ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНЫҢ АТАЛАРЫНА
Қымбатты аталарымыз! Біз-дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абыйыр емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыйырлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе? Осы белгілі-сын аталарға нық орнап қалған секілденеді. Неге десеңдер, сіз қыздарыңызды тәрбиелеуде кем тұтынасыз. Кем тұтынғандығыңыз ер балаларыңызды оқытасыз да, қыз балаларыңызды оқытпайсыз. Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де біздерді оқудан махұрым қалдырасыз. Бұрынғы ғаялдардың бұзылғандары оқығаннан бұзылған ба екен? Мұны ғақылыңызға салып неге қарамайсыз? Адамды оқу бұза ма екен? Біле білсеңіздер ең әуелі жақсылап қыз баланы оқыту тиіс. Тиіс екендігі мынау: Бұл қыздар түбінде балаларға болашақ ана болған соң, бала тәрбиелеу олардың жұмысы болады. Баланы тәрбиелеуші ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды. «Алып анадан» деген ғой. Баланың әдепсіз жаман болып шығуы надан ананың дұрыстап баласын тәрбие қыла алмағандығынан болады. Болмаса бала іштен әдепсіз жаман болып тумайды. Біздер ғаял болған соң қала, далаға шығып оқи алмаймыз, соның үшін біздерді ауылда оқытуға тырысыңыз. Тым болмаса, жеті-сегізден он бес жасымызға шейін оқытсаңыздар қайтеді? Ер бала бөтен жерге шығып кетіп оқуға мүмкін. Біз сорлыларға бөтен жерге барып оқу қайда? Біздер надан болсақ, түк те білмесек, дүниеден қор болып өтсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай, кімге болады? Біздерді оқыту сіздердің мойындарыңызға борыш. Қиямет күнінде Алла тағаланың хұзырында біз қыз балалар барлығымыз бір ауыздан шулап, зарланамыз. Көз жасымызға қалмай оқытсаңыздар, сіздерге алғыс береміз.
Екінші бір кемге тұтынатұғын орныңыз, қыздарыңызды мал секілді сатасыз. Бесікте жатқан шағымыздан-ақ біреуге қатындыққа сатып қоясыз. Соңғы уақытта екі жас біріне-бірі тең бола ма, болмай ма? Оған қарамайсыз. Тек тұз-дәмі жарасса жақсы, жараспаса, қыз баланың бүкіл ғұмыры жәбір-жапада өтеді, тимесе дау-жанжал шығуға себеп болып кетеді. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?
Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы. Бірақ бейшара қазақ қыздары надан болып ешнәрсе білмегендіктен, мұң-мұқтажын айтып зарлана алмайды, болмаса қарап жатпас еді. Көп үшін ғайыпқа алсаңыз да мен айтып жатырмын. Өзім шәһерде бірнеше жыл тұрып, оқығаннан жазарлық шамам болған соң, мұң-мұқтажымызды жазып жатырмыз. Біз үшін сөз жазушы ешкім жоқ. Тіпті оқыған жастарымыз да біз турада бір ауыз сөз айтпайды. Бөтен жұрт ер бала, қыз баласын бірдей оқытады.
«Айқап» журналына әркім мұңын жазып жатқан соң мен-дағы басымыздағы кеңесті қозғап жаздым, журналға басылар деп үміт етемін. Егер басылмаса, журнал ерлер үшін шығарылған екен де, ғаялдар үшін шығарылмаған екен деймін де, бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін.
Сақыпжамал Тілеубайқызы
1911 ж. «Айқап» №7 саны
ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА
Оқып ем газет алып қыстың күні,
Көрінді нөмірлерден қыздың үні.
Риза бұл «Айқапқа» болып тұрмын,
Әр жерден естілген соң әйел үні.
Оқыдым Сақыпжамал қыздың зарын,
Жазайын көңілдегі менде барын.
Айнадай «Айқабыңыз» бар уақытта
Бүкіл қыз сөз жазсаңдар ықтиярың.
Қысқа ойлап біздің қазақ айыптай ма?
Айыбын анық біліп айтпайды ма?
Ақылмен салыстырып ойласаңыз
Аярсыз ыншалла біздің жайды.
Жазамын өз мұңымның жиып бәрін,
Қараңыз тезге салып қыздың зарын.
Болса да оқымаған ақылы мол,
Түсінер жұрт иесі ағаларым.
Арғымақ бір есекке қосақталды,
Солайша болғаннан соң өткен заман.
Әкемнің бетіне шіркеу болады деп.
Тірі де шын азапқа кеткен жаман.
Ғибрат ал менен соңғы сіңлілерім,
Бұл бәле басқа келсе, бөлме шабан.
Өткізбе жылап-сықтап ғұмырларды
Көнбейік өлсек-тағы енді бұған.
Күләйім Өтегенқызы
«Айқап» 1912 жыл
ҚАТЫН АЛУ, ЕРГЕ ШЫҒУ
Құдайдан айналайын қыз қылмаған,
Сүйегім қызды көрсе қызғындаған.
Дүниеде қыздан сорлы пенде бар ма,
Пұлындай саудагердің тозғындаған.
Бұл өлең халқымыздың басынан емес, жүрегінен шыққан өлең, яғни қыздың сорлы екенін ғақыл білмейді, жүрек біледі. Әйелді де, еркекті де Алла жаратты. Соның үшін біреуінің ерге шығып, біреуінің қатын алуында еш оқа жоқ. Қыздан сорлы пенде жоқ деген өлең бөтен халықта жоқ һәм болуға да тиісті емес. Неге десеңіз, олардың қыздары сорлы болмайды. Жас ғұмырын рахатта өткізіп, ер жеткен соң Алланың қосуы бойынша ерге шығады, ана болады. Ал енді біздің қыздарымыз жас ғұмырында рахат көрмейді. Һәм ержеткен соң ерге Алланың қосуы бойынша шықпайды. Торы шолақ байтал есебінде сатып алушыға күң болып, ата-анасына шай-су болады. Бұл сөздің рас екені әркімге белгілі болған себепті сөзді ұзартып, журнал бетін толтыруды мақұл көрмедім. Қазақта кемшілік көп, бұл күнде сол кемшіліктер туралы сөздер жазылып жатыр. Енді осындай ой тіріліп, ұйқы кетіңкіреп, жаманнан жиіркеніп, жақсының иісі мұрынға кіре бастаған кезде бауырларымнан өтінетінім мынау:
- Құда болып, құдай десіп, бір жасар қызды айттырып қоюды тастаңыз, әйел затын кем көрмей, еркекпенен тең көріңіз! Қатынымыз күң болса, баламыз құл болады. Көрмей, сүйіспей некеленген себепті арада махаббат болмайды. Сол себепті іреніш көбейіп, ауру жайылып, тұқым бұзылып, халықтың құруына себеп болады. Соның үшін бар күшімізбен осы кемшілікті бітіруге ыждаһат қылайық.
М.Ж. (Мағжан Жұмабаев)
1913 ж. «Айқап» №2
________________________________________________________________________
«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:
Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»
Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»
Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»
Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»
Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»
Әлихан Бөкейханов: «Ұят-ай»!