Бүгінгі материалда «Екпін» жобасы оқырмандарын тағы бір талантты топпен таныстырмақшы. Бұл топ ән айтпайды, би билемейді, тіпті олардың театрға да қатысы жоқ. Биылғы жылдың көктемінде талантты жігіттерден құралған аталмыш топ Варшава қаласында Қазақстанның атын 5 сағаттың ішінде әлемге танытты десек, артық айтпаспыз. Бұлар кім десеңіз — Әлемдік Студенттерге арналған ең ірі халықаралық бағдарламалау (ағылшын тілінде қысқаша ACM/ICPC) олимпиадасына қатысып, 16-орын иеленген «ҚБТУ — Торнадо» командасы. Команда Қазақ-Британ университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде білім алып жатқан Әзизхан Әлмаханов, Қанат Сатылханов және Мадияр Айтбаев деген жігіттерден құралған. Бүгін осы жігіттермен сұхбаттасудың сәті түсіп, оларды әңгімеге тартқан едік.
Солдан оңға: Қанат, Мәдияр, Әзизхан, Дамир
— Ең бірінші команданың қалай құралғандығы туралы айтып берсеңдер...
Әзизхан:
— Негізі барлығымыз да бұл олимпиадаға қатысуды мектеп кезінен армандаған едік. Сол арманның жетегінде жүріп бір-бірімізбен таныстық. Шамамен 9-10 сынып оқып жүрген кезімде информатика пәнінен мектеп аралық олимпиададан Республикалық жарысқа келген болатынмын. Сол кезде информатика пәнінен келген Мадияр мен математика пәнінен келген Қанатпен таныстым. Танысып, сөйлесе келе үшеуіміздің де арманымыз ACM чемпионатына қатысу екендігін түсінгеннен кейін болашақта оған бірге қатысамыз деп жоспарладық. Кейін университетке түскеннен соң алға қойған нақты мақсат пайда болып, тараздық мені және талдықорғандық Қанат пен Мадиярдың басын бір арман, бір университет, бір команда қосты.
— Сонда университетке де келісіп түстіңдер ме?
Мадияр:
— Жоқ, бірақ бұл оқу орны Қазақтан бойынша осы салада өте мықты дайындайтын болғандықтан, біз үшін Қазақстанда ҚБТУ-дан басқа таңдау болған жоқ.
— Сендер қатысып келген чемпионаттың ерекшелігі, оның ережелері мен шарттары туралы айтып өтсеңдер.
Қанат:
— Дүниежүзі бойынша университеттер арасында өтетін олимпиада бірнеше этаптан тұрады. Бірінші этап әр университеттің өз ішінде іріктеу болады. Одан кейін Республикалық олимпиадаға қатысады. Республикалықтан өткен команда жартылай финалға өтеді. Оған бір университеттен бірнеше команда өткенімен, финалға бір университет атынан бір ғана команда қатыса алады. Біздің регион, яғни Қазақтан, Ресей, Белорусь, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бір регион болып саналады. Солардың арасынан финалға 12 түрлі университет өту керек. Мысалы осы жылы 16 университет өтті. Сол он алтылыққа енген университеттер финалға жолдама алады. Финалдық жарыста осы сияқты аймақтан барлығы 100-ден астам командалар жиналады. Финалда 12 орын бар. Бағдарламаның тапсырмаларын бірінші болып орындаған алғашқы 4 команда алтын алады. Қалғандары 4 күміс пен 4 қола медальді иеленеді.
— Қазақстанда өткен іріктеуге қай ЖОО командаларын қатыстырды?
Мадияр:
— Оған Қазақ-Британ университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Сүлейман Демирель атындағы университет, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Халықаралық IT университеті сынды тағы да бірнеше университет қатысты. Бір университет 10 командаға дейін ұсынуға құқылы. Бұлардың ішінен әр университеттен 4 команда жартылай финалға өтті. Сөйтіп бәріміз жартылай финалға Ташкент қаласына бардық. Ол уақытта Санкт-Петербор, Барнауыл сынды бірнеше қалада жартылай финалдың іріктеу сынақтары өтіп жатты. Біздің регионға 16 орын бөлінген болатын. Осы жылы он алтылыққа Қазақстаннан тек біздің команда ғана ілікті. Біз Ташкентте Орталық Азия бойынша бірінші, ал жалпы рейтинг бойынша 14-орынды иеленіп, финалға жолдама алдық.
— Чемпионатқа қалай дайындалдыңдар?
Әзизхан:
— Біздің жаттықтырушымыз Дамир Елеусізов деген кісі. Ол өзі де кезінде осы олимпиадаға қатысып, Орта Азия және Қазақстан бойынша жүлделі орындарды иеленген. Өткен жылы жартылай финалға дейін әр сенбі сайын бізге олимпиадаға дайындық жүргізетін. Сонымен қатар өзіміз де күніге АСМ чемпионатының 5 сағаттық форматында шынымен олимпиадада отырғандай өткен олимпиадалардың есептерін шығарып, күрделі дайындықтар жасап жүрдік. Сосын жартылай финалдан кейін де Қазақтаннан біз ғана өткендіктен өз бетімізбен финалға дайындық жасадық. Қыста Ресейде біздің регионнан финалға өткен командалар арасында жиын болды. Соған бардық. Сонда тағы дайындалдық. Кейін Ресейден тренер шақыртып, ол бізді 1 апта дайындады.
