Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Айдос САРЫМ, саясаттанушы: Қазақ блогерлерінің болашағы жарқын, олар үлкен күшке айналып келе жатыр!

$
0
0

Наурыз айының 23-24 күндері Шымкент қаласында қазақтілді блогерлердің кезекті құрылтайы өтеді деп жоспарлануда (бұл жайында толық ақпаратты мына жақтан біле аласыздар). Шараға тек блогерлер ғана емес, сонымен қатар саясаттанушылар, журналистер, IT-мамандар т.б. қатысады деп күтілуде. Әлі де болса еліміздің әр аймағынан қатысамын деушілердің саны күннен күнге артып жатыр. Блогқұрылтайдың бағдарламасы да дайын тұр.

Бәрін айт та, бірін айт, қазақ блогерлерінің бүгінгі хал-ахуалы жайында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ағамызбен сұхбаттасқан едік...

Айдос аға, сізді Шымкент қаласында өтетін блогкэмп, яғни блогерлердің құрылтайына қатысамын деуші көпшіліктің тізімінен көрдік. Амандық болса келесіз ғой?

- Иә, амандық болса барғалы отырмыз.

Құрылтай өткен жылы Астана қаласында болған еді. Бірақ сізді де, басқа саясаткерлерді де көрмедік. Осы жылы қатысуға неліктен қызығушылық танытып отырсыз?

- Өткен жолы Астана қаласына бару ниетте болған. Өкінішке орай белгілі бір жұмыстарға байланысты жолым түспей қалды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біраз белсенді азаматтар қазақтілді сайт редакторларының конференциясына қатынастық. Сонда да жақсы ұсыныстар айтылды. Соңғы кезде қазақ интернетіне деген көзқараз өзгеріп жатыр. Бірігіп, жұмыстанайық деген секілді көкейімде айтатын әңгімелерім бар. Соның барлығын алдағы құрылтайда жеткізіп қалсақ деген үлкен үміт бар.

Қалай ойлайсыз, қандай да бір проблеманы немесе шешімін таппай келе жатқан мәселелерді блогерлер айтарлықтай шулатып көтеріп жібереді деп біздің биліктегілер сескене ме?

- Бүгінгі таңда ресми, бейресми жиындарда айтылып жүрген әңгімелерді естіп жүрміз. Өткенде мемлекеттік хатшының да не дегенінен хабардарсыздар. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазір қазақстандық блогерлер басқа елдердегі блогерлердей мықты болмаса да, үлкен күшке айналып келе жатқаны анық. Біздер бүгін – әрбір сауатты азамат журналист бола алатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан билік те, дәстүрлі баспасөз де блогерлердің күшін ақырын мойындап келе жатыр. Бірақ бір нәрсені айқын байқап жүрміз, дәстүрлі баспасөз, телеарналар интернеттің күнделікті қарқынына ілеспей қалып жатады. Бұл да, бір жағынан, қоғамның ішінде қайшылықтардың бар екенін көрсетеді. Мен өткенде фейсбуктағы парақшамда әзілдеп едім, бүгінгі қазақтар теле-қазақтар мен желі-қазақтар боп бөлініп алды деп. Шын мәнінде солай. Біз билікте жүрейік, оппозицияда болайық, бірақ ұлттық мүдде дегенді естен шығармауымыз керек. Алдағы блогқұрылтайда өздерің сияқты жігіттермен көптеген ұсыныстар дайындап, билікке ұсынатын шығармыз. Жалпы қоғам арасындағы қайшылықтарды барлығымыз бірігіп талқыдан өткізіп алмасақ, халық пен биліктің арасы ажырай береді, мәселе тереңдей береді. Әрине ол жақсылыққа апармайды. Латын қарпіне байланысты болсын, өткендегі «Сулпактың» дауы бар, кешегі «Қазпоштаның» «суахилиі» бар дегендей. Қарапайым ғана мысал, әлеуметтік желілердегі белсенділірдің себебімен әлгі «Қазпошта» акционерлік қоғамының әдепсіздігі көптеген шенеуніктердің құлағына жетіп жатыр. Олар өз үндеулерін білдірді. Оның ішінде депутаты бар, басқасы бар. Бұл бірлігіміздің жемісі. Алдағы жиында осындай мәселелерді кеңінен тарқатып айтып, жан-жақты талқылай бастау керек сияқты.

Сіздің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде парақшаңыз бар. Сонда біраз мәселені көтеріп жүрсіз, жазғаныңызды бақылап отырамыз. Пікір білдіруші қонақтарыңыз да аз емес сияқты. Жеке блогыңызды ашып, жаңағы дүниелеріңізді сонда жариялап отырсаңыз, сіз әжептәуір блогер атанатыныңызға күмәнім жоқ. Жалпы алдағы уақытта блог ашуыңыз мүмкін бе?

- Менің түсінігімде фейсбуктағы парақшамның өзі жеке блогпен пара пар. Кейде кейбір мақалаларды басын бастап түртіп қоясың да, ол аяқсыз қалып жатады. Сондай жазбаларымды парақшама жариялап отыру маған өте ыңғайлы. Жұмысбастылық тағы бар, жол жүру керек дегендей, басқа да шаруалар туып қалады. Менің жағдайымда фейсбуктың өзі – үлкен алаң.

Айдос аға, қазақ блогерлері дегенде сіздің көз алдыңызға қай блогерлер келеді? Қай блогерлердің жазбаларына көңіл бөлесіз?

