Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Шетелге саяхат: Кипр

$
0
0

Кипр — бір кездері Жерорта теңізінде өмір сүрген көптеген ұлттардың мәдениеті мен дәстүрінің көп ғасырлық симбиоз. Бұл араласудың нәтижесінде аралда ерекше тарихи, архитектуралық мирас жиналған. Мысалы, аралдың батысындағы Соли мен Вуни хандарына салынған сарайлар, астана Лефкошадағы (Никосия) Арабахмет Паша мешіті, ежелгі Саламис қаласының орыны, ең шығыс нүктесіндегі Апостол Андрей шіркеуі, т.б. — бұлардың барлығы бізге адамзат дамуының IX мыңжылдығынан көрініс береді.

Бәрін де ретімен баяндайық.
Егер ағылшын не түрік тілдерін оқимын десеңіз, Солтүстік Кипрге арнайы курстарға баруға болады. Біз CIU университетін таңдадық. Ол Лефкоша сыртындағы үлкен территорияны алып жатқан түгелдей бір қалашық-университет екен. Айтпақшы, біз алғашқы рет жаздық курстарға қабылдаған Қазақстаннан келген студенттер болдық.

Алғашқы әсер

Самолет баяу қона бастағанда, менің бірінші ойым — ауылға келдік. Өйткені төбеден қарағанда мегаполистерге үйреніп қалған біздерге арал нағыз ауыл сияқты көрінді. Бірде-бір биік, тығыздалған ғимарат жоқ, тек қана жапан дала, табиғат және көк теңіз. Ал аяғымыз Кипр жерін басқанда, ыстық ауа бетімізді қарпыды. Маусымның аяғы, температура 35-40 градус. Күтіп алушы координаторлардың бірден ескерткен 2 жайы: Кипрда басыңды күннен қорғайтын бас киім мен қолыңнан су тастамау. Кері жағдайда сусап қаласың.

Бірақ жайлы университет орны, кешкі самал, таза ауа бірден өзіне баурап алып кетті.

Экскурсиялар

Экскурсия жағынан CIU бізді әбден еркелетті. Келесі күні алдымен ешқашанда ұйықтамайтын, шаттық энергиясы әрқашан тасып жататын порт-қала Кайренияға суға түсуге бардық. Кипрліктердің өздері Бешпармақ таулары мен көк теңіздің ортасында орналасқан Кайренияны Жерортаның кішкентай қызы дейді. Бірде ойнақы, бірде жұмбақ. Бірақ әрқашанда көз тартарлық сұлу.


Екінші есте қаларлық экскурсия готикалық архитектураның жарқын үлгісі — Беллапаис. Кипрлықтар өздері атағанда сондай әдемі сөз. Ол негізі француз тілінде «Аббе де ла паикс», яғни «әлем шіркеуі» дегенді білдіреді. Бұл монастырь/шіркеуде алғашқы болып 1187 ж. Салахаддин Аийоубидің Иерусалимді жаулап алғанынан кейін Палестинадан көшкен Қасиетті Августин Орденінің сопылары тұрақтапты. Шіркеудің негізгі бөлігі 1198-1205 ж.ж. француз королі ІІ Хьюдің бұйрығымен салынған. Ал арал Осман Империясына өткенде, монастырь Кипрдің Православтық Шіркеуіне берілген.
















Сұлтан Селим мешіті. Арнайы Саламистен әкелінген Пентеликс мәрмәрінен тұрғызылған көрікті собор әлі күнге дейін дәл 1326 жылы архиепископ Джон де Полоның салған кезінен өзгермеген. Ғимарат басында француздық Лузинья династиясы корольдерінің кафедралдық соборы болған. Ал қазірде Солтүстік Кипрдің басты мешіті, астанасы Никосияның дәл ортасында орналасқан. Латис Шығысы мен Осман мәдениетінің үйлесімін көрсететін, XIII ғасырдағы Францияның үздік құрылысшыларының салған шедевры архитектуралық эстеттердің құмарын бір қандырады.












Гюзельюрттегі апельсин фестивалі. 1977 жылдан бастап өтеді екен. Алматы алма Атасы секілді, Кипр, дәлірек айтқанда, Гюзельюрт қаласы апельсиндерімен танымал. Фестиваль кезінде дәстүрлі ән-би концертін көрдік. Онда көптеген ұлттар өздерінің дәстүрлі өнерлерін көрсетіп жатты. Түрлі жәрмеңкелерден сыйлықтар алып, ойын ойнадық.

Алтын жағажай. Расында мұндай мөлдір суы мен километрлік алтын құмдай жағажайлары бар Жерорта теңізі жерін көрген жоқпын. Аралдың шығыс бөлігі Фамагуста мен Боаз қалаларының ортасындағы Карпаз «алтын жағажай» аталады. Үлкен қонақүйлер мен ауыр техника, асфальт тимеген жалаң табиғатқа арнайы қорғау енгізілген.




Қасиетті Иларион қамалы. X ғасырда салынған қамал. Тарихы да айналасындағы аңыздары да өте көп. Соның біреуі, мысалы, бұл қамалдың көрінісі Уолт Диснейдің «Белоснежка және 7 гном» мультфильмінің анимациялануына түрткі болған. Және де жалпы Дисней мультипликацияларының көбісіндегі қамалдардың прототипі екен.












Антикалық Саламис қаласының орны. Бұл археологиялық үйінділерден: гимназиум, монша, антикалық театр, римдік вилла, Зевс шіркеуі, т.б. қалған. Гимназиум, мысалы, б.з.д 205-180 ж.ж. басқарған V Птоломейдің кезінде салынған. Оған кіре берісте үлкен қоғамдық дәретхана (44 адамдық) сақталыпты.







Гирне қаласынан бір естелік)

Адамдар

Кипрліктер түрікше сөйлейді. Алайда өз диалекттері бар дейді. Арал болғаннан соң оның тұрғындары да сәйкесінше байсалды, жайлы, өмірлік проблемаларға аса бас қатыра бермейтін, күнделікті тамақтары мен теңізге түссе болғаны. Бірақ сондай қонақжай. Тіпті бұл өңірге 1827 жылы келген Чарльз Фланкландтың өзі олардың қонақжайлылығы туралы тебірене жазған екен. Кипрлықтардың дәстүрлі күтуі — кішігірім кофеханалардағы кофе ұсынулары. Бекерден кез келген кипрлық «бір ішілген кофе кесесінің 40 жылдық достығы бар» демейді. Егер мұнда сізге арнайы шақырылып кофе ұсынылса, ол шақырушының достық пейілі мен жомарттығының белгісі болады.





Қызықты бір жайт

Кипр аралы солтүстік және оңтүстік болып екі мемлекетке бөлініп жатыр. Солтүстігінде түрік-кипрлықтар тұрса, оңтүстігінде гректер тұрады. Ал екі мемлекеттің астанасы бір — Никосия. Қаланың дәл ортасында, базар аралап жүріп, кедендік линияға тап болуға болады. Линияның ар жағынан сізді өткізбейді, бөлек виза керек. Дәл сол арада тұрып, екінші жаққа бір топ қазақ болып қарайлап тұрған біздерге грек жақтағы кедендік кеңседен кенет бір әйел жүгіріп келе жатты. Бұл әйел неге дәл бізге жүгіріп келе жатыр, бір нәрсе дұрыс емес пе деп тұрғанда: «Қазақтааар!» деп жаңағы әйел дауыстады. «Бауырлар, қалайсыңдар?» Біз аң-таңбыз. Қасымызда тұрған апайымызды құшақтап жатыр. Сөйтсе ол әйел бір кездері Қазақстанда тұрып, оқыған екен. «Шымкенттенмін ғой» деп қояды. Солай тіпті кішкентай аралдағы кедендік линиядан да бізге жақын тартатын адамымызды таптық.








P.S фотолардың сапасына аса мән бермеңіздер, саяхаттарыңыз әрдайым сәтті өтсін!

Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>