ТОПЫРАҒЫМЫЗ АЛТЫН
Біздің қазақта бір жаман мінез бар, мал болса болғаны сол малдың төліменен байимын дей, діңкесі құрып жүргендері, бұл кәсіптің де пайдалы екенін білмей ме? Болмаса, біле-көре-ақ кәсіп істегісі келмей ме? Болмаса, баяғы белгілі ата-бабасынан қалған сүйекке сіңген жалқаулық па?
Сол өздерінің жақсы көретін малы қайдан шығады екен. Ойлап келгенде мал да сол кәсіптен шықса керек?! Қаншама көп жерге ие болып, ен даланы игере алмай меңгере алмай жүрген уақытта жалғыз малдың артынан кетемін деп қанша мың, миллион пайдадан құрып қалған, әрі айт та, бері айт баяғы надандық, жалқаулық. Аяғының астында жатқан алтынды алып, пайдалана білмегендері, міне осы күнде кім пайдаланып отыр. Бір қарасыз неше мың шықырым жерден шұбырып келіп, жерге ие болып, бір-екі жылдың ішінде соқалық өгіздер, сауын сиырлар һәм мінер аттар тауып алып отырған жоқ па? Осы қайдан шығып отыр. Енді топырақ алтын емей немене? Мен мұнан бұрын да бірлі-жарым айтқан сияқты едім. Жер бір десятинасынан әр жыл жақсы істелгенде елу сом, жүз сом табуға болады деген едім. Бұл сөз жалғыз өзіміздің халдарымызға қарап айтылған сөздер ғой. Бірақ басқа жұрттар біз айтқан дәрежеден артығырақ пайдаланады. Анығын айтқанда мұнан бірсыпыра жылдар бұрын Әулие-Атаға сапар қылғаным жолда бір мұжық саудагерге түсуге тура келді. Ол орыс иен даланың ортасында өте әдемі үйлер салып һәм бақшалар егіп тұрады екен. Көп мал һәм көп жылқысы бар. Бұларға дөңгелетіп қоралар жасатып қойған. Мұнан басқа не керек саймандардың бәрі де даяр. Мен бұл орыстың мұндай иен жайылымда қанша ақша шығарып отырғанын көріп, әлбетте бұл бір үлкен шәһерден келіп, асқан байлығымен бұл жерге сайран қылу үшін жаз ғана келіп, отырып кететін шығар деп ойлап едім. Бұл ойым шүбәлі ой болғандықтан өздері жақын арада кетпекші болса да оларды біз екі күнге дейін өтініп, танысып сөйлеуге кідірттім. Мен өздерімен әбден танысып болған соң, орыстан қағылшаң шөл далаға қаншама шығын қылудан не пайда шығады деп сұрадым.
Орыс:
— Әй, господин! Біз бұл ақшаны жанымыздан шығарғанымыз жоқ, ақшаны осы жердің өзінен шығарып, өзіне жұмсадық. Біз бұл жерге келгенімізде ат-арбадан түк те жоқ еді.
Мен бұл жерге келгеніңізге неше жыл болды? Қанша ақшаларыңыз һәм мынадай мал-мүлік, үй-үйлеріңіз бар ғой, — дедім.
Орыс:
— Бұл жерге келгенімізге тоғыз жыл болды. Келгенімізде бұл жерде еш пана жоқ еді. Бізді бұл жерге хүкімет алып келіп, бір пар өгіз, екі жүз сомға жақын ақшамен тастап кетті. Біз содан бұл жерге қос тігіп (балаған) отырдық. Бізге хүкімет он бес десятинадан жер беріп еді. Біз келіп сол жерді алғанымыздан бері қарай, жеріміздің он десятинасына тұқым шаштық. Ол жылдар жаңбыр болмады. Жылдың реті солай болса да екі жүз пұтқа жақын тұқым бидай алдық. Жаңбыр жақсы болғанда бидайды мұнан да мол алар едік. Екінші жылы өзіміздің жерімізге һәм жанымыздағы қазақтардың жерін жалдап алып бидай шаштық. Екі десятина жерді үй салуға, бақша егуге қолайладық. Ең әуелі бидай салатын амбар салдық. Неге десеңіз, біздің әдетіміз егінімізді қырманға салып басып алған соң, жылдам басылысымен базарға апарып сатамыз. Сатылғаннан қалғанын амбарға салып қойып, базардың пұлды кезін байқаймыз. Сондықтан бізге ең әуел амбарымызды жақсылап салып алдық, — дейді.
Мен биыл қанша бидай алдыңыз? — деп сұрадым. Орыс биыл өзіміздің һәм қазақтардан жалдаған жерлерден бес жүз батпанға жуық бидай алдық. Ұзын сөздің қысқасы мынау: — Қазірде әр жыл бес жүз, алты жүз пұттан астық аламыз. Һәм бақшамызда егілген жемістерден мың сомдық жеміс сатамыз. Және бұлардың үстіне алпысқа жақын қара мал, жиырмаға жақын аттарымыз бар, күнелтуімізден он есе артық дейді.
