Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Ерболат Тоғызақов: Мен Жастарға сенемін

$
0
0

Толомұш Өкеевтің «Көксерек», Рүстем Әбдірашевтың «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны», Фархат Шариповтың «Қызғылт қоян», Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмінде эпизоттық рөлдерді сомдаған Ерболат Тоғызықов «кішкентай» рөлдер болмайтынын, тек «кішкентай» актерлар барын біледі, сондықтан да өзі сомдайтын кез келген кейіпкерін тереңнен зерттеп, режиссердің қояр талабын зерделеп алады. Ерболат ағаның киноға қиянаты жоқ, өмірінің 35 жылын «Қазақфильмде» қызмет етіп жүріп өткерді. Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі арқылы елеулі актерлық табысқа жеткен Ерболат ағамен әңгімелесудің реті келген болатын.

Н.Сланбек: Аға, халыққа кеңінен өнеріңізді насихаттаған «Шал» фильміндегі рөліңіз болды. Трагедиялық атмосфераны комедиялық элементтермен түрлендіре алар, образдық жан-жақтылығыңыз бен типаждық ерекшелігіңіз, камераны сезінуіңіз, кейіпкердің ішкі әлеміне енудегі кәсіби шеберлігіңізбен қайталанбас рөлді сомдадыңыз. Бұл сізге біткен тума талант па, әлде үздіксіз еңбектің арқасы ма?

Е. Тоғызақов: Менің қолымда «актер» деген диплом жоқ. Бірақ, бала кезімнен өнерді таныдым. Әкем — Қасым Тоғызақов ҚазКСР жазушысы, ақын, аудармашы болған кісі. Анам Абай атындағы Опера және Балет театрында актриса болып қызмет етті. Тегімде бар дән ғой, әрі достарымның бәрі актерлер, мен оларға қарап отырып көп дүниені жаныма түйіп алатынмын, «Қазақстан» кинотеатрының жанында тұратынбыз, мен күнде кинотеатрдан шықпайтынмын, актерлардың ойынын қайталап, көз алдымдағы актердің ойыны менің жанымда басқаша ойналып жататын. Мен киноны жаныммен сүйдім. Іздеп жүріп көрдім. Бірақ, актер боламын деп дайындалып та, оқып та көрмеппін, біреулер актер деп жатса ұяламын, құлағым әлі үйрене алмай жүр (күліп), менде бәрі де іштей қалыптасты.

Рас айтасыз, «Шал» фильмінен соң мені көшедегілер тани бастады, танымайтын бір адам келіп, фильмнен кейінгі әсерін айтып, шынайы тілектерін білдіріп жатқанда маған сол адам туғанымдай көрініп, ниеттеріне риза боламын. Алғашқыда іріктеуден өткенімді естігенде, өзіме-өзім сенбедім. «Бұл рөлді ойнап шыға аламын ба?» деген сұрақты режиссер Ермекке де көп қойдым. Түсірілімдік топ маған сенді. Түсірілім кезінде топта жұмыс жасайтын 75 адам маған үлкен сеніммен, үмітпен қарап тұрады, мен өзімді «бірінші», «тіреуші» адам сезініп шабытқа беріліп жұмысымды жалғастырамын (күліп). Екінші, үшінші дубльдан соң кадр дайын болып жатты. Мен ешкімді ойнаған жоқпын, мен түсірілім алаңында өзіммен-өзім болдым, өмірде қандаймын, рөлді де сол қалпымда сомдадым. Мен де қартайдым, жасым 63те, мен де Шалмын, сондықтан «Шал» менен тыс дүние емес.

Н.Сланбек: Фильмнің дайын нұсқасын көргенде қандай әсерде болдыңыз? Фильм сізге не берді?

Е. Тоғызақов: «Шалды» мен жүзінші мәрте көрген шығармын. Сан мәрте көрсем де, әсерден арылмадым, жүрегім ерекше толғанады. Өзіме қуанып, жүрегімді бір мақтаныш кернейтіні бар. Алдымен, Ермекке сенімі үшін рахмет айтамын, сол сенім мені актерлық ойынымда жетелеп, небір қиындықтарда шыдам берді. Мысалы, қыста түсіргендіктен аяздың астында жұмыс жасадық, суға секіресің, қасқырлармен алысасың, каскадерлардан небір трюктарады үйренесің, мен ең қымбат көңіл сенімді ақтау үшін еңбек еттім. Фильмді тосып жүрген мыңдаған көрермендерді ойладым.

Ал фильм маған не берді десеңіз, өте көп достарды берді, еліміздің әр облысындағы көрерменнің аяулы ықыласы мен тілектес ниеттерін берді. Мен үшін осыдан асқан бақыт жоқ.

Н.Сланбек: Сіздің типажыңыз ақкөңіл, адамгершілік жолында құрбан болар, жаны жайсаң, болмысына қарапайымдылық тән қарияның дәл өзі. Бүгінде маған адамдар рухани жағынан жұтаңданып кеткен сияқты, сіз қалай ойлайсыз?

Е. Тоғызақов: Адамдар туралы мен тек жақсы нәрсе айтқым келеді. Ренжіген күннің өзінде оны өз ішімде жеңіп, сыртқа сыр білдірмеймін. Бірақ рет берілер өмірді әркім өзінше саралар, өзінше жол табар. Адасу мен түзелу бәрі де өмір ағымымен өтіп жатыр. Ең бастысы, «Шал» фильмінде мен өмір үшін күрестім, қандай жағдайда да өмір үшін күресу керек.

Н.Сланбек: «Екпін» мәдени-танымдық журналының оқырмандары мен артыңыздан ерген ізбасар жас толқынға нендей өмірлік кеңес берер едіңіз.

Е. Тоғызақов: Мен Жастарға сенемін. Фильмде қасқырлармен айқасып жатқанда менің: Шайтанбектің жоғын қарашы, ол қазір қасымда болса сендерге көрсететін еді, деген сөзім бар. Бұл менің жалпы жастарға деген сенімім. Өмірде бәрінің қолжетімді екеніне сену керек. Бір орында тұрып қалмай, өмір үшін болатын күресте жеңу керек. Жеңіс тілеймін!

Н.Сланбек: Рахмет, аға! Сіздің шығармашылық шыңыңыз әлі алда деп білімін. Амандықта жүріңіз.

Сұхбаттасқан: Назерке Сланбек

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының «кинотеледраматургия»

мамандығының 4-курс студенті


Viewing all articles
Browse latest Browse all 16878

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>