- Әйгерім, жақында Тұрсынбек Қабатов екеуіңіз «Аймақтар аламаны» атты жаңа бағдарламаның жүргізушісі болады деген хабар естіп жатырмыз...
- Иә, ақпаратыңыз өте дұрыс. Тұрсынбек екеуміз аталған бағдарламаны жүргізбекпіз. Бір ерекшелігі - сайысқа кез келген өнерлі адам келіп қатыса алмайды. Қазақстанның он төрт облысынан іріктелген өнерпаздар ғана қатысады. Он төрт облыс өкілдері қазылар алдында өнер көрсете отырып, ұпай жинайды. Жинаған ұпайлары арқылы іріктеліп, ең соңында бір облыс жеңімпаз атанады.
- Бағдарлaманың негізгі тұжырымдамасы қандай?
- Жобаның мақсаты - өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу. Әр облыстың тұрғындары жанкүйер болып, жерлестеріне қолдау көрсетеді. Байқау барысында елімізге жаңа есімдер мен жаңа жұлдыздар белгілі болады деген үміттеміз.
- Ойынның жалпы ережесі туралы не айтасыз?
- Жоба он бес бағдарламадан тұрады. Бірінші айналымда сегіз облыс іріктеліп алынады. Ширек финалда іріктеуден сүрінбей өткен сегіз облыс сайысқа түссе, жартылай финалда ширек финалдан ұпай саны арқылы басым түскен командалар бір-бірімен ақтық сынға шығу үшін таласады. Финалға жеткен екі облыстың басым түскен өнерпаздары жеңімпаз болады. Осылайша аймақтардан келген өнерпаздар ішінен бір облыс қана «Аламан» атанады.
- Бір бағдарламада сайысқа қанша облыс түсе алады?
- Бір бағдарламада екі облыс қана сайысқа түседі. Олар бір-бірін жеңу үшін емес, тек әділқазылар қоятын ұпай үшін таласады. Қазылар көрсеткен өнерлеріне қарай бағалап, олардың келесі турға өтер-өтпесін анықтап береді.
- Сайыстың қатысушыларын қандай сындар күтіп тұр?
- Облыс өкілдері төрт түрлі сайысқа түседі. Олардың біріншісінде ән сайысы болса, екінші би билеуден бәсеке болмақ.Одан кейін облыс намысын боз кілемде палуандар қорғайды. Төртінші байқау - «Дарындылар додасы». Ереже бойынша онда қарапайым адамның қолынан келмейтін өнер көрсетілуі тиіс. Осы төрт түрлі сайыстың қорытынды ұпайы команданың болашағын айқындап отырады.
- Қазылар алқасы ұпай санын белгілеуді қалай жүргізеді?
- Төрт адамнан тұратын әділқазылар алқасына қоғамда, өнерде өз орнын айқын көрсеткен тұлғалар шақырылып отырады. Бірақ басқа бағдарламалардан айырмашылығы - мұнда өз командаларын жақтап, қазылар бағасына наразылықтарын білдіруге рұқсат етілген. Былайша айтқанда, олар адвокаттың рөлінде. Өз басым олардың сөйлеген сөздері мен шешендіктеріне қайран қалдым. Команда мүшелерінің өнерін қызыл тілмен әспеттегенде, өз-өзіңнен рухың көтеріліп, сөйлеген сөздеріне риза болып қаласың. «Баға әділ қойылмады» деп жақтаушылардың қазылармен қып-қызыл майданға түсіп кететін жағдайлары да жиі болады.
- Жақтаушылардың дәлелді сөздерінен кеиін райынан қайтып, бағасын өзгерткен қазылар болды ма?
- Қазылар алқасына көшеден кездейсоқ адамды әкеліп отырғызбайды. Онда өз істерін жетік білетін, өнердің парқын түсінетін мамандар отырады. Қазылар алқасы әрқашанда әділ болуы керек. Сондықтан олар да мұндай бағаны не үшін қойғанына дәйекті дәлелдер келтіріп отырады.
- Бағдарламаның жаңашылдығы неде?
- Мұндай жоба Қазақстанда алғаш рет өтілуде. Түсірілім барысы өте қызықты өтті. Шоудың негізгі мақсаты - қай облыстың мықты екендігін көрсету. Облыстың атына кір келтірмей, абыроймен ұтып шығу үшін қатысушылар бар күштерін салып жатыр. Жанкүйерлері де әрқашан қолдап, дем беріп отырады.
- Бағдарламаның түсірілімі қай жерде өтті?
- «Аймақтар аламаны» теле-шоуы Астана қаласындағы жаңа ашылған «Қазмедиа орталығында» өтті. Бұл өте кең, зәулім ғимарат. Болашақта мұнда бүкіл республикалық арналар шоғырланады деген жоспар бар. Мұны, бір жағынан, дұрыс деп есептеймін. Бәрі бір жерге шоғырланғанда бәсекелестік туып, қазақ өнері дамиды деп ойлаймын.
- «Аймақтар аламаны» бағдарламасын Тұрсынбек Қабатовпен жүргізу қиындық тудырмай ма?
- Маған Тұрсынбекпен бірге жұмыс істеу өте оңай болды. Оның қандай іскер адам екенін өздеріңіз де білесіздер. Тек әзіл, күлкі ғана емес, тапқырлық жағынан да жетік Тұрсынбектің арқасында бағдарлама жанданып кетті. Ол көбінесе импровизация арқылы бағдарламаның бойына қан жүгіртіп отырды. Ал мен оның жанындағы кішкене әр беріп тұрушының ғана рөлін ойнадым. Дегенмен, осы бағдарламаны жүргізу барысында өте үлкен тәжірибе жинадым. Өз өнерімді шыңдау үшін бұл маған жақсы сабақ болды.
"Жұлдыздар отбасы" (желтоқсан, 2012)