- Жалпы ниеттес жігіттер көп. Солардың жазбаларын қарап, іштей бағалап отырамын. Құдайға шүкір, менің түсінігімде жас буынның көпшілігі блогер. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен көп жағдайда фейсбукты пайдаланамын. Ал онда, өзіңіз білетіндей, жақсы жаза білетін пайдаланушылар аз емес.

Жуырда Mемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза блогшылардың, әлеуметтік белсенді тұлғалардың тізімі құрылса деп айтқан болатын. Бір сұхбатында «НұрОтан»  партиясының хатшысы Ерлан Қарин «Тәжин тізімін» жасап алғандар мәселенің мәнісіне бара алмай жүр» деп жауап берді. Осыған не дейсіз? Меніңше, көпшілік мемлекеттік хатшының сөзін дұрыс түсінбей қалған сияқты?

- Менің ойымша, сол кезде айтылған жеті-сегіз тақырыптың ішінде интернеттегі ресурс қандай болу керек, бәсекеге қабілеттілік деген не, басқа да мәселелер талқыланған еді. Жігіттердің, кейбір әріптестеріміздің арасында соны іліп әкеткендер болды. Енді, мүмкін, ол қорқыныштан болар, қызуқандылықтан болар. Әйтеуір мәселенің тоқетерін тиянақты түсінбегенімізден туындап отыр. Мен айтар едім, мемлекеттік саясатты түсіндіру барысында тың өзгерістер болады деген үміт жоқ емес. Мемлекеттік хатшы тек блогерлерді ғана емес, басқа да жайттарды айтып өтті. Биліктің де құлағына жетіп жатыр. Құдай қаласа, ары қарай да дамыта түсу керек. Негізіне келсек, сең қозғалған сияқты. Қазақ интернетіне деген көзқарасты мемлекеттік хатшының сөзінен кәдімгідей аңғаруға болады. Қазақстанда үлкен күштің бар екенін біздің билік жақсы түсініп отыр. Мен айтар едім, қазақ блогерлерінің болашағы жарқын, келешегі кемел!

​​- Журналистер, жалпы қоғам қайраткерлері мемлекетімізді интернетті қатаң бақылайтын елдер қатарына жатқызады. Халық арасында да осындай әңгіме бар. Қазақстан билігі расымен де интернетті қатаң бақылайтын елдер қатарына жата ма? Егер расымен де солай болса, ол ертеңгі күні блогерлердің сөз бостандығына, шабытына әсер етпей ме?

- Байқап, көріп отырмыз заңдарымыз қатаң. Бірақ бұл заңдардың негізгі көздеген белгілі бір нысанасы бар. Мысалы, Әблязовтың, Рахат Әлиевтың тобы дейік, басқа дейміз. Солардың алдын алу үшін жасалған дүниелер. Оның үстіне барлығын бақылауға байлап, тінтіп қарап отыруға мемлекеттің қауқары да жоқ. Қытай секілді алып емеспіз ғой. Және ол бүгінгі бюджеттен бөлініп жатқан қаржыдан әлдеқайда зор шығынды талап ететін дүние. Блогерлерді ешкім де қыспаққа алмайды, ол мүмкін емес. Абыржымай-ақ қояйық. Бір ғана қаупі бар, ол өзіне өзі жасалатын цензура. Бірақ ол баспасөзге қарағанда, теледидарға қатысты мәселе. Өткенде Мемлекеттік хатшының өзі де айтып жатыр ғой, жасқанбай айту керек. Шындықты ашып жазу керек.

Айдос аға, мысалы орыс тілінде тәп тәуір жазбаларымен танылып жүрген қазақ жігіттері бар. Қазақ тілінде неге жазбайсыңдар деумен оларға өкпелеуге бола ма? Салыстырмалы түрде алатын болсақ, негізінен, қазақтілді блогерлерден орыстілді блогерлер әлдеқайда білікті, талапты. Қызықты жазбаларға келгенде алдарына жан салмайды.

- Менің білуімше, осыған дейін орыс тілінде жазып келген жігіттердің өздері қазақша жазып бастады. Себебі нарықтың талабы осы ана тілімізде. Өз кезегінде саясаттан, басқадан үміті бар азаматтар қазақ тілін міндетті түрде керек етеді. Ал маған ештеңенің қажеті жоқ, өзімнің жазғаным өзіме жетеді дейтін азаматтардың артына шам алып түсудің қажеті жоқ шығар. Әйтеуір дұрыс нәрсені сөз етіп, қазаққа зияны тимесе болды.

Сіз «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президентісіз. Осы ретте, сіздердің тарапыңыздан қазақ блогерлерінің болашағы үшін алда болатын блогқұрылтайға қандай да бір қолдаулар көрсетіле ме?

- Өзіміздің арамызда жазып жүрген біраз азаматтар бар. Мүмкіндіктеріміз болып жатса, ешкімге де кетәрі деп айтпаймыз. Өткенде де біраз жігіттермен кездесіп сөйлестік, бір-екі жобалардың шеті көрінген сияқты болды. Алдағы уақытта барлығымыз бірігіп жұмыстанамыз деген үміт бар.

Алдағы блогқұрылтайда әңгімемізді одан әрі өрбіте түсеміз деп кәміл сенемін. Cұхбатыңызға рахмет!

- Міндетті түрде!

 

Сұхбаттасқан өзім)

 

Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles