Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Азамат Сатыбалды: «Ұзаққа баратын өнер — театр өнері»

$
0
0

Бірде достарыммен қазақтың Брэд Питі кім болар деп талқылағанда, менің Азамат Сатыбалды дегенім бар. Оған Азаматтың азаматтық ажары, келісті сымбаты бір келсе, екінші жағынан Гамлет, Кебек, Қозы, Тибальт сияқты театр сахнасынан жүрекке дәл тиетін рөлдерінің баурайтыны тағы бар. Оның өз-өзіне деген сенімділігі, жарқын жүзі, әрқашан күлімдеп тұратын көздері актер болуға жаралған адам ретінде көрсетеді. Солай көптен бергі арманым Азамат Сатыбалдыдан сұхбат алуға ұйғарып, біраз «келіссөз» жүргізіп, М.Әуезов театрына келдім. «Қыз Мұңы» қойылымына бір сағат қалғанда актердің гримеркасында әңгіме-дүкен құрдық. Образға кіргеннен бе, әлде көңіл-күйі болмағаннан ба Азамат маған жаралы қасқыр образын елестетті. Ойлы көздері, байсалды үні оны лирикалық эпостан шыға келген батырға ұқсатып-ақ тұрды. Алайда ол тек қыр-сыры шексіз актер болмысының бір жағы ғана екен. Сұхбатты жазу барысында актердің өмірге құштарлығын, позитивті, жайдары образын байқадым. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін әсерлі өткен сұхбат алдарыңызда.

— Сәлеметсіз бе, Азамат! Сізбен театр жайында сөйлессек деймін. Өзіңіз осы театрда жұмыс істейтіндіктен, қазіргі театрдың жағдайын, деңгейін саралап айтып берсеңіз?

— Театрдың деңгейін дөп басып айту қиын шығар. Оның алтын дәуірі — ұлы Әзірбайжан Мәмбетовтың басқарған кезі. Ол театрды 30 жыл бойы басқарған кезде Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Молдахан Жантөриннің шыққан уақытын «алтын дәуір» дейді. Ал қазір сол межемен есептейтін болсақ, біз ол деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Ол кезде көрерменнің театрға деген көңілі басқа болды. Көрермен басқа ақпаратпен өмір сүрген, жаһандану заманының қаруымен жабдықталмаған, интернеттің болмаған кезі. Ол таза театрға келетін. Ал қазіргі инновация заманында театрға көрерменді, әсіресе жастарды қызықтыру өте қиын. Дей тұрғанмен, театр бұдан да өтеді. «Москва слезам не верит» фильмінде «енді телевидение ашылды, театр өледі» деген жері бар еді ғой. Бірақ театр өлмеді, ол 25 ғасыр өмір сүріп келе жатыр.

Қазіргі кезде театр жылайтындай деңгейде емес. Ол қазіргі көрерменнің сұранысын қамтамасыз етіп жатыр деп ойлаймын. Әрине, жаңа тұлғалар, есімдер керек. Тұлға, герой жасау — қоғамға, басшылыққа байланысты. Жалғыз ағаш орман болмайтынындай, жалғыз актер қанша жерден дарынды болса да, оған дем беру керек. Кезінде, мысалы, мүмкіндігінше қолдан геройлар жасаған. Сонда жастар соларға қызыққан.

Қазірде көрермендер қойылымға келеді. Ал басқа шет ел, Ресейде біраз уақыттан бері көрермен қойылымға емес, актерге келетін болды. Біздің айырмашылығымыз сонда. Қойылым деген жалпы ұғым. Онда кім ойнап жатыр, кім ойнамай жатыр көрерменге қызық болу керек. Театр көрерменмен сақталады десек, онда ол қойылымға емес, актерге келу керек. Мен Мәскеуге көрермен ретінде барсам, міндетті түрде кім ойнайтынын сұраймын. Ал бізде қандай қойылым болады деп сұрайды.

— Жастарды тарту қиын дедіңіз, мүмкін онда заман талабына сай жаңаша бағыт керек шығар?

— Көрерменнің жетегінде кетуге болмайды деп ойлаймын. Театр паровоз болу керек. Мысалы, сіз үйіңізге қонақ шақырып, оған жүрегіңізден шыққан тамақ бересіз. Қонағыңыз келіп алып, маған бешбармақ ұнамайды, борщ бер демейді ғой. Сол сияқты көрерменнің жетегінде кетуге болмайды, театр көрерменді тәрбиелеу керек. Мысалы, түк білмейтін адам театрға келіп, 10 қойылымнан кейін барып, театрдың деңгейін түсіне бастайды. Көрерменге не керек деп сұрасаң, қазірде оған, әрине, күлкі керек. Күлдіресің. Еуропада, мысалы, модерн көрсетеміз деп көрермендерін жоғалтып бара жатқандары соншалықты, сахнада секс көрсетеді. Бұл өнер ме? Оларға бастысы көрерменді ұстап тұру. Ал жалпы театрдың негізгі мақсаты көрерменді ұстап тұру емес, оны өзінің артынан жетектеу, бірге ілестіру. Сондықтан мен ондайға қарсымын, оның үстіне біздің театр дәстүрлі театр болғаннан кейін біздің көрермен оған дайын емес. Бар болғаны көп насихат керек. Актерлерді көп насихаттау керек. Бізде қазір «жұлдыз» дейді де, оны тек әншілерге таңады. Ал нағыз жоғарғы деңгейдегі опера әншілерін, балет, театр актерлерін жұлдыз демейді. Тек жеңіл эстрада әншілерін «жұлдыз» дейді. Ал негізінде ұзаққа баратын өнер — театр өнері.

— Онда өз онлайн-журналымызда сізді тұлға ретінде ашуға тырысайық. Жалпы Азамат Сатыбалды тұлғасының қалыптасу кезеңі қалай өтті? Оған қандай орта әсер етті? Суворов училищесінде оқыпсыз, оған түсуге, кетуге не себеп болды?

— Оған түсуге кереметтей бір себеп болған жоқ. Үйдегілер қинап түсірді. Өйткені ағаларымыздың бәрі офицер болғаннан кейін, «ағаңның жолын берсін» деп апарып түсірді. Бірақ ол жер маған ұнамады. Менің болмысым бұйрыққа бағынбайды. Маған істе деп бұйрық берсе, керісінше істемей қоямын. Ал жай ғана «осы сенің қолыңнан келеді, мынаны істей салшы» десе, істеймін. Солай таңғы алтыда тұру, біреудің бұйрығын орындау, тек түсте тамақ ішу сияқты істер ұнамаған соң кетіп қалдым. Оның үстіне өзім «жапалақпын», түнде ұйықтаймаймын — менің таңым он екі-бір.

Содан өнерге келіп, өзімді өнерде байқадым. Маған осы ұнады. Өзімнің бұрыннан бері тура келетін бешпентімді кигендей болдым. Бала кезімнен лидер болғаннан кейін, шапқылап ізденуді бастадым. Өйткені әкем: «Өнер деген қиын, болсаң болу керек, болмасаң жоқ болу керек. Тобырдың, топтың ішінде жүруге болмайды» деген еді. Содан бастап, өз бетімше оқыдым, Асанәлі, Әнуар ағаларға, Безруков, Мироновтарға еліктедім. Солар сияқты болғым келді. Олар не істеді, не оқыды, қалай жүрді, тіпті не кигеніне дейін бақыладым. Мен қазіргі күнге дейін, мысалы, Асанәлі Әшімовтың киіну үлгісіне қараймын. Қалай киінеді, өзін қалай ұстайды, қалай сөйлейді. Адам еліктеу арқылы өзінің сүрлеу жолын табады. Оған тек сәл ақыл мен еңбек керек.

Ал қазір мен өзімді керемет бір шыңды бағындырдым, керемет тұлғамын деп айта алмаймын. Өзімнің бір ойым қалыптасса, ол менің мінезім шығар деп ойлаймын. Өйткені тұлға болу үшін, өмірде өз орныңды қалыптастыру үшін адамға бір мінез керек. Өнерге, өмірге деген жеке көзқарасы, жолы болу керек. Біреу «ақ» десе, соған «ақ» деп ілесіп кетпеу керек. Өзінің жеке азаматтық позициясыңды ұстау қажет. Сонда ғана адам тұлға болып қалыптасады. Әрине, бұл қиын іс. Өйткені өзіңнің жеке позицияңды айту, жеке адам ретінде өзіңді орнықтыру көп адамға ұнамайды. Біреулер жамандайды, біреулер даттайды, біреулер мақтайды. Бірақ егер өз орныңды, жолыңды қалыптастырғың келсе, күресуің керек. Менде осындай позиция қалыптасты. Маған кейбіреулер сен өмірде жолы болғыш адамсың дейді. Ал мен олай деп дөп басып айтпаймын. Өйткені мен еңбектенбесем, маған ештеңе келмейді. Ал еңбектенсем, маған келе береді. Мүмкін бір фактілер бар да шығар, өйткені өнерде көп нәрсені бақ шешеді. Алла Тағаланың мүмкін маған берген бір нәсібі шығар.

— Бұйрықтарды ұнатпаймын деп жатырсыз, ал театрда режиссер деген ол да бір өз алдына майор, офицер емес пе? Режиссерлермен жұмыс істегенде қиындықтар болған жоқ па?

— Әрине, көп қиындықтар болады. Бірақ актер ретінде сен өз позицияңды қорғай білуің керек. Актер менің түсінігімде ғылыми зерттеуші сияқты. Сіздер, мысалы, кандидаттық, докторлық дәреже қорғайсыздар ғой, сол сияқты актер де өз рөлін қорғап шығу керек. Неге олай, неге бұлай деп. Режиссер, мысалы, «жат» десе, мен неге жатуым керек, менің жан дүнием мына жерге жатуға келіспейді, кейіпкерім бұл жерде жатпайтын еді дейсің.

— Сахнада үлкен айтыс болатын шығар сонда?

— Әрине. Онсыз болмайды. Біздің режиссерлердің көбі қазір саналы, боламын дейтін көптеген актерлерге ерік береді. Өзіміздің нұсқамызды көрсетеміз. Мен былай-былай ойлаймын деп. Одан кейін барып олар ақырындап арқамыздан қағып, басыңнан сипап түзеп, бағыттайды.

— Ал қай режиссермен жұмыс істеу өте қиын болды?

— Әзірбайжан Мәмбетовпен жұмыс істедім. Ең алғаш ойнап жүрген кездерде, «Абай» қойылымында Айдарды ойнағанмын. Сонда қиын болды. Өйткені ол кісі талдап түсіндірмейді. Әлі бала кезім, өзімнің білгенімше ойнап жүрдім. Ал онымен менен бұрын көп жылдар істеген апаларымыз, оның бір-екі ауыз сөзін бірден түсіне қояды. Мен таң қаламын, қалай ғана түсіне қойдыңыздар деп. Олар: біз 30 жылдай бірге жұмыс істейміз, оның көзінен, интонациясынан-ақ бәрін түсініп қоямыз дейді. Сосын «Гамлетті» қойған Астананың режиссері Юрий Иванович Ханенкомен жұмыс істеу қиын болды. «Білмеймін, өзің ойдан шығарып ойна» дейді. «Мына жерде мынадай сюжет, өзің шығар» дей салады. Үйге барып ойланып, ертесіне ойыныңды алып келесің. Бір нұсқа алып келсең, «тек бір-ақ нұсқа ма?» дейді. «Мен бірнеше нұсқа алып келер едім» дейді, сосын қайтадан барып, ойланасың. Сондай бір ерекше режиссер. «Генийсің, сенен асқан талант жоқ, сендей актер көрмедім» деп мақтап-мақтап қояды. Соған сеніп қаласың. Баласың ғой.

Жалпы көп режиссерлермен жұмыс істедім. Мысалы, бүгінгі болатын «Қыз мұңы» қойылымының режиссері Төлеубек Аралбаевпен өте жақсы жұмыс істедік. Өте жақсы қойылым. Позициясы бар қойылым. Жолымның болғыштығы сол шығар — маған тек қана жақсы рөлдер тиді. Спектакль болсын, телевидение болсын. (Жалғасы бар).

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева
Фото: Ардақ Төлеубаев


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>