Еліміздің ірі қалаларында, соның ішінде Алматыда, шетелден келген студенттерді жиі көріп жатамыз. Материалымыздың бірінші бөлімінде қытай, жапон, ауған жастарынан сұхбат алсақ, осы жолы Алматыда оқып жүрген қырғыз, испан, ингуш студенттермен әңгімелесіп, таныстық.
Рамазан Мухамбет, Қырғызстан, 18 жаста
— Қазақстанға қашан келдің?
— Мен негізі 1994 жылы Бішкекте туылдым. Бірақ Алматыда 4-6 сыныптарда оқып, қайта Бішкекке көшіп кеткенмін. Бүгінде ҚМЭБИ-дің «Бизнес Басқару» бөлімінде оқимын. Ағам осы университетте оқығандықтан, оқу орны туралы бұрыннан білетінмін. Маған оның атағы мен абыройы ұнады. Сондай-ақ мектепте оқыған кездерден тек жақсы естеліктер қалған, көптеген сыныптас достарым осында. Ал қазірде достар одан сайын көбейіп, Қазақстанның жан-жағынан жиналады. Жалпы бір жыл бұрын Қазақстанға келуімнің себебі де осылар шығар. Сондай-ақ алматылық өмірдің дәмін сезіп көргім келді.
— Алматының қандай тұстары ұнамайды? Не өзгертер едің?
— Шыны керек, біраз асығыстық-шудан, көлік кептелістерінен шаршадым. Осыны қала тұрғындары үшін ыңғайластырса, керемет болар еді.
— Оқу бітіргеннен кейін қандай жоспарларың бар?
— Шет елде (Франция) Master’s degree!
— Қандай қазақстандық БАҚ-ты оқисың? Қазақ әншілерінен кімдерді білесің/тыңдайсың?
— Кейде «Экспресс К» және де өзміздің университеттік газетімізді оқимын. Қазақ шоу-бизнесіне тәнтімін. KIMEP PIE-да жұмыс істейтіндігімнен, жұлдыздармен байланысып, оларды өзіміздің кештерімізге жиі шақырып тұрамыз. Мысалы, соңғы кездескендеріміз Da gudda jazz бен Айқын болды. Олар маған өте ұнады.
— Қаладағы ең сүйікті орындарың қандай?
— Қаладағы ең сүйікті орным — ҚМЭБИ-дің жатақханасы. Өйткені онда қызықты да, креативті көптеген адамдар бар. Олармен бірге жүріп, ешқашан да жалықпайсың.
— Сенің ойыңша, қазақ жастары қандай?
— Қазақ жастары сан қырлы. Олардың арасында түрлі субмәдениеттер тараған. Америкада көргенімдей, әр түрлі бояуларға қанық болып келе жатыр. Алайда мұнда өте бір қазақи сарын да сезіледі.
— Қазақстанда жүріп өзің үшін қандай басты сабақтар түйдің?
— Ең бастысы, 100% өзің үшін жауапты екеніңді түйдім. Өз іс-әрекетіме, сөздеріме жауапты екенімді анық түсіндім. Әсіресе бұл сабақ маған бірінші семестрдің аяғына таман айқын түсінікті болды.
Магомед Ахильгов, Ингушетия, 20 жаста
— Қайда туылдың? Неліктен дәл алматылық жоғарғы оқу орнын таңдадың?
— Мен Назрань қаласында туылғанмын. Алматыда ата-анаммен тұрамын. Қазір Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-де (Ин.яз) 3-курс студентімін. Бұл университетті таңдаған себебім, шет тілдерін жетік үйренесің. Сондай-ақ шетел студенттері де көп оқиды.
— Қазақ жастары, сенің ойыңша, қандай? Олардың қандай кемшіліктері бар?
— Қазақ жастары, әсіресе алматылық жастар, компьютерлік технологиялар арқылы өте қарқынды дамып келе жатыр. Қарап отырсам, тек қана жастар емес. Кемшіліктер, әрине, әр адамда болады, алайда жалпы студенттердің және де көптеген оқушылардың негізгі проблемасы — темекіге байлануы, жиі алкогольді қабылдауы. Мүмкін өзім одан ада болғандықтан, маған солай көрінетін шығар. Алайда мен салауатты өмір салты мен спортқа жақынмын. Соны насихаттаймын да. Айналамдағы достарым өте белсенді, денсаулықтарын күтетін адамдар. Олар түрлі спорт, би түрлерімен айналысады. Сондай жастар көбейсе екен...
— Ал Алматыда сүйікті орындарың бар ма? Жалпы қалада не өзгертер едің?
— Жалпы Алматы, меніңше, жастарға үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын қала. Білімің болса, жұмысқа тұру қиын емес. Сол себепті бұл жаққа көптеген шетел студенттері ағылады деп ойлаймын. Кейде адам тым көп сияқты елестеп кетеді. Алайда ол тек бас кезінде ғана. Алматы өте қонақжай. Сүйікті орындарым, әрине, табиғат аясы, Алматы таулары. Қаланың тазалығы мен тұрғындардың Алматыға деген құрметі аса түссе екен деймін.
— Оқу бітіргеннен кейін қандай жоспарларың бар?
— Оқу бітіргеннен кейін мүмкіндігімше Германияға баруға тырысамын. Өйткені үйреніп жүрген неміс тілін біраз жетілдіру керек. Практика, сөйлейтін орта керек. Ал содан соң магистрлік оқуға түсемін деп жоспарлап отырмын.
Педро Визуэтэ Кастро, Испания, 22 жаста
— Қазақстанға қашан, қалай келдің?
— Негізі мен Испанияның оңтүстігіндегі Севилья деген қалада дүниеге келгенмін. Ал өскен жерім — Барселона жанындағы кішігірім Игуалада деген қала. Мектеп бітірген соң Валенсия қаласының университетіне химия факультетіне оқуға түстім. Онда бір жыл оқып, Қазақстанға келдім. Қалай келдім дейсіз бе? Өте оңай, менің мұнда бір досым бар. Ол Алматыдағы мәдени орталықтардың бірінде жұмыс істейді. Сол досым мені осында оған көмектесу үшін шақырды. Ал қазірде мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің химия және химия технологиялары факультетінің 3 курс студентімін. Сондай-ақ сол мәдени орталықтың («Аламарасан» атты) түрлі шараларын ұйымдастырушы болып қызмет атқарамын.
— Ал неліктен дәл осы оқу орнын таңдадың?
— Бұл таңдауда маған досым көмектесті. Өйткені ҚазҰУ-да мен үшін қазақ тілі мен орыс тілін үйренетін факультет табылды. Қабылдау емтиханына да дайындық курстардан өттім.
— Қазақстанға, Алматыға келгендегі алғашқы әсерің қандай болды?
— Ең алғашқы әсерім? Ол бір ғана әсер емес, білетінім. Ең алдымен, мені Алматы ағаштарының көптігі таң қалдырды. Меніңше, Алматы ең жасыл қалалардың бірі (түсі бойынша, саясаты бойынша емес).
— Ең сүйікті орындарың?
— Әлбетте — тау! Өзім табиғатты қатты жақсы көремін. Достарымызбен түрлі экскурсияларға барамыз, таза ауамен тыныстап, қыста да белсенді демалыс түрін таңдаймыз.
— Қазақ жастары қандай, сеніңше?
— Жастар қашанда — жастар. Бізде де, сіздерде де олар бірдей. Әрине, кейбір ерекшеліктер байқалады. Мысалы, сіздерде үлкендерге деген сый-құрмет сақталынған. Ал Еуропада ол туралы бұрыннан ұмытқан. Немесе тазалық мәселесі. Алматылықтар үшін артынан қоқыстарын жинап, отырған жерін тазалап кету деген түсінік жоқ екен.
— Осында жүріп қандай сабақтар түйдің?
— Дәл қазір дөп басып айту қиын. Әрине, өте көп нәрселерге үйрендім. Меніңше, адам күн сайын бір сабақ түйіп отыруға дайын болуы керек.
— Оқу бітіргеннен кейін қандай жоспарларың бар?
— Оны тек бір Құдай біледі. Мен өзім 5 жыл бұрын Қазақстанда жүретінімді ойламағанмын да. Сондықтан 5 жылдан кейін не болатынын жоспарлай алмаймын. Бірақ, шынын айтсам, осында қалып, жұмыс істегім келеді.
Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева