, Ұзын, Қарабалық, Көлденең.
Кіші жүз Бекарыстан Алшын туады, онан Алау батыр, онан Құдуар тентек. Ақылың болса, ала байтал соға шап деген нақыл осы кісіден қалған екен. Құдуардан екі бала: Қыдырқожа, лақабы «Бай», Қаракесек. Қыдырқожадан он екі бала Қыдырсиық, Бақытсиық, Сұлтансиық, Есентемір, Асық, Қызылқұрт, Масқара, Таздар, Алтын, Жаппас, Адай, Беріш.
Қаракесектен Әлім, Шөмен, Кете, Ожырай, Әлімнен Төртқара, Шекті. Шөменнен Аспан, Бозғұл: Тоқа, Көнен. Кіші жүзге қосылған жеті рулар: Жағалбайлы, Тілеу, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан.
Бұл Алаштың барлық қазақтың атасы екендігінің куәсі. Бұрын қазақ бөтен халықпен шектессе біреуі «Алаш» деген ұранды шақырса, бәрі бірыңғай болып, тез жиылып, тілек қосып қалады екен. Бұл сөздер — біздің бұрынғы кәрілерден естіген сөздер. Қадірі хал білгенімізді жаздық. Мұнан артық білушілер болса, білгенін ішіне сақтамас, халыққа жазып білдірер деп үміт етеміз.
К.Бәтішұлы, «Айқап» журналы, 1911 жыл №1
________________________________________________________________________
«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:
Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»
Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»
Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»
Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»
Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»
Әлихан Бөкейхан: «Ұят-ай»!
«Айқап» журналында әйел теңсіздігі мәселесі
«Айқап»: «Қазаққа алалық қайдан келді»?
Мұстафа Шоқайдың Әбубәкір Диваев туралы мақаласы
Л.Толстойдан: «Жұмыртқадай бидай»
Әлихан Бөкейхан: Дін таласы
«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы туралы материалдар
«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы тақырыбында
«Қазақ» газеті: «Соғыс һәм қымыз мәселесі»
«Айқап»: Топырағымыз алтын