Шашкин көшесі 1984 жылға дейін Университетская деп аталып келген. Бұл көше Бостандық және Медеу аудандарында орналасқан. Көше Тимирязев көшесінен солтүстіктен оңтүстікке қарай әл-Фараби көшесіне дейін созылып жатыр. Көшенің жалпы ұзындығы 950 м.
Прозашы және драматург Зейін Жүнісбекұлы Шашкин 1912 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Бозшакөл ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1920 жылы болашақ жазушы Павлодар қаласында тұратын ағасы Сағынбайдың қолына келіп, сонда орта мектепте білім алады. Мектепті тәмамдағаннан соң Зейін 1930 жылы Мәскеу тарих, философия және филология институтына түсіп, оны 1933 жылы үздік аяқтап шығады.
Дәл сол уақыттан бастап жас Зейіннің өлеңдері, қысқа әңгімелері, сыни мақалалары «Әдебиет майданы», «Лениншiл жас», «Социалистiк Қазақстан» сынды тағы да басқа көптеген мәскеулік және алматылық газет беттеріне шыға бастайды. Дәл сол уақытты оның әдеби шығармашылығының нағыз басталған уағы деп атауға болады.
Институтты аяқтағаннан кейін Зейін Жүнісбекұлы 1933-1937 жылдар аралығында Қарағанды қалалық комсомол комитетінің хатшысы, одан кейін Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының журналистика факультетінде оқытушы болған. Орыс тілі мен өзінің ана тілі қазақ тілін жетік меңгерген Зейін дәрісті екі тілде оқыған. Осы кезеңде ол қазақ әдебиетінің мәселелеріне көп көңіл бөлген. 1934 жылы «Абай поэзиясының ерекшелігі» деген еңбегін жазып, жария етіп, біраз уақыттан соң қазақ әдебиетшісі Исмайл Есмағамбетовпен бірігіп жоғарғы оқу орындарына арналған «Әдебиет теориясының оқулығын» жазады. Ол кезде Зейін небәрі 22 жаста еді.
1938-1948 жылдары Зейін Шашкин әдебиеттен алыстауға мәжбүр болды. Өйткені ол да сталиндік репрессияның құрбаны болып, ешқандай түсініктемесіз 2 жыл Алматыда абақтыда жатып, 1938 жылдың наурыз айында Семей қаласына (Семей пединститутына «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі ретінде жұмысқа шақырылған болатын) келген сәтінде ұсталып, Иркутскке 10 жылға айдауға жіберіледі. Ол жылдары Зейін медицинамен айналысады. Сібірде жүріп репрессияға ұшыраған дәрігер М.С.Бинштокпен танысады. Айдауға жіберілгенге дейін Қырым климототерапия институтында жұмыс істеген М.С.Бинштоктың арқасында Зейіннің медицинаға деген шынайы махаббаты оянады.
Сөйтіп ол лагерьде жергілікті халықты емдеп, дәрігердің көмекшісі болып қызмет атқарып жүреді. Онымен қоса ол Иркутск медицина институтына сырттай тапсырып, өз ісін қаншалықты үздік біліп тұрса да айдауда жүрген Зейінге фтизиатр мамандығы бойынша диплом емес, тек оқуды аяқтағаны туралы құжат қана беріледі. Әпкесі Мақиза Шашкинаның естеліктері бойынша Зейін Шашкин лагерьде өзімен бірге болған ғалым, әдеби сыншы Мұхамеджан Қаратаев, балалар жазушысы Өтебай Тұрманжанов, Хамза Есенжанов сынды тағы да басқа біраз танымал тұлғаларды емдеген.
Шашкин 1948 жылы айдаудан келіп, қолындағы құжатпен Қарағанды қаласының Киров аудандық емханасына жұмысқа тұрады. Сол жылы ол шұғыл түрде емтихандарын тапсырып, дәрігер дипломын қолына алады. Содан 1948-1956 жылдар аралығында Бурабайдағы «Бармашино» санаториінде дәрігер-фтизиоларинголог болып қызмет атқарған. Зейін Жүнісбекұлы Қазақстандағы өкпе және көмей туберкулезін рентген сәулесімен емдей бастаған алғашқы дәрігерлердің бірі. Соңғы 6 жылдың ішінде ол сол санаторидің бас дәрігері бола тұрып, туберкулезге шалдыққан жүздеген науқастарға үміт отын сыйлады.
Зейін Шашкиннің сол уақытта жүргізген зерттеулерін денсаулық сақтау Министірлігі жоғары бағалаған. Жазушының медицина саласындағы жетістіктеріне бүгінгі күні «Бурабай» санаториінде 1989 жылы ашылған мемориалды мұражайы дәлел.
Осы уақыттан бастап ол әдебиетке қайта бет бұра бастайды. Күндіз дәрігерлік қызметін атқарса, түнде әдеби шығармаларын жазып жүреді. Заманауи медицинаның жағдайы мазалаған жазушының қазақ әдебиетіне медицинаға арналған «Дәрігер Дарханов» (бұл романдағы басты кейіпкер Нияз Дархановтың прототипі Зейін Шашкиннің өзі) атты романын алып келуі жайдан-жай емес.
Шашкинді көзі тірісінде «қазақтың Чеховы» деп атаған. Себебі ол Чехов, Вересаев, Булгаков сынды медицина мамандығын бітіріп, дәрігерлік қызметін әдебиетпен ұштастырды. 1956 жылы жазушы Алматыға оралды.
Зейін Шашкиннің көркем әдебиет жолындағы шығармашылық шарықтау шағы 50-ші, 60-шы жылдарға жатады. Өмірінің соңғы он жылдығында ол «Тоқаш Бокин», «Дәрігер Дарханов», «Сенім», «Теміртау» романдарын, «Таң атты», «Ұядан ұшқанда», «Темірқазық», «Өмір тынысы» повестерін жариялап, «Заман осылай басталады», «Ақын жүрегі» пьесалары республикалық, облыстық драма театрларда қойылған. Әрі оның «Тоқаш Бокин» романы негізінде жазушы өмірден өткеннен кейін «Мазасыз таң» атты көркем фильм түсірілген.
1966 жылы жазушы, әдебиеттанушы, дарамтург, дәрігер аз да болса, мәнді ғұмыр кешкен Зейін Шашкин өмірден өтті.
Бүгінгі күні Зейін Шашкиннің туындылары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған. Оның атында туған ауылы Баянауылда мұражай ашылған, әрі ауылдар, мектептер аталады. Сондай-ақ Алматы қаласында Зейін Шашкин тұрған үйге (Абай даңғылы, 51) мемориалды тақта қойылған.
Мәтін: Айнұр Ракишева
Фото: Айжан Кәрібаева
Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі
Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі
Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі
Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі
Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі
Алматы көшелері: Жұмағали Сайын көшесі
Алматы көшелері: Досмұхамедов көшесі
Алматы көшелері: Нұрмақов Нығмет
Алматы көшелері: Бағаутдин Шағабутдинов
Алматы көшелері: Мұратбаев көшесі