«Сынның тууы — адамзат көркемдік ой-санасының бір адым ілгерілегендігінің айғағы»
Сағат Әшімбаев
Бүгін, яғни мамырдың бірі, «әдебиет — ардың ісі», «әдебиетке де тазалық керек» деп азаматтық позициясын айқындап кеткен белгілі публицист, сыншы, тележурналист, жазушы әрі қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың туған күні. Көпшілік жұртқа «Парыз бен қарыз» (1988-1989 ж.ж. шыққан) хабарының авторы ретінде белгілі Сағатхан ағамыз осы күнде тірі болғанда 66 жасқа келер еді.
Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген ол 18 жасында Алматыға келіп, филология факультетінде оқып шығады. Кейін бірден «Лениншіл жас» қатарына қосылып, төрт жылдан кейін, жиырма жеті жасында «Сын мұраты» атты алғашқы кітабын жарыққа шығарады. 1976 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, Қазақстан Жазушылар Одағының органы «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1979 жылы Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау ұйымы Қазақ республикалық бөлімінің бастығы, 1986 жылы Қазақ ССР Телевидение мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, 1990-1991 ж.ж. төрағасы болады.
44 жыл өмір сүрген Сағат Әшімбаев артынан «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» сынды кітаптар қалдырып кетті. Сондай-ақ абайтанушы ретінде де танымал болған Сағат Әшімбайұлы кейінгі журналист ұрпақтың есінде тоғышарлық атты «індетпен» күресуші күрескер ретінде сақталып қалды.
"Сағат - ақынжанды сыншы. Әдебиет әлемін түпнұсқасынан тани білер қырағылығына күмән-күдігіңіз болмасын!
Әдебиетші Әшімбаев, сыншы Сағат қашанғы дағдысындай өзіне сенімді һәм сергек" Әшірбек Сығай
"Қарымды телепублицист С.Әшімбаев жүргізген "Парыз бен қарыз" хабарының теледидар тарихындағы орны тым
бөлек. Қоғамдық сананың қалыптасып, ұйқыдағы ойдың оянуына, ұлттық сана-сезімнің сілкініске келуінде
ағартушылық-философиялық мәндегі бұл хабардың көтерген жүгі тым салмақты." Құдайберген Тұрсын
А.В.Луначарскийдің: «Ең тамаша сыншы сол, кім жазушыға бар ынта-ықылас, сүйіспеншілгімен қарай білсе» дегеніндей, өз заманының ғана емес, өзінен бұрынғы талай жазушыларға әділ сын жаза отырып, сол арқылы оқырманның жалпы әдебиетке деген құштарлығын арттырған Сағат Әшімбаевтың сын-мақалаларынан біраз үзінділер келтіре кетейік:
«Біздің әдеби атмосферада ұшырасып қалатын аурудың бір түрі бар. Ол болмай жатып, толдым деп тоқмейілсу, ілгерілеу жолы ізденіс екенін естен шығарып алу. Төлен мұндайдан аулақ болғай!» (Төлен Әбдіковтың «Көкжиек» атты тұңғыш әңгімелер жинағына жазған «Мұрат алды — ізденіс» мақаласынан).
«Бізде қайсыбір жағдайда таланттың тарпаң келетініне пендешілікпен осқырына қарайтын мінез бар. Мінезі „томпақтау“ кейбір ақындардың үлес-сыбағасын „мінезді“ үзеңгілестері алып кетіп жататыны онша қуанта бермейді». (Тоқаш Бердияров өлеңдеріне арналған «Өмірін өлеңмен өрген» мақаласынан)
«Сұлулық та сұлу сезім бар жерге ғана қоныс тебеді. Жұмыр басты пенденің бойында да өнер кірпішімен қалануға тиіс кетіктер болады, сол кетіктің бірі өлеңмен орнын толтырмайынша бос тұрады. Пушкиннің:
«...Ищу союза
Волшебных звуков,
Чувств и дум»
- дегеніндей, сезім, ой, сиқырлы дыбыс — поэзияны құрайды. Оны Абай:
„Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз“ деген». («Тағылымды дәстүр»)
«Ендігі бір көңілге сыймайтын, әсіресе ерекше тоқталып айтатын нәрсе — көлем мәселесі. Бізде қазір болсын-болмасын мән-мағынасыз көлем қууға әуестік, 30-40 беттің айналасында айтып тастауға, жазып шығуға болатын шырынсыз шылқыма жәйларды 100-150 бетке дейін ойсыз, орынсыз созушылық бар». («Сын мұраты» кітабынан)
Азаматтық позиция — айқындаушы күш
1
— Әдебиет стихиялық құбылыс па?
— Кешіріңіз, бұлай ойлаудың өзі надандық қой.
— Ендеше неге екінің бірі жазғыш болып кетті?
— Білмеген кісі у ішеді деген ғой...
— Сонда осы төпеп жазып жатқанның бәрі жазушы емес пе?
— Азаматтық позициясы жоқ адам жазушы емес!
— Ал оның өзін нақтылы қалай түсінуге болар екен?
— Әрине, ол қайсы біріміз қасаң ойлап жүргендей оп-оңай нәрсе емес...
2
Азаматтық позиция!..
Осы бір мәселенің сырына терең үңілмей сырт қарағанда көпшілігімізге-ақ оның сыр-сипаты әбден түсінікті сияқты...
Түсінікті болса әдебиеттің даму сипаты мүлде басқаша болар еді ғой...
Біз осы азаматтық позиция мәселесін кім қалай түсініп жүр екен деген ниетпен көптеген қаламдас, қанаттас жігіттермен әңгімелесіп те көрген едік. Шындығы сол бәрі де, «ой, оның өзі түсінікті нәрсе ғой» деп ә дегенде айтарын ашық айтса да, іле-шала күмілжіп, ойланып қала берді. Сондағы көзіміз әбден жеткені, көпшілігі-ақ бұл мәселені абстрактылы түсінетіндігін сөзімен болмаса да көзімен білдіріп алып жатты.
Ешнәрсе ешуақытта да тектен текке кеткен емес, кетпейді де! Сол сияқты көптеген ақын-жазушылар бойындағы азаматтық позицияның айқын еместігі, бұлдырлығы, тіпті қалыптаспағандығы мен жоқтығы салдарынан — бүгінгі әдебиет дамуына елеулі нұқсан келіп, көптеген кедергілер туып отыр.
Әдебиеттегі прогресс — кітап санының көптігімен, жазушы сапының көбеюімен, жаңа баспалардың ашылуымен өлшенбейді. Сандық көрсеткіш сапалық өсудің негізгі өлшемі бола бермейді. Ұлы Абайдың кезінде қазақ даласында бір баспаның болмағандығы, оның көзі тірісінде бір кітабы шығып, не бір өлеңіне қаламақы алмағандығы ақын ойының өлшеусіз өсуі мен дамуына ешбір кедергі жасамағандығы да ойланатын жәйт. Жалпы есте ұстайтын нәрсе, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық прогресс атаулы әдебиеттегі, сондай-ақ, рухани-адамгершілік дамудағы прогрестің кепілдігі бола алмайды. Қысқасы, әдебиет дамуы көркемдік құбылыстар ретіндегі үлкен-үлкен творчестволық жаңалықтармен әрі жаңашылдықпен өлшенеді. Жоғарыда айтқан Абай поэзиясы кейінгі әдебиет дамуына және азаматтық ой-сана өсуіне ерекше ықпал еткен. Бүгінде айрықша әсер етіп отырған және болашақта да солай бола беретін ұлы құбылыс-тын. Жасыратын несі бар, соншама ақын-жазушы сап түзеп самсап тұрған күннің өзінде жанымызға сәл жарықшақ түссе әлі күнге тек Абайға тұра жүгіріп, тек соған жүгініп жанымыз жәй тауып жүрген жоқ па?! Бұдан кейін де дәл осылай бола беретіндігі күмәнсіз жағдай екені анық.
Сонымен азаматтық позиция дегеніміздің өзі бір жағынан суреткердің қоғамдық-әлеуметтік зор тұлғасын танытатын парасаттылық, яғни елдік, ұлттық, адамгершілік үлкен мүдделерге қызмет ететін парасатты көзқарас екендігін баса айтқымыз келеді. Әрине, әдебиеттегі азаматтық позиция ұғымының аясы бұдан кең. Жоғарыда сөз болып жатқан азаматтық пен азаматтық позиция дегеніңіздің өзі айналып келгенде бір мәселе және бірінсіз бірі жоқ нәрсе. Азаматтық жоқ жерде азаматтық позиция қайдан болсын! Сондай-ақ азаматтық позиция үстемдік алған жерде азаматтық көзқарастың жеңіске жеткені, азаматтықтың күні туғаны деп есептей беріңіз.
3
Азаматтық дегенге орай мына мәселелерге де тоқтала кеткенді жөн көрдік. Мәселен, он тоғызыншы ғасырдағы орыс әдебиетінің айналасы жүз жыл ішінде әлемдегі ең ұлы әдебиет дәрежесіне көтерілуі себепсізден себепсіз бола салып па еді?! Оған сол кездегі ғылыми-техникалық ортанқол жетістіктердің болмаса, өндірістік-өнеркәсіптегі сылбыр дамудың ешқандай да қатысы жоқ еді. Өндіріс дегеннен шығады, Пушкин де, Тургенев те, Толстой да және тағы басқалардың ешқайсысы да бұл тақырыпта ештеңе жазбаған ғой. Сөйтсе де осынау ғасырдағы орыс әдебиетінің тіпті адам нанғысыз орасан зор дамуы мен ғажайып демеске болмайтын көркемдік табыстарға жетуі әлдеқалай ғайыптан пайда болған мифтік жұмбақ құбылыс емес-тін.
Бұл феноменальдық даму — тарихи көркемдік құбылыстың түп-төркіні басқада еді. Яғни бұрын-соңды ешбір елде және ешбір жерде кездеспеген ұлттық сезімнің жылдам оянып, азаматтық ой-сананың саналы түрде күрт дамуымен тікелей байланысты еді. Демек әдебиет дамуындағы шешуші факторлардың бірі ұлттық кемелденген сана-сезімнің құрамдас бөлігі азаматтық позиция деп есептейміз.
Біз әдетте сол кезде айтылған «ақын болу шарт емес, азамат болу парызың» деген сөзді жиі айтамыз. Алайда оның ішкі астарына көп мән бере бермейміз. Рас, нағыз ақын болу оңай емес және ешуақытта да оңай болмақ емес. Ал, мына сөз шын мәніндегі азамат болудың сол шынайы ақындықтан әлдеқайда ауыр әрі абыройлы, тіпті ауадай қажеттілік екендігін меңзеп тұрған жоқ па?! Сондай-ақ мұнда айтулы азамат бола білген адамның шынтуайтына келгенде ақын болмауы да мүмкін емес деген де ой қылаң беріп тұр. Некрасов осы сөзі арқылы кез-келген адамның бәрі бірдей азаматтық тұғырға көтеріле бермейтіндігі сияқты, ақынның да бәрі бірдей азамат атына лайықты бола бермеуі де мүмкін екендігін де айтып кеткендігіне күмәнданбайсың.
Мәселен, Толстой, Чехов, Достоевский үшеуінің өзі-ақ әлемдік әдеби-көркем ойдың дамуын даңғыраған даңғыл жолға салып берді. Бұл үшеуін ауызға алмайтын, олардың талантына тағзым етпейтін және әрқайсынан творчестволық тағылым көрмеген жазушы болуы мүмкін емес. Және бұлардың сыртында қаншама әдеби алыптар еңсе басып тұр, тіпті олар да тектен текке қарап тұрған жоқ. Оларды оқып тауысудың мүмкін еместігін былай қойғанда, санап тауысуға да аз уақыт кетпейді. Қазіргі әлем әдебиетіндегі «мода» боп жүрген мифтік немесе мифологиялық реализмнің түп-тамыры Н.В.Гогольден басталатындығы да айтылып та, дәлелденіп те жүр. Сондай-ақ батыс әдебиетіндегі «атышулы» экзистенциализм ағымының да арғы «атасы» Ф.М.Достоевский екендігі де әлдеқашан дәлелденген-ді. Л.Н.Толстой творчествосындағы психологиялық талдау әдісі әлем әдебиетіне жаңа бетбұрыс жасады.
С. Әшімов, Ә. Жұмабаев , Ә. Тәжібаев, Қ. Мырза — Әлі, О. Бөкей, Р. Сейсенбаев, Д. Әбілов, Қ. Тұрсынқұлов, Қ.Жорабеков
Бір сөзбен айтқанда, осы ұлы әдебиетті туғызған, мұратқа жеткізген азаматтық позиция дегеніміздің өзі, түптеп келгенде, онымен егіз ұғым, күрескерлік позиция екендігін еске сала кеткеннің ерсілігі жоқ шығар. Сондықтан да күрескерлік позицияның жоқтығы азаматтық позицияның жоқтығы деген сөз. Ал, бұл жоқ жердегі әдебиеттің дамуы да күмәнды екен. Мәселен, орыс әдебиетін әлемдік аренаға шығарған азаматтықтың құдіретін бүгінде құрлықтағы елдер әдебиеттерінің басынан да көріп отырғанымыз тағы да еріксіз ойлантады.
Айталық, XX ғасырдың екінші жартысындағы Латын Америкасы елдері әдебиеттерінің әлемдік әдебиет авансценасына шырқап шығуының себептері жоғарыда айтып өткен факторлармен ұқсас екенін көрер едік.
Бүгінгі Латын Америкасы әдебиеттерінің даму перспективасы айрықша болып отыр. Атап айтқанда, Латын Америкасы әдебиеттеріндегі революциялық рух, суреткерлік белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, гуманистік көзқарас, парасатты дүниетаным, қысқасы, осының бәрі келіп шығатын азаматтық позиция оны көркемдік-эстетикалық дамудың ең биік орбитасына шырқатып шығарып жіберді. Қазіргі әлем әдебиетіндегі лидерліктің тізгінін Латын Америкасының жазушылары ешкімге бермей отыр. Чилийлік Неруда, кубалық Алехо Карпентьер, бразилиялық Жоржи Амаду, аргентиналық Хулио Кортасар, венесуэльдік Мигель Отеро Сильве, колумбиялық Габриэль Гарсиа Маркес, гватемальдық Мигель Анхель Астуриас, мексикалық Карлос Фуэнтес, парагвайлық Аугусто Роа Бастос, перулік Марио Варгас Льоса және т.б. творчествосынсыз әлем әдебиетінің дамуын елестетуге болмас еді. Бұлардың қай-қайсысы да бұрын-соңды болмаған жаңа көркемдік құбылыс — творчестволық уникум ретінде әлем жұртшылығын әлдеқашан мойындатқан белгілі тұлғалар. Тағы бір елеулі нәрсе, соңғы қырық жыл ішінде Латын Америкасы жазушыларының төртеуі Нобель сыйлығының лауреаттары атанды. Бұл халықаралық ең жоғары дәрежелі сыйлықты 1945 жылы осынау регион бойынша алғаш рет чилийлік ақын әйел Габриэла Мистраль алған болатын. Одан кейін Мигель Анхель Астуриас, Пабло Неруда, Габриэль Гарсиа Маркес лауреаттық атақ алды. Осы фактінің өзі де қандай қорытынды жасауға да жеткілікті ғой дейміз.
Мынаған қараңызшы. Аргентинаның әйгілі жазушысы Хулио Кортасар өмірінің біразын Еуропада, нақтырақ айтсақ, Парижде өткізген адам. Ал шығармаларының негізгі пафосы Латын Америкасындағы шектен шыққан қиянатшылдық пен теңсіздікті, диктаторлық режимді әшкерелеуге арналған. Жасы жетпіске таяп қалған, оның үстіне денсаулығы да шамалы, өзі эмиграцияда жүрген аргентиналық Хулио Кортасар өзінің көп уақытын, беделін, қаламақысын Никарагуа мен Чилидің саяси тағдырына, Уругвай мен Парагвайдың әлеуметтік проблемаларына қатысты Еуропада әртүрлі халықаралық масштабтағы үлкен-үлкен шаралар ұйымдастыруға жұмсапты. Хулио Кортасар 1984 жылы алпыс тоғыз жасында Парижде қайтыс болды. Осыған орай Парижге жедел ұшып келген Никарагуаның Ішкі істер министрі, жазушы Томас Борхе марқұм қабірінің басында сөз сөйлеп: «Енді біздің мұңымызды Еуропада кім жоқтар екен... Амал не. Кортасар өзі кеткенмен бізге өзінің азаматтық позициясын тастап кетті. Біз соны жалғастыруға тиіспіз», — депті.
Хулио Кортасар
...Айтайық дегеніміз «ерінбеген етікші боладыға» салып жалпылама жаза бергеннен шын мәніндегі шырайлы көркем шығарма тумайды. Нағыз әдебиет туындысы белгілі бір көркемдік эстетикалық, философиялық заңдылықтардың негізінде, азаматтық үлкен ойдан, терең парасатты дүниетанымнан, әлеуметтік қажеттілікке жауап ретінде адамгершілік қажеттіліктен туады! Демек, белгілі бір заңдылықтар мен қажеттіліктен тыс әдебиет те жоқ! Сондықтан да дәуір, уақыт, ұрпақ, ар-ұждан қажеттілігіне сай, өз мезгілінде, нақтылы моментке сәйкес тумаған дүниенің де ғұмыры онша ұзаққа бармайтындығы мықтап ескермеске болмайды. Өз мезгілінде деген сөзді өз уақытынан не ерте, не кеш мағынасында қолданып отырмыз. Мәселен, «Абай жолы» мен «Көшпенділер» мезгіл мен мекен тұрғысынан дер кезінде туғандығымен де құнды дүниелер. Алғашқы тетрология 70-80 ж.ж. жазылса, басқаша бағаланып, басқа жағынан қабылдануы әбден мүмкін еді. Өйткені бұл кезеңдегі рухани сұраныс пен қажеттілік те, уақыт проблемасы да мүлде басқаша екендігін ұмытпаған жөн. Ал екінші тетрология 30-40 ж.ж. жазылған болса, уақыт рухына келмеуі де мүмкін екендігін несіне жасырамыз. Сол сияқты «Адамға табын, жер енді» мен «Мен қазақпын» сынды даңқты дастандар алпысыншы жылдардың рухын тап басқандығымен тарихта қалды. Бүгінде сол кезеңге жарасқан сол стильмен жазудың ешкімді селт еткізбейтіндігі анық.
«Оянған өлкенің» екінші кітабын автор сонша созды, жұрт та соншама тосудан жалыққан жоқ. Ақыры не керек сол көптен күткен күн де келіп жетті-ау. Оқушы қолына алдымен романның журналдық нұсқасы тиіп те үлгерді. Алайда, оқушы қауымның «Жат қолынданы» қабылдау реакциясы, шынын айту керек, өте жоғары болған жоқ. Одан гөрі «Ұлпан» шыққан кезде жұрт мәре-сәре болып қалып еді. Ертеректе жоғарыдағыдай жағдай М.Шолоховтың жазылуы ұзаққа созылған «Олар Отан үшін шайқасты» романына да байланысты болып еді. Біздіңше, мұның өзі дер кезінде айтылмаған жақсы сөздің де басқаша әсер беретіндігіне ұқсас па дейміз. Екіншіден, бұдан классиктер жазған шығарманың өзі де мезгіл мен мекен (время и пространство) заңдылығын аттап өте алмайтындығын көруге болады. Сондай-ақ бізге Ә. Нұрпейісовтың соңғы романы «Сеңде» қойып отырған проблемалары жағынан өз мезгілінен он, он бес жыл кеш туған болып көрінеді де тұрады." («Шындыққа сүйіспеншілік» кітабынан)
Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева