Сайын көшесі Райымбек батыр даңғылынан басталып, солтүстіктен оңтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін созылып жатыр. Көше Төле би, Жандосов, Розыбакиев, Абай даңғылын қиып өтеді.
Бұл көше сонау 60-жылдары қаланың оңтүстік-батыс жағына тұрғын үй құрылысы салынып кеңейуіне байланысты пайда болған. Қазір бұл көше Алматы қаласындағы маңызды автомобиль магистралі болып табылады.
Қазақ совет ақыны Жұмағали Сайын 1912 жылы Көкшетау қаласындағы Арықбалық ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Жұмағали 10 жасынан бастап Көкшетау қаласындағы балалар үйінде тәрбиленеді. Сонда жеті сыныптық білім алып, ауылда мұғалім болып жұмыс істеді. Дәл осы кезеңде оның әдеби шығармашылығы басталады. 1928 жылдары ол ауыл өмірі жайлы қысқа әңгімелер жаза бастайды.
1929-1930 жылдар аралығында Петропавл қаласындағы техникумда, қазіргі Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжінде білім алады. Білімін шыңдау мақсатында 1931 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына келіп түсіп, оны 1932 жылы аяқтайды. Содан кейін Мәскеу институтының "Түрлі-түсті металл және алтын" бөлімінде дайындық курсын аяқтайды.
1932-жылдан бастап 1941-жылға дейін Қарағанды облысында халық ағарту орындарында, «Лениншіл жас» газетінде, Қазақстан Жазушылар Одағында, қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында қызмет етеді.
Ақынның «Толғау» деп аталатын тұңғыш өлеңі 1932 жылы жарық көреді. Ал тұңғыш өлендер жинағы «Бақыт жыры» деген атаумен 1936 жылы жарық көрген.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ақын ойланбастан ұлы шайқасқа аттанады. Ол жақта Жұмағали Украинаның оңтүстігінде партизан отрядының комиссары, саяси жетекшісі болады. Шайқастардың бірінде ауыр жараланып екі айдай партизандар оны өздерімен алып жүреді де кейін Михаил Маслов деген кәрі шахтердің үйіне қалдырып кетеді. Қарапайым орыс отбасы оған мейірімділікпен қарап, оны өлім аузынан алып қалады. Дондық шахтер мен оның отбасының бұл игі ісі ақынның жадында ерекше орын алып, артынша оларға бірнеше өлеңдерін арнайды.
1944 жылы елге оралған Жұмағали өзімен бірге майданда болған достары жайлы өлеңдер жазып, оны Қазақстан мемлекеттік баспасынан «Жорық жырлары» деген атаумен басып шығарады.
1944-1947 жылдар аралығында Жұмағали Сайын Қазақ Мемлекеттік филармониясының, Халық творчествосы үйінің директоры болып қызмет атқарса, 1950-1956 жылдар аралығында «Жаңа өмір», қазіргі «Жұлдыз» журналдарында редактордың орынбасары болып қызмет атақарады. Ал 1960-1961 жылдар аралығында Республика көлемінде танымал газет «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болады.
Ақын Ұлы Отан соғысы мен халықтар достығы тақырыбында қалам тербеп жүріп, 1948 жылы «Айғақ» атты жаңа өлеңдер жинағын шығарады. Одан кейінгі жылдары «Алтай», «Таңғы салқын» атты дастандары, өлеңдер мен жырлары жинақталған «Таңдамалы шығармалар», «Жылдар», «Самал», «Таңдамалы» жинағы, «Жолда» жыры мен «Ұмытылмас күндер» деп аталатын әңгімесі жарық көрді.
Жұмағали Сайынның шығармашылығы оның үлкен азаматтығымен ерекшеленеді. Ол М.Ю.Лермонтовтың «Біздің заманның батыры», қырғыздың «Манас» жырының бірнеше бөлімдерін қазақ тіліне аударған болса, өзінің туындылары бірнеше тілдерге аударылып Қазақстаннан тыс газет-журналдардың беттеріне басылып шаққан.
Ақын өзінің өмірбаянында : «Патриотизм дегеніміздің күре тамыры Отанды сүю сезімінде жатқан тәрізді. Өз елін, өз Отанын шын сүймеген адам өз елінін азаматы бола алмайды. Өз елінің азаматы болмаған кісіден батырлық, табандылық та шықпайды. Отан сүю — өз жанынды сол Отан мақсатына түгел арнау, керекті кезеңде өміріңді қию — міне, менімше патриотизм дегеннің толық мағынасы осы» дейді.
Отанын шексіз сүйген азамат, патриот, ақын Жұмағали Сайын 1961 жылдың 28 мамарында ақын, солдат, азаматтың өмір бойы неге ұмтылғандығы туралы жырлап жазып жатқан «Адам» атты дастанын аяқтамастан Алматы қаласында көз жұмады.
Бүгінгі күні Жұмағали Сайын атымен Алматы, Көкшетау қалаларында көше атаулары, Айыртау ауданындағы мектеп аталынады. Алматы қаласында тұрған үйіне (Фурманов көшесі, 120) мемориалды тақта қойылған.
Мәтін: Айнұр Ракишева
Фото: Айжан Кәрібаева
_________________________________________________________________________
Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі
Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі
Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі
Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі
Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі