Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Мен журналистті жабайы аң-құсқа теңеймін

$
0
0

Бақыт ШОЙЫМБЕК, «Нысана» бағдарламасының жүргізушісі

Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Туған жеріңіз...

Біреулер туралы ақпарат жинап, соны саралауға машықтансақ та, өзіңе келгенде қолын жүрмей қалады екен. Сондықтан қысқа қайырайын. Қарағанды облысы, Балқаш қаласында туып-өстім. С.Сейфуллин атындағы нөмірі жетінші мектептің түлегімін. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық-журналист мамандығын тәмамдадым.  Қазір жетінші арнадағы апталық-сараптамалық «Нысана» бағдарламасында журналист, тележүргізушімін.

Журналистикаға тосын келгеніңізді «Айқынға» берген сұхбатыңызда айтыпсыз. Балалық шақта кім болуды армандадыңыз?

Журналистикаға тосын келгенім рас. Шыны керек, ол кезде мұндай мамандықтың барын да білген жоқпын. Бұл салаға таныс құрбымның нұсқауымен келдім. Мен оқуға түсетін жылы халықаралық-журналист деген жаңа мамандық ашылды. Содан, жаңағы құрбым болашағың жарқын болады, ел-жер көресің, қаласаң ғарышқа да ұшасың деп мені азғырмасы бар ма. Сөйтіп, ой-қиялдың жетегінде жүріп құжаттарымды осы жаңа мамандыққа тапсырғанымды да білмей қалдым. Бақ шаба  ма, бап шаба деп жатады ғой. Менің жағдайымда, бұл екі фактінің де әсері болды деп ойлаймын. Өйткені, мен оқыған мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті тереңдетіліп оқытылды. Яғни, диктант, мазмұндама, шығарма деген дүниелерді күнде жаздық.  Шығармашылық емтиханнан сүрінбей өтуіме осы сеп болды. Оның үстіне жастайымнан фантастикалық оқиғаларды жазуға әуес болғаным есімде. Мектеп қабырғасында өтетін сан түрлі іс-шараларды да қалт жібермейтінмін. Демек, балалық шақта журналистика ойыма кіріп-шықпаса да, тағдыр мені әу бастан осы мамандыққа әзірлеген сынды. Негізі, оқушы кезімде математика, химия, физика сынды нақты ғылымдарды сүйіп оқыдым. Көрсеткіштерім де өте жақсы болды. Бірде, химия және биология факультетіне түсіп лаборант қызметіне құмарттым, бірді-бірге қосып, жаңадан бір дүние ойлап тапқым келіп, қиялданып жүретінмін. Енді бірде, программисттің жұмысына қызықтым. Есеп-қисапқа жақын мамандық иесі босам деген арман болған.

Сізді дүйім жұрт «Нысана» бағдарламасы арқылы таниды. Журналисттік жолыңызды қалай бастадыңыз?

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде мен оқыған жылдары (1998-2003 жж.) , басында «Арқа түлегі», кейіннен «Аудитория» деген атаумен газет шықты. Еңбек жолымды университеттік басылымға мақала жазудан бастадым. Жалпы, студенттерге, яғни өзімнің құрбы-құрдастарыма қызық болады ау деген мәселелерді көтеретінмін. Тіпті, қаржы қажет уақытта мақала жазып сатқан кездерім де болды. Бірақ, бірінші курстан бастап телевиденияға қызықтым. Сол жылы «Хабар» агенттігінде жазғы өндірістік тәжірибеден өтіп жүріп, Бибігүл Жексенбай, Ляззат Танысбай, Сайын Есмағи, Дархан Әбдік және басқа да кәсіби-білікті журналистердің шығармашылығымен таныстым. «Хабар» арнасынан тұңғыш шыққан сюжетім әлі есімде. Еліміздегі қылқалам шеберлері шығармаларының көрмесі болды, сонда бір сұлу қыздың ағаштан қашалған мүсіні өзіме қатты ұнап, бағасы есімде, мың доллар, сол туралы сюжет әзірледім. Жазған мәтінді өзім оқып, ол даусым эфирден шыққанда қатты толқып, аяқ-қолым дірілдегені жадымда мықтап сақталыпты. Жалпы, адамзатты, әсіресе, шығармашылық адамдарын, бір ауыз жылы сөз қатты қанаттандырады ғой. Алғаш шыққан сюжетті, келесі күні басшылық, ол уақытта «Хабар»-дың ақпараттар бөліміне Роза Темірғалиқызы жетекшілік етеді, мақтапты. Менің өзіме де жеке келіп, арқамнан қағып, демеп қойды. Бұл сәт мені қатты шабыттандырғанын ұмыта алмаймын. Осы кезден, ақпараттық жанрдағы материалдар әзірлеуге деген тәбетім ашылып, содан әлі басылмай жүр.  Тележүргізушілік қызметтің қыр-сырын да студенттік шақтан меңгере бастадым. Төртінші курс оқып жүргенде, «Астана» телеарнасында «Қайырлы Таң, Астана» деген бағдарламаны жүргіздім. Редактор әрі жүргізуші болдым. Эфирге тікелей шығатын, интерактивті, ойын-сауықтық бағдарлама болды. Таңғы сағат жетіден тоғызға дейін эфирді жүргізіп, сабаққа ұйқымды ашып келетінмін. Бұл бағдарламаға да ойламаған жерден тап болдым. Жалпы,  журналистика қызығы мен шыжығы мол мамандық дегенге, сол мамандықты меңгеріп жүргенде-ақ көзім жетті.

Жетінші арнаның сайтына кіріп қарағанымда, Кәсіби принципі - ескіні жаңғырту арқылы, жаңашылдыққа аяқ басу деп жазылыпты. Осы ұстанымды «Нысана» бағдарламасы арқылы дәлелдей алдым деп ойлайсыз ба?

Бір дүниелерді қиялдап отырып, кезінде айтқан ойларың, араға біраз уақыт салып, алдыңнан шыққанда - қиналып қалады екенсің. Кәсіби принцип деген де қатып қалған нәрсе емес қой. «Ескіні жаңғырту арқылы, жаңашылдыққа аяқ басу» деген ұстаным – бұл абстрактілі ойдан туындаған ғой.  Мұндағы айтпағым, телебағдарлама арқылы халықтың лайықты деңгейде дамуына сеп болу. Әрине, мұның астарында көп дүние жатқандықтан оны бір ғана бағдарламамен дәлелдеу мүмкін емес. Бастысы, осы бағытта аянбауға тырысатынымды ғана нық айта аламын. Өзгесін, уақыт өте көре жатармыз.

– Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалды қойғым кеп тұр. Жеке өміріңіз жайлы бізбен бөліссеңіз.

Менің жеке өмірім көпшіліктің көкейінде жүр деп ойламаймын. Жеке өмір деп аты айтып тұрғандай, оның көпшілікке жария болғанын, шынымды айтсам, қаламаймын. Оның үстіне, жеке өмірде ауыз толтырып айтатындай жетістік жоқ, әзірге.

– Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Журналисттер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен,  жегені жантақ», -  дейді.  Сіздің жантақ жеген кезіңіз болды ма?

Шерхан Мұртаза ағамыздың мұндағы айтпақ ойы түсінікті, әрине. Бірақ, онымен толық келіспеймін. Түйе, енді, не арқаласа да, жантақты жантақ деп жерімей оны керісінше сүйсініп жейді ғой. Мен өз басым алтын арқалап жантақ жеп жүрмін деп айта алмаймын.  Қазір, аянбай, еңбектенсең, жантақтың да дәмін келтірудің амалы көп қой, ізденген адамға. Мен өзім, журналистті жабайы аң-құсқа теңеймін. Еркін, тәуелсіз жүрсең таңдағаныңды шертіп жүріп жейсің, бұғауда болсаң барға қанағат деп, өлместің күнін кешесің.

–Сюжет не репортаж дайындауда кездескен қиындықтың бірін айтып кетсеңіз.

Сюжет не репортаж оңайшылықпен әзірленбейді, әрине. Қиындықтардан нәтиже болса, оны ұмытып кетесің де, сол қиналған сәттерден керісінше ляззат аласың, рахаттанасың. Мен, өз басым бейнематериал әзірлеудегі қиындықты қиындық деп қабылдамаймын, оны жетістік жолындағы артта қалған белес деп есептеймін. Негізі, бізде осы күнге дейін мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыс жүйелі түрде дұрыс жолға қойылмаған. Бюрократия деген айналып алдымыздан шыға береді. Оның сыртында, кейде ойламаған жерден ұрыс-қарғыс естисің, соққыға жығыласың да жылайсың және тағы да осы сынды жағымсыз жайттар болды әрине, оның қайсібірін айта бересің, онсыз болмайды ғой, біздің жұмыста. Қиындықпен күресесің, күресіп жүріп мәселенің ақ, қарасына көз жеткізесің, яғни, қоғаммен біте қайнап, дамисың. Өзің үшін әйтеуір бір жаңалық ашасың. Шыңдалып, төселесің, кемелдене түсесің. Сондықтан да журналисттің көрген қиындығы, ол оның жетістігі деп білемін.

– 2011жылы 5 қыркүйекте Masa.kz сайтында Бек Датұлы деген азамат «Қазақты мазақ еткен арналар» деген тақырыпта  өз ойымен бөлісіпті. Дина Төлепберген бағдарлама демей, программа дегеніне қынжылады.

Сондай-ақ, 7-і арнадағы Бақыт Шойымбек те Дина әріптесін жалғыз қалдырғысы келмей: «Айнұр Ахметованың өліміне қатысты жаңа версиялар» деп судыратып жатыр.  «Версияның қазақшасы «нұсқа»!» деп қасымдағы досым айғайлап жіберді. Оны теледидардың арғы жағындағы  журналист естіді ме екен!?деп жазыпты. Сіз осыған не дейсіз?

Бұл енді, әрине, айғайлайтындай жағдай емес. Оның үстіне, «versio» яғни «версия» деген көне латын сөзінің бастапқы қалпында дыбысталуы, менің ойымша, қателік емес. Әлемдегі мемлекеттердің дені оны өзгертпей, түсінуге жеңіл болу үшін аудармастан пайдаланады. Біз де. Бұл бір. Екіншіден, «версия» оның синонимі «вариант»-деген сөздердің «нұсқа», «болжам», «долбар» және басқа да, сөйлемнің мағынасына орай сан түрлі, әп-әдемі аудармалары (қазақтың тілі бай ғой) және баламалары бар екенін, мен де білемін. Айғайлап, орнынан атып тұрған азамат журналист болса, түсіну керек еді. Материал жазғанда бір сөзді бірнеше рет пайдаланасың. Тафтологияға ұрынбау үшін, кейде, сөзді байырғы қалпында айтуға, жазуға тура келеді. Әсіресе, көне грек, латын сөздерін көпшілік сол күйінде пайдаланады, оны жиі естігендіктен, мойындау керек, ұғуға, түсінуге жеңіл. Бұл фактіні, әсіресе телевиденияда ескеру керек.

– Бернард  Шоу: «Журналист – бәрін білетін, бірақ бәрін шала-шарпы білетін мамандық» деген. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

Дұрысы, «Журналист – ештеңені терең білмейтін, бірақ барлығынан аздап хабары бар адам». (Б. Шоу: Журналист - человек, который ничего глубоко не знает, но знают обо всем помаленьку). Шоудың  бұл пікірімен келісемін. Себебі, журналистерді әзірлегенде оларға тереңдетіп бір саланы оқытпайды. Журналист – қоғамдық пікірді қалыптастырушы, жаңалықтың жаршысы, болған оқиғаны баяндаушы. Сондықтан да, бір саламен шектеле алмайсың.  Ақпарат құралдарының қайсысына болмасын жұмысқа барсаң, басшылық әмбебап болғаныңды қалайды. Бұл менің тақырыбым емес деп қол қусырып тағы отыра алмайсың ғой, мүмкіндігінше бірнеше саладан хабарың болуың керек. Бірақ, әмбебап, әрі бір саланы терең білсең, нұр үстіне нұр, әрине. Қазір, ақырындап осыған келе жатырмыз.

– Дұрыс айтасыз. Қазіргі кезде көпшілігіміз сөздің парқына назар аудармайтындығымыздан осындай олқылықтарға ұрынамыз. Қазір  қоғамда журналистті  жоғары оқу орнында даярлаудың қажеті жоқ деген пікір бар. Сіздің ойыңызша осы дұрыс па?

Дұрыс емес. Журналист мамандығы болғаннан кейін оған адамдарды арнайы әзірлеу керек, лайықты деңгейде білім беру керек.  Мәселе, осында. Кез келген мамандық иесі сырттан келіп тілші бола алады деген жаңсақ пікірмен мен келіспеймін. Мұндай ой – журналисттерді әзірлеудегі олқылықтардан туындап отыр. Қазір журналистика да заманға сай түрленіп, жаңарып жатыр. Яғни, теориялық білім берудің де әдіс-тәсілдерін осыған сай өзгерту керек. Теорияны мен тәжірибе ұштасқан жерден, жақсы журналист шығады.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат Сүгір


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>