Наурыз мейрамының жуықтауы тақырыпты
Март келді. Табиғат қыстан шығады. Ызғарлы суық бәсеңдейді. Әуеге бір орташылық, жанға бір кеңдік келеді. Күншығыс халқының сүйкімді жанын майдалығымен сипаған әдемі күндер, жан-жануар, шөптерге жан беретін ауа мен сәулелер һәм нұрлар келеді. Күншығыс мұсылмандарының, әсіресе, Кавказ арты мұсылмандарының ардақты игі мейрамы наурыз жуықтады.
Наурыз. Атынан да белгілі жаңа күн. Бірақ бұл марттың тоғызы біз үшін шынымен жаңа күн болып жетер ме?
Қорқынышты соғыстың қанды уақиғалары, ұлт арпалысуының жексұрын кейістері табиғаттың ең әдемі бір күнін мейрамға арнаған біздің әлемге де аз бәле, аз қайғы келтірген жоқ.
Сорлы діндестеріміздің, шабылған бауырларымыздың Кәріс һәм Ардаһан тауларында көрген кейістік бейнеткері, әттең олардың көрген кейістік бейнеттерін, душар болған сорлылықтарын мүмкін болса еді, барлық анықтамаларымен кестелеп келістіре алсақ, сонда газетамызды оқушылар мейрамға емес, қара киіп қайғыға түсер еді. Құр жалғыз қайғырудан не шығады? Бастан-аяқ дерегі мағлұм болмаса да еміс-еміс бізге келген хабарлардан аңғарамыз, Түркия шекарасында соғыс майданы болған жерлердің мұсылмандары бәлеге душар болған. Еркектер туралған, әйелдер бет-бетімен қайда болса сонда қашқан, бала-шағалар тау-тас арасына бытырап кеткен, қысқасы бұлардың тұрағы күл талқан болған.
Сорлылыққа душар болған жерлерден жан-жаққа босқан сорлылар сондай халге келген, суыққа қарсы тұру түгіл, әйелдердің басында жаулықтары да жоқ. Қашқындар аш, жалаңаш, ділгер. Ділгерлік шарасынан асқан. Бұл ділгерліктерді атқару үшін мейірімді көңілділік, онан соң мол жәрдем керек. Бұл күнге шейін жамиғат, қайыр арқылы жиылған жәрдем ақша бар болғаны 25 мың шамасында. Сарықамыстан Кірбылай аға бала Қылиев пен доктор Мұхамет Риза аға Өкиев және бұларының телеграмм арқылы сұрауларына қарағанда олардың сұрағанын жіберу үшін кемінде он бір мың сом ақша шығару тиіс. Басқа жерлердің ділгерлері Сарықамыстікінен көп артық. Бұл жерлердегі ділгерліктерді атқару үшін мыңдар емес, жүз мыңдар керек.
Жұртымызға сенеміз, бұл ділгерліктің атқарылуы үшін қолынан келгенін аямас. Көріп тұрмыз, Россиядағы мұсылмандар арасында Кавказдағы сорлылық хабарлары бір жанашырлық туғызған. Бұл жанарышлықтан пайдалана білу, бір пайда шығару керек. Мінеки, жуырда мейрам келеді. Білеміз, көп кісі осы күннен-ақ мейрам қамын жеп жатса керек. Бірақ мынау ескерілсін. Адамшылық, мұсылмандық һәм ағайындықты сезіп, бауырмалдық қызуымен жанданған бір кісі мұндай қанды жылда, ұлтының, отандасының басына мың түрлі бәле келген бір заманда қалайша шат көңілмен мейрам алсын.
Мейрам – ұлттың жеке-жеке болған мүшелерін біріктіріп бір денедей қылып қосатын бір дәнекер. Мейрам болған соң тірі бір ұлт бір адам секілді дайын бір сезімге ие болу керек. Наурыз мейрамы да мұндай мейрамдардың біреуі. Бұл күнді мөлшерлі бір ауданға алсақ, барлық Кавказ арты өзін бір адамдай көріп барлығы сүйінер, қуанар, табиғатқа қарсы жымыяр, бірақ Кавказ арты бұрынғыдай бұл мейрамда да сүйінер ме?
Әрине, қалай сүйіне аламыз бұ күнгі күнде мыңдаған мұсылманның айдалада сорлы болып тентіреп жүргенін естіп отырмыз. Өзінің ардақтаған балаларын қасына жиып мейрам үстелінің айналасында көңілі шат болып отырған бір үйдің іші көп арасы керек жер емес шабылған талай үйдің ішін ұмыта алар ма? Былтырғы наурыз мейрамында қуанышы қойнына сыймай өз жайында отырып, бала-шағасымен күліп ойнап оразасын үйлерінде ашқан бір қатын биыл жетім қалған балаларына, «апа, қарным ашты» деп мұңайып тұрған қозыларына қарап екі көзінен жасы ағып мөлиіп паналауға бір қуыс, жылынуға бір киім, жеуге бір сынық нан таба алмай сандалып жүргенін естен шығарып жібере алар ма? Көңілінде мұсылман иманы, түрік қаны болған кісі балаларына мейрам киім кидіргенде арқасындағы жүгін жеңілдету үшін жас балаларын омбы қардың ортасына тірілей көміп, «Құдайға тапсырдым, қозым», деп бетінен бір сүйіп қашқан қояндай сорлаған қашқындарды ескермес пе?
Жарайды, мұнан кесірлі болып келген бір мейрамды қоя тұрайық. Биылғы мейрамымыз ың-шыңсыз өтсін. Бұ биылғы мейрам сыртқы өтірік алабажақ безектерден құралақан болсын. Немізге жетісіп мейрам қыламыз. Оның орнына бұ мейрамымыз ішкі шын безекпен әдеміленсін. Сорлы болған бауырларымызға жәрдем қылумен.
Айтайын деп келе жатқаным, ей бауырлар, биылғы мейрамға ұстайтын ақшаңызды соғыста шабылып қалған мұсылмандар үшін беріңіз. Беріңіз де біліңіз түрлі астар, тәтті жемістер үшін беретін бұл пұлдарыңыз қатқан нан түгіл, арпа кебегін таппай жүрген аштарды тойғызбақшы. Бір ақын талған бір жүректі тірілтуді мың қажеттен артық көрген екен. Рас, пәлеге душар болған бір сорлы қашқынды киіндіріп, тойындыру мың мейрамнан артық. Сыбайласының науқасын көргендерге салынып өз кәйпін бұзбаған кісілер білу керек, олардың кәйпі де тез бұзыла білер.
Діндестерінің жылаған көздеріне жаны ашымаған кісілер, өз көздерінің мықты болуына тіпті иланбасын.
Шаттық мейрам күндерінде бәлеге душар болған кейіс бейнеткер тап болғандарын ұмытқан бір ұлт, анық білсін, түпкілікті бір мейрам жүзін көруден бос қалар.
Анық бір наурыз еліміздің салтынан болса, биылғы наурызға ұстайтын ақшамызды Кәріс һәм Ардаһан соғысында шабылғандарға берейік.
Шын бір мұсылман, мейрамды бір адам үшін бұл ең салтанатты мейрамның беретін қызығынан мың есе артық бір рухани қызық берер.
М.А.Расул Заде, «Ықпал». Тәржімә еттім Ж.Жәнібеков.
Қазақ, 1915, №110, 9 март