Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді: Біздің қазақ әнқұмар халық... Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады.
Ән әуезінің майын тамызып, жүректен шыққан ой терімдерін сезімталдығы мен сезгіштігінің арасында құлағыңның құрышын қандыратын, қазақтың кең даласындай дауысымен сахна дейтін қасиетті биікке қадам басқан, адамдықтың ауласынан алыстамауды басты мақсаты санаған, атаның емес, адамның баласы болар, болашағынан зор үміт күттіретін жас әнші Айдарбек Рысбекпен бір үзік сыр.
— Айдарбек, қазақ эстрадасындағы жанды дауыспен орындалатын, жыл әнін іріктеуші «Саз әлемі» бағдарламасына қатысып, бақ сынадыңыз? Қорытынды финалға дейін жетпеуіңізге не кедергі болды деп ойлайсыз?
— Бұл жоба жайын егжей-тегжейлі айтпай-ақ қоюыма рұқсат па? Олжас Сүлейменов ағамыз ақиқатты себеп-салдар жолымен түсіндіру — Лейбництің ойлап тапқан амалы. Соған орай тәжірибеден салдарды иланымды деңгейге жеткізуге қажет себеп теріліп алынады дейді.
— Айды етегіңмен жаба алмайсың дейді халық даналығы. Алысар болсаң шыныңды айт, табысар болсаң сырыңды айт деп жоба барысындағы көңіліңізге тиген дүниелерді ашып айтқыңыз келмей отырған секілді?
— Абай атамыз екінші қара сөзінде әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады дейді. Мен өткенді қазбалап, оны жаныма жара етіп жабыстырғым келмейді. Мен алдымен Аллаға сенемін, Алладан тілеймін. Барша дүниені таразыға салып, мәселенің дода жеңудегі жеңісіңде емес, адам ретіндегі адал жолдағы жеңісіңде деп білемін.
— Жігітке жеті өнер де аз. Өнер алды қызыл тіл демекші, сөз саптауыңызда кітапты көп оқитын, іздемпаздығыңыз бен жан- жақтылығыңызды аңғартады. Біз білмейтін тағы қандай өнеріңіз бар?
— Мен төрт жыл Чайковский атындағы музыкалық колледжде «қобыз» сыныбында оқыдым. Ол кезде жасым он алтыда болғандықтан дауысың өтпелі кезеңде деп «жеке ән салу» сыныбына мені қабылдамай қойды. Қобызда ойнау үшін де рухани үлкен дайындық керек, бағзыдан келе жатқан таңғажайып аспаптың дауысындағы үннің өзі менің жанымды ауыртатын. Мен лирикпын. Орындап жүрген әндерімнің барлығы дерлік лирикаға толы. Жанымның аңсағаны сахнаға шығып ән салу болды, мен сол қобыздың үнімен үлкен сағыныш пен небір қиындықтар арқылы бүгінгі шығармашылығыма жеттім. Сондай-ақ, гитарада, домбыра мен пианинода ойнай аламын. Мұны бейнебаяндарымнан байқауға болады, әндерімді өзім сүйемелдеймін.
— Әнші ретінде кімді өнеге тұтасыз?
— Бруно Марстың, Крис Браунның стилін ұнатамын. Менің қазіргі әндерім баяу ырғақты, негізі диапазоным кең ,алдағы шығармашылық жолымда жоғары нотадағы әндер мен динамикалық темптегі туындыларды көбейту жоспарда бар.
— «Оралшы махаббатым», «Туған күн» бейнебаяндарыңыз Хит Тв, Ел арна сынды арналардан үзбей беріліп, көрермендеріңізге кеңінен, барынша насихатталды. Бұл үлкен қаржыны талап ететіні сөзсіз, бір бейнебаян түсірілімінің өзі зор қолдауды қажет етеді деп әріптестеріңіз айтып жүр. Соған қарағанда продюссеріңіздіңдің сізді хедлайнер жасауда аянбайтыны көрініп тұр.
— Расы керек, менің продюссерім жоқ. Қолдайтын ата-анам мен достырым, өнердегі аға-әпкелерім. Менің тұсауымды кескен «Оралшы махаббатым» әні болмағанда мен аялдап әлі бір орнымда тұрар ма едім? Орайы келгенде айта кеткім келгені шығармашылығымда қолдау көрсетіп жүрген, рухани ұстаздарым Марат Тоқашбаев, Раушан Қарашалова апайыма, ата-анама, достарыма, тыңдармандарыма айтар алғысым шексіз. Алла жаны жұмсақ, жанашыр адамдарыма бар жақсылықты ғана бұйырса екен деп дұға етіп жүремін. Қазір жеке студиямды аштым. Мен тек әнші емес, аранжирлеуші, композитор ретінде бағымды сынап, бірнеше әндерім бүгінде өңделу үстінде, Алла қаласа тыңдармандарына да жетіп үлгереді.
— Өзіңізді әнші сезінесіз бе?
— Бұл менің арманым. Кейде өз әнімді басқалардың ұялы телефонынан, дүкендер желісінен естіп, көріп қалсам, қуанып кетемін. Сара жолдағы сүбелі еңбектің иегері болғым келеді. Жуырда өнердегі бір бауырым тойда бір асаба әнімді ұрлап, менің дауысыммен ән салып жүргенін естіртті. Бір жағынан әніңнің халыққа өтетінің біліп ортаға салғанына қуанып қалдым, бірақ, мен өз авторлық құқығымды білемін, бір ауыз хабарласып рұқсат сұраса болатын ба еді? Ол алдымен халықты алдау ғой.
— Біраз жеңістің дәмін таттыңыз. Ел асып шет елде де өнер көрсетіп жүрсіз. Алғашқыдай емес, сахнада халықпен жұмыс жасаудың кәсіби шеберіне айналып алған шығарсыз?
— Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бүгінде 4-курс студентімін. Төлешова Люция Қажығалиқызының шеберханасында дәріс алудамын. Ұстазымнан үйреніп жатқан дүниелерім көп. Адамның бәрін білдім, толдым дегені — өлдім дегені ғой, біз өмір мектебінің мәңгілік шәкірті болсақ, өнердегі де сабағымыз ешқашан тоқтамақ емес. Алғаш сахнаға шыққандағы қобалжуым әлі санамда жатталып қалған. Халық әніңді ұнатып, қол шапалақтап, әннің ырғағымен билеп тұрғанын көргенде жаның жәйлана бастайды. Маған күш пен рух, сенім беретін — тыңдармандарым.
— Сол тыңдармандарыңыздың көптігін тілеймін. Өзіңізді іздер, сағынар, жаңа әндеріңізді тағатсыздана күтер тыңдармандарыңыз көп болғай. Әңгімеңізге рахмет.
— Әмин. Сізге де шығармашылық шабыттың шынайы еңбегін тілеймін.
Сырласқан: Назерке Сланбек
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының
«кинотеледраматургия» мамандығының 4- курс студенті
Суреттер: Айдарбек Рысбектің жеке архивінен