Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшілері осыдан бір жыл бұрын қалың жұртшылықтан «Дүниеге үшем келді!» деп сүйінші сұрап, қазаққа ортақ қуанышпен бөліскен еді. Бұл - облыстық перзентханада соңғы сегіз жылда қуанышты оқиға еді. Батырхан және Ольга Нұрғазиндердің отбасында шекесі торсықтай үш ұл бала дүниеге келді.
Ольга Нұрғазинаны батыр ана деп атауға әбден құқылымыз. Себебі, үшемді дүниеге аман-есен әкелу нағыз ерлікке пара-пар дүние емес пе? «Алғашқы рет ауруханаға қабылдауға келіп, дәрігердің «Сізде үшем болады» деген сөзін естігенде, әрине, біраз қобалжыдым. Құдайдың жазғаны ғой. Қуанышымда шек болмады», - деп алғашқы әсерімен бөлісті анасы. Бір ана құрсағынан туған үш ұлға Аңсар, Әнуар және Арлан деген есімдер берілген. Ольга мен Батырханның шаңырағында үшемнің үш жасар ағасы Санжар болса, анасына қолқанат, бауырларын ойнатуға жарап қалған.
Ана болу бақытына ие болған 23 жасар Ольга болса, құрсақ көтеріп, қазақтың санын көбейтуге әзір екенін жасырмайды. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ана атты құрметті атқа ие болып отырғаныма қуаныштымын. Мен үшін ана болудан артық бақыт жоқ. Болашақта, қыз сүйсем деген арманым да жоқ емес», - дейді О.Нұрғазина.
Баспана демекші, қазіргі кезде Батырхан мен Ольга жалдамалы екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. «Көп тілегі – көл» деген сөз бар. Осыған орай, еліміздің демографиялық ахуалына қомақты үлес қосқан Нұрғазиндер отбасы баспанала болса деген тілек қана бар