Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі

$
0
0

Бүгін «Алматы көшелеріне саяхат» айдарында Тайыр Жароковтың есімімен аталатын көшеге саяхаттап, қазақ әдебиетінің классикалық үлгіде қалыптасуына үлкен үлесін қосқан қазақ совет ақынының өміріне шолу жасамақшымыз.


Тайыр Жароков көшесі 1966-жылға дейін «9 линия» деп аталынып келген. Төле би көшесінен басталып, әл-Фараби даңғылына дейін созылып, Абай даңғылын, Жандосов, Сәтбаев, Темирязев көшелерін қиып өтеді.

Соғыстан кейінгі жылдары Жароков көшесінің бойына заманауй көп қабатты ғимараттар салына бастаған. Бүгінгі күні бұл көшенің бойында:

Тайыр Жароков 1908 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының Жетібай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1920 жылы ата-анасы оны қазақ-орыс бастауыш мектебіне оқуға береді. Мектепте үш жылдай білім алып, оқуын сол кездегі Республиканың астанасы Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында жалғастырады. Студент кезінен әдеби шығармаларды құмарлана оқыған Тайырдың алғашқы «Күлімдейді алтын күн де» өлеңі Қазан төңкерісінің 10 жылдығына арнайы шығарылған «Ақындар сыйлығы» деп аталатын жинаққа енеді. Содан бастап Тайыр Жароков өмірінің дәл қырық жылын осы отандық поэзияға арнайды.

Ілім-білімге құштар болашақ ақын институтты аяқтағаннан соң 1928-1932 жылдар аралығында қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде жоғарғы білім алады. Оқуын бітіре салысымен жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар Одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы болып жұмысқа орналасады. Кейін Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы және 1938 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарады.
Сол аралықта 1934 жылы Ленинград тарих философия және әдебиет институтының аспирантурасына түсіп, оны 1936 жылы бітіріп шығады. 1938 −1942 жылдар аралығында Тайыр Жароков «Қазақ халық поэзиясының алыбы» атанған Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып жүріп, Ұлы Отан Соғысы басталғаннан кейін майданға аттанады.

Классик ақын өлеңдерінде көбіне биіктікті жырлап, ерлікті айта отырып, күнге, жұлдызға көп назар аударады. Сонысымен оқырманын рухтандырып, жасампаз еңбек пен отаншылдыққа шақырып, оны ерліктерге жетелейді.

Ақын шығармашылықпен енді айналысып жүрген кезінде өлеңдерінде лирика басым болса, уақыт өте келе өмірдің мәнін түсінуге деген талпыныс көбірек байқалады.
«Коммунизм таңында», «Нефтьстан», «Күн тіл қатты», «Мотор жыры» сынды дастандарында қазақ даласының сол замандағы өзгерістерін, индустрияландыруды, оянған өлкені жыр етсе, «Тасқын» дастанында 1921 жылы Алматыда болған су тасқынын суреттей отырып адамның табиғаттың күшіне қарсы тұруын, онымен күресуін баяндайды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында халықтың табандылығы мен шыдамдылығын көрсететін «Нарын», «Кеңес қырандары», «Зоя туралы жыр» дастандары дүниеге келсе, соғыстан кейіңгі жылдары халықтың, қарапайым адамның тың игеріп, шөлге су алып келе бастауы жайлы жырлары құйылады.

Өмірінің соңғы он жылында дүниеге алып келген ірі туындыларының бірі Қазақстанның жұмыскерлеріне арналған «Қырда туған құрыш», азаматтық соғыс кездерін халық есіне қайта түсірген «Құмдағы дауыл», Есік көлінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты «Тасқынға тосқын» дастандары.

Сондай-ақ әлем әдебиетін жетік меңгерген, орыс тілінің құнар-қасиетін барынша игерген ақын, шебер аудармашы Тайыр Жароков қазақ елін М.Ю.Лермонтовтың «Черкестер», «Қылмыскер», Маяковскидің «Владимир Ильич Ленин», «Бар дауысыммен», А.С. Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Ағайынды қарақшылар», «Граф Нулин», «Қысқы кеш», «Қоштасу», Лермонтовтың «...Жоқ мен Байрон емеспін, өзге жанмын...», Байронның «Ньюстед абаттығынан аттанарда» және тағы да басқа көптеген ақын-жазушылардың еңбектерімен таныстыруға жол ашқан.

Қазақ әдебиетінде өзінің өшпес ізін, ерекше стилі мен қайталанбас қолтаңбасын қалдырған классик ақын Тайыр Жароков 1965 жылдың 11 наурызында 56 жасында дүниеден озды.

Мәтін: Айнұр Ракишева

Фото: Айжан Кәрібаева

_________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>