60-70 ж.ж. кейін тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамдарымен бірге құлаш сермеген «жаңа толқын» режиссерлері ғарыш кемесін ортақ символ ретінде алып, жаңа өмірдің бастауында тұрғанындарын көрсетіп, биікке ұмтылыстарын байқатты. Режиссерлеріміз өмірдің нақ көріністерін бейнелеуге тырысты, құндылықтар ауысып, қымбаттың құны жоққа айналған, бетке ұстар нысана, бағдар таппаған кезеңді суреткер көзі тап баса білді, қазақ киносы кино тілін басқа қырынан аша бастаған шақ еді бұл.
«Жаңа толқын» өкілі Әмір Болатұлы Қарақұлов «Жапырақтар», «Ажыратушы», «Көгершін бағушы», «Жылама», «Соңғы демалыс» фильмдерінің авторы, үздік режиссурасы үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты (2002). «Ажыратушы» кинофильмі үшін Халықаралық кино байқауындағы (Мәскеу қаласы, 1991) «ФИПРЕССИ» сыйлығының, «Көгершін бағушы» картинасы үшін Халықаралық кино байқауындағы (Таормин қаласы, Италия, 1993) бас жүлденің, Токиодағы Халықаралық кино байқауы Алтын жүлдесінің, «Соңғы демалыс» кинофильмдері үшін Халықаралық кино байқауындағы (Роттердам қаласы, 1996) бас жүлденің иегері, биыл қазақ киносының алтын қорын тағы бір кинотуындысымен толықтырды. Аталмыш кинофильм VIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде тұсауын кесіп, қалың көрермен көзайымына айналып та үлгерген болатын.
«Ғаламтордағы махаббат» — авторлық кино түсіріп жүрген режиссердің коммерциялық бағыттағы алғашқы фильмі. Өз махаббатын ғаламтор бетінен іздеген сұлу ару жанындығы қызметтес қарапайым жігітті байқай бермейді. Оның сүйгені, жүрегін жаулағаны — монитордың әр жағындағы жұмбақ жігіт. Әрине, қыз үшін бұл жігіттің неге кездескісі келмейтіні беймәлім.
«Көрерменге көңіл көтерерлік, қызықты фильм керек деп есептеймін, қоғамдағы түрлі дағдарыстардан адамдар тым шаршап кеткен, оларды қазір жұбатып, көңілдерін бір жадыратқым келіп тұрады. Қоғамдағы қандай жағдайда да кино — көрерменінің жұбатушысы. Мысалы, немістер Москваға жақындағанда, біз кино түсіріп жаттық, Берлин бомба астында қалғанда да немістер кино түсіріп жатты. Кино ол мәңгілік пропаганда. Кино деген құдіретті әлем. Адамдар әр түрлі, олардың түрлі ойлары мен көзқарастары бар, оларды біріктіріп, ойын ортақ етер, достастырар кино деп білемін. Кинода шынайылық болуы керек. Американдықтар кинолары арқылы ұлы елге айналды» — дейді режиссер.
Аталмыш фильм арқылы режиссер расымен де көрерменінің тамырын баса білді. Киноматографиялық мүмкіндіктерді шебер пайдалана білген автор, фильмін қоғам өмірінің бейнелеуіш құралына айналдырды. Мелодрама мен шытырман оқиғаға толы заманауи өмір сипатын, түрлі пиғылдағы адамдар мен нәпсі құмарлық, ғашықтық машақаты, бәрі де сұлулық үшін күресте таза адамдық махаббаттың қашанда жеңіп шығатынын режиссер көрерменіне дәйекті жеткізе білді. Картинадағы актерлардың шынайы ойыны, режиссер мен актер арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде өрбіп отырған оқиға желісіне сенесің. Актерді экран арқылы оқи аласың, үлкен пландар арқылы режиссер өз ойын шебер жеткізе білген, пландардың ауысуы, ракурстар, жарық пен монтаж, дыбыстың өзіне тән драматургиялық шешуші сәттері фильмді тұтастандырып, кадр аралық ритмді құрайды.
Фильмнің әр кадры үйлесімді, мазмұн мен оқиға желісінің бір тармағын ашып тұрады, Муссинак айтқан «фотогениялық» бар. Фильм тұтастай пластикалық концепциямен сезімдердің тууын көрсетеді. Ішкі ритм мен сыртқы ритм фильм жүрегінің соғысын қатарласа көбейтіп, көрерменнің назарын тыс қалдырмай, өзінде ұстап отырады. Кино заңдылықтары мен тілін тереңнен меңгерген режиссер киносүйер қауымды кино тіліндегі фильммен табыстырды.
Бүгіннің кейіпкерлері ойын ойнайтын, біз бен сіздің өмір сүріп жатқан қоғам жайлы сыр ұққыңыз келсе, «Ғаламтордағы махаббат» фильмін көріңіз.
Назерке Сланбек
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер
академиясының 4-курс студенті
Фото: Kazakhfilmstudios