Сонымен сөз бітіп, біз ол жерден қозғалып жүріп кеттік. Кешке жақындай бергенде бір қазақтың үйіне қонуға тура келді. Манағы мұжықтың малын қазақтар қайдан көрсін. Бір үлкен ауылда дәнеме жоқ, ауылда кедейлік, ластық соншама дәрежеге жетіпті. Бұл халдарды көрмеген адам нанбас еді. Сол ауылда біраз кідіргендігімнен қазақтың халдарынан бірсыпыра сұрастырып білуге тура келді. Маған танысып сөйлескен қазақтың сөзіне қарағанда олар сол жерде жиырма-отыз жылдан бері қарай тұрады екен. Салған әдемі үйлері жоқ. Қыста бір кішкене ғана землянканың ішінде ғұмыр өткізеді екен. Қазақтан сіздің жерлеріңіз қанша деп сұрадым.
Қазақ:
— Даланың барлығы біздікі, — дейді.
Мен:
— Қанша астық егіп, қанша бидай соғып аласыз? — деп сұрадым.
Қазақ:
— Кей жылы егеміз, кей жылы тіпті екпейміз. Еккен жылдарымызда бір-екі батпан тұқым шашамыз. Он бес-жиырма батпан бидай аламыз, — дейді. Мен бұлардың мұндай қайғылы халдарын көріп қапа болғандығымнан сөзді ұзаққа созбадым.
— Ал енді оқушы мырзалар, бұл қазақ пенен мұжықтың халдарын ойлап байқаңыз, біздің шариғатымызда жалқаулық ең жаман нәрсе. Бізге шариғат әр уақытта әрекет қылып, кәсіп табуға қосады. Бұл қазақ сол иен жайылым жерде өніп-өсіп неге қолындағы бар жерін пайдалана алмайды екен? Әнеки мұжық қандай алыс жерлерден келіп, он жылға жетпей сонша байып жатыр. Әлбетте, мұның жауабы оңай еш жерімізде бір нәрсе шығарып, пайдалануды өзімізге тиісті деп білмей, басқалардың дайындап берген нәрселеріне ие болу, бізге әдет-ғұрып болып кеткен. Біз бәріміз де ақшаны жақсы көрсек те табыс жолдарын білмейміз. Кейбір білген кісілеріміз болса, жалқаулықтың кесіріне душар болып, қарнын сипап жәй жатуды өздеріне бір дәреже көріп, қымбатты өмірлерін бекершілікте өткізуде.
Енді қазірде ол замандар қалды. Жаз демей, қыс демей егіншілеріміз жеріне жабысып, басқа халықтармен нәрселерімізді базарға бірдей шығармасақ, халымыз нашар. Бізден басқа халық дүниеде өздеріне тиесілерін білсе, өлместей қимылдап «жер біздің пайдамыз үшін жаратылған» деп қолын сыбанып, шын көңілмен іске кіріседі. Әлбетте, бұл егіншілік бір ғажап іс. Неге десеңіз, кей жылдар жақсы шығып, кей жылдар шықпай қалады. Әлбетте бұған қарап болар ма екен я болмас па екен деп қарап жатқан кісілер ақырында қарап қалар. Әлбетте тәуекелменен іс бастағандар ешбір уақыт қор болған емес. Неге десеңіз, алла тағала хазіреттері өз сөзінде:
— Әркім алла тағалаға тәуекел қылып іске кіріссе, ол кісі тәуекелімен мұратына жетер! — деп айтқан. Біздің түрлі қиялдарымызбен қарап жатқандығымыздың жақсы еместігін көрсеткен.
Мен бұл мұжық пен қазақтың халдарынан мысал көрсету үшін ғана жаздым. Кей адамдардың көңіліне келгендері болар. Бірақ бір кісінің халы менен басқалардың халын жанастырмақ дұрыс емес. Егерде бұл сөзімді көңіліне алған кісілер далаға саяхат қылып, ғибрат көздеріменен қараса, әлбетте бұл сөздердің растығына ден қояр еді. Біздің өз арамыздан заманға ылайықты егіншілік қылған кісілеріміз де бар. Бұлардың халдары алхамділла жақсы.
Ақырында ақтара қарап, төңкере ойлай келгенде әлгі егінменен күн көрген егіншілеріміз жазы-қысы бірдей істеп, басқа халықтардан да әрі өткізіп жібереді. Бұлардың халдарын кейінге қалдырып, егіншілеріміз топырағымыздың алтын екендігін білдіреді, — деп сөзімді бітіремін.
Бір кісі, «Айқап» журналы, 1914 жыл №1
________________________________________________________________________
«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:
Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»
Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»
Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»
Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»
Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»
Әлихан Бөкейхан: «Ұят-ай»!
«Айқап» журналында әйел теңсіздігі мәселесі
«Айқап»: «Қазаққа алалық қайдан келді»?
Мұстафа Шоқайдың Әбубәкір Диваев туралы мақаласы
Л.Толстойдан: «Жұмыртқадай бидай»
Әлихан Бөкейхан: Дін таласы
«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы туралы материалдар
«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы тақырыбында
«Қазақ» газеті: «Соғыс һәм қымыз мәселесі»