— Варшавада өткен чемпионатқа дейін үлкен деңгейдегі олимпиадаларға қатысып көріп пе едіңдер?
Қанат:
— Осыншалықты үлкен олимпиадаға қатысып көрген емеспіз. Бұл бірінші рет. Әр жыл сайын Қазақстан атынан көптеген университеттік командалар қатысқанымен ешқайсысы жартылай финалдан өте алмайтын. АСМ тарихында Қазақстаннан финалға тек 4 команда ғана өткен. ҚазҰУ-дан бір команда, ҚБТУ-дан 2 команда, биыл біз төртінші команда болдық.
— Биыл сендер 16-орынды иелендіңдер, ал сендерден бұрын қатысқан үш команда қандай нәтиже көрсетті?
Әзизхан:
— Ең соңғы қатысқан команда 30-орынның айналасында болды. Ал оған дейінгі екі команда одан да нашар көрсеткіш көрсеткен.
— Бұл чемпионатта қандай қиындықтар кездесті?
Әзизхан:
— Дүние жүзі бойынша ең мықтылар жиналған бұл чемпионатқа бірінші рет қатысқаннан кейін аздап қиындықтар болды. Бұл олимпиаданың ерекшелігі — 5 сағаттың 4 сағаты кім қай орында тұрғандығын көріп отырамыз. Тапсырманы орындап бола салысымен оның қорытындысы автоматты түрде қайтып келіп тұрады. Біз басында алаңдап, біраз кірісіп кете алмай отырдық. Шыны керек, жарыстың алғашында көп уақытымызды құр өткізіп алдық. Содан кейін ортасынан бастап бар күш-жігерімізді жинап кірісіп, барымызша тырысып бақтық. Қиындық сол6 бірінші қатысқандықтан болды деп ойлаймын.
— Бір топта қанша адам болуы міндетті, қанша жастан бастап қатысады?
Қанат:
— ACM-ге қатысушылар міндетті түрде университетте оқу қажет. Жас жағын білмедім, студент болса жеткілікті шығар. Ал командада негізінен үш адамнан болады. Содан кейін Қазақстанда өтетін бірінші этапқа бір адам әр жылдары максимум 5 рет қана қатыса алады. Мысалы мен бакалаврда қатыстым, енді магистратурада қатыссам, одан кейін қатыса алмаймын деген сияқты ғой. Сондай-ақ финалға екі рет өткен адам келесі жолы қатысуға мүмкіндігі болмайды.
— Тапсырмаларды қай тілде орындадыңдар?
Мадияр:
— Тапсырмаларды С++ тілінде орындадық.
— Спорттық программалауға қатысу үшін адамның бойында білімнен басқа қандай қасиет болуы керек?
Қанат:
— Жетістікке жету үшін көп еңбек ету керек. Сол үшін адамға бірінші — еңбекқорлық қажет деп білемін. Сонымен қатар командада жұмыс істеу үшін адамдармен жақсы тіл табысатын және спорттық олимпиадаға қатысатын болғандықтан, сарбырлық қажет деп ойлаймын.
— Әлем университеттері арасында білімдеріңді сынап қайттыңдар, осыдан кейін қазақстандық университеттерді шетелдіктермен салыстырған шығарсыңдар. Біздің деңгейіміз қандай екен?
Әзизхан:
— Қазақстан осы бағытта енді ғана дамып келе жатқан мемлекет. Осы уақытқа дейін жартылай финалға дейінгі болатын олимпиадаларда тек ҚБТУ алғашқы орындардан көрінетін. Ал қазір бұрынғымен салыстырсақ, өзге университеттердің де командалары шығып жатыр. Ол деген Қазақстан ішінде бәсекелестік пайда болып келе жатыр дегенді білдіреді. Бәсекелестік болған жерде прогресс те болады ғой. Болашақта жақсы нәтижелер көрсетеміз деп ойлаймын. Қазіргі кезде Ресей, Украина, Белорусиядан қалып қоямыз. Бірақ өзіміздің Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан сәл ілгері деп айта аламын.
— Болашаққа қандай жоспарларың бар?
Қанат:
— Google, Facebook сынды бір шетелдік компанияда қызмет еткім келеді.
Мадияр:
— Өзім жеке стартап компаниясын ашуды армандаймын.
Әзизхан:
— Ол жағын әлі жоспарлаған жоқпын. Бірақ университет бітірген соң мүмкін басында шетелге барып біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келетін шығармын.
— Әңгімелеріңе рахмет! Сендерді биік шыңдардан көре берейік!
Әңгімелескен: Айнұр Ракишева