Рэпты жиі тыңдайсыз ба? Сүйесіз бе? Мен — иә! Осыдан 7-8 жыл бұрын Эминемді сүйіп тыңдайтынмын. Иә, иә... «When I’m gone», «Mockingbird», «Lose yourself» менің хиттарым болды. Одан бертін келе орыс рэпіне әуестене бастадым. Баста, Krec, Тимати әндерін жатқа айтып жүрдім. Рэп мен үшін қазіргі заман поэзиясы. Ритм мен кестелі сөз үйлесімділігі. Рэперге сөзді өзге біреу жазып бермейді, ол өз ішінен шығады. Сондықтан оны орындаған кезде де «жүректен жүрекке жетіп жатады». Сол себепті соңғы жылдары қазақ рэпінде де ауыз толтырып айтарлық рэперлердің пайда болғаны мені қуантпай қоймады. Сүйікті биттердің қазақша сөйлегені жанға екі есе ләззат береді екен. Сондықтан қазіргі заман жастарының тыңдайтыны рэп болса, оған қазақы жан беріп жүрген қазақ рэперлерін көтермеуге болмайды. Алдыңғы жарияланымдардың бірінде біз сіздерді Ash Қазақ Pro жігіттерімен таныстырсақ, бүгінгі санда «West Side» өкілі, бүкіл Ақтау, Атырау, Жаңаөзен жақты абыройлы таныстыратын Жақау a.k.a Smerch-тен алған сұхбатты ұсынбақпыз.
Иә, мен Жақау тыңдармандарының қуанышты айқайын естіп-ақ тұрмын, өйткені Амангелді Жақаудың көп жерден сұхбатын кездестіре бермейді екенсің. Арамызда 3000 аса шақырым жатса да, интернет арқылы танысып, сұхбат жүргізіп көрдік. Алдымен Жақау жайлы өздері құрған «Жамағатпро» орталығының сайтынан алған ақпаратпен бөлісе кетсек:
«Утешов Амангелді Төлегенұлы 1986 жылы 4-ші ақпанда Маңғыстау обылысы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Өнер жолын 2002 жылыбастаған, 2003 жылы «Скромные хулиганы» атты Рэп команданың ұйымдастыруымен болған қалалық «Хип-Хоп 2003» фестивалінде 2-ші орынды иеленді. Көп кешікпей оның рэп шеберлігі Маңғыстауды ғана емес, барлық қазақ даласын тәнті етті. 2005 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Батыс аймақтық, Достық фестивалінде де өз орнын көрсете білді. 2009 жылы Орал қаласында өткен «СПИД 2009» фестивалінде қатысушы, жекпе жек жанды BATTLE-дың жеңімпазы. 2009 жылы Адай Отбасы (Rival, Maks, Griff, Torehan, Mc G) атты Жаңаөзен қаласынан жас Рэп шеберлерінің басын біріктірді. 2010 жылы «Ел есіндегі дауыл» атты ресми альбомы Қазақстан тыңдармандарына күтпеген жерден тосын сый болды. 2011 жылы Орал қаласында NIDS Орталығында жасалған «Қазағыма лайықты» атты альбомды Жақау өз тыңдармандарына Оралдық қазақи бағыттағы Beatmaker Дидимен жаңа сапалы альбомды Қазақстан тыңдармандарына ұсынды. Қазіргі таңда Жақау өнерден бөлек бизнеспен айналысып жатқаны мәлім болды. «ART EAST» продюсерлік орталығымен келісімге отыруы мүмкін деген хабарды да назарыңызға ұсынамыз».
— Сәлем, Амангелді! Алдымен сұрағым келіп отырғаны: неліктен өнердегі атыңды Жақау деп таңдадың?
— Неліктен Жақау деген сұраққа жауап бермес бұрын, ЖАҚАУ деген атамыз жайында мағлұмат бере кетуді жөн көрдім. Жақау — Кіші жүзден шыққан Адай руынан тарайтын ру. Адай шежіресіне сүйенетін болсақ, Адайдан Алдаберді, Райымберді, Текей, Жақау деген аталарымыз тараған екен. Ол кісі ел жадында өзінің қайтпас батырлығымен, туралығымен, діндарлығымен жатталып қалған екен. Осы күнде Жақау руы аз таралған рулардың санатына кіреді және жан-жақта тарыдай шашылып жатыр. Осы жағдайды себеп қылып, аз рудың басын біріктіру мақсатында өнердегі есімімді Жақау деп қойдым. Сыры осында. Жақау есімі 2006 жылдан бастап ел жадында.
Ал Смерч тобына келер болсақ, бұл топ сонау 2002 жылдан Жаңаөзен қаласынан бастау алады. Сол 2002-нің күз айларын есіме түсірсем, шаң бораған қала, аула есіме түседі. Жаңаөзен шөлді мекенде орналасқандықтан, әрдайым дауылды шаңның қала үстінен қара бұлттай өте шығатын тентек әдеті бар. Осы шаңды дауылды себеп қылып, Смерч деп қойған болатынмын. Бұл күнде сол шаңды дауыл өз әдетін жиі қайталап тұрады. «Смерч» сөзі, қазақ тіліне тікелей аударғанда, «дауыл», «құйын» деген мағынаны білдіреді.
— «Жамағат продакшнда» қазір неше адам жұмыс істейді? Жалпы орталықтың жұмыс істеу жүйесі жайлы толығырақ айтып өтсеңіз?
— «Жамағат» орталығының тыңдармандармен жұмыс жасай бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. «Жамағат» орталығында негізі Жақау (Утешов Амангелді) және Диди (Рахметжанов Данияр) екеуіміз. Ал сайтты өңдеу, бақылау, жаңалықтармен толықтыру және дизайн жұмысы Нәке (Батырғалиев Нұртай) және Аза (Балахметов Азамат) деген жігіттердің үлесінде. Бұл сайт біздің өнерімізден толықтай сенімді мағлұмат беріп отыратын біздің жалғыз, жеке сайтымыз болып табылады. Алдағы уақытта қатарымыз әлі де толығады деген сенімдеміз.
— Қазірде көптеген жастар рэпке қызығады, алайда әркім бірден танымал болып кетпейді. Сіздің танымал болуыңыз неге байланысты деп ойлайсыз?
— Қазіргі таңда жастар танымал болудың небір жеңіл және қитұрқы жолдарын тапты. Ақиқатын айта кету керек, жастардың көбі қазір жеңіл ойлы. Жалпы қара нәсілді рэп шеберлері, оның бер жағындағы Ресей рэп шеберлері тез көтерілудің арзан да арсыз жолын біздің санамызға құйып үлгерді. Бұл сөзден түсінетініміз, кім ел аузында мәртебеге ие болған болса, сол өнер иесін балағаттау, ғайбаттау, абыройын ел алдында айрандай төгу. Бұл Hip-hop мәдениетіндегі ұстанымдардың бірі. Бірақ мен бұл ұстанымға толықтай қарсымын. Себебі жастар бұл ұстанымның артында қандай арсыздықтың жатқанын, ең сорақысы тілден шығатын бүліктің, ғайбаттаудың өзі үлкен күнәнің қатарына жататынын бірі білсе, бірі біле білмейді.
Ал мені танымал қылған нәрсе — оқу мәнерімнің өзгелерден ерекшелігінде, әр жазған тақырыптарымның мәнді, салмақты, жазған сөздерімнің сапалы, қайталанбастығында, тыңдарманды терең ой астында қалдыруында деп сенемін. Және дауысымдағы тартымдылық пен қырылдың бары деп тыңдармандар маған сан мәрте айтқан. Шынайы өнер, шынайы талант өз тыңдарманын табады, бұған дәлел — Диди.
— Жалпы рэпке келуіңізге кім түрткі болды?
— Рэпке келуіме ДМХ, Som Clan топтары тікелей себеп болды. Ал West Side деп жер жаһанға жар салған 2Pac-тың орны бәріміз үшін ерекше болатын. Ал сөз жазудағы шабытымның оянғанын У.Болатбек ағамның қазасынан кейін байқадым. Себебі сол 2002 жылдың наурыз айындағы мен көрген ауыр оқиға, өзім үшін бұрын бейтаныс болған Хип-хоп мәдениеті мені жаңа жолға салып та жіберді. Бұл оқиға да, өнер жолы да Аллахтың қалауымен ғана бастау алды, қателігімді Аллах кешірсін.
— Қазіргі қазақ рэпінің деңгейі қандай деп ойлайсыз? Негізінде рэперлерді шындықты жасқанбай айтатындар деп жатады, сіздің ойыңызша, біздің рэперлер осындай бағаға лайықты ма әлде тек өздеріне пиар жасап жүргендер ме?
— Қазақ рэпінің деңгейі бұрынғыға қарағанда сапалы бола түскендей, бұған дәлел Диди екеуіміздің еңбегіміз — «Қазағыма лайықты» атты альбом. Нағыз қазақша рэп деп айтуға тұрарлық біртуар, қайталанбас шығарма, қазақи дәстүрдің үлгісі. Иә, негізі рэпер болу, кезіндегі ақиқатты айтқан айтыскер ақындар, шайырлар сияқты, солардың бірі GHad тобы (Al Nasr_Masta Yella), Tarlan, De Fuck To, Didi тағысын тағы жігіттер. Маған өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, адамдар Аллахтың кітабы Құранды және Пайғамбарымыздың салып кеткен сара жолын ұстанбайынша, діні мен тілін, отаны мен ұлтына шынайы жүректері ауырмайынша, ақиқатты өз орнына қойып жаза алмайды. Осы қасиеттер адам бойынан табылмай, ақиқатты айттым деу бос сандырақ.
— Қазақ рэпінде кімдерді тыңдайсыз? Кімді құрмет тұтасыз? Ал Ресей не шет ел рэперлерінен ше?
— Қазақ рэпінде де тыңдауға тұрарлықтары және құрметке лайықтылары сол санаулы тұлғалар: Tarlan, Rec MC, Ardo Arhon, Hazard, G Had отбасы, Didi, Erbolat, SaddaM әзірге осылар. Әлі де жарыққа шыға алмай жатқан сөз шеберлерінің бар екеніне сенемін. Әрине, шынайы талант иелері Жамағат орталығынан құрметке лайықты орын алады деп айта аламын. Шет елдегі рэпперлерге тіпті өзіміздің отандық рэп шеберлеріне де еліктеуге құмартпаймын, себебі мына хадис мені ойландырып тастады: «Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у): „Кімде-кім қандайда бір қауымға еліктесе, ол солармен бірге“ - дейді.
— Қазірде бизнес бастап жатырмын депсіз, оның рэппен байланысы бар ма? Рэпті доғару ойыңызда жоқ па?
— Бизнес мәселесі сол отбасының қамы ғой, оны тоқтату күнә емес. Сауда жасау сунна, егер ол халал сауда болса.
— Рэп сіз үшін бизнес пе, өнер ме?
— Рэп мен үшін — өнер, бірақ еш сауабы мен қайыры жоқ екеніне толықтай көзім жетті. Бұл өнер уақыт пен қаражаттың ысырап көзі, соны түсіндім.
— Алда қандай жаңалықтарыңызбен тыңдармандарыңызды қуанта аласыз?
— Алдағы хабарлар уақыттың еншісінде, менің қалауым Аллахтың қалауының астында екен. Мен ойлаған жоспарлар әркез іске аса бермейді. Барлық жаңалықтар www.zhamagatpro.kz сайтында болады.
— Рахмет, Жақау! Енді осы сұхбатқа қолқа салған тыңдармандарыңыздан түскен көптеген сұрақтардың бірнешеуіне жауап беріп өтсеңіз:
1. Рэптен басқа қандай жанрларды тыңдайсыз?
- Ешқандай жанрға есім кетіп назарым аумайды. Білім талап қылып жүрген бауырлардың лекциялары маған өмірде ақиқат көзімен қарауға мүмкіндік береді, рухани тұрақтылықта боламын. Мен Децлды Ділмұратқа, Onyx-ты Октамға, Нананы Назратуллаға, Raekwon-ды Ринатқа, Nonamerz-ті Наильге айырбастап алғаныма 2 жылдың жүзі болды, реніштерің болмасын, достар.
2. Алғаш рет рэп айта бастағанда қандай кедергілер болды? Сын айтқандар болды ма?
- Қандай кедергілер болсын, сол 2002 жылдың өзінде де қазіргі кездегідей -көреалмаушылық. Мен қасымдағы досымнан сұрайтын едім, «бізде көре алмай, дисс жазатындай аса қымбат не бар?»-деп. Сөйтсем бізде сапалы тоналмаған текст пен қайталанбаған рэп оқу мәнері болған екен. Сол көреалмаушылық дәстүрі қазақ рэперлерінің негізгі ұранына айналған. Қазақ сын айтпай жүре ала ма? Орындысын да, орынсызын да, отырып та, тұрып та естіп жатамыз. Сол 2002 жылдың өзінде алаңдағы үлкен сахнаға кәдімгі арзан кассетамен шыққанымыз есімде. Ішіне өз минус, плюсымызды жазып алып, қиындата, қызара жөнелетінбіз... Рэп музыкалардың артында қалатын бос семплдарды екінші кассетаға жазып, соны қайта-қайта кассетадан кассетаға жазып, бит сияқты жасап алатынбыз. Соған мәз бола, жарыса оқитынбыз... Қазір маған күлкілі сол жылдар. Инет деген қалада атымен жоқ кез. Инструменталдың не екенін C Block деген топтан білдім. Міне, қызық. Ол кезде инструментал минус тапсақ, алтын тапқаннан да қымбат көрінетін. Сағынып та қоямын сол кездерді.
3. Тағы бір қызық сұрақ: «Жақаудың бойы қанша екен?»
- Жақаудың бойы қанша деген сұрақ мені бір күлдіріп алды. Соңғы мәліметке сүйенсем, бойдың ұзындығы 1,75 шамасы, салмағым — 75 кг. Бота көзді, аздап қыр мұрынды, ұрса, өлтірмесе де, талдыруға шамасы келетін, күрессе дес бермейтін Адай руының, Жаңаөзен қаласы Маңғыстау өлкесі, жалпы қазақ халқының мақтанышына айналған өнерде біртуар азаматпын деп есептейді мені танитын барша достарым... )))
4. Рэпке деген қызығушылығыңызды ата-анаңыз қолдай ма?
- Ата-анам қолдайды деп айта алмаймын, себебі олар да музыкада хайыр баракаттың жоқтығын біледі, сол себепті де аулақ жүр деп насихаттайды. Ал туған інім бұл өнерімді, ісімді мүлдем құптамайды, себебі Құран мен сүнеттен дәлелі бар. Мен де сол дәлелге бой ұсынамын.
